Облыс орталығына іссапармен арнайы келген кореялық кәсіпкерлер екі елге де тиімді жобаларын бірге ала келіпті. Олар «Қазақстан Алюминийі», «Қазақстан электролиз зауыты» және «Ақсу ферроқорытпа зауыты» акционерлік қоғамдары, басқа да алып кәсіпорындардың өндірістік қалдықтарын бұрынғыдай Кореяға тасымалдамай-ақ, енді облыс орталығынан зауыт ашып өңдеуді қолға алмақшы.
Бұрын кәсіпорындар қалдықтары алыс қашықтыққа экспортталатын. Бұл кәсіпкерлер үшін тиімсіз, көп уақыт жоғалады. Ал облыс көлемінде кәсіпорындардан шыққан, тау болып үйіліп жатқан қалдықтар да аз емес. Енді қалдықтардың да шетелдік жаңа технологиялар арқасында іске жарап, халық игілігіне жұмсалғаны қажет. Мысалы, бір ғана ГРЭС -2-де жұмыс жасап тұрған бес блокқа бір жылда 6 миллион тонна көмір жағылады екен. Ал, Екібастұз көмірінің отыз пайызға жуығына дейін күл шығаратынын ескерсек, бұл станса блоктарының қаншама қоқыс қалдықтар шығаратынын есептей беріңіз. Сондықтан қалауын тапса қар жанар деп, көмір қалдықтарын тұрмыстық қажетке жаратып, одан пайдаға да кенелуге болады.
Мәселен, титтей түймеден түйедей жаңалық аша қоятын жапондар Екібастұзға келген бір сапарларында тау-тау күл үйінділеріне көздері түсіп, сатып алуға қыруар қаржы ұсынған көрінеді. Жапон ғалымдары үйіліп жатқан көмір күлінің құрамында темір, алюминий, галий, рений, германи секілді сирек кездесетін заттар барын білген. Олар күлдің құрамындағы рений мен германидің алтыннан да бағалы түсті металға жататынын айтқан. Қытайлықтар болса, көмір күлінен цемент өндіріп, кафель жасап шығарады екен. Жергілікті ғалымдар да бос қарап жатқан жоқ. Қаныш Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтының ғылыми мәселелер жөніндегі проректоры, профессор Евгений Максимовтің басшылығымен «Екібастұз өңірінде техногендік материалдарды және минералды шикізаттарды кешенді пайдаланудың әдістері» атты тақырыпта арнайы жоба жасалды. Ал, өткенге үңілсек, бүгінгі ғалымдарға сабақ болған бұл жолды академиктер Иван Бардин, Қаныш Сәтбаевтар жалпы шикізаттар мен техногендік материалдарды тиімді пайдалану әдісін, яғни көмір қалдықтарын қайта өңдеу жобасының негізін салып кетті. Соғысқа дейінгі жылдары сол кездің өзінде Қ.Сәтбаев ауаға ұшып шығатын қалдықтардың құрамында өте сирек кездесетін металдар болатынын дәлелдеп берген. Бірақ, заманына қарай бар ықылас-зейін ашық әдіспен өндіріліп алынатын тас көмір тасқынына ауды да, тау-тау үйілген күл үйінділері қаланы айнала қоршай бастады. Күлді қайтадан өңдеуге назар аударылмады. Екібастұздық ғалым Евгений Максимовтің айтуынша, бұл жағдай шетелдерде басқаша көрініс тапқан, мысалы, оларда көмір кеніштерінің жанында арнайы ғылыми орталықтар жұмыс жасайды. Олар біздегідей тау-тау күл үйіп тастамайды, шағын зауыттар арқылы көмір қалдықтарын өңдеп, бірі цемент, бірі плита, әк кірпіш, құрыш өндірумен айналысады. Экологияға, айнала қоршаған ортаға зияны да тимейді. Күл үйінділерін өңдесе, осы жердегі орта және шағын кәсіпкерлік те жақсы жолға түсер еді. Сол айтқан күндердің беті бері қарап келе жатқан сияқты. Алыстан келген кәсіпкерлермен кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Мұрат Оспанов Оңтүстік Корея мен облыс арасындағы сауда айналымы бұл күндері 12 миллион долларды құрап отырғанын, ал Ақсудың ферроқорытпа зауыты 9,2 миллион доллар көлемінде феррохром мен ферросисликохромды экспортқа жіберетінін айтып өтті. Ал жаңа зауыт салу үшін корейлер 10 миллион доллар инвестиция бөлуге дайын көрінеді. Сөйтіп, өндіріс қалдықтарынан цемент, құрылыс материалдары, құбырлар өндірілмекші.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар.