Газетіміздің биылғы көктем айларындағы нөмірлерінің бірінде әріптесіміз Сейфолла Шайынғазының «Жауапты шақтың жүгі ауыр немесе біз тәуелсіздікті қалай түсінеміз?» атты толғаныстарға толы материалы жарияланды. Онда автор тәуелсіздік халық алдында, тарих алдында ұятқа қалмау жауапкершілігін жүктейтіні, алайда бүгінгі күні қолдарында азды-көпті билігі мен байлығы барлар осы жауапкершілікті жете сезіне бермейтіні жөнінде ой-түйіндер жасаған болатын.
Сондықтан да оның бүгінгі басшы беделіне қатысты тұжырымдарын құптай отырып, осы мәселе жөнінде көкейде жүрген кейбір ойларымызды қоса айтқанды жөн көрдік. Иә, әріптес атап көрсеткендей, қазір пайдасы мен жақсылығы өздерінің қара бастарынан артылмайтын лауазым иелерінің көбейіп бара жатқаны жасырын емес. Солай бола тұра өздерін ел мен халықтың қамын жеп жүрген кейіпте көрсетуге ұмтылатындарын қайтерсің. Бұл олардың моральдық-адамгершілік бейнелерін төмендетпесе өсірмейтіні белгілі. Мұндай топтағы жергілікті шенеуніктердің көпшілігі бірінші кезекте бар ой-мақсаты мен күш-жігерін өзінен жоғары тұрған лауазым иесінің көңілінен шығуға жұмсауға тырысатынын да көріп жүрміз. Бұл елдік, мемлекетшілдік мінезбен мүлдем қабыспайтыны тағы да шындық.
Бұлардың халық алдындағы беделі де, салмағы да жоқ. Мүмкін олар өздерін тағайындаған, бекіткен, өздерінен жоғары тұрған басшының тілін тауып та жүрген шығар. Бірақ бұдан қоғамдық орта мен қарапайым тұрғындарға келетін ешқандай пайда болмаса, олардың мұндай жағымпаздық іс-әрекетінен не үміт, не қайыр. Ең бастысы, олар өздерінің алдына барған адамдардың мұң-мұқтаждарын, ең қарапайым деген талап-тілектерін орындауға дәрменсіз. Не бұған мүлдем құлқы бола бермейді. Мұндай сырдаң басшылар жөнінде халық бары не, оның жоғы не, бәрібір ештеңе шешпейді, отыр ғой, әйтеуір деген ойда.
Басшы беделі мен жауапкершілігі жөнінде әңгіме қозғаған кезде айналып өтуге болмайтын тағы бір мәселе бар. Бұл олардың ой-өрістері мен кәсіби деңгейлерінің бүгінгі уақыт пен кезең талабына сәйкес келе алмай жатқанынан туындайды. Осының алдындағы жылдарда республиканың кейбір өңірлерінде тұтас бір рухани саланы, ішкі саясат бөлімдерін, өнер мен мәдениет ошақтарын мал мамандары, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері басқаратын тәжірибе пайда болды. Әрине, мұны айтқанда мұндай мамандық иелері тікелей адамдармен жұмыс істейтін, жоғары саяси сауаттылық сынға түсетін орындарға келмесін дегенді меңзеп отырғанымыз жоқ. Керісінше, қоғамдық қарым-қатынастарда аталмыш салаға өзге мамандықтар арқылы келіп, өзіне мүлдем бейтаныс істі ойдағыдай басқарып кеткен іскер жетекшілер жиі кездеседі. Әрі бұған мысалдар да аз емес. Дегенмен, о бастағы мал маманы, агроном немесе дене шынықтыру пәнінің мұғалімі деңгейінен аса алмай қалған, өзінің ой-өрісін дамытуға, интеллектуалдық деңгейін өсіруге жеткілікті түрде көңіл бөлмеген бастықсымақтар да жетерлік. Тәуелсіздік пен қоғамдық-саяси даму көшіне өздерінің қара бастарын әзірлей алмаған мұндай өресі тайыз жетекшілерге аталған сипаттағы өте жауапты ведомстволарды басқаруды жүктеу басшы кадрларды сұрыптау ісіндегі теріс қадам болмасына кім кепіл?!
