29 Қараша, 2016

Үлескерлерге сенімді кепілдік беріледі

134 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстанда үлескерлердің құқығын қорғайтын тұрғын үй құрылысына кепілдік беру тетігі қызмет етеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ басқарма төрағасы Дәурен Оңаев мәлім етті. «Құрылыс салушы және оның уәкілетті компаниясы Қор кепілдігін не жергілікті атқарушы органның рұқсатын алмайынша құрылысқа үлескерлердің ақшасын тарта алмайды», – деді Д. Оңаев. Ол «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңның күшіне енуіне байланысты құрылыс салушыларға қатал талаптар қойылғанын атап өтті. Енді тұрғын үй құрылысына үлескерлердің ақшасын тарту үшін құрылыс салушы Астана және Алматы қалаларында кемінде үш жыл жалпы ауданы 18 мың шаршы метр немесе басқа өңірлерде 9 мың шаршы метр тұрғын үй салған болуы тиіс. Бұдан басқа, құрылыс салушының соңғы екі жылда шығынсыз қызметі болуы қажет. Басқарма төрағасының айтуынша, Заң бірнеше кепілдік беру жағдайларын көздейді, оның бірін іске асыру барысында Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры тұрғын үй құрылысын аяқтау және кейіннен үлескерлерге үлестерін беру бойынша міндеттемелерді өзіне алады. «Біз алдымызға кепілдік алған нысандар бойынша үлескерлердің мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуде тиімді іс-әрекеттер арқылы үлескерлердің сенімін ақтайтын ұйым болуды шарт етіп қоямыз», – деді Д. Оңаев. Айдар Өрісбаев, "Егемен Қазақстан".