16 Қыркүйек, 2011

2011 жылдың бюджеті ел халқының пайдасына қарай қайта нақтыланатын болады

300 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
ҮКІМЕТ "Қазақстан Қазақстанның" апталық қосымшасы Қазақстан экономикасының да­му деңгейі қанағаттандырар­лықтай. Осы аптада өткен Үкі­мет отырысында әңгіме болған 2011 жылдың макроэкономи­ка­лық көрсеткіштер болжамын нақтылау мәселесіне қарап, осы­лай деп тұжырым түюге болады. Аталған отырыста отандық эко­номиканың ағымдағы жағдайы қарқынды екендігі, дамудың бұл қарқыны жыл басында белгіленген болжамды көрсеткіштерден де басым түскендігі нақты цифр­лар арқылы қуатталды. Мәсе­лен, отырыста баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовтің айтуынша, 2011 жылы экономи­каның өсу деңгейі кем дегенде 7 пайыздық көрсеткішті құрайтын болады. Бұл ақпандағы болжамнан 2 пайызға артық. Елбасы осыдан біраз уақыт бұрын Үкіметке ел экономика­сының даму деңгейін 7 пайыз­дық көрсеткішпен ұстап тұру, яғни 7 пайыздық дамуды тұрақ­ты құбылысқа айналдыру тура­лы нақты тапсырма берген бола­тын. Үкімет осыған сәйкес тиісті шаралар кешенін қабылдады. Жоғарыдағы отырыста бұған Үкіметтің қабілеті жететіндігі, уәде үдесінен шыға алатындығы тағы бір көрініс берді. Егер қазіргі уақытта әлемде болып жат­қан жағдайларға назар ауда­ратын болсақ, 7 пайыздық даму кез келген ел үшін өте жоғары көрсеткіш болып табылады. Өйт­кені, көптеген халықаралық сарапшылардың бағалауы бойын­ша, әлемдік дағдарыс әлі аяқ­талған жоқ. Тіпті, 2012 жыл ішінде оның күшейген жаңа толқынмен бас көтеретіндігі де айтылуда. Мәселен, 2008 жылы әлемдік қаржы дағдарысының туындай­тынын алдын-ала дәл айтып берген белгілі экономист, Нью-Йорк университетінің профессоры Нуриэль Рубини 2013 жылы осындай жағдайдың тағы да қа­лыптасуы әбден мүмкін екендігін ескертіп отыр. Оның айтуын­ша, бұл жолы бәрі де еуро ай­мағынан басталды. Еуропада қалыптасу үстіндегі қарыз берешектерін өтеу жөніндегі күшті және әлсіз экономикалар ара­сын­дағы келісімсіздіктер мен шиеленістер валюталық одақтың дағдарысқа түсу қатерін күшей­те түседі. Осындай жағдайдың ықпалымен өз ақшасына қайта көшкісі келетін кейбір қатысу­шылар өз берешектері бойынша дефолт жариялайтын болады. Бұл жағдай АҚШ-ты жаңа проб­лемаларға тап қылып, Қытай экономикасының дамуын тежейді. Жапон экономикасының дағ­да­рысқа түсу қатері күшейеді. Бұл пікірді Ресей экономисі Е.Ясин де қолдап отыр. Алдымызда әлемдік дағда­рыс­тың туындау қатері күшті екендігін үстіміздегі жылдың 20 маусымында Парламенттің бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде және Ресей бизнес-те­леканалының «Диалог» бағдар­ла­масына берілген сұхбатында Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов те қуаттай түсті. Қазақстан Республикасы Прези­дентінің тапсырмасымен елімізде әлемдік рыноктағы жағдайды қадағалап отыратын жұмыс то­бы құрылғандығын еске сала келе, қазіргі зерттеулер 2011 жыл­дың соңы мен 2012 жылдың басында әлемге қаржы дағдары­сы­ның қайта оралуы әбден мүм­кін екендігін, өйткені әлем елдері оның түбегейлі проблема­ларын шеше алмай отырғандығын айтты. «Міне, осындай жағдайда, өкінішке орай, әлемдік қатерлер­ден Қазақстан да тыс тұра ал­майды. Әрине, біздің экономика­мыз әлемдік экономикада жүріп жатқан қазіргі үдерістерге әсер ете алмайтындығы анық. Бірақ біз сол үдерістердің бізге тигізетін әсерін шектеу мақсатында сақтан­дыру шараларын қолдана аламыз. Біз тіпті солай істеуге тиістіміз», деген еді сонда Кәрім Мәсімов. Шамасы, Қазақстан экономи­ка­сының қазіргі даму деңгейі әзірге біз үшін әлемдік рыноктағы ахуалдың оң әсер етіп отырған­дығымен қатар, Қазақстанның өз ішіндегі сақтандыру шараларын дер кезінде қабылдауымен бай­ланысты болып отырған болар. Мұны өз сөзінде Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов те қуаттады. Оның айтуынша, ағымдағы жылғы қаң­тар-шілде айларында мұнайдың орташа әлемдік бағасы 1 баррельге 111,78 АҚШ долларынан ай­налды. Мұның өзі біздегі жыл басындағы болжамды көрсеткіш 1 баррельдің бағасы 65 долларды құрайды деген болжам параметрін енді 90 долларға дейін көтеру мүм­кіндік берді. Сонымен қа­тар, қаңтар-шілде айларында елі­міздің басқа экономикалық сала­лары, атап айтқанда, тау-кен өнер­кәсібі, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, қызмет көрсету салалары жақсы жұмыс істеп, өз табыс­тарын жоспарланған көрсеткіш­терден асыру мүмкіндігіне ие бол­ды. Міне, осының негізінде Қазақстанның 2011 жыл ішіндегі экономикалық даму деңгейі жа­салынған болжамнан жоғары болады деген оптимистік пиғыл­ды күшейтіп, аталған жылға ар­налған негізгі макроэконо­мика­лық көрсеткіштер болжамын қай­та­дан нақтыландырудың мүмкін­дігін тудырып отыр. Ал эконо­мика табысты жұмыс істеген жағдайда ел халқының әл-ауқаты да жақсарып, бюджетке қосымша кірістердің құйылатындығы белгілі. Мұның өзі ақыр аяғында бюд­жет кірістері мен шығыстарын қайтадан нақтыландыруға себепші болады. Қайрат Келімбетовтің айтуын­ша, елімізде дәл қазіргі күні  осындай қуанышты жағдайлар ор­нығып отыр. Өйткені, мұнай ба­ғасының өсуімен қатар, өнеркәсіп өнімі көлемі де өсе түсуде. Болжа­нып отырған тау-кен өнеркәсібі­нің 3,6 пайызға және өңдеу өнер­кәсібінің 9,7 пайызға өсуі өнер­кәсіп өндірісінің өсуіне ықпал етіп, оның жыл ішіндегі даму деңгейі 6 пайызды құрайды деп айтуға мүмкіндік береді. Бұл жыл басындағы болжанған көрсеткіш­тен 1,2 пайызға артық. Міне, осындай оң құбылыс­тарға сәйкес, экспорттың көлемі жаңа болжам бойынша 76,3 миллиард долларды құрауға тиіс. Бұл осының алдындағы болжамнан 17,2 миллиард долларға жоғары. Сонымен қатар импорт көлемі де бұрынғы болжамды көрсеткіштен едәуір артып, 38,4 миллиард дол­ларға жететіндігі мәлім болды. Қазақстан үшін макроэконо­микалық көрсеткіштердің бұрын­ғыға қарағанда оңынан қалыпта­суы, жоғарыда айтып кеткеніміздей, бюджеттік параметрлерді қай­тадан нақтыландыруға алып келді. Өйткені, жоғарыдағы жағ­дай­ларға байланысты мемлекеттік бюджетке 270,2 миллиард теңге­нің, ал республикалық бюджетке 183,1 миллиард теңгенің қосымша кірістері түсетіндігі айқындалып отыр. Үкімет отырысында респуб­лика­лық бюджетті қайта нақты­ландыру мәселесі бойынша Қар­жы министрі Болат Жәмішев сөз алды. Оның айтуынша, жаңа болжамдар негізінде 2011 жылға арналған республикалық бюджет­тің түсімдері 4 триллион 439,9 миллиард теңгені құрайтын бо­лады. Бұл осы уақытқа дейін қол­даныста болып келген бюджетпен салыстырғанда 183,3 миллиард теңгеге артық. Сонымен