Өмірдің өзі көрсеткендей, олар халықпен бетпе-бет келуден, қажетті жағдайда өзара үнқатысудан бой тасалап жүреді. Қызмет бабында ел алдында сөйлеуге тура келген сәтте көбіне алдын-ала жазбаша әзірленген мәтінді оқып берумен шектеледі. Әрине, ешкім де басшы болып тумайды. Басшы болып қалыптасады. Басты мәселе осы қалыптасу үдерісінің тым ұзаққа созылуында. Осы үдеріске мемлекеттік қызметтегі бірқатар лауазым иелерінің өздерін-өздері әзірлей алмауында.
Бүгінде акциялар пакеті мемлекеттікі болып табылатын АҚ, ЖШС құрылымдарын өзінің жеке бас пайдасының ұпайын түгендеуге пайдаланып қалғысы келетіндер де жоқ емес. Бұл тағы да мемлекетшілдік мінездің жеткіліксіздігінен туындайды. Мұндай топтағылардың басты мұраты – қайткенде де пайда табудың ебін келтіріп, екі асаудың көздерін іздестіру. Осы мақсаттарын қайткенде де заңға қайшы келе қоймайтын ұрымтал тұстарға сәйкестендіру. Сол үшін жанталасу. Осы арқылы өзіне зәулім сарай соғып, ең қымбат деген шетелдік автокөліктерді тақымдарына басу. Жұпыны өмір сүру дағдысы олардың ұғымына жат. Осы орайда олардың ішкі психологиялық көңіл-күйі мен жүректерінің түбіндегі ойларынан хабар беретін бір мысалды оқырмандарға айта кеткіміз келеді.
Өткен айлардың бірінде Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы, «Парасат» орденінің иегері Мәлік Құлшар жергілікті баспасөз беттерінде өзінің өткен жылғы табыс декларациясын жариялады. Сонда оқып білгеніміз, оның өткен жылғы табысының жалпы мөлшері 3 миллион теңгенің о жақ бұ жағында екені. Орал қаласында жекешелендірілген үш бөлмелі пәтері бар. Басқа жылжитын дүние-мүлкі мен табысы жоқ. Сонан соң біз оған хабарласып дүние-байлық қууды мұрат тұтпаған сайланбалы орган басшысына ризашылығымызды білдіргенбіз. Өз кезегінде ол да осыған байланысты туындаған телефондар мен қоңыраулар төркіні жөнінде айтып өтті. Сондағы олардың естігені «Өзіңіздің ештеңеңіз жоқ екенін баспасөз бетінде айтудан, кедейшілігіңізді көрсетуден ұялмайсыз ба, сол да мақтаныш болып па?» деген сияқты сөздер екен. Мәкең болса: «Неге ұяламын, сендердің хан сарайындай қос-қос коттедждерің мен бағасы удай жеке меншік шетелдік автокөліктерің айлық жалақыларыңа алынбаған шығар, сол үшін мен емес, сіздер ұялуларыңыз керек еді ғой», деп жауап қайтарыпты.
Міне, Мәлік Иманқұлұлы тарапынан байлық пен билік қуған лауазым иелеріне осындай қисынды жауап қайтарылған. Әрине, бұл жерде журналистік этикаға сәл қиғаштау келетін жәйт үшін ол кісіден кешірім өтінген болар едік. Өйткені, мәслихат хатшысы бізге бұл жәйтті баспасөзге шығару үшін айтқан жоқ еді. Әрі біз осы арқылы сайланбалы орган басшысы мен оған қоңырау шалғандарды бір-біріне қарсы қою ниетінен де аулақпыз.
Кешегі коммунистік партияның саясаты қара табан кедейшілікті насихаттады. Өмірбаяндық парақшаға социалистік құрылыстың алғашқы жылдарында кедей шаруа мен жалшының отбасында туып- өстім деп жазу мақтаныш болатын. Бүгінгі қазақстандық қоғамның мұраты мұндай көзқараспен сыйыспайды. Бүгінгі басты мақсат, тәуелсіздік мақсаты барша қазақстандықтардың әл-ауқаты мен тұрмыстық деңгейін көтеру болып отыр. Осынау әлеуметтік ілгерілеу ақ-адал еңбекпен, маңдай термен әр адамның жеке қарым-қабілетін дамыта алуы арқылы келгеніне не жетсін.
Халықтан биік ешкім жоқ. Халыққа қызмет жасау, түптеп келгенде, мемлекетке қызмет жасау болып табылады. Сондықтан ел мүддесінің жеке бас мүддесімен тепе-тең тұрғанына не жетсін. Тәуелсіздіктен туындайтын басшы жауапкершілігінің басты мәнісі де осында болса керек.
Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.