Кеше Сенат Төрағасы Қайрат Мәмидің жетекшілігімен палатаның бесінші сессиядағы алғашқы отырысы болып өтті. Төраға Елбасының сессияны ашу кезіндегі сөзінде депутаттық корпус жұмысын жоғары бағалағанын және заң шығарушы орган өзінің алдындағы міндеттерін айқындап бергенін ерекше атады.
Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысындағы сөзінде жедел қабылдануға тиісті жиырма заңды төрт блокқа бөліп қамтыған болатын. Сенат Төрағасы қазіргі кезде Сенат пен Мәжілістің қарауында жатқан заңдар да бар екендігін жеткізді. Осы ретте Қ.Мәми жаңадан сайланған депутаттар өз міндеттерін сапалы орындауларына және жаңа қызметтерінде табысты болуларына тілектестігін де білдіре кетті.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы Декларациясын қабылдау жөніндегі Парламенттің бастамасына қатысты идеяны Президент Нұрсұлтан Назарбаев қолдағаны белгілі. Мемлекет басшысы «Декларация қоғамды топтастырудағы жаңа маңызды құжат болады», деп атап өткен болатын. Осы туралы спикер құжаттың саяси және тарихи маңызын ескере отырып, біз Декларацияны Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылдауды орынды деп санаймыз, деді.
Парламент регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмыстар жалғасып жатқаны, бұл мәселе бойынша да Парламент палаталарының бірлескен комиссиясы құрылғаны белгілі болды. Отырыстың күн тәртібіне сәйкес депутаттар өз әріптестерін Сенаттың тұрақты комитеттерінің құрамына сайлады. Сондай-ақ С.Ә.Құлмағамбетов пен А.В.Горяиновты Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшелігіне тағайындады.
Отырыс соңынан Сенат Төрағасы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қойған сауалдарына орай, мемлекеттік тіл мәселесі туралы өз пікірін білдірді. Қазақстанда қазақ тілінің мәртебесі толықтай сақталады. Біздің Ата Заңымыз бойынша қазақ тілі мемлекеттік тіл болып қалды және қала береді. Оны өзгерту туралы заңға ешқандай өзгеріс енгізілейін деп отырған жоқ, деді Қайрат Мәми.
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту баршаға ортақ мәселе екендігін тілге тиек еткен Төраға Ата Заңда қазақ тілі мемлекеттік тіл болып бекітілген және солай болғандықтан да Конституция біздің әрқайсымызға тек қана құқық беріп қоймай, міндет те жүктейтіндігін атап өтті. Сондай-ақ, тіліміздің мәртебесі заңда белгіленгенін және арнайы бағдарлама қабылданғанын, сол бағдарламалардың уақытында сапалы орындалуын қоғамдық бақылауға алу, сол үшін талапты күшейту керектігіне де тоқталды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.