Соңғы бес жылдың өне бойында «Жібек жолындағы сұхбаттар» семинары тұрақты жұмыс істеп келе жатқандығынан құлағы түрік жұрт хабардар болса керек. Жалпы, жоба мұрындығын ұстаушы, семинар модераторы мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің айтуынша, оның алғашқысы Ақсу-Жабағылыда өтіп, оған Ресейден Евгений Сидоров, Николай Анастасьев, Қазақстаннан Мұхтар Құл-Мұхаммед сияқты қайраткер тұлғалар, Тәжікстан мен Қырғызстаннан ойлы да беделді азаматтар қатысқан. Сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Мыңбай сондағы мазмұнды әңгіменің өрістеуіне жағдай жасаған. Одан соң Мұхтар Әуезов қоры Қазақстан халқы Ассамблеясымен тізе қоса отырып, кейінгі сұхбаттарды Тараз бен Қапшағайда өткізген. Ал, биылғы талқы өзегіне «Орталық-азиялық тарихи-мәдени өзіндік даралану» тақырыбы таңдалып алынған екен. Міне, осы тақырыпқа арналған сұхбаттардың бірінші кезегі жақында Қазақстан мен Қырғызстанның шығармашыл һәм гуманитарлық зиялыларының, Қазақстан халқы Ассамблеясы және Қырғызстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің қатысуымен Ыстықкөл жағалауында өтті. Аталмыш семинардың мақсаты қазіргі геосаяси ахуал-талабына сай Орталық Азия өңірі елдері мен халықтары арасындағы жемісті рухани байланыстарды жаңғыртып, нығайтуға септесу болғандығын да сүйінішпен айтар едік. Осынау көкейкесті әңгіменің екінші кезегі тағы да Ыстықкөл жағалауында, келер жылдың тамызында Қазақстанның, Қырғызстанның, Тәжікстанның, Түркіменстан мен Өзбекстанның зиялы қауымының қатысуымен өтеді деп жоспарлануда.
Мұрат Әуезовпен сапарлас болып жол жүру жанның рахаты екенін білсемші. Алматыдан шыққаннан-ақ Ыстықкөлге жеткенше ағыл-тегіл әңгіменің майдақоңыр самалымен желпіген де отырған. Ырғала жөңкіген автобустағы отыз адамды ұйытып, баурап алды. Үш мың жылдық баба тарихтан бастап байыптайды. Жұмсақ әлдилеген барқыт үнінің әуезі қандай, әуені қандай!
Қазіргі еларалық мәселелерде экономика мен саясат алға шығады. «Олай болмасын», деуге әддіңіз де жоқ. Бірақ адамзатта мәдениет деген ұлы ұғым бар. Мәдениет бөлінбейді. Мысалы, мемлекеттер өз шекараларын белгілеп, бекітеді. Экономикаңыздың құлағынан ұстаған иесі бар. Саясаттың мүдделі тарабы ше?.. Ал енді мәдениетке шекара қоюға, ортасынан бөліп, тасқорған орнатуға болмайды. Қоя алмайсыз, орната алмайсыз. Міне, бауырлас халықтардың, туысқан елдердің мәдени байланыстары мен бірлік-берекесін жаңғыртуды көздеген Мұрат Әуезов бастамашы модераторы болып отырған біздің Жібек жолындағы сұхбаттарымыздың мәнзел-мәнісі осындай екен.
Жібек жолы ең әуелі тарих қой. Тарихтың терең қойнауына бойлау үшін жол-жөнекей Жамбыл ауданы, Мәтібұлақ ауылы жанындағы ашық аспан астындағы мұражай-қорық Таңбалыға атбасын бұрдық. Мұнда тас бетіне бедерленіп таңбаланған 3 мыңнан аса суреттердің ең ежелгісі біздің дәуірімізге дейінгі XIV-XIIІ-ші ғасырларға жатады. Демек, бұл шатқалдан 3300-3400 жылдық тарих сыр шертеді. Адамның табаны. Шоқпар ұстаған адам. Садақпен аң аулаған адам. Аңдар. Күнбасты адам. Әдет-ғұрып рәсімдері. Қазірде Таңбалы шатқалы жалпыадамзаттық мәдениет өркениетінің ең елеулі ескерткіштерінің бірі болып табылатындығына ешкім күмән келтірмейді. Мұндағы суреттердің мифологиялық мазмұны, философиялық пайымы, әсемдігі мен еркіндігі керемет. Ғасырлар бойы осыны жасаған Орталық Азия халықтарының ортақ бабалары неткен дарын иелері болған десеңізші! Осынау ғасырлар түкпірінен үн қатқан ғажайып жәдігерлерді терең білікті мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің заманалар желісін үзбеген уақыт шыңырауы деп атағаны өте орынды-ақ. Иә, Таңбалыдағы тас бедерлері күллі адамзатқа тиесілі, барша халықтарымызға ортақ асыл мұра. Олай болса, бейнелеп айтқанда, Жібек жолының Ыстықкөл керуен сарайында өтер халықтар сұхбатына бара жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері – еврейлер, корейлер, ұйғыр, түркімен, орыс, сонымен бірге, әрине, қазақтардың осы қасиетті жерде киеге жанасқандай, жүректерін бірдей лүпілдетіп, бірге толғанып, тебіреніп тұрғандығы қандай жарасымды еді деп ойлағанбыз іштей. Иә, біздің баба тарихымызда біріктіруші, бірлестіруші, бауырластырушы қасиет бар. Осындай бауырластықты, тағдырластық пен тамырластықты алға тарта отырып, осы жолы Жібек жолының кезекті сұхбаты қазақ-қырғыз тақырыбын таңдауы өте орынды болғандай. Тағы да Мұрат Мұхтарұлына жүгінсек, біздің бауырларымыз қырғыздар алмағайып екі төңкерісті бастан кешірді, алда президент сайлауы келе жатыр. Өтпелі кезең қиындығына сыр бермей шыдаған қайсар қырғызстандықтар, сөйтіп, тағы да жолайырықта тұр. Олар ұлы таңдаудың алдында тұр, болашаққа жол іздеу үстінде. Бұл дегеніңіз, өте қиын ізденістер. Осындай толғақты шақта не болсаң о бол деп бауыр халықты оқшаулап, жалғыз қалдыру үлкен әділетсіздік болар еді, обал болар еді. Әсілі, Қазақстан өтпелі кезеңнің өн бойында қырғыз халқы орайында өзінің туысқандық парызынан жаңылған емес. Сөз ретіне қарай айтсақ, бұған өткен жылғы Парламент сайлауының алдында ЕҚЫҰ-ға төрағалық аясында Қазақ елі Президентінің арнайы уәкілі Жәнібек Кәрібжановпен Бішкекке бірге барған сапарда да көз жеткізген болатынбыз.
Ыстықкөлдің қарасы көрінгенде жол бойы желісін үзбеген қазақ-қырғыз бауырластығы туралы толқын атқан, толқып аққан әңгімені бір қорытып тұжырғандай «Қырғызстан-Астана» этномәдени орталығының төрағасы Шафкат Исмаилов: «Қазақ дегеніміз – далалық қырғыздар, қырғыз дегеніміз – таулық қазақтар» деп айтқан әдемі тәмсіл баршамыздың көкейімізге қона кеткен. Қалай десек те, тауып айтылған осы сөздер Ыстықкөл семинарында жалғасқан ой-пікірлердің алтын арқауына айналғандай еді.
