Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында ғалымдар мен қоғамдық ортаның сын-пікірлері, ұсыныстары ескеріле отырып «Ғылым туралы» Заң қабылданды. Осы заң аясында Білім және ғылым министрлігі еліміздегі білім беру жүйесі мен ғылыми-зерттеу жобаларын қаржыландырудың жаңа ережесін әзірледі. Көптеген жұмыстар атқарылды, алға жылжу байқалды.
Үстіміздегі жылдың 5 қыркүйегінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің басқаруымен Жоғары ғылыми-техникалық комиссия отырысы өтті. Отырыста қаралған негізгі мәселе 2012-2014 жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жобаларын қаржыландыру тәртібі болды. Алқалы жиында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов сөз сөйлеп, Қазақстан ғылымының даму бағытын, ғылыми-зерттеу жобаларын қаржыландыру жолын, жаңадан қабылданған ережелердің мәнін және олардың артықшылықтарын тарқатып, баяндап берді.
Ең бастысы – жаңа заң іс жүзінде орындала бастады. Ғылымды қаржыландыруда жаңа заң жобасы бойынша өзгерістер баршылық. Енді қаржыландыру үш бағытта болады: біріншісі, базалық қаржыландыру. Ол бойынша ғылым саласындағы бюджеттік ғылыми мекемелердің инфрақұрылымы, лабораториясы, жабдықтарын жаңартуды қамтамасыз ету тәртібі жаңаша жүреді.
Екіншісі – гранттық қаржыландыру. Бұл тәртіп бойынша конкурстан өткен ғылыми-зерттеу жобалары қаржыландырылады. Бұл қаржыландыруды алу үшін жаңа заңға сай құрылған мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаудан және Ұлттық ғылыми кеңестен өтуі керек. Қазіргі уақытта мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама құрамында 1000-ға жуық отандық және 300-ден аса шетелдік ғалымдар бар.
Үшіншісі – бағдарламалық-нысаналық қаржыландыру. Оның мақсаты – мемлекеттік маңызы жоғары стратегиялық жобаларды жүзеге асыру. Осы орайда айтарлық жаңалық, жаңа заң негізінде 1 шілдеден бері ғылыми мекемелерді базалық қаржыландыру басталды. Бұл – заңның жүзеге асып жатқанының дәлелі.
Жоғары ғылыми-техникалық комиссия отандық ғылымның бес басымдығын (приоритет) белгілеген болатын: энергетика, шикізат пен өнімді тереңдетіп қайта өңдеу, ақпараттық және телекоммуникациялық технология, өмір (тіршілік) туралы ғылым, еліміздің интеллектуалдық әлеуеті.
Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптау орталығы мен Ұлттық ғылыми кеңес келіп түскен жобалардың Жоғарғы ғылыми-техникалық комиссия бекіткен бағыттардың біріне сай келетіндігін, өзектілігін, жаңалығын, ғылыми қажеттілігін, сұраған қаражаттың дұрыстығын анықтаған соң министрлік ол жобаны қаржыландыруды қолға алады. Өткен жазда, яғни 30 шілдеде Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті гранттық қаржыландыру бойынша ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларға конкурс жариялаған болатын. Министр Б.Жұмағұлов баяндамасында айтылған мәліметтер мынадай екен: конкурсқа 2000-нан астам өтінім келіп, оның ішінде жоғары оқу орындарынан – 997, ғылыми-зерттеу институттарынан – 720, жекеменшік мекемелерден 279 жоба байқауға түсіпті. Сонымен қатар, 11 жеке тұлға атынан өтінім білдірілген. Бұл отандық ғылымда тұңғыш рет болып отыр. Жобалық байқауға жеке тұлға өз атынан қатысуы өркениетті елдерде әлдеқашан қалыптасқан. Бұл үрдістің елімізде көрініс табуы да «Ғылым туралы» заңның күшіне енгендігін көрсетсе керек. Бұл жобаларды сараптамадан өткізу шамамен 1,5-2 айда жүзеге асады. Байқау талаптарына сай жобалар 2012-2014 жылдар аралығында қаржыландырылатын болады.
