Үкіметтік емес ұйымдар қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық дамуға серпін беретін үлкен үйлестіруші күш ретінде танылып отыр. Олардың азаматтық қоғам құрудағы алатын орны мен рөлі қандай? Еліміздегі бірлік пен татулықты, тұрақтылық пен бейбітшілікті қалыптастыруда үкіметтік емес ұйымдар қаншалықты тиімді пайдаланылып жүр? ҮЕҰ-лардың мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеуі қай деңгейде? Оларды қаржыландыру жайы көңіл көншіте ме? Үкіметтік емес ұйымдар толық қайтарыммен жұмыс істеуі үшін не қажет? Мемлекеттік органдардың, үкіметтік ұйымдардың және бизнестің өзара байланысы уақыт талабына сай ма? Міне, облыстың үкіметтік емес ұйымдарының «Тәуелсіздік пен әріптестікке-20 жыл» атты V конференциясында ҮЕҰ-ға қатысты осы және басқа мәселелер күн тәртібіне шығарылып, кеңінен талқыланды.
Конференцияда облыс әкімі Архимед Мұхамбетов сөз алып, еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында атқарылып жатқан ауқымды қоғамдық саяси, әлеуметтік-мәдени шараларға тоқталды.
– Тәуелсіздік-мемлекетіміздің атрибуты, ұлтымыздың арманы мен мақсаты. Еліміздің егемендігін баянды ету біздің замандастарымызға жүктелген қасиетті міндет. Осы орайда біз азаматтық қоғам институттарын дамытуға жаңаша сипат беруіміз керек. Бизнестің, үкіметтік емес ұйымдар мен билік өкілдерінің өңірдің әлеуметік-экономикалық дамуына бірдей атсалысуына жетуіміз қажет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында нақ осындай тапсырма берді. Ал ол мүлтіксіз орындалуы тиіс, – дей келіп әкім облыстың үстіміздегі жылдың жеті айындағы экономикалық көрсеткіштеріне шолу жасады.
Ол сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдар басшыларының әр түрлі комисиялардың мүшелері екенін еске сала келіп, оларды ұлттық саясатты жүзеге асыруда, әлеуметтік мәселелерді шешуде және қылмыспен күресте белсенді жұмыс істеуге шақырды. Әсіресе, жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеуде, өңірдегі жағдайды тұрақсыздандыруға қарсы күресте бірлесе іс-әрекет етудің қайтарымдылығын қадап айтты.
Облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Ахат Мырзалин негізінен үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына, олардың мемлекеттік органдармен өзара байланысы проблемалары мен перспективаларына тоқталды. Қазір облыста белсенді жұмыс істейтін 100-ге жуық үкіметтік емес ұйым бар екен. Олардың ішінде балаларды, жастарды және әйелдерді қолдау, адам құқықтарын қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, рухани-мәдени мұраны қоғау, саламатты өмір салтын насихаттауды жетілдіру бағытында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың өзіндік қолтаңбасы қалыптасып, жақсы дамыған.
Жарыссөзге шыққандар үкіметтік емес ұйымдардың тәуелсіз мемлекетіміздің тұғырын бекітудегі рөлі, оларды қаржыландыруға байланысты ойларын да ортаға салды. Мәдениет министрлігінің қоғамдық-саяси жұмыстар департаментінің директоры Бану Нұрғазиева қатысып, сөз сөйледі. Ол үкіметтік емес ұйымдар алдына қойылатын міндеттер мен өзекті мәселелерді таратып айтты.Өңірдегі қоғамдық келісімді нығайтуға, өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге және өскелең ұрпаққа отансүйгіштіктің үлгісі болатын ерлік пен мейірімділік білдірген бірқатар үкіметтік емес ұйымдар басшылары мен азаматтар облыс әкімінің сыйақысымен және Қазақстанның Азаматтық альянсы бекіткен «Бірлігіміз жарасқан» медалімен марапатталды. Конференцияда Астана қаласында өтетін V Азаматтық форумға делегаттар сайланды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.