Шынымен де, шын ықыластан шыққан ыстық лебіздер, жүрекжарды сөздер қайта жаңғыртуға тұрарлық. Әсіресе, қырғыз топырағында қай әңгіме болса да «Манаспен» басталып, Айтматовпен әдіптеледі емес пе. Мың жылдан астам уақыт жырланып келе жатқан әлемдегі нөмір бірінші мәңгілік эпостық жырда қазақ ертегісінің кейіпкері Ер Төстік пен оның тұлпары Шалқұйрықтың, Манастың жақын досы қатарында қазақ батыры Ер Көкшенің жүруі туыстық тамырының қаншалық тереңдігін аңғартар болар. Ал енді сол «Манас» жырын алғаш жазып алып, еуропалық һәм жалпыадамзаттық өркениеттің алтын төріне енгізген қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов екендігін қырғыз бауырлар үнемі қастерлеп, есте тұтатындығын осы жолы да танытпай қалған жоқ. Қырғызстанның қоғам қайраткері Осмонакун Ибраимовтың айтуына жүгінсек, күллі қырғыз халқының қасиеті мен тарихын бойына жиған «Манасты» дала «Илиадасы» деп Шоқаннан артық бағалай алған да ешкім жоқ екен. Қазақтың Әуезовінің қырғызға деген көңілі мүлдем бөлек, Мұхаңның: «Ыстықкөлге соншалықты ынтызармын. Қайта тусам тағы да Ыстықкөлді таңдар едім» деп тебіренуі де тегін емес-ау. Әуезовтің қызыл саясаттың қызылкөзденіп қызған шағында қаймықпай «Манасты» қорғап шығуы ерлікпен барабар-тын. «Абай жолында» Зере, Ұлжан аналардан кейінгі мінсіз ұнамды кейіпкер де қырғыз Ызғұтты екен-ау. «Қилы заманында» қырғыз да, өзбек те бар. Иә, мұның сыртында Ахмет Байтұрсыновтан тәлім алған Әуезовтің Алаш арыстарына тән түркішілдігі жатқаны да анық. Сол «Қилы заманда»: «Қырғыз бір істі бастаса жеріне жетпей тоқтамайды» деген сөз барын Мұрат Мұхтарұлы еске салып өтті. Бауырлас халықтың осы бірбеткей де батыр, намысшыл да қайсар мінезі түбі қайырлы боларына лайым сеніммен қараймыз.
М.Әуезовтің қырғыз әдебиетінің алыптары Аалы Тоқомбаев, Түгелбай Сыдықбековтермен риясыз достығы, бір кездері жас талап, хас талант Шыңғыс Айтматовты Одақтың ұлы бәйгесіне қосып үкілеуі де қос халық бауырластығының тағылымды жарқын беттеріне айналғалы қашан. Одан соң Шықаңның ұлы ұстазының қырық жылдан астам жабық жатқан «Қилы заманын» «Новый мирде» күтпеген жерден жаңа тынысын ашып, өз алғысөзімен әдеби екінші өмірінің аламанына қайта қосқаны, шетке шыққанда алып жүрер қастерлі қос қымбатым – «Манас» пен «Абай жолы» деп жалпақ жаһанға жар салуы қазақ жадынан қалай ұмытылар? Тағы да заңғар қаламгердің жалпы қазақ әдебиетімен, Зейнолла Қабдолов, Қалтай Мұхамеджановтармен шығармашылық, һәм адами достығы еске түседі. Осында қырғыздың зиялы азаматтары Айтматов жүрегінің жартысымен өмір бойы Қазақстанда болды десе, ал Әуезовті бүкіл қырғыз халқы жан-жүрегімен сүйетінін айтса, ол да қалтқысыз шындық. Бір кездегі Жамбыл мен Кененнің ішек-қарыны араласқан туыстығы қандай еді қырғыздармен. Қырғыздың кино өнерінің саңлақтары Болот Шәмшиев, Төлеміш Өкеев, Сүйменқұл Чоқморовтардың қазақ мәдениетіне сіңірген еңбегін қалай айтпай тұра алмақпыз? Айта берсе, мысал көп. Бірақ қазірде соның барлығы жойылып бара жатқаны, әдебиет пен өнер саласындағы байланыстардың үзіліп бара жатқаны үлкен өкініш. Мұның өзі, Мұрат Әуезов айтса айтқандай, есі бар азаматтарды ойлануға мәжбүрлейді. Осы арада шылбырын сүйреткен, ұзын арқан, кең тұсаумен тасада тұрған геосаяси жағдайды да ескермеске әсте болмайды.
Міне, осы тұрғыдан келгенде, семинар барысында біріншіден, Орталық Азия өңіріндегі геосаяси жағдайды топшылап түсінуге талпыныс жасалды. Екіншіден, өңірдегі жас тәуелсіз мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас жайы қалай? Қайшылықтары неде? Қандай түйткілдері бар? Бір-біріне деген өкпе-наз, реніштері қандай? Соның әуелі басын ашып, сосын жаймашуақтау үшін не істемек керек? Үшіншіден, ортақ мұра, мәдени мұрағаттар. Әр елде тарихтың ұлттық нұсқалары жасалуда. Әркім өз тарихын өзіне қарай икемдеп жазуда. Сөйтіп, тарихтардың оқулықтар бетіндегі соғысы басталып кетті десе де болғандай. Оның ар жағында қолға қару алып, қан төгіп, соғысу ғана қалмақ. Олай болса, Орталық Азияның біртұтас тарихын немесе оның мәдениетінің тарихын барынша әділ де ақиқат түрде жаңғыртып жазып шығуға болмас па екен? Қос тараптан да сөйлеушілер осы жайларға баса көңіл бөлді.
Қырғызстан халқы Ассамблеясы кеңесінің төрағасы, академик Бектемір Мурзубраимов, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының инспекторы, ғылым докторы Наталья Калашникова, Қырғызстан Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Шухрат Сабиров Орталық Азия бірлігінің қажеттігіне айрықша ден қойды. Осыдан үш ай шамасы бұрын Қазақстан халқы мен Қырғызстан халқы Ассамблеялары ынтымақтасып жұмыс істеу туралы келісімге қол қойған екен. Сөйтіп, қазірде Ассамблеялар арасындағы бірлескен іс-қимыл өрісі кеңейіп келеді. Әлбетте, туысқан екі халық арасындағы әлеуметтік, мәдени, ғылым мен білім салаларындағы өзара байланыстарды одан әрі дамытудың маңыздылығына ешкім күмән келтірмек емес. Осы ретте Орталық Азиядағы азаматтық және ұлтаралық төзімділік, сабырлылық, тұрақтылық, ынтымақ пен достық жөнінде осы жазда Бішкек пен Алматыда басталған келелі әңгіме одан әрі жалғасын табуы керек. Қырғыздар ертеде «Ыйық көл», яғни әулие көл, қасиетті, киелі көл деп атаған, құзар таулар қоршаған жағасында табиғаттың төрт мезгілі қатар өмір кешетін Ыстықкөл осындай үнқатысулардың алаңы, Жібек жолындағы сұхбаттардың заманауи керуен сарайы бола алады деп тұжырымдалды.
Қазіргі жаһандану кезеңінде туыс халықтар арасында да көп түйткілдер туындап жатқанын жасырып жабудың қажеті қанша? Орталық Азия халықтарына бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара ақылдасып, келісіп, ағайындықты жоғалтпай, ортақ мәмілемен, береке-бірлікпен, ынтымақпен бірлесе өмір кешу нақ осы кезде керек. Ендеше, «Түркістан», «Тұран» деп аталған ортақ атауымызды бір ауық жадымызға оралтып отыру артықтық етпейді. Осы тұрғыдан келгенде, әсіресе, Қазақстан мен Қырғызстанның ортақ ерекшеліктері, ұқсастықтары жетіп артылатын көрінеді. Ондай ұқсастық баршамыздан табылады. Олай болса, орталықазиялық ортақ рух пен тұтастыққа жол ашу, бәзбіреулер ойлайтындай, тым қиын да болмас. Осы орайда Шухрат Сабировтың Қазақстан халқы ұлттық бірлігінің доктринасы өзіне қатты ұнағанын айтуы тегін емес. Себебі, қазақ елінен басқа ұлт өкілдері де өз бақытын табады. Қырғыз елінде де солай.
Енді бір сәт модератор Мұрат Әуезов конференциядағы пікірталастың шарықтау шағы келгенін мәлімдеп, екі жақтан сайыскер шешендерді ортаға шақырды. Сөзсайысқа қырғыз тарабынан халықаралық Кемал Ататүрік қорының президенті Осмонакун Ибраимов, Ыстықкөл қорының президенті Тұрсенбек Чынгышев, Бішкек мемлекеттік университетінің профессоры Ишенбай Абдразақов, қазақ тарабынан белгілі саясаттанушылар Нұрлан Ерімбетов пен Айдос Сарым және М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Әлімжан Хамраевтар биік өре мен белсенділік, айтыста әділдік пен ақиқатшылдық танытып, көптің көкейінен шыққан ой-пайым мен зерделі пікірлерін ұштастыра, аса бір салиқалылықпен сабақтағанын айта кеткен абзал.
Қырғыз жағының тап осы жолғы сайысқа қатысқан азаматтары интеллектуалдық деңгейінің биіктігімен тәнті еткендей. Сөйлеген адамдардың үшеуі де биік қызметтерде болған. Біреуі премьер-министр, екіншісі мемлекеттік хатшы, тағы бірі Жапонияда елшілік қызмет атқарған. Біздің жігіттер де осал емес. Ешкім де қыңыр тартып бұра сөйлемей, жөнсіз айтысқа жол бермей, қайта үлкен мәселеде екі жақ та ірілік пен бірлікті паш етті, бір-бірінің пікірін қостап, толықтырып, соншалық жарасымдылықпен үйлестіре өрбітіп отырды. Жиналғандар тілектес, ниеттес болып шығып, жалпы ойлары бір арнада тоғысты. Осы арада орталықазиялық өзіндік даралану дегенде қате түсініп қалғаннан сақтасын. Қазақ қазақтығын, қырғыз қырғыздығын, әрбір ұлт елдігін, мемлекеттігін, дербес тәуелсіздігін сақтай бермек. Тек біз әрқайсымыз қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түркімен болып қана қоймай, соған қоса Орталық Азия халықтарымыз, Орталық Азия азаматтарымыз деген ортақ мақтаныш сезіміне де бөлене білсек, сол биік кеуделі қасиетті тұраншылдықтың, түркішілдіктің жалғасындай желбіреген Туымыз етіп көтере білсек, ең ғанибеті де сол болар еді. Бүтін орталықазиялық бірегей тұтастық, Жібек жолының дәстүрлеріне адалдық біздің мерей-мәртебемізді, күш-қуатымызды, береке-бірлігімізді арттыра түспек.
Солай етсек біз аз деп саналмаймыз, осыдан бір ғасыр шамасы бұрын Ахаң абыз айтқандай, алһамдилля, түркі тектестерді, орталықазиялықтарды бәрін қосқанда 60 миллиондай боламыз. Осы 60 миллион бауырластың қуаты – ынтымақ пен бірлікте. Пікірталас сайыскерлері мәселені, міне, осы тұрғыдан қарастырды.
Пікірсайысты бастаған Нұрлан Ерімбетов: «Қанға сіңген достығымызды, тарихи ортақ ділімізді өз мүддесіне басқалар пайдаланып кетіп жатыр. Шын мәнінде Америкаға да, Еуропаға да біз керек емеспіз. Бізді өзімізден басқа ешкім құтқармайды», деп қызуқандылықпен алаңдай сөйлесе, Осмонакун Ибраимов: «Бізге өзара интеграция туралы бар дауыспен айтатын уақыт жетті. Ұлы мәдениет жасаған Самарқанд, Бұхара, Ташкент, Алматы, Астана сияқты ұлы қалалары бар Орталық Азия ендігі жерде бір-бірімен ұтымды, риясыз да ашық қатынас жасамайынша дами алмайды. Осыны, шын мәнінде бір халық екенімізді түсінейік те, сөз емес, іс жүзінде интеграцияланған Одақ болуымыз үшін сөзден іске көшейік» деп тұжырды. Айдос Сарым ешкім еншілеспейтін басты игілігіміз Тәуелсіздігіміз екенін айта келе, сонымен бірге ортақ тамыр, ортақ тарихымыздан, ұқсас даралығымыздан, ділдегі ортақ қасиеттерімізден қол үзбеу қажеттігін ескертті. Жаһандануды үзеңгі мен ер-тұрманды ойлап тауып, арғымақпен алты айшылық жолды алған біздің бабалар бастаған. Енді келіп Жүсіп Баласағұнды өзбек, ұйғыр, қазақ, қырғыз жеке-жеке бөліп алмай, ғұламаны ЮНЕСКО-да ортақ түркілік деп қорғағанымыз дұрыс емес пе. Осындай арман бар жерде іс-қимыл да пайда болады. Ендеше, ешқайсымыздың да бірігуден басқа амал-әддіміз жоқ. Ал, ол үшін саяси ой-пайым мен парасат керек деген Айдос ініміздің осы арада Юрий Буноковтың: «КСРО түріндегі Ресей империясын қайта құру керек болар» дегеніне мақтамен бауыздағандай тойтарыс бергеніне қырғызшалап айтқанда мен де «әбден разы болдым». Егемен Қырғызстанның тұңғыш премьер-министрі болған Турсенбек Чынгышев Орталық Азия елдері бірікпейінше, бірлікті болмайынша Америка мен Батыстың қой терісін жамылған қорқау экспансиясынан құтылмайтынын, колония болып қала беретінін қадап айтты. Біздің Әлімжан Хамраев өз сөзін түркі халықтарының рухани тұрғыдан бірігуіне арнады. «Менің бойымда ұлттық шекара жоқ. Олонхо, Қорқыт Ата, Манас, Оғызнама, Алпамыс жырлары барлық түркі халықтарының мектептерінде оқытылуы керек» дей келе, ол Қазақстанда «Бабалар сөзінің» 100 томдығы шығуын үлгі ретінде ұсынды. «Манастың» 1000 жылдығын неге қырғыздар ғана атап өтуі керек? деген сұрақты да төтесінен қойды. Түркі халықтарының тым құрыса ХҮІ ғасырға дейінгі мәдени тарихын ортақтастыру жөніндегі Әлімжанның пікірі ойланарлық. Ал, Ишенбай Абдразақов: «Тарихтан сабақ алмасақ, ол бізді жазалайды. Біз мәдени синтездердің мұрагерлеріміз. Сол мұраны жоғалтпайық. Кітап алмасу, әдеби-мәдени байланыстар жойылғанына неге төзіп отырмыз?» деп назаланды. Солай дей келе, ол Жібек жолының келесі сұхбатына көршілерді де шақыру идеясы өзіне ұнап тұрғанын жасырмады.
Ыстықкөлдегі ыстық ықыласты үн қатысу, өзара түсіністік Шолпанатадағы Мұхтар Әуезовтің мұражай-кітапханасында одан әрі жалғасты. Маусым айында мұнда Президент Роза Отунбаева атбасын бұрған екен. Елу жылда Қырғыз елі басшысының бірінші рет ұлы жазушы жайына бас сұғуын жақсы ырымға баладық. Себебі, Ишенбай аға айтқандай, Әуезов сияқты ұлылар бір халықтың ғана маңдайына сыймайды, олар бүкіл адамзаттың мақтанышы. Олар халықтарды біріктіреді. Біз осындағы аулаға ұлы Мұхаң өзінің тоғыз баласына балап өз қолымен еккен, жарқырай бойлап өскен сымбатты, тоғыз қайыңға қарап, ойға шомдық.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы-Ыстықкөл-Алматы.