Осы отырыста бағдарламалық-нысаналық қаржыландыру бойынша бірнеше жоба қабылданып, бекітілді. Атап айтқанда, әртүрлі министрліктерден 77 жоба түсіп, оның 26-сы кері қайтарылды. Білім және ғылым министрлігіне қарасты мекемелерден 420 жобаға өтінім білдіріліп, тек 41-і байқаудан өтті. Басымдық бағыттар бойынша таратып айтар болсақ, энергетика – 2, шикізат пен өнімді тереңірек қайта өңдеу – 13, ақпараттық және телекоммуникациялық технология – 4, өмір (тіршілік) туралы ғылым – 18, еліміздің интеллектуалдық әлеуеті – 4.
ХХІ ғасырда әлемдік қауымдастық жаңа тарихи дәуірге қадам басқан шақта адам өмірінің барлық салаларындағы өркениетті ғаламдану процесі қазіргі даму сатысының басты ерекшелігі екендігі сөзсіз. Әлемнің барлық елдеріндегі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, мәдени-тарихи құбылыстар бір-бірімен тығыз байланысты және бір-біріне тәуелді екенін айтсақ, сөз жоқ, ғаламдану мәселесі мен халықтар ынтымақтастығы және оның адамзат тағдыры үшін орасан зор маңыздылығы ғалымдар тарапынан ерекше назар аударуды қажет етеді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2009 жылғы 4 қыркүйекте ғылымда салааралық зерттеу жүргізу туралы ескерту жасаған болатын. Осыған сай министрліктің қоғамдық-гуманитарлық институттары бірігіп, «Ғылыми қазына» атты үлкен салааралық бағдарлама әзірледі. Жоба Жоғары ғылыми-техникалық комиссия отырысында қабылданды. Бұл бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы іспетті. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша халқымыздың тарихи, фольклорлық, этнографиялық, музыкалық бай мұрасы жиналып, заттық және мәтіндік үлгіде насихатталды. Көптеген кітаптар шығып, бабаларымыздан жеткен асыл сөздер келер ұрпаққа жалғасын тапты. Тарихи ескерткіштеріміз бастапқы қалпына келтіріліп, күрделі жөндеуден өтті. Мұражайлар жаңа экспонаттармен толықты. Мұның бәрі сарабдал саясаттың оң нәтижелері.
«Ғылыми қазына» бағдарламасы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жиналған мол қазынамызды ғылыми тұрғыдан зерттеумен ерекшеленеді. Біз тек халқымыздың бай мұрасы бар деп қана мақтанбай, сонымен қатар, оны әлемдік ғылым талаптарына сай зерттеп, адамзат мәдениетінде алар орнын анықтауымыз қажет. Бұл үшін өз зерттеулеріміз арқылы шетелдік ғалымдардың назарын халқымыздың бай мәдени мұрасы мен ғылыми жетістіктеріне аудару керек. Еліміздің қоғамдық өмірін қамтыған рухани мұраларын егеменді ел талаптарына сай жаңаша ғылыми ізденістермен бағдарлау – күн тәртібіндегі өзекті мәселе.
Осы бағдарлама аясында Әдебиет және өнер институты қазақ фольклортану, әдебиеттану және өнертану ғылымы бойынша ХІХ-ХХ ғасырларда жазылған ең үздік ғылыми-зерттеу еңбектерінің сериялы басылымдарын қайта шығару, осы салалар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, музыка және бейнелеу өнерінің атласын дайындау, қазақ фольклорының картасын жасау жұмыстарын жүргізеді. Бұл жас мамандар мен болашақ зерттеушілердің қажеттілігі үшін өте маңызды.
Сейіт ҚАСҚАБАСОВ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, академик.