17 Қыркүйек, 2011

Орал орамдары гүлзарлармен көмкеріліп, субұрқақтармен айшықталып келеді

413 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Тәуелсіздікке қол жеткізген соң­­ғы жиырма жылда республика қа­­лалары қалай өркендеп келеді? Даму сатыларында талапқа сай соқ­пақтар сала алды ма? Міне, бү­гінде осындай сауалдарға жауап берер кез келді деп білеміз. Рес­пуб­лика­­да­ғы өзге қалалар ел орда­сы Астанаға қарап, бой түзеуі керек деген қағида да жоқ емес. Бұл әрине, облыс ор­талықтары мен елдегі басқа да үлкенді-кішілі қала­лар Астананың шағын үлгісі, кіші моделі болуы керек деген ұғымды білдірмесе керек. Әрі бұлай істеу тіпті де шарт емес. Жоғарыда ай­тылған мәселенің мә­нісі астаналық архитектуралық үл­гіні қайталамай, әр қала тек өзіне ғана тән жаңғыру жолы мен даму пішінін, соған сай мазмұнын таба білуі керек деп түсінеміз. Еліміздің батыстағы босағасы іспеттес көне де жаңа Орал қаласы осы айтылған тұжырымға сай да­мып келе жатқаны талас туғызбай­ды. Рас, мұнда таза еуропалық стиль­­де, сәулет өнерінің соңғы ай­шықты да ажарлы үлгісімен са­лынған, тұ­тас бір ансамбльдік кешенге татыр­лық құрылыстар да, көкке бой соз­ған биік ғимараттар да жоқ. Соған қарамастан, мұн­да­ғы әрбір көше орамдары, әрбір үй көзге жылы ұшырайды. Олар адам­дардың ең­се­лерін баспай, керісінше көңіл­де­ріне көктем, жандарына жаз ор­нат­қандай әсер қалдырады. Әсіресе, Оралда XVIII және XIX ғасырлардағы тарихи ғимарат­тардың сақталып қалуы, олардың мемлекет қамқорлығына алынып, жыл сайын жөндеу жұмыстары­ның жүргізілуі – Оралдың өзге қалалармен салыстыра қарағанда­ғы басты артықшылығы әрі өзге­шелігі деуге болады. Кез келген қаланың көркі сым­дай тартылған көшелер, гүлзарлар мен субұрқақтар, сылдырап аққан арықтар екені анық. Орал қаласы бүгінде осындай мекенге айналып келеді. Ең бастысы, қаланы абат­тандыру жөніндегі іргелі істер бү­гінде қаланың шеткері аймақта­ры­на қарай құлашын жая бастағаны сүйсіндірмей қоймайды. 2000-2003 жылдары Батыс Қазақстан облы­сының әкімі болған Қырымбек Көшербаев: Орал қаласының шеткері аймағы деген ұғым болмайды. Сондықтан біз бірінші кезекте соны көркейтіп, гүлдендіруге көңіл бөлеміз, деген сөзді жиі қайта­лай­тын. Алайда, ол кезде қаланың шетін абаттандырудың уақыты келмеді ме, әлде Қырымбек Елеуұлы қолға алған жобаларын толық іске асыра алмай кетті ме, әйтеуір, сол кезде бұзылмай, сіресіп тұрған сең енді қозғала бастады. Айталық, қаланың ең шеткі бө­лік­тері алтыншы шағын аудан мен Зашаған, Деркүл кенттеріндегі абат­тан­дыру жұмыстарының дең­гейі тұр­ғындардың ризашылығын туғы­зып отыр. Бұл мекендердің алғаш­қысында бұған дейін «жа­байы базар» болған еді. Мұндағы тұрмыс­тық қалдықтардың көптігі мен са­нитарлық жағдайдың төмен­дігінен аяқ алып жүрудің өзі қиын еді. Міне, осы ыбырсып жатқан шет аймақ қазір адам танымастай болып, өзгеріп келеді. Алдағы жылдың басында ұл­ты­мыздың ұлы тұлғаларының бірі Д.Қонаевтың туғанына жүз жыл толмақ. Соған байланысты қала­лық мәслихат депутаттары мен қа­ла әкімінің ортақ шешіміне сай бұ­ған дейін алтыншы ықшам аудан аталып келген қаланың шеткі бө­лігіне қайталанбас қайраткердің есі­мі берілді. Қазір ол Д.Қонаев атындағы ықшам аудан деп атала бастады. Осы тұста жасақталған гүл­зардың қақ ортасына Дінмұ­ха­мед Ахметұлының кеуде мүсіні ор­натылмақ. Бұл жұмыстар алдағы күз айларында толық аяқталады деп күтілуде. Бұған дейін Қазақстан қалала­рында қазақы, ұлттық бітім-бол­мы­сымызға тән пішіндер мен көрі­ніс­тер кездеспейді деген сыни ой-пікірлер жиі айтылатын. Бұл негізінен құптауға, қолдауға тұрарлық мәселе екені де белгілі. Өйткені, қазіргі заман басқа, уақыт талабы өзгеше. Оның үстіне ел тәуел­сіз­дігі жиырма жылдық биік тұ­ғырға көтеріліп отыр. Айтайын дегеніміз, Орал қаласының көшелері мен оның кіреберісінде осындай талаптар мен ұлттық ерекшелігімізге сай келетін композициялық жоба­ның көрініс таба бастағаны. «Ата жолы» деп аталатын бұл идея­ның іске асуына мұрындық болған Орал қаласының әкімі, жаңашыл жетекші Самиғолла Оразов екенін де айта кеткеннің ар­тық­шылығы болмас деп ойлаймыз. Қазыбек би айтқандай: біз, еж­ел­ден мал баққан елміз. Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Осы ата кәсібіміздің көріністері асау үйреткен азамат, түйенің үшінші бір өркешіндей боп өскен бала, сайын даланың сәнін келтірген ақ­тылы қой, ұлы Жібек жолының сим­волы іспеттес қос бүйіріне қор­жындар қосақталған атан түйелер қала көшелерінен орын алды. Бұ­ған қазір қала тұрғындарының көздері үйреніп те қалды. Мұның бәрі арнайы сұранысқа сәйкес темірбетон бұйымдарынан әзір­ле­ніп, сырты әкпен әрленген. Тәуелсіздіктің тағы бір талабы­ның бірі – өзімізді өзгелерге та­ныта білу болса керек. Орал қала­сының көшелерінде ұлтымыздың ұлылары мен таланттарының кескіндері кестеленген билбордтар дәл осы мақсатқа қызмет етіп жатқаны кәміл. Сонымен бірге, бүгінгі өскелең ұрпақ олардың кім екенін білуі үшін де мұндай қадам қажет. Мұның сыртында әр түрлі кезең мен дәуірде өмір сүрген ақындар мен күйші-композит­ор­лар­дың, тәуелсіздік жолындағы кү­ресте жандарын пида еткен батыр­лардың бет-бейнелерін биік те бедерлі билбордтарда көрсету арқы­лы біз бүгінгі ұрпақтың бойында отаншылдық сезімді дамытуға, еге­мендіктің киелі ұғым екенін терең түйсінуіне жол аша аламыз, – деді бізбен әңгімесінде Орал қа­лалық ішкі саясат басқармасының бастығы Елтай Жаманғарин. Кез келген таланттың тірі кезінде бағаланғанына, еленіп-ескерілгеніне не жетсін. Бүгінгі қазақ әде­биеті мен өнерінің көрнекті өкіл­дері Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсыноваға, Ақұштап Бақ­ты­гереева мен Қайрат Жұмаға­ли­ев­ке және Тұяқберді Шәмеловке қа­ла көшелерінде билбордтар ор­на­­ты­луы осындай ниеттен туындаған. Бүгінде Оралдың атауы ТМД көлеміне танымал бола бастады. Қай­­тып, қалай демексіз ғой. Мәсе­ленің мәнісі мынада. Тәуелсіз­дік­тің жетінші жылында, 1998 жыл­дың екінші қыркүйегінде Мәскеуде астаналар мен ірі қалалардың ха­лық­аралық ассамблеясы құрылды. Оның басты мақсаты – қалалардың экономикалық-әлеуметтік даму жо­лындағы іс-қимылдарын бір арнаға бағыттау болып табылады. Соны­мен қатар, өте күрделі механизм іспеттес қалалар шаруашылығын­да­ғы проблемалар мен іркілістерді бір­лесіп шешу де – аталған қоғам­дық бірлестіктің еншісіндегі істің бірі. Ассамблея құрамына ТМД ау­қымындағы 12 мемлекеттің 85 ірі қаласы кіреді. Қазақстанның ба­тыс­тағы қақпасы Орал соның бірі. Биылғы тәуелсіздіктің 20 жыл­ды­ғы аталып өтер қарсаңда Мәскеу­ден, яғни ассамблеяның атқарушы дирекциясынан Жайықтың жаға­сындағы қалаға қуанышты хабар жетті. Орал ассамблеяға мүше ТМД қалалары арасында «Қаланы абаттандырудағы жүйелі көзқарас» аталымына сәйкес жеңімпаз деп танылған. Бұл аталым Қазақстан қаласына өткен жылдың қорытын­дысы бойынша берілген. Бүгінде ірге көтергеніне 100 жыл толған, Орал қаласының кө­ше­лерінде табанының ізі қалған дау­ыл­паз ақын Қасым Аманжолов: «Со­нау бір шетте сонау үй, Кетер ме сірә, көңілден. Алушы еді тар­­тып мені ылғи. Махаббат ыстық лебімен», – деп Оралдағы жастық ша­ғы өткен үйге қатысты терең тол­ға­ныспен жырламаушы ма еді. Ақын өз өлеңімен кестелегендей, шын мә­нісінде Орал жүректерге жақын қа­ла ретінде алға қарай өз даму жо­лын адаспай тауып келеді. Таяудағы жыл­­дарда оны гүлзарлар мен су­бұр­қақ­­­­тар мекеніне айнал­ды­рудың түбе­гей­лі жолдары белгіленген. Жо­бала­ры ойластырылған. Бұл биік мақсат­тар­дың да ойда­ғы­дай орын­да­ла­ты­ны­на оралдықтардың сенімдері мол. Темір ҚҰСАЙЫН. Орал. ––––––––––––– Суреттерде: Орал көшелерін­дегі табиғат иелерінің символ­дық бейнелері. Суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ.