Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми Францияның Қазақстандағы елшісі Жан-Шарль Бертонэні қабылдады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қазақстан мен Францияның екіжақты қатынастарын, оның ішінде парламентаралық деңгейдегі байланыстарды одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. «Франция Қазақстанның Еуропадағы маңызды әріптестерінің бірі болып табылады», деді Қ.Мәми.
Екі ел арасындағы саяси сындарлы үнқатысуды атап өте келіп, Сенат Төрағасы президенттер Н.Назарбаев пен Н.Саркози арасында қалыптасқан сенімді және достық байланыстарды атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларына қолдау білдіргені үшін Франция басшылығына ризашылығын білдірді.
Парламент Сенатында Франция Сенатымен ынтымақтастық тобы жұмыс істейді. Франция Сенатында біздің еліміздің ежелгі досы сенатор Эмери Де Монтескью басқаратын «Франция-Қазақстан» достық тобы құрылды, деді Қ.Мәми. Бұдан кейін Төраға өз әріптесіне, Франция Сенатының төрағасына сәлем жолдады және өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.