1941 жылдың 22 маусымынан 1945 жылдың 9 мамырына дейінгі аралықта тылда 6 ай жұмыс істегендер Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен теңестірілген. Кейін 1937 жылға дейін туғандар да алдыңғылардың санатынан орын алды.
Осыдан бірер жыл бұрын «Ардагерлер туралы» заң қабылданатын болыпты, сонда көп жақсылықтар қарастырылады екен деген тұрғыда әңгіме естігенімізде, қуанып қалғанымыз рас. Одан бері де біраз жылдың жүзі болды. Бірақ сол естіген әңгімеміз әңгіме күйінде қалып қойғандай. Сонда 1937 жылдан кейін және соғыс уақытында дүниеге келгендер әлеуметтік қамту бойынша ешқандай топтың қатарына жатқызылмайтын болғаны ма?
Неміс-фашистерімен соғысуға кеткендердің ұл-қыздары не көрмеді дейсіз. Жетімдіктен бастап бәрін де көрді. Бас көтерер ер-азамат жоқ, ауылда қалған кәрі-құртаң мен әлі келетін бала-шаға белі қайыса жұмысқа жегілді. Тапқан-таянғандарының бәрі майданға жіберілді. Бәрі де уақытпен санаспай еңбек етіп, қан майданда жаумен алысып жатқан әкелеріміз бен ағаларымыздың ауыр жүгін сәл де болса жеңілдетуге үлес қосты.
Соғыс жылдары және одан кейінгі кезеңдерде халықтың тұрмыс жағдайы өте ауыр болды. Ішер тамаққа, киер киімге жарымай, ашқұрсақ жүрген халық көп еді. 1950 жылға дейін аналарымыз отбасыға тиесілі құрт-майын мемлекетке тапсырып келді. Әр отбасына, малы бар-жоғына қарамастан, 90 кг. ет, 9 кг. 900 гр. сары май, 9 кг. жүн, 90 дана жұмыртқа көлемінде салық салынды. Уақытында тапсыра алмағандардың үйінен сауып-ішіп отырған жалғыз сиырына дейін тартып алып кеткен оқиғалар кездесті.
Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? 1937 жылдан кейін туғандар мен соғыс уақытында өмірге келгендер қиыншылықты үлкендерден кем көрген жоқ. Осыны ескере келгенде, біздердің де заң негізінде әлеуметтік қамту бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен соларға теңестірілгендердің қатарына енуге толық құқымыз бар екені күмәнсіз. Парламент депутаттары бұл маңызды мәселеге қозғау салады ғой деп үміттенеміз. Себебі, бұл – көптің көкейінде жүрген жәйт. Оның үстіне Отанымыздың қуаты жыл санап артып келеді. Сондықтан Үкіметтегілер де мәселеге түсіністікпен қарайды деп сенеміз.
Қуатбек ОРАЛБЕКОВ,1937 жылдың тумасы.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, Сарқырама елді мекені.