Астанада «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ бас ғимаратында «Ой-өрістен – өркендеуге» атты инновациялық форум өтті. Оған барлық жол бөлімшелері, филиалдар мен еншілес кәсіпорындардан 800-ден астам делегат қатысты. Форум аясындағы көрмеге өндіріске енгізілген рационализаторлық еңбектер мен тың ұсыныстар қойылды. Жиын мақсаты – жаңашылға өндірісте қолайлы ахуал орнатып, әрбір еңбеккердің жұмыс барысында талантының барлық қырын ашуына, сол арқылы өндіріс тиімділігін арттырып, шығын көлемін азайтуға ұмтылысына қолдау көрсету.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин көрмеде теміржолшы рационализаторлардың ондаған жобасымен, ұсыныстарымен танысты. Оның барлығы темір жолдың әртүрлі саласын қамтиды. Жаңашылдардың үздіктері еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналатын «20 жыл қорытындысы» 1-ші республикалық инновациялық форум бағдарламасына енгізілмек.
Биылғы жылдың сегіз айында компания қоржынына 770 инновациялық жоба түссе, оның 525-і өндіріске енгізілген. Ол арқылы 111 миллион теңге үнемделіпті.
Компанияның бас инженері Бауыржан Орынбасаров бүгінгі таңда ҚТЖ қоржынында 14 инновациялық жобаның қаралып жатқандығын айтса, оның төртеуі ноу-хау технологиялық жобалары болып табылады екен. Компанияда инновациялық идеялардың ақпараттық инкубаторы «4И автоматтандырылған жүйесі» енгізілуде. Бұл инкубатор арқылы еңбеккерлердің идеялары, ұсыныстары жинақталып, өңделіп, сараптаудан өткізіледі. Бұл ақпараттық инкубаторда қарапайым еңбеккерден бастап компания президентіне дейін интернет арқылы корпоративтік желі жүйесімен таныса алады. Бас инженер компанияда кадрлар біліктілігін жетілдіруге зор маңыз беріліп отырғандығына да тоқталды. Осыған орай Астанада жылына 15 мың маман кәсіби-техникалық дайындықтан өте алатын қазіргі заманға сай жабдықталған оқу орталығы жасақталып жатыр.
Бүгінде Астанада «Эволюшн» сериясындағы қазіргі заманғы тепловоздар шығарылып жатса, халықаралық Өзен – Түркіменстанмен мемлекеттік шекара және Жетіген –Қорғас темір жол желілерінің құрылысы жүргізілуде. Ұлттық компания жаңашыл теміржолшылардың ұсыныстары мен рационализаторлық еңбектерін өндіріске батыл енгізуге бағыт ұстанған.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.