17 Қыркүйек, 2011

Нұрлы жұлдызымыз жарқырай түскен шақ

486 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының үстіміздегі жылғы сәуір айында болған ХVІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Басым бағыттардың бірі барлық этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеруіне ықпал ету болып қала береді. Біз 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың саны 80 пайызға жетсін, ал 2020 жылға қарай одан да көп болсын деген мақсат қойдық. 10 жылдан кейін мектептеріміздің түлектері қазақ тілінде 100 пайыз сөйлейтін болуы тиіс. Барлық азаматтардың қазақ тілін білуі – әншейін ұран емес, бұл – олар еліміздің тарихын, ерте дәу­ір­ден бастап бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының тарихын, мәдениетін, дәстүрін білетін болады деген сөз. Бұл барлық қазақстандықтардың бұрынғыдан да жақындасуына жетелеп, біздің арамыздағы сенімді күн сайын, жыл сайын нығайта түсетін болады», – деп қадап айтты. Әрине, Тұңғыш Президентіміз ал­ға қойған осынау биік міндетті жү­­­зеге асыру, әсіресе, біздің Қызылжар өңірінің қазіргі демографиялық жағ­дайында оңайға соқпайтыны айдан анық. Алайда, осы мақсат жолында қазірден бастап жұмыла қимыл­да­сақ, бұл да алынбайтын асу емес деп білеміз. Өйткені, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық тарихы кеңес өкіметі тұ­сында ұлтсыздандыру саясаты ерек­ше екпінмен жүргізілген біздің облыста мемлекеттік тілімізге деген көзқарас түбегейлі өзгеріп, көңілге үлкен үміт ұялататын бетбұрыс басталғандығын айқын көрсетіп берді. Сонау 1990 жылы Петропавлда «Қазақ тілі» қо­ға­мының жергілікті белсенділері Мәлік Мұқанов, Зейнолла Әкімжанов, Ақан Боғанов, Амангелді Сәулебаев, Өмір Есқали, Жақсыбай Самрат және басқалар қаладағы орыс мектептерінің жанынан алғаш рет қазақ сыныптарын аштырамыз деп бастама көтеріп, сол жылы мектеп табалдырығын аттай­тын балалары бар 80 қазақ отбасын тізімге алып, үй жағалап үгіт жүргізген-ді. Сонда 20 шақты ата-ана: «Қазақ тілі кімге керек? Орыс тілін білмейтін адам ертең нан таба алмай, далада қалады. Біз баламызды орыс тілінде оқытамыз», деп бір-ақ қайырып, есіктерін тарс жапқан. Ал ұлтжанды азаматтардың жанай­қайы саналарына сәуле түсірген 60 шақты ата-ана сол жылы мектепке баратын қарадомалақтарын қа­зақ сыныбына беруге уәде еткен. Алайда, көпшілігі сөздерінде тұрмай, ақыры күзде 20 мыңдай қазағы бар шаһардан ана тілінде білім алуға шын ықылас білдірген небары 15-ақ отбасы табылған. Сөйтіп қаладағы №3 орыс мектебінің жанынан 15 қазақ баласының басын әрең қосқан алғашқы қазақ сы­ныбы ашылған еді. Кейінірек Қызылжар қазақтарының өтінішімен көрнекті жазушы, Петропавл қаласының құрметті азаматы Сафуан Шаймерденовтің Үкімет басшыла­ры­на жолығып, ел аманатын орындауға аянбай атса­лысуының арқасында облыс орталығында 320 ор­ындық классикалық гимназияның қабырғасы қалан­ды. Сол кездегі облыс әкімі қалалық оқу бөлімінің бастығынан: «Түбінде 320 орын тарлық етпей ме?», деп сұраған көрінеді. Сонда ол: «Осыны толтыратын шәкірт табудың өзі оңайға түспейін деп тұр. Бұдан үлкен мектептің қажеті жоқ біздің қаладағы азғантай қазаққа»,– деп азар да безер болыпты. 1996 жылы ашылған сол білім ордасындағы оқушылар саны бер­тінгі оқу жылдары 1 мыңнан асып, балаларды екі ауы­­­сыммен оқытуға және қосымша ғимарат іздеуге тура келді. Ақыры биылғы оқу жылында осы гим­назия­­ның бастауыш сыныптары үшін көршілес орыс орта мектебінің бір қабатын босатып беруге тура келді. Қазақ тіліне деген жаппай бетбұрыстың дүмпуі­мен Тәуелсіздік жылдарында Петропавл қаласында жаңадан бес қазақ мектебі ашылып, олардың жалпы саны алтыға жетті. Ал қалада соңғы салынған 1100 оқушыға арналған қазақ мектеп-гимназиясы 2007 жылы пайдалануға берілген болатын. Содан кейін әлемдік қаржы дағдарысы килігіп, петропавлдық ата-аналар қолқалап сұрап жүрген жетінші қазақ мектебін салуға қаржы бөлінбей қалды. Осыны ескерген облыс әкімі Серік Біләлов 2008 жылғы мұ­ға­лімдердің дәстүрлі тамыз мәслихатында қала бас­шыларына оқушылар саны азайған орыс мек­теп­те­рі­нің жанынан қазақ сыныптарын ашу жөнінде тап­сыр­ма берген еді. Содан бері қаладағы 12 орыс мек­тебінің жанынан қазақ сыныптары ашылып, олар аралас білім мекемелеріне айналдырылды. Оларда өткен оқу жылында 400 қаракөз бүлдіршін өз ана тілінде білім алды. Жасыратыны жоқ, Петропавлдағы қазақтардың үлес салмағы 20 пайыздан енді ғана асқандықтан, мұндағы тілдік орта орысша болып қалып отыр. Ба­лаларға мектеп пен отбасынан тыс орындардың көп­шілігінде орыс тілінде қарым-қатынас жасауға тура келеді. Аулаларында араласатын тетелестерінің де дені – ұлты басқа балалар. Оған жас ұрпақты жаппай баурап тұрған интернет әлемінің тілі де, негізінен, орысша екендігін қосыңыз. Сондықтан, таза қазақ мектептерінде оқитын оқушылардың өзі де орыс тілін тұрмыстық сөйлесу тілі деңгейінде, ал қазақ тілін әдеби тіл деңгейінде қатар меңгеру үс­тінде. Мұғалімдер болса, сабақтардың арасын­да­ғы шағын үзілістерде бір-бірімен орыс­ша сөйлесуге бейім тұратын оқу­шы­лар­ды өзара қа­зақша тілдесуге шақы­рып әлек болып жатады. Осы тұрғы­­дан алған­да, таза қазақ мектептеріндегі тілдік ахуалдың аралас мектептердегіден асып тұрғ­а­ны шамалы. Демек, Петропавл қала­сындағы қазіргі нақты жағдайда бос орындар жеткілікті орыс мектептерінің жанынан қазақ сы­нып­тарын ашып, оларды аралас мектепке айнал­дыруды құптамаудың қисыны жоқ сияқты. Оның үстіне бүгінгі таңда орыстілді оқушылардың да мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынта-ықы­лас­тары айтарлықтай екендігін де ескермей болмайды. Мә­селен, өткен оқу жылында облысымыз бойынша ұлты басқа 312 ата-ана өздерінің ұл-қыздарын қазақ­ша оқытуды жөн көріп, бейнелеп айтқанда, бүтіндей бір үлкен қазақ мектебін өз қалауларымен ашқандай өнеге көрсетті. Олар­дың қатары жылдан-жылға қа­­­лың­дап келе жатқа­нын да айтқан жөн. Бұған қоса, ана тілімізге мемлекеттік тіл мәр­тебесі берілгеннен кейін Қызылжар өңі­рін­­­дегі қазақ ауылда­рын­­­да­ғы ата-аналар ара­­сын­да кеңінен үгіт-насихат жүргізудің ар­қа­сында кеңес өкіметі тұсында орыс тілінде оқытуға кө­шірілген 94 қазақ мектебі түгел қалпына келтірілді. Ал биылғы оқу жылында 6 аралас мектеп таза қазақ тілінде оқытуға көшірілді. 20 жыл ішінде ана тілімізде тәлім-тәрбие беретін ондаған жаңа мектептер мен сыныптар, балабақшалар ашылды. Облыстағы мектепке дейінгі мекеме­лердің бәрінде мемлекеттік тілді үй­рету қолға алынды. Осындай игілікті істердің нәтижесінде өткен оқу жы­лында жалпы орта білім ордаларын­да қазақша оқыған қазақ балалары­ның саны 62 пайызға дейін жетті. Ал 1990-1991 оқу жылында облыстағы қазақ балаларының не­бары 25 пайы­зы ғана өз ана тілінде білім алған болатын. Сондай-ақ, Тәуелсіздік жыл­дарында об­лыс­тық «Солтүстік Қазақстан» газетінің таралымы екі еседей ұлғайтылып, 10 мың данадан асырылды. Петро­­­павл қаласында алты жылдан бері «Қызылжар нұры» газеті жарық көріп келеді. Соңғы үш жылдан бері барлық аудандарда қазақ тілінде дербес аудан­дық газеттер шығарылу үстінде. Былтыр онжылдық мерей­­тойын атап өткен Сәбит Мұқанов атындағы облыс­­­тық қазақ-сазды драма театры да Қызылжар қазақ­тарының ұлттық рухын көтеруге елеулі үлес қосуда. Солтүстік өңірде қазақ тілінің тынысын кеңейте түсу үшін кеңес заманында әдейілеп қалыптас­ты­рыл­ған демографиялық теріс жағдайды түзетуге әлі де барынша күш салу қажеттігі анық. Осы мақсат­пен Елбасымыз 1997 жылы Солтүстік Қазақстан және Көкшетау облыстарын біріктіргенін, қазағы аз өлкеге оралмандарды қоныстандыру квотасын көбі­рек бөліп келе жатқанын құптамасқа болмайды. Пре­зидент тап­сырмасына сәйкес облысымыздың бас­шы­лығы ата­жұрт­қа ат басын тіреген қандас­та­рымызға мүмкін­ді­гінше қолайлы жағдай туғызуға күш салу үстінде. Атап айтқанда, қысы қатал Қы­зыл­жарды жерсі­нің­кіремей, табиғаты жайлы оңтүс­тік облыстарға бүй­регі бұрып тұратын ағайын­дар­дың көңілін табу үшін арнайы бағдарлама қабыл­да­нып, оларға тұрғын үйлерді жергілікті бюджет есебінен тегін салып беру ісі қолға алынды. Респуб­ли­калық «Нұрлы көш» бағ­дарламасы бойынша облыс орталығының маңындағы Қызылжар ауданында Бәй­терек ауылы салынып, онда оралмандарға ар­налған 140 үй бой көтерді. Бұған қоса, облыс әкімі Серік Біләловтің бастамасымен былтырдан бері көпбалалы отбасыларды қаржылай қолдау жөніндегі өңірлік «Ұрпақ қоры» бағдар­ла­масы іске асырылу үстінде. Бұл бағдарлама бойынша төртінші және одан да көп сәби дүниеге келген отбасындағы кә­ме­летке толмаған балалардың бәріне екінші деңгейлі банктен депозиттік шот ашылып, әрқайсысына 240 мың теңге (160 айлық есептік көрсеткіш) мөлше­рін­де қаржы салыну үстінде. Жыл сайын пайыздық үстемесі қосылып, көбейіп отыра­тын бұл қаражатты балалар мектеп бітірген кезде банктен өздері алып, алға қойған мақсаттарының жолына жұмсайтын болады. Бұл игі бастама әдетте бала санын аса шектемейтін ауылдағы ағайынға, әсіресе, ара­ларында көпбалалы отбасылар көбірек ұшырасатын оралман бауырларға елеулі көмек болары кәміл. ...Ұлы Мағжан өзінің «Қазақ тілі» өлеңінде: ...Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың – Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың... Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп, Нұрлы жұлдыз – бабам тілі, сен қалдың! Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тілім, Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім, Таралған түрік балаларын бауырыңа Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім! – деп жазғанындай, үміт артқан нұрлы жұлдызымыз Тәу­­елсіздік жылдары елдің шетінде, желдің өтінде тұрған біздің Қызылжар өңірінде де жарқырай жана тү­сіп, қазір бабамыздың тілі өзінің ақ қолымен қасиет­­ті қазақ жерін құтты қоныс еткен барша этнос өкіл­де­рін ба­уы­рына тартып жатқаны еш талас тудырмаса керек. Сондықтан да сынампаз ағайындар қазақ тілінің тағдыры қыл үстінде деп, қара аспанды төндірсе де, өз басым, тепсе темір үзетін жігіт жасына жеткен Тәуелсіз еліміз барда, ғасырлар тоғысындағы аума­лы-төкпелі заманда халқымызды небір қиын-қыстау кездерден аман-есен алып шығып, өзі белгілеген тура бағытпен алға бастап келе жатқан кемел Елба­сы­­­мыз барда ана тіліміздің қолданылу аясы жылдан-жылға кеңейіп, мәртебесі биіктей түсетініне еш күмәнданбаймын. Кәрібай МҰСЫРМАН, Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның мүшесі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы.