17 Қыркүйек, 2011

Сыр сахнасының саңлағы

467 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Американың атақты жазушысы Фенимор Купердің XIX ғасырда өмірге келген таңғажайып романының әсерімен пайда болған «Могиканның соңғы тұяғы» деген ұғымды Қызылорда облыстық драма театрының байырғы әртістерінің бірі Ұлбатай Баяділоваға қарата айтуға әбден болады. Олай дейтініміз, ол – осы театрды Сыр топырағында қолмен құрысқандардың бірі. Біз білетін Ұлбатай апайдың өзіне сүйсінте қарататын бір қа­сие­ті, өмірлік ұстанымына мығым жан жасынан театрды киелі құт­ха­на санауы. Өнердегі батыл­дығы мен іскерлігі, сахнада жа­саған сан-қилы бейнелері мен көктен жауған нөсердей төкпе шешендігі оның пси­хо­логиялық мектептен шыңда­лып шыққанының белгісі. Сонау «60 жылғылар» ата­ла­тын буынның ұрпағы болып табылатын актриса 1958 жылы Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театры жанындағы екі жыл­дық студияға түсті. Бұлардың кур­сында қазақ өнеріне өзіндік қолтаңба қалдырған Әнуар Молдабеков, Есболған Жайсаңбаев, Аманжол Сәлменов, Тастан Өте­баев, Төлеш Тұңғышбаев, Шәмел Жүнісов, Салиха Қожақова, Айымторы Тайғарина оқыды. Бұрынғының кісілері әртіс ма­мандығына бір түрлі сенімсіздікпен қараушы еді. Ал оның ата-анасы бұл жағына келгенде көзі ашық кісілер болып шықты. Әкесі Баяділ ән-күй десе ішкен асын жерге қоятын жан болыпты. Оны­мен бір кіндіктен тараған ағасы айтыс өнерінің керуенін түзген от ауызды, орақ тілді ақын ретінде танылыпты. Осылай тұлымшағы желбіреген қызға дарын әке қанымен, ана­ның ақ сүтімен сіңсе керек. Жастайынан ән айтуға құмар бо­лып өсті. Қызының қалауын қош көрген олар жолына кесе-көл­де­нең тұрмады. Ата-ананың ақ тілеуі періш­те­нің құлағына жетіп, алғашқы және ақ­тық сыннан сүрінбей өт­кен ол Мәм­бетов сынды сурет­кердің сы­ны­бына қабылданады. Оның ба­ғы­на қарай, болашақ театр корифейі сол жылы Мәс­кеуден ГИТИС-ті бітіріп келіп, актер шеберлігінен дәріс беретін. Ол өрім­дей жас актерлерді сахна мәнерін меңгеруге бейімдеді. Сонымен бірге есімдері аңызға айналған Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Рахия Қойшыбаева, Сәбира Май­қанова, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Бикен Римова секілді өнер майтал­ман­дарының мөлдір бұла­ғы­нан су­сындатты. Екі жыл екі күндей болып өтті де кетті. Енді еңбекке араласатын кез келгенде, сыншы Бағыбек Құндақбаев 19 жастағы жас актрисаға Семейдегі Абай театрына жолдама береді. Сөйтіп, ол 1960 жылы дәм тартып, еңбек жолын Ертіс жаға­сындағы қалада бастайды. Студия қабырғасынан жаңа шыққан қыз небір айтулы саңлақтардың орта­сына түседі. Көп ұзамай, мұндағы белді актрисалардың қатарынан табылады. Осы жерде өзінің өмір­дегі, өнердегі серігі актер Ізбас­қан Шәкіровті жолықтырып, отау құрады. Актрисаның шығармашылық сапары Сәбит Мұқановтың «Мөл­дір махаббат» драмасында Бәтес рөлін ойнаудан басталды. Мұнан кейін әртістің өмірінде ойып орын алатын кейіпкері Шыңғыс Айт­ма­товтың повесі негізінде жасалған пьесадағы «Жәмила» рөлі болды. Бұл рөл 1963 жылы Семей об­лыстық Абай атындағы драма теа­трынан Сыр шаһарындағы өнер ордасына жаңа қоныс ауыстырып келген жас әртіс үшін тосын сый еді. Осы күні өзінің Қызылорда театрындағы алғашқы шығар­ма­шылық жолы туралы айтыла қал­ғанда, Ұлбатай Баяділова Жәми­ланы аттап өте алмайды. Шы­нын­да да бұл керемет үйлесімін тап­қан қойылым болды. Сахнадағы алғашқы көріністе Жәмила, Данияр, Сейіт үшеуі астық тиелген ат арбаны шөмелелердің жанына доғарып қойып, өзара әзілдесіп отырады. Сол көріністе психо­ло­гия­лық толғаныс сәттерін үш ағын, үш дарын өкіл­дері көр­се­теді. Сахнада Жәмила болып Ұлбатай Баяділова, Данияр болып Тұрысжан Айнақұлов, Сейіт болып Ораз Мәсімханов ойын­дары өзара өріледі. Олардың осы кездегі өзара үйлесімділігі мен сөздерінің үндестігі көрерме­ніне де әсер етпей қоймаушы еді. Кісіге ақысын жібермейтін өжет Жә­мила айтысқанмен ай­тысып, тартысқанмен тарты­сып, еркек кіндіктілерге өзін қорлатпайтын. Сол қайсар Жә­милаға қызық­пай­тын жан жоқ. Себебі, онда әйелге тән наз десең наз, қылық десең қылық, көрік десең көрік бар. Бір күні айтқаным зая кетпейді деген­дердің бірі Осман жөнсіз ыржалаңдап, тиісе берген кезде ойы бұзық оспадарды ол дереу қайырып тастайды. Келесі бір сахнада аз сөйлеп, көп іс тындыратын тұйық мінезді жігіт Данияр соғыс жайын айт­қан­да, Ұлбатай – Жәмиланың екі көзі боталап жылап қоя беретін сәті бар. Сондағы Жәмила Ұлба­тай Баяділованың трактовкасында сертіне адал, сенімге мықты, қайсар жан. Бір айта кететін жәйт, театр сах­насына келген жарты ғасыр ішінде актриса екі жүзге тарта рөл орындапты. Атап айтсақ, М.Әуезовтің «Айман – Шолпан» комедиясындағы – Шолпан, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» – Күнікей, «Ақан сері – Ақтоқтысындағы» – Мәрзия, Қ.­Мұ­ха­мед­жа­нов­тың «Құдағи келіптісіндегі» – Марфуға, С.Жү­нісовтің «Ажал мен Ажа­рындағы» – Ажар, Б.Брех­тің «Кав­каздың бор шең­беріндегі» – Маро және аспаз әйел, Б.Майлиннің «Шұға­сын­дағы» – Күл­зипа, М.Кә­рімнің «Ай тұтылған тү­ніндегі» – Зүбәржат, Т.Ахтановтың «Әке мен ба­ласындағы» – Сәуле Сәр­сеновна, С.Жамалдың «Қара гүлдеріндегі» – Амоль, Қ.Мұхамеджановтың «Жат елдесіндегі» – Ева Бройер, С.Шәй­мер­деновтің «Әнім сен еді­ңіндегі» – Қарғаш, М.Ғап­паровтың «Тұзды шөліндегі» Рә­бия образдары оның жүріп өткен жолдарынан өзінше сыр шертеді. – Соңғы жылдары облыста театрдың жай-күйіне жақсы көңіл бөліне бастағанын айтқым келеді, – дейді кеудесіне «Құрмет» орденін таққан актриса. – Жылына бірнеше премьераның тұсауын кесетін кезеңге жеттік. Бұл тың серпіліс аймақты өнер мен мәдениет­тің нағыз жанашыры Мұхтар Құл-Мұхаммед басқарып тұрған кезде бастау алды. Парасатты пайым­ның иесі бұл бағыттағы қамқор­лықты ең алдымен өнердің киелі құтханасы – театр ғимаратын күрделі жөндеуден өткіздіріп берумен қолға алды. Оның соңынан жаңа қойылымдарға жол ашылды. Сол үрдіс күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Осы бізді қуандырады. Көрерменінің көз алдында өсіп, олардың ыстық ықыласына бөленген сахнагердің еңбекқор­лығы жастардың қай-қайсысына да үлгі болмақ. Есейген шағында да қол қусырып қарап отырған жоқ. Өмір бойы жиған қорын ізін басып келе жатқан жастарға үйретуді өзінің борышы санай­ды. Бүкіл саналы ғұмырын өш­пес өнерге, соның ішінде теа­трға арнап келе жатқан Ұл­батай Баяділованың жас­тар­ға берері әлі де көп. Жаңагүл СЕРДАЛЫ, театртанушы. Қызылорда.