16 Қыркүйек, 2011

Литва денсаулық ғылымы университетінің акушерлік және гинекологиялық клиникасының жетекшісі, профессор Рута Надишаускене: «Біздің 20 жылдық жетістігімізге Оңтүстік медицинасы жақын жылдарда жетуі мүмкін»

277 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласы оңалып келеді. Бұрын ана мен бала өлімі бой­­­ынша республикада көш бастап, түр­лі жаманаттарға іліккен оқиға­ла­ры баспасөз беттерінде сөз бо­лып жататын құйқалы өңірдің қазір жақ­сы аты шыға бастады. Статис­тикалық деректер ағымдағы жыл­­дың 8 айында ана өлімі 2010 жылға қарағанда 44,5 пайызға азайғанын көрсе­теді. Ал, бала өлімі 20,7 пай­ыз­ға төмендеген. Бұл – медицина саласына соңғы жылдары қи­сап­сыз бөліне бастаған қаржыға ғана байланысты емес, об­лыс денсаулық сақтау саласының жемісті жұмыстарының көрсеткіштері де. Соңғы екі жылда Оңтүстікке Литвадан білікті дәрігерлер көптеп келіп, облыс дәрігерлерімен бірге жұмыс жасай бастады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ВОЗ) анықтауы бойынша, өз ісіне мығым осы шағын мемлекет ана мен бала өлімін азайту бойынша әлем­­­де үздік мемлекет­тер­дің қата­ры­­на кіреді. Тек биылғы жылдың өзінде пер­зент­ханалардың 750 қызметкері ха­лықаралық деңгейдегі маман сер­тификатын алды. Ал, соңғы аптада солардың 250-і жүкті әйелдер мен шақалақтарға қарқынды және реа­ни­мациялық көмек беру курсынан өт­ті. Оларға литвалық профессорлар, ғылым докторлары және ха­­лық­ара­лық ұйымдар сарапшылары дәріс берді. Литвалық команданы профессор, Литва денсаулық ғы­­лы­мы уни­вер­ситетінің акушерлік және гине­ко­ло­гиялық клиникасының жетекшісі, ВОЗ/EURO репродуктивті денсаулық пен ғылымы бойынша ай­мақтық кеңе­сінің төрайымы Рута Надишаускене бастап келген болатын. Біз ВОЗ/EURO репродуктивтік денсаулық пен ғылым бойынша аймақтық кеңесінің төрайымы Рута Надишаускене ханыммен сұқбаттасқан едік. – Рута ханым, сіздер Оңтүс­тік­те ана мен бала өлімін азайту мә­се­лесіне ерекше көңіл аударып, нә­тижелі жұмыс жасап жатыр­сыз­дар. Неге осы салаға басымдық бергендеріңіздің себебін білуге бола ма? – Сауалыңыз орынды. Әйтсе де мына ақиқаттан аттап өтуге бол­май­ды. Ана мен бала өлімі – кез келген мемлекеттің даму көрсеткіштері мен экономикалық және саяси әлеуетінің қауқарын көрсетеді. Бұл медицина қызметкерлерінің кәсіптік деңгейі­нің жоғарылығына ғана байланысты емес. Болашақ аналар жүктілік кезінде өзін-өзі қалай ұстау, тууға дай­ындық және нәрестесін дұрыс та­мақтандыру сияқты қажетті кеңес­тер­ді білуі қажет. Сонымен қатар олардың білімді, өз құқын қорғай алатындығы, өмірден өз орнын ойып тұрып алатындай тәжірибе жинақ­тауына жағдай жасалса игі. – Соңғы екі жылда Оңтүстік Қа­зақстанда ДДҰ-ның еуропалық бюросының пилоттық жобасы жұ­мыс жасап жатқандығы белгілі. Сіз­дің көзіңізбен қарағанда нәти­же­сі қандай? – Біз өз жұмысымызды Оңтүстік Қазақстан облысының ауыр нау­қас­тар жатқызатын перинаталдық орта­лы­ғынан бастадық. Жақсы нәти­же­лер бар. Оңтүстік Қазақстан облы­сын­да республика бойынша әрбір төр­тінші сәби дүниеге келетіндігін ескерсек, жобаны жүзеге асырудың аса маңызды жағы бар. Бізді қуант­қаны, мұнда іргетасы мықты, мате­ри­алдық жабдықтау көңілдегідей. Сондықтан да жұмыс жасауда кедергілер жоқ, бүгінгі талапқа сай жағ­дай туғызған. Атап айтатын бір жайт, біз оқыту үшін келгеніміз жоқ. Өзіміздің тәжірибемізді бөлісу үшін келдік. Ал, сіздердің дәрігерлерден де үйреніп жатқан жағдайларымыз бар. Литвада ана мен бала өлімін азайту жұмыстарын біз 1991 жыл­дары қатты қолға алдық. Арнаулы бағдарламалармен жұмыс жасадық. Яғни, біздің бай тәжірибе қазақ­стан­дықтардың кәдесіне жарап жатқа­ны­на қуаныштымыз. Қазақстандық әріптестеріміздің тағы бір ұтары, жұмыс барысында