20 Қыркүйек, 2011

Аяқ киім сәнді ғана емес, зиянсыз да болуы тиіс

3060 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Қытай аяқ киімдері денсаулыққа зиян дейді. Онда адам ағзасына қатерлі улы химиялық қоспалар бар көрінеді. Кейбір киімдердегі өткір иіс сол тауардағы улы заттардың өте көп мөлшерде екендігін айғақтайды. Мамандар сапасыз киім-кешек, аяқ киімнің салдарынан адам 12 түрлі кеселге душар болуы мүмкін екендігін айтады. Жасанды теріден тігілген аяқ киім буын, аллергиялық ауруларға шалдық­тырумен қатар, қатерлі ісік ау­ру­ларының асқынуына да себеп. Сарап­шы­лардың зерттеу қорытындысы осыны дәлелдеп отыр. Еліміздегі бүлдіршіндердің 75 пайызы жалпақ табан дертіне шал­ды­ғыпты. Әскери борышын өтеуге жарамсыз жастардың басым бөлігі де майтабан ауруымен ауырады. Бұған аяқ киімдердің анатомиялық пара­метр­лері сәйкес келмеуі себеп.   Баға Сапалы аяқ киім таза былғарыдан жаса­луы керек. Талапқа сай болғандықтан да олардың бағасын кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Ең сапалы өнім сана­ла­тын, нағыз италиялық сапа – «Baldinini», «Nando Muzi», «Loriblu», «Marino Fabiani» кәсіп­ор­ындарының аяқ киімдерін ауқатты­лар ғана алмаса, жалпы жұртқа қолжетімді баға емес. Италияда жасалған киімдерді қа­тар­дағы қызметкер 4-5 жалақысын жинаса әзер алады. Орта дәулеттілердің бәрі бірдей 1 мың АҚШ долларына бағаланатын аяқ киімдерді ала бермейді. 40-70 мың теңге тұра­тын етіктерді қанағат тұтады. Әрине, 20-30 мың теңгеге аяқ киім сатып алғандарына мәз болатындар да бар. Денсаулықты күту үшін қам жасауға осылайша әлеуметтік жағдай қолбайлау болады. Сосын халықтың басым бөлігі, амал жоқ, мүмкіндігіне қарай базар­лар­дағы 300-500 теңгенің сүйретпеле­рін, 1500-4000 теңгенің жазғы аяқ киімдерін, 5-15 мыңға бағаланған етіктерді алуға мәж­бүр. Көпшілік бір маусымда алмас­ты­рып кию­ге қос-қостап аяқ киім алмайтыны рас. Сол бір киім жұмысқа да, қонаққа да, базарға да, басқаға да киіледі. Әрине, онсыз да сапасыз аяқ киімдер мұндай «тірлікке» шыдас бермейді. Бір маусым түгілі, бір айға жетпей киюге жарамсыз болып жатады. Тым сапасыз аяқ киімдерді жөндеуге етікшілер де ықы­лас­ты емес. Себебі, екі күннен соң-ақ киюге келмей қалатынын біледі. Ілекерге келтіріп, әйтеуір жөндей салуға клиент жоғалтып алудан қорқады. Тағы бір айта кетер жәйт, жөн­деу құны сол аяқ киімнің жарты бағасы тұра­ды. Ескіні жөндеткенше, тағы біреуін сатып алғанды жөн санап, базарға тартамыз…   Өндіріс Егер отандық аяқ киім өндірісін дамы­туға күш салынса, онда, ең алдымен, ел тұр­ғындарының денсаулығын сақтап қалуға айтарлықтай ықпал етер еді. Аты жеңіл болғанмен, өндірістің бұл түрінің жағдайы мәз емес. Кезінде дүрілдеп тұрған аяқ киім шығаратын «Жетісу», киім тігетін «1 май» фабрикалары (Алматы) жоқ. Шымкенттегі «Восход», Ақтөбенің, Қызылорданың аяқ киім фабрикалары да әлдеқашан жабылған. Қазір елімізде тері өңдеу саласында 32 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 5-еуі ғана аяқ киім өндірісінде екен. Олардың өнім­де­рі еркін саудаға шығарыла бермейді. Негізінен, арнайы тапсырыстармен ғана жұмыс істейді. Яғни, олар қорғаныс саласының қыз­меткерлері, әскерилер және басқа да күш құрылымдарындағы мамандарға арнап аяқ киім тігеді. Жалпы, аяқ киім рыногын­дағы біздің өнімдердің үлесі ─ 3,5 пайыз. Отандық тауарлар өндірісін жандандыру қажет. Мамандардың айтуынша, жеңіл өнер­­­кәсіптің бағын ашу үш мәселеге бай­ла­нысты: баға, салық, кеден қызметі. Тері бояй­тын бояулардан бастап, аяқ киімді жөн­дейтін материалдарға дейін шетелден та­сымалданады. 2001 жылы қосылған құнға са­лынатын салыққа нөлдік ставка тағайы­н­далғаннан кейін аяқ киім өндірісі күрт өскені соншалық, жеңіл өнеркәсіпті өркен­де­туде әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің қатарында тұрған Қытайдың өзі біздің жеңіл өнеркәсіптің болашағы зор екендігін мойындап қалған еді. Дегенмен, 2002 жылы жеңілдік алынып тасталғаннан соң, аталған сала бәз-баяғы қалпына келді. Отандық кә­сіпкерлер жеңіл өнