(«Таптым, алайда жоғалтпадым»)
Жақында тегі түркістандық өзбек жазушысы Насыр Фазыловтың «Таптым, алайда жоғалтпадым» («Топдиму йуқотмадим») аталатын кітабына Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы берілді. Бұл жайында газетімізде қуанышпен хабарладық та («ЕҚ» 31.08.2011 ж.). Әдеби жолын қазақ әдебиеті классиктері шығармаларын өзбек тіліне тікелей тәржімалаумен бастаған ол бауырлас екі елдің арасындағы руханият көпірі секілді жазушы. Қаламгердің бұған дейін қоғамдық еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің татулық және келісім сыйлығымен, тәржімандық еңбегі үшін Қазақстан Жазушылар одағының Б.Майлин атындағы сыйлығымен марапатталуы да бірсыпыра жайды аңғартса керек. Енді, міне, туыс ел өзінің мемлекеттік сыйлығын даңқты жазушыға екінші мәрте беріп отыр. Шығарма талқыға түскен сәтте жазушымен өзара сыйластықта жүрген әдебиет сыншысы Қ.Ергөбек арнайы мақала жазып, мақала өзбек тіліне аударылып жарияланыпты. Өзбек әдебиетімен бірге қазақ әдебиетіне де аудармашы райында үлес қосып, сырт жерде насихатшысына айналып келе жатқан жазушыны мәртебелі сыйлыққа ие болуымен қызу құттықтай отырып, жаңа туындысы кәделі сыйлыққа ұсынылған сәтте тілектестік орайында жазылған мақаланың қазақша нұсқасын жариялауды жөн көрдік.
Біз, кешегі кеңестік кезеңде бүгінгі ТМД аталатын күллі мемлекеттердің жазушылары бір-бірімізбен тығыз араласып, кездесіп, кеңесіп шұрқырасып жатушы едік. Газет-журналда қызмет істеген жылдары «Туысқан Айбектің туғанына сексен жыл толыпты, неге атамаймыз?», «Ғафур Ғұлам өлеңдерін қазақшаға тәржіме етуіміз керек. Өйткені, туысқан халықтың үлкен ақыны, үлкен сыйлыққа ұсынылыпты», – десіп қуанысып, бір-бірімізге айтып, газет бетінде мақала жазып жатар едік. Сол сияқты өзбек ағайын да ұлы Абайдың, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсіреповтің кезекті мерейтойларының ешқайсысын қапы жібермей, өзбек газет-журналдары бетінде насихаттап жатты. Олардың өзі дүниеден өткен соң 80, 90, 100 жылдық тойлары да Өзбекстанда ғылыми-теориялық конференцияға айналып өтіп жатты. Бұл жөнінен біз өзбек ағайынға дән ризамыз. Осындай кездесу, конференция өткізу мәселелерінде ұдайы себепкер болып жүретін азаматымыздың бірі – Насыр Фазылов.
Бәлкім, Түркістан секілді бір қазақ қана емес, түркі халықтарына ортақ жерде кіндік қаны тамғандықтан ба, болмаса табиғатындағы бауырмалдық па, тіпті шығармашылық қадамын М.Әуезов, С.Мұқанов, Айбек, Міртемір ұнатқаннан ба – әйтеуір, әлгіндей қазақ-өзбек ұлттарының арасын байланыстырып, ұлы перзенттеріміздің шығармаларының туыс тілдің бірінен екіншісіне аударылуына себепкер болып жүреді. Олар дүниеден өтіп кеткен соң әдеби мұрасына арнап конференция ұйымдастыруды да Насыр аға ешкім міндеттемей-ақ өзі бас болып Өзбекстанда Мұқаң, Сәбең, Ғабеңдердің 100 жылдығын ұйымдастырып, бізге телефондап Әлішер Науаи, Айбек, Ғ.Ғұлам, Міртемір тойларын ұйымдастыртып жатқаны. Қазақ пен өзбек сынды бір тамырдан тарап, өсіп-өнген ұлттар ғана емес, түркі халықтарының кез-келгенімен, тіпті славян текті халықтармен де арамызда әдеби байланыс дәстүрі орнықты болатын. Достарымыз да көп еді. Алайда, соның ішіндегі ең қастерлісі – өзбек халқымен байланыс, ең тәттісі – өзбек әдебиетімен аралас-құраластық болғанын жасырғым келмейді. Өйткені, саясатқа иек сүйеген достық жәйі бір басқа да, бір тамырдан тараған – тамырластық, бір қарыннан шыққан – қарындастық туыстықтың жөні бір бөлек. Біз шамамыз келгенінше әлі күнге қазақ және өзбек әдебиеті арасындағы туыстықты сақтай сөйлеп келеміз, бауырластықты әдеби үйреніске айналдырып жазып жүреміз. Әсіресе, Насыр Фазыловтай азамат, тамаша жазушының орнықтырған дәстүрін үзіп алудан қорқамыз. Өйткені, ол қазақ әдебиетінен М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, Қ.Әбдіқадыровтың шығармаларын өзбек тіліне тікелей тәржімалап, әдеби өнеге көрсетті, жаңа дәстүр туғызды кезінде. Өмірде де, әдебиетте де жоқ, бұрын болмаған нәрсені жасау – қиын, ал оны жоғалтып алу оңай.
Әдетте әдебиет өмірден туады. Өнерге (әдебиетке) құбылыстар өмірден ауысып жатады. Насыр Фазылов жағдайында кейбір жаңалықтар, жақсылықтар алдымен әдебиетте туып, соңынан өмірде орнығып қалып жатады. Айталық, ол алдымен С.Мұқанов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, Қ.Әбдіқадыров шығармаларын өзбек тіліне тәржімалады. Сосын олардың өзімен қоян-қолтық араласып, оларды өзбек әдебиетінің жанашырына айналдырып жіберді. Қазақ әдебиетінің алыптары қайтыс болған сәттері Насыр аға қауымдасып келіп топырақ салып, дұға оқыды. Бір қызық бар. 1973 жыл. Сәбит Мұқанов қайтыс болды. Қазақ қара жамылды. Халық жазушысы құлады. Міне, осындай сәтте Насыр Фазылов пен Нәзір Сафаров өзбек ағайындардың атынан келіп қабір басында сөйледі. Онда: «Біз Сәбит ағаның қайтыс болғанын естіп қатты қайғырдық. Өмірде қимас досына айналған Ғафур Ғұламға барып, Сәбит досының дүниеден қайтқанын естірттік. Сөйттік те Ғафур ағаның қабірінен топырақ алуға рұқсат сұрадық. Ол кісінің рұқсатымен (құран оқыған ғой –
Қ.Е.) зиратынан топырақ алып келіп, соны Сәбит досының топырағына салғалы тұрмыз», деп сөйледі. Өзбек ағайын атынан арнайы келіп сөйлеген екі жазушының сөзіне сол жолы қабір басында жыламаған адам қалмаған еді. Тіпті өзге республикалардан келген делегациялар: «Қап, мына жай біздің есімізге неге келмеген?» деп өкініп қалып жатты. Алайда, өзге республика жазушылары қолынан келмейтін тапқырлықты өзбек жазушылары, оның ішінде осы Насыр аға жасады. Қолынан келмейтіні – біріншіден, өзге елдерде ақиреттік досы санарлық Сәбеңнің Ғафурдай досы жоқ еді, екіншіден, қапияда тауып кетер Насыр Фазыловтай ұшқыр жазушылары жоқ еді. Сол күні-ақ «Қазақ әдебиеті» газеті өзбектің екі жазушысының сөзін қазақшаға аударып, тасқа басып сол заматта-ақ жариялады. Қазақ қайғысы ортайғандай болды, өзбек ағайынның мәртебесі биіктеді.
Мұның баршасын айтып отырған себебіміз – Насыр Фазылов өмірде осындай бауырлас екі халық жазушылары арасын тығыз байланыстыратын игі қадамдар жасап жүреді. Сонымен қатар, өзбек, қазақтың аға буын жазушыларынан алған өнегесін кейінгі буынға, әсіресе әлі қалыптасып жетпеген балаларға әуезе етіп, әңгіме, хикаятқа айналдырып әңгімелеп беріп жүреді. Оның
«Таптым, алайда жоғалтпадым» («Топдиму йуқотмадим») аталатын туындысы да осындай тақырыпта туған кітап.
«Таптым, алайда жоғалтпадым» кітабының жанры не?
Бір қарағанда, өзбек, қазақ әдебиетінің әр кезеңде жасаған аға буыны жайында естелік деуге болар еді. Расында өзбек әдебиетінің Шолпан, Фитратынан тартып Айбек, Абдолла Қаһар, Саид Ахмад сынды өзбек, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев сынды қазақ жазушылары өмір өнегелері жайында әңгімеленеді. Кезең-кезеңде тіршілік кешіп, өмірден өткен ақын-жазушылар жайында Насыр аға жазған ірілі-ұсақты әдеби дүниелерді оқып отырып, мәңгі бақилық болған жарықтықтардың сырт түр келбетін көзіңе елестетіп, олардың адами өнегелі істерін ойыңа түйіп сүйсініп отырасың. Алайда, жазушы олар жайында қалыпты естелік айтудан аулақ. «Таптым, алайда жоғалтпадым» кітабы қарапайым естелік емес. Енді не?
Домбырада тартылатын Құрманғазының адуын күйлерімен бірге Тәттімбеттің шертпе күйлері бар. Сол сияқты дутарда үні көкке кететін дауылпаз музыкамен бірге жүрек қылын шертетін жанға жайлы саз да ойналады. Жанрына қарап шығарманы қолдан асқақтатып немесе кемсітуге жол жоқ. Оның екеуі де керек халыққа. Әсіресе, әрбір ұлт өкілдері, әрбір халық өз ішіне үңіліп, «қайтсек ел боламыз?» деп отырған қазіргі таңда жүрек қылын шертетін сазды күйлер жанға жайлы шығатын болса керек. Насыр Фазыловтың қаламынан шыққан мөлтек-мөлтек дүниелер де әлгі музыкалық шығармалар секілді жүректен шығып жүрекке сіңіп кетіп бара жатады. Олар кімге арналған?
Аға буын жазушылар даналығы егер «аудиториясы» табылмай сөйленсе – адамы табылмай айтылған гәп секілді болып шығар еді. Соны өзбек әдебиетінің кәнігі қарт шебері жақсы білген. Ол аға буын жазушылар өнегесін шын жүрекпен қабылдайтын балаларға арнап әңгімелеп отыр. Балаларға арнап туынды тудырмақ оңай ма?
Жалпы әлем әдебиетінде балалар әдебиеті деген ұғым келте жатады. Әсіресе біздің түркі халықтарында. Тақырыбы ашылмаған туынды болса, балаларға арналған болып шығады. Көркемдігі көңілдегідей болмаса, балаларға арналған ғой дей саламыз. Ол дұрыс емес. Ел боламыз десек, ең асылымызды балаларға арнауымыз керек. Ең көркем жазылған дүниемізді балаларға арнап жазуымыз керек. Өйткені, бүгінгі бала – қоғамның ертеңгі келешегі. Келешегіне енжар қараған елдің болашағы кемел дегенге сенуге болмайды. Осы тұрғыдан алғанда аға буын жазушылар өнегесін (өмірін) тақырып етіп алған Насыр Фазылов тәтті сөзін өзбек балаларына арнап айтып отыр. «Таптым, алайда жоғалтпадым» аталатын кітаптағы туындылар балалар әдебиетінің еншісінде, олар балалар әдебиетінің жанрлық шарттарына сай жазылған.
Балалар әдебиеті жанрлық шарттары деп қалып жатырмыз... Иә, балалар әдебиеті туындылары ересектерге арналған шығармаларға қарағанда сыртқы тұлғасы қарапайым, ал ішкі мазмұн байлығы кең көсілген дүниелер болуға тиісті. Соның баршасы балалар жазушысынан айтар идеяңа қарапайым оңтайлы пішін тауып (балалар киімі секілді), айтар ойыңды бала былдырына салып еркелетіп жеткізуді талап етеді. Ал олай ету, олай ете алу – қиынның қиыны, асқан шеберлікті талап етеді. Насыр Фазылов – балалар әдебиетінің кәнігі шебері. Ол балалар психологиясын жетік біледі. Не айтса да, не жазса да бала қабылдауына (восприятие) лайықтап жаратады. «Балалар әдебиеті үшін қалыптасу қиын, балалар жазушысы болып туу керек» (В.Г.Белинский). Ол үшін әр сөзді қолына ұстап көргендей, аузына салып дәмін алғандай (бәрі де бала әрекеті емес пе?!) аса сақтықпен пайдалану шарт. Насыр Фазылов – солай ететін, балалар үшін туған жазушы. Балаларға нені айтуды, қалай айтуды жақсы білетін айтулы шебер, өзбек балалар әдебиетінің байырғы өкілі.
