Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Оралбай Әбдікәрімовтің төрағалық етуімен «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысы болып, онда сот әділдігіне азаматтардың және заңды тұлғалардың қолжетімдігін іске асырудағы нормативтік-құқықтық және ұйымдастырушылық қызметті қамтамасыз ету бойынша мониторинг қорытындысы қаралды.
Мониторинг қорытындысы азаматтар мен заңды тұлғалардың заңды құқықтарын және мүдделерін қорғау бойынша сот әділдігіне қолжетімдігі туралы Қазақстан Республикасы заңнамалары талаптарының сақталып отырғанын көрсетті. Сонымен қатар, мониторинг жүргізу барысында ұйымдастырушылық-құқықтық кемшіліктер мен олқылықтар барлығы анықталып, оларды жоюдың нәтижесінде сот практикасына және сот әділдігіне халықтың қолжетімдігін ұйымдастыру жақсара түседі деген ойлар айтылды.
Мысалы, сот мекемелерінде істің тыңдалу күні туралы хабар беру жүйесі дұрыс жетілдірілмеген, соның салдарынан сот отырысы барысында азаматтардың құқықтары бұзылып, ол әділетсіз шешімді қабылдауға әкеп соқтырады. Білікті заңды көмек алу үшін азаматтардың конституциялық кепілдіктері толық іске асырылмайды. Нақты істер бойынша шешім қабылдау кезінде соттардың қызметін ұйымдастыру сот төрағалары мен жоғары тұрған инстанциялардың тарапынан болатын әкімшілік қысым судьялардың толық тәуелсіздігіне кепілдік бере алмайды. Апелляциялық инстанциялар қызметі формальды процедураға айналып кеткен. Жоғарғы Соттың веб-сайтына сот актілерін іріктеп жария ету азаматтардың ақпаратты алу құқықтарына шек қояды, деді отырысқа қатысушылар.
Комиссия төрағасы Оралбай Әбдікәрімов өз сөзінде: «Заң судьялардың жұмысына қол сұғуға шектеу қойды. Алайда, судьялардың тәуелсіздігі өзінен жоғары тұрған сот төрағаларына келгенде ақсап жатады, іс бойынша қандай көзқарас болуы жөнінен сот төрағаларымен және апелляциялық, кассациялық инстанциялармен «ақылдасу» орнығып қалғанын білсек те, ол туралы ашық айтылмайтыны өкінішті. Шындығында судьяларға өзінен жоғарыдағылардан қысым барлығын жасырмауға тиіспіз. Бұл заңдағы сот төрағалары істің сапалы жүргізілуіне және қызметтік міндеттерді дұрыс атқаруын қадағалауы тиіс дегеннен шыққан олқылық», –деп атап өтті. Мұнан кейін Оралбай Әбдікәрімұлы соттағы жемқорлықтың халықтың заң жүйесіне деген сеніміне өте кері әсері барлығын айтты. Мәселен, 2009-2010 жылдары судьялардың үстінен жемқорлық бойынша 11 іс қозғалған, Жоғарғы Соттың 6 судьясы лауазымынан босатылып, екеуіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал бүгінгі мониториг қорытындысында айтылған әлеуметтік зерттеу ресми статистиканың судьялардың жемқорлығын нақты көрсетпейтіндігін анықтауы да бізді алаңдатуы тиіс деген. Сұрау салынған 1400 азаматтың жартысынан көбі судьялардың жемқорлықтарымен өз бастарының кезіккендіктерін айтқан. Әсіресе, соттардағы жемқорлық аудандық, ауданаралық сот корпустарында жиі кездесетінін мониторинг анықтап отыр.
Отырыс барысында апелляциялық шағымдардың бір күнде 30-60-қа дейін қаралатыны да сөз болды. Егер сот ісінде үкім шығарған судья оны бірнеше ай жүзінде саралап барып шешім шығарса, апелляциялық судья 10 минут ішінде шешім қабылдайды. Сол себепті апелляция механизмін дұрыстап қарау қажет деген пікір айтылды.
Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Жоғарғы Сот Кеңесіне, Жоғарғы Сотқа және төменгі тұрған соттарға, Әділет министрлігіне, Бас прокуратурға және Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясына азаматтардың, қоғамның және мемлекеттің құқықтарын, еркіндіктерін және заңды мүдделерін қорғау сот әділдігіне қолжетімділіктің ұйымдастыру-құқықтық кедергілерін жою бойынша шаралар қолдануға ұсыныс жасалды.
Отырыс барысында партияның Жемқорлыққа қарсы медиа-орталығының журналистік тергеу нәтижелері көрсетілді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.