17 Қыркүйек, 2011

Мұнайлы өңірдің мол мүмкіндігі

336 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Атыраудағы  бірнеше нысанның жұмысымен танысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысына жұмыс сапарының алғашқы күнін «Флоусерв-Қазақстан» серік­тес­ті­гінің сорғы жабдықтарын жөндейтін сервис орталығынан бастады. Мұнайлы өңірде үдемелі ин­дус­триялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қо­сылған іргелі жобаның бірі бұл. Жобаны іске асыру мақсатында са­лынған инвестициялық қаржы­ның 2,5 млрд. теңгесі ағымдағы жылдың бірінші жартысында игерілген. Осы кәсіпорын жұ­мы­сымен танысу барысында облыс әкімі Бергей Рысқалиев индус­трияландыру картасы шеңберінде былтыр 32 миллиард теңгеге бағаланған 7 инвестициялық жоба іске асырылғанын айтты. Олар­да 636 жұмыс орны ашылды. Биыл жалпы құны 11,5 миллиард теңгеге 12 инвестициялық жоба іске қосылғанда өңірде тағы да 1018 жұмыс орны құрылады. Қазір сол жобалардың төртеуі жұмыс істей бастады. Енді жыл аяғына дейін 10 жобаның тұсауы кесілуі күтілуде. Мұ­найлы өңірдің экономикалық әлеуе­тін, инвестицияға тартуға мол мүмкіндігі барын байқатқан жобалардың қатарындағы сервистік орталықта өнеркәсіптің әртүрлі салалары үшін сорғылар мен арматураларға жедел қызмет көрсетуге, сонымен қатар, олар­ды жөндеу жұмыстарына қажетті жаб­дықтар орнатылған. Аталған орта­лықта тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық үшін тік және көл­беу түрдегі сорғыларды жөн­деу­ге де мүмкіндіктер ашылып отыр. Жобаны қаржыландыруға ынта танытқан «Flowserve» корпора­ция­сы әлемнің 56 елінде жұмыс істейді. Ол сұйықтық пен газды айдауға, сондай-ақ, олардың ағы­нын басқаруға байланысты қыз­мет көрсететін және әлемдік дең­гейдегі жетекші өнімдер тасы­малдаушылардың бірі болып табы­ла­ды. Енді осы корпорация өз жұмысын Қазақстан рыногында да кеңейтуді көздеп отыр. Сол себептен Атырауда іске қосыл­ған сервистік орталықта білікті мамандар шоғырын қалып­тас­ты­ра бастапты. Орталыққа тұрақты жұмысқа тартылған инженер-механик Хасан Мейірбеков «На­сос­тың валдарын түзейміз. Кейде тіпті іске аспай қалған валдарды да жөндеп, кәдеге асырып жа­та­мыз. Оның өзі нарық заманында мекеме-кәсіпорындарға ақша үнем­деуге мүмкіндік береді ғой», дейді. Ал Асқар Тұрғынбекұлы шет елде білім жетілдіріп келіпті. Қазір кәсіпорында 75 адам жұмыспен қамтылған. Өңірдегі «Теңізшевройл», «Аджип», «ҚазТрансОйл» секілді мұнай саласындағы кәсіпорын­дар­дың тапсырысына орай сервистік қызметті көшпелі түрде де көрсете алады. Серіктестік бас­шы­сы Ғазизбек Тұралиевтің сөзі­не қарағанда, жоба құны 3 жыл­дан соң ақталады деген сенім бар. Қазақстанда бұрын қызмет көрсетілмеген жоғары қысымды, көп сатылы, екі корпусты сорғы және плунжер агрегаттарына, жөн­деу жабдықтарына ден қой­ған Елбасы осы жерде өңірдегі ша­ғын және орта бизнес өкіл­деріне еліміздегі кәсіпкерліктің өркендеу, соңғы жылдары бұл саланың отандық экономикаға серпін беретіндей деңгейге көте­рілгені туралы әңгіме қозғады. Осы сәтте «Абылайхангрупп» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Әмір Ысмағұлов Президенттің кәсіпкерлік нысандарды жөнсіз тексеруге мораторий жарияла­ға­нына алғысын білдірді. Нұр­сұл­тан Әбішұлы жалынды кәсіп­кер­дің жанына жақындап келіп, бұ­дан былайғы кезеңде де кәсіп­кер­лерді қолдау жалғаса беретінін мәлімдеді. – Әмірге тиіспеңдер деп айта­мын! – деді Мемлекет басшысы. Елбасы кәсіпкерлердің көңі­лін осындай әзілімен бір жады­ратып алып, кәсіпкерлер үшін «Ақорда» сайтында «Прези­дент­тің бизнеске қолдауы» бөлімі барына назар аударды. – Шілдеде рұқсаттар мен лицензиялар беретін 330 құжат күшін жойды. Тағы да 30 пайызға азайту жоспарлануда. Бизнесін жаңа бастағандарға салықтық же­ңіл­діктер қарастырылған. Үш жылға ешқандай тексеру бол­май­ды. Егер тәртіппен бекітілген тек­серулер кезінде заң бұзу­шы­лық­тар анықталатын болса, са­лық инспекторы материалды құ­қық қорғау органдарына беруі қажет. Солай болуы тиіс емес пе? – деп Елбасы кәсіпкерлерге сауал тастады. – Дұрысы, адал жұмыс жасап, тыныш ұйықтаған жөн. Ерте ме, кеш пе, жалғандық бәрі­бір ашылады. Сайтта кәсіп­кер­лерді қолдау бөлімі бар. Оған үш мыңға жуық өтініш түсті. Оларда айтылған шағымдарды қараған­нан кейін ондаған шенеунік жұ­мысынан босатылды. Шағым­да­рыңыз болса, жіберіңіздер. Мемлекет басшысы кәсіп­кер­ліктің дамуына индустриялық-инновациялық жобалардың өркен жайғаны серпін беретініне де тоқталды. – Индустриялық бағдарла­ма­лар мен инновациялар жөнінде айтсақ, бұл – қазірдің өзінде іске қосылған 227 кәсіпорын. Жыл ая­ғына дейін тағы да 130 кәсіп­орын іске қосылады. Мәселе мы­на­да: осы кәсіпорындардың айна­ласында бизнес-компаниялар көп болуы тиіс. Мұнай-газ кешеніндегі шетелдік инвесторлардан қа­зақстандық үлестің көп болғанын талап етемін. Мұнай мен газ да бір кезде таусылады. Сол себептен, бизнестің басқа түрлерін да­мыту қажет. Елімізде бұған бар­лық жағдай жасалған. Қазақ­стан­дық бизнестің де тауар рыногы қалыптасуы үшін Кеден одағы құрылды. Ресей – біздің жақын көршіміз, – деген Президент кәсіпкерлерге аграрлық секторға да көңіл бөлу қажеттігін ескертті. «Көкөніс сақтау қоймалары, жы­лыжайлар, бордақылау алаңдары – тұтастай индустрия іспетті. Израиль жылыжайларда өсірілген құл­пы­наймен бүкіл әлемді қам­тамасыз етеді. Әлемдік дағдарыс бизнесті да­мы­тудың барлық мүмкіндігін пайдалану қажет екенін көр­сет­ті», деді Нұрсұлтан Әбішұлы осы орайда. Бұдан соң Елбасы «Медикер-Атырау» медициналық орталы­ғы­ның жұмысымен танысты. Негізгі қызмет түрі – ауруға бай­ла­нысты ерікті сақтандыру бағдар­ламасы бойынша медициналық қызметті, ақылы медициналық қыз­мет көрсетуді, дәріхананы, ем­­деу-сауықтыру және меди­ци­на­лық орталықтарды ұйым­дас­­тыру. Биыл Атырауда жалпы аума­ғы 5236 шаршы метр болатын медициналық орталықтың жаны­нан емдеу-сауықтыру ғимара­ты­на жөндеу жұмыстары аяқталды. Жаңа мекеме «Бизнестің жол кар­тасы-2020» мемлекеттік бағ­дар­ла­масы бойынша қарыз қара­жатын тарту арқылы құрылды. Жобаның құны – 1,5 млрд. теңге. Атыраудың орталығында бір ауысымда 500 адам қабылдайтын емхана, терапия стационары мен хирургиялық профильдегі 24 тө­сектік терапия блогын салу көз­делген. Амбулаториялық-емхана­лық көмек, профилактикалық тек­серістер қызметі, стомато­ло­гия­лық көмек көрсетіледі. Сыр­қаттарды сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көзделген. Бұл орталықтың өзге емдеу орындарынан ерекшелігі басым. Орталықтың медициналық жұ­мы­сына тартылған 264 медицина қызметкерінің арасында 91 дә­рі­гер бар. Мұнда ауру түрлерінің барлығына дерлік медициналық қызмет көрсетіледі. Қазірдің өзін­де аталған орталықтың меди­ци­налық қызметін өңірдің 30 500-ден астам тұрғыны пайда­ла­нуға ниет білдірген. Себебі, емделушілерге Қазақстанның жетекші клиникалары мен ұлттық ғылыми орталықтарының білікті дәрігерлерінен интернет желісімен дәрігерлік кеңестер алынады. Фрайбург (Германия) қала­сын­да­ғы халықаралық медициналық ор­талықпен де әріптестік байла­ныс орныққан. Әлемдегі Siemens AG, Pentax, Fabius Plus Drager Me­dical AG & Co. KG, Medical Solutions, Galaxi, Karl Storz, DURR Dental секілді жетекші ком­паниялардың ең озық меди­циналық қондырғыларымен жабдықталған. Медициналық орталықта «Бо­ла­шақ» бағдарламасы шеңбе­рінде шет елдің таңдаулы университеттерінде білім алған жастар да жұмысқа тартылыпты. Сондай жас маманның бірі – Мұратәли Серікбаев. Қазір ол осы орта­лықта сервиспен қамтамасыз ету жөніндегі директор болып жұмыс істейді. – Құрметті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы! Сіздің тікелей қолдауы­ңыз­бен жүзеге асқан «Болашақ» бағдарламасы аясында мыңдаған қазақ жастары шет елде білім алып, әлемдік стандарттарды мең­­геруде, – деп бастады ол Елбасына ризашылығын. – Со­ның нәтижесінде күрделі опера­ция­лардың көп түрін елімізде жасауға мүмкіндік тууда. Мен де «Болашақ» бағдарламасының тү­легімін. Джордж Вашингтон университетінде оқыдым. Бұл бағ­дарлама тәуелсіз еліміздің келешегіне қызмет жасауды көздеген мен секілді жастарға жаңа мүм­кіндік ашады. Елбасы әлемдік медицинаның мол мүмкіндігін ел тұрғын­дары­ның пайдасына жаратуды мақсат тұтқан жас маманнан бұл орта­лық­тың өзге клиникалардан қан­дай ерекшелігі барын сұрады. «Бізде жоғары білімді, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын білікті дәрігерлер жұмыс жасайды. Екіншіден, бізде емделушілерге әрі сапалы, әрі қолайлы меди­ци­налық қызмет көрсетіледі», деп жауап қатты М.Серікбаев. – Мемлекет медицина саласы­на үлкен көмек көрсетуде. Үкімет жоғары деңгейде осы салаға ерек­ше назар аударып отыр. Со­ның бір нәтижесі – Астанада ең ірі кардиологиялық орталықтың ашылуы. Орталық қазір елге жо­ғары сапалы қызмет көрсетіп отыр. Әлемдік стандарттарды мең­геру, шетелдік мамандармен үздіксіз тәжірибе алмасу нәти­жесінде он мыңға жуық күрделі операциялар елімізде еш кедергісіз жасалатын болды, –деді Нұр­сұлтан Әбішұлы. – Қазақстан бой­ынша мыңға жуық аурухана болса, оның ішіндегі 165-і бір ғана Атырау облысында орналас­қан. Мемлекет қашанда медици­наны қолдады және солай бола бермек. Медицина қызметкер­ле­рі­нің жалақысына 30 пайыз үс­теме қосылды. Қолдаудың алды-арты бұл емес. Президент ел медицинасының алдында тұрған басты міндеттерге тоқтала келе былай деді: – Мен бұл орталыққа ерекше ризашылықпен келіп тұрмын. Бизнесмендердің осындай жеке медициналық клиникалармен ай­налысқаны дұрыс. Білім мен медицина басты екендігін бизнесмендер білуі керек. Атыраудың орташа табысы қазір еліміздің өзге аймақтарымен салыстыр­ғанда екі есеге жоғары. Бұл – осындай таңдаулы клиникаларға халық ем алуға келеді деген сөз. Өз басым көріпкел дегенге сенбеймін. Адамның тағдырын кө­ріп­кел емес, жаратушы Алла ғана біледі. Міне, медицина адамға сол үшін де керек. Адамның өмі­рі медицинаға 10-15 пайызға ғана байланысты десек те, уақытында диагностикадан өту денсаулық үшін үлкен рөл атқарады. Отан­дық медицинаның алдына орташа өмір сүру деңгейін 72 жасқа жеткізу тапсырылып отыр. Бірақ, біз бұдан да асып түсуіміз керек. Бір ғана Атыраудың өзінде туберкулез бен вич аурулары екі есеге азайған. Аналар өлімін де екі есеге төмендетуге қол жеткен. Сә­билер өлімінің үш есеге азаюы – көңіл қуантарлық нәтиже. Бұл облыс әкімі атқарған жұмыс­тар­дың да жемісі болуы керек. Ал түстен кейін Елбасы тік­ұшақпен Каспий теңізі қайра­ңын­дағы «D» жасанды аралына ұшып барды. Бұл – Атырау қала­сынан 80 шақырым жерде орна­ласқан өндірістік нысан. Теңіз табанынан мол мұнай алу жо­басына операторлыққа таңдалған компанияның бірі – НКОК ком­паниясының басшылығы «D» аралында орналасқан өндірістік нысандарды таныстырды. Арал –Атыраудан 85 шақырымда орна­ласқан өндірістік нысан. Оның құрылысын жүргізуге 3,5 млн. тоннаға жуық тас пайдала­ныл­ған. Нысан тәулігіне 450 мың бар­рельге дейін мұнай өңдеуге есептелген. Сондай-ақ, екі дербес технологиялық желісі де бар. Аралда, кемедегілерді қоса ал­ған­да, 5430 адам жұмыс істейді. Жұмысшылар үшін «Шапағат» және «Қарлығаш» тұрғын үй блоктары жабдықталған. Екі бұрғы және электрогенераторлық қондырғы, өндірістік-техноло­гия­лық бөлме, апатты жағдайда көшіру үшін мұзжарғыш кеме мен жағада кеме аялдайтын орын бар. Нысан қыс кезіндегі мұз қау­пінен қорғалған және үш құбыр желісімен Батыс Ескене жерүсті өндірістік кешенімен жалғасады. Кешен Қашағанды игерудің бірінші кезеңі үшін теңіз нысанын біріктіреді. «D» аралынан 3 құ­быр арқылы мұнай Атыраудан 30 шақырым жердегі Қаратабан елді мекеніндегі құрылысы аяқталуы тиіс «Болашақ» құрылымына жет­кізіледі. Бірақ өндіру шегінде өндірілетін қашағандық мұнай­дың көлемін тәулігіне 1,5 млн. баррельге дейін жеткізу жоспар­ланып отыр. Арал пайдалануға берілген кезде оған 300 адам жұ­мысқа тартылады. Солтүстік Каспий жобасындағы жүргізіліп жат­қан жұмыстармен танысқаннан кейін Мемлекет басшысы «Бо­ла­шақ» бағдарламасының түлекте­рі­мен, «Орталық-Аймақ» және «Аймақ-Орталық» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатқан мемлекеттік қызметшілермен кез­десті. Бүгін Елбасы мұнайлы өңір­дегі бірнеше кәсіпорынның ты­ныс-тіршілігімен танысады деп күтілуде. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.