қатар 2011 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджеттің кірістер болжамы (трансферттер түсі­мін есепке алмағанда) ағымдағы жылдың бекітілген түсімдерінен (2 триллион 844,8 миллиард тең­ге) 190,7 миллиард теңгеге арты­ғымен орындалып, 3 триллион 035,5 миллиард теңгені құрай­тындығы айқындалды. Бұдан әрі Болат Жәмішев бұл қосымша қаржының қалай құра­ла­тындығын айтып берді. Мәсе­лен, мұнайға жатпайтын сектор­дағы корпоративтік табыс салы­ғынан 69,7 миллиард теңге алын­са, қосылған құн салығы бойын­ша жоспар 38,3 миллиард теңгеге ұлғайтылғандығын айтты. Соны­мен қатар халықаралық саудаға және сыртқы операция­ларға салынатын салық­тар бойынша түсетін кірістер жоспарға қараған­да 33,9 миллиард теңгеге ұлғаймақ. Салықтық емес түсімдер бойынша бір жолғы төлемдер мен есеп­теулерді нақтылау есебінің өзінен 4,6 миллиард теңге қосымша кіріс алынбақ. Міне, осын­дай өсу жағына қарай қайта нақтыланып отыр­ған басқа да болжамды параметрлер аз емес. Әрине, бюджет кірісі артқан кезде оның шы­ғысы да көбейе түсетін­дігі белгілі. Халық үшін, сонымен қатар отандық кәсіпкерлердің дамуы үшін игіліктер міне, осылайша жасалынады. Бұл дегеніңіз, халықтың тұрмы­сын одан әрі жақсарту, олардың айналысып отырған кәсібін одан әрі нығайта түсу деген сөз. Міне, осы жағдай 2011 жылға арналған республикалық бюджеттің шы­ғыс­тар бөлігін қайта нақтылаған тұста айқын көрінді. Мәселен, шығыстар бұрынғы бекітілген бюд­жеттегі 4 триллион 952 миллиард теңгеден енді 217,9 миллиард теңгеге өсіріліп, 5 триллион 170,3 миллиард теңге болып қайтадан белгіленді. Соның ішінде әлеу­меттік салаға бөлінетін шығындар 40,8 миллиард теңгеге ұлғайты­латын болды. Бұл қаражат тегін медициналық көмектің кепілді берілетін көлемін одан әрі артты­руға, республикалық және жергілікті деңгейдегі денсаулық сақтау ұйымдарының материал­дық-тех­никалық базасын нығай­туға, ха­лық­тың жекелеген топта­рына берілетін әлеуметтік төлем­дер көле­мін алушылар санының ұлғаюына байланысты бұрынғыға қарағанда көтере түсуге, «Балапан» бағдар­ла­масының аясында жаңадан балабақшалар салуға, еліміздің білім саласын нығайтуға жұмса­латын болды. Сонымен қатар, бірқатар қар­жы­лар еліміздің экономикалық салаларын одан әрі жақсарту үшін жұмсалмақ. Мәселен, ауыл ша­руа­­шылығын дамытуға 38,8 миллиард теңге қаржы бағыттау көз­делінді. Мұның 22 миллиард теңгесі ата кәсіп мал шаруашы­лығын дамытуға бағытталмақ. Сондай-ақ Қазақстан астығын әлемдік рыноктарға жылжыта түсу мақсатында 6,7 миллиард теңге қарастырылатын болды. Халықты толғандырып келген мәселелердің бірі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық екені белгілі. Міне, осы іске 39,1 миллиард теңге қаржы бөлу көзделін­ді. Ал «Нұрлы көш» бағдарлама­сын жүзеге асыру үшін 1,6 миллиард теңге қарастырылды. Басқа салалар бойынша да жұмсалатын шығындар арттырыла түсті. Әрине, Үкіметтің бюджетті қайта нақтыландыру жөніндегі бұл жобасы Парламент бекіткеннен кейін ғана заң күшіне енетіндігі анық. Бірақ соған қарамастан қазіргі оқиғалар барысының өзі 2011 жылы ел Үкіметінің өзі берген уәде үдесінен шығып, осының негізінде еліміздің жағдайы жақ­сара түсетіндігін көрсетіп отыр. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.