біз бұрын байқамай әрі білместікпен жіберіп қойған қателіктерімізді қай­та­ламайды. Оңтүстіктің дәрігер­ле­рі­мен жұмыс барысында өзімізге де пайдалы жақтарын үйреніп жатыр­мыз. Екі жақты әріптестік екі жаққа да пайдалы болып тұр. – Сіздердің осында келіп, жұ­мыс жасай бастағандарыңыздан жақ­сылық көріп отырған жағ­да­йы­мыз бар. Жалпы, қызығу­шы­лық, бірлесе жұмыс жасау бағыты қай тараптан болды? – Бұл – Оңтүстік Қазақстан об­лысы дәрігерлерінің бастамасы. Бізге профессор, ОҚО денсаулық сақ­тау басқармасының бастығы Жұма­ғали Исмаилов келді. Литвалық ма­мандардың жұмыстарымен танысты. Университеттің жетекшілерімен ке­ңес­ті. Бағалы, бай тәжірибеміздің бар екенін байыптағаннан кейін бірге жұмыс жасауға шақырды. Оң­түс­тікте медициналық мекемелердің құ­рылымы өте ақылды құрылған. Пе­ринаталдық орталықтар деңгейіне қарай сатыларға бөлінген. Ауылды жерлерден транспортпен тасымалдау мәселелері оңтайлы шешілген. Егер әкімдік, жергілікті басқару орган­да­ры көмектеспесе білікті дәрігер­лер­дің тиімді жұмыстары, жақсы идея­лары жүзеге аспаған күйінде қалады. Сіздерде әкімдік қатты қолдау көр­сетеді екен. Бұл – жақсылық. Облыс әкімі мен оның командасына осы сәт­ті пайдаланып рахмет айтқым келеді. Бізді қуантқаны, сіздердің әкім­дік уақыттың тынысын жақсы сезінеді. Денсаулық сақтау саласындағы жаңалықтарға сергек қарап, қажетті қаражатты бөліп отырады. Маман­дарды оқытып, оларға тиісті жағдай туғызады. Бұдан артық не керек? Бізге заманауи аппараттары, ба­ғалы жабдықтары бар бірқатар мемлекеттермен жұмыс жасауға тура кел­ген. Өкініштісі, солармен жұмыс жа­сайтын мамандары жоқ. Ал, сіздерде бүгінгі заман талабына сай құрал-жабдықтар бар, дәрігерлер тиімді жұ­мыс жасай біледі. Осындағы жағ­дай­дың жақсыға өзгеріп жат­қан­дығын көзіміз көріп, сүйсініп те жүрміз. – Тәжірибе алмасуда неге сүйе­несіз? – Тәжірибеден белгілі, әйел таб­и­ғи түрде дүниеге бала әкелуі үшін соған сәйкес жағдай жасалуы, пси­хо­логиялық климат туғызу керек. Са­уатты акушер әйелдің өзі босануына көмектесуі тиіс. Мамандар әрбір жүкті әйелді қадағалап, қауіпті жайт анықталса, дереу шара қолданулары керек. Алғашқы минуттар акушер-гинекологтар, неонатологтар үшін ең маңызды болып табылады. Бұл – ал­тын уақыт. Сондықтан қажет бол­ған жағдайда команда болып әрекет етулері тиіс. Өйткені қанша талант­ты болсаң да жалғыз жұмыс істегенде ешқандай табысқа жете алмайсың. – Халқымызда «сырт көз сын­шы» дейтін нақыл бар. Оңтүс­тік­тің медицинасы көз алдыңызда. Осыған қарап еліміздің денсаулық сақтау саласының сапасына қан­дай баға берер едіңіз? – Кезінде біз американдық­тар­дан, шведтерден үйрендік. Біздің тәжі­ри­беміздің бай екендігіне, оны­мен енді бөлісе алатындығымызға қуанамыз. Біз бұдан керемет ләззат аламыз. Мен сіздерде «Қазақстан – 2030» бағдарламасының бар екендігін есіттім. Сондай-ақ дамыған 50 мемле­кет­тің қатарына ену үшін алға мақ­сат қойыпсыздар. Бұл дегеніңіз, ел­дің экономикасымен ғана емес, со­ны­мен бірге медицинасының да да­муымен өлшенеді. Мынаған назар аударыңызшы, ана өлімі бір жылда 44,5 пайызға азайған. Ал бала өлімі 20,7 пайызға төмендеген. Демек, қарқынды жұмыс істеудің арқасында тиімді тірлік жасалған. Сондықтан сіздер өз тәжірибелеріңізбен мақта­ну­ларыңызға әбден болады. Шынын айтсам, біз сіздерге қызыға да, қыз­ғана да қараймыз, әрине, жақсы ма­ғынасында. Менің білуімше, 2015 жы­лы әрбір мемлекеттің Президенттері БҰҰ-ы алдында елінде жасалып жатқан реформалар, олардың жемісі, халықтың тұрмыс деңгейі жөнінде есеп береді. Сонда сіздердің Прези­дент­теріңіз елдегі жасалған жұмыс­та­рыңыз туралы орынды мақтаныш­пен есеп беретін болады деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН.

Шымкент.