Біз Насыр Фазыловтың «Қарға жазылған хат» повесін (қазақшаға өзбек тілінен тікелей тәржімаланған тамаша туындысын) оқығанда бұған анық көз жеткізгенбіз. Біз оның «Түркістан хикаяларын» оқығанда Насыр Фазыловтың кәнігі балалар әдебиеті шебері екеніне ден қойғанбыз. Біз деп көпше сөйлеп отыруда мән бар. Насыр Фазыловты өзбек жазушысы ретінде кезінде Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев жақсы көрді. Олар баспасөз бетінде өздерінің сүйсіністі пікірлерін айтумен өтті. Әбен Сатыбалдиев, Көбей Сейдеханов сынды аяулыларымыз да Насыр Фазыловты шын жүрегімен сүйді. Досына айналды. Олар да бірінің аузынан бірі іліп алып, «Біздің Насыр» атап мақала жазған кезінде. Осы жолдардың авторы мына біз де Насыр Фазылов туралы «Егемен Қазақстан» (№67 (25464) 18.02.2009 ж.), «Жетісу» (№168-169 1983 ж.), «Қазақ әдебиеті» (1985 ж.) газеттері, «Жұлдыз» (1986) журналы беттерінде, өзіміздің «Түркістан жинағы-1» (2010 ж.), «Түркістан жинағы -2» (2011 ж.) аталатын елеулі еңбектерімізде дүркін-дүркін арнайы мақала жазып, қазақ арасына өзбек балалар жазушысы һәм тарлан тәржіман ретінде жеткізе насихаттап келе жатқанымызды айта кетелік. Бұған ең соңында тіпті қаламгер Жанболат Аупбаевтың «Президент сыйлығының лауреаты» атты талдамалы-танымдық дүниесін қосыңыз. Сонда бәрімізге Насыр Фазыловтай өзбек жазушысы қандай қаламгерлік ерекшелігімен ұнайды? Ол тақырыбын біліп жазады, кейіпкерлерін сүйіп жазады. Біліп жазғандықтан тақырыбын еркін игереді, еркін игерген тақырыпта сүйіп жазғандықтан кейіпкерлерін әдемі әдіптеп сүйіспеншілікке орап сүйсінтіп жазады.
Міне, осындай сүйкімді қадірмен қарт жазушымыздың «Таптым, алайда жоғалтпадым» аталатын шығармасын оқып сүйсіндік. Шығармаларында кәнігі байырғы өзбек әдебиетінің шебері алдымыздан шықты. Кітапқа енген туындылар екі жақты құнды: бірі – бірімізге-біріміз салқын тартып суысып бара жатқан бүгінгі таңда Насыр Фазылов өзбек, қазақ әдебиетінің ірі тұлғаларын ұлтын сүйген, халқы үшін күйген ғажайып адам райында көрсетеді. 1937 жылы шәкірті ғайыптан тайып адасып ұстазының үстінен арыз жазып көрсетіп (НКВД-ға), соңынан жан азасын бастан кешіп, кешірім сұрайтын бір сәт бар. Ұстаз ойланып отырып шәкіртін «адастырған уақыт қой» деп кешірім етеді. Оны жазушы «Кеңшілік» атайды. Көрдіңіз бе? Тақырып қалай ашылған? Ол өткен күннің әңгімесі ғана емес, ұлт тұтастығын, ынтымағын ойлайтын бүгіннің де, ертеңнің де әңгімесі деп білемін. Насыр қаламының мақсаты – бауырлас екі халықты суыстыру емес, туыстыру! Әйтпесе, қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов өмірінен жазылған новеллаларды алып қараңыз. Бірде Сәбит Мұқановтың өзі сөйлейді. Енді бірде Сәбеңе қатысты жеке штрих, детальдарды сөйлетеді. Сөйтеді де қазақ жазушысының кісілік сырын, қаламгерлік қырын ашады. Қысқа, қарапайым, ойлы дүниелер. Қазақ жазушысы тағдырына өзбек жазушысының көзімен қарау да ұтымды, қызықты екен.
Сондай-ақ, ұзақ жылдық қаламгерлік еңбектің қорытындысы сынды туындыларын жазушы өзбек балаларына арнап отыр. Туындыларда өзбек балаларының жас ерекшелігі, психологиясы, олардың қабылдау мүмкіндігі... бәрі-бәрі ескерілген. Өзбек баласы – өзбек халқының келешегі. Өзбекстанның үлкен жазушысы өзінің шығармашылық жолын, бәлкім, өзбек балаларына арнап кітап жарату арқылы әдемі, ақылды түйіндегелі отыр!
Өзбек әдебиетін бір кісідей білетін маман сыншы ретінде Насыр Фазыловтың «Таптым, алайда жоғалтпадым» аталатын еңбегін Өзбекстан мемлекеттік сыйлығына әбден лайықты туынды деп білемін. Ол – халықаралық өреде танымал тұлпардың жаңа туындысы, жаңа қалам тынысы, атақты жүйріктің тың шабысы. Тіпті алдағы уақытта туындыны өзбек тілінен қазақ тіліне тікелей тәржімаласам ба деген де ой келіп отыр.
Құлбек ЕРГӨБЕК.
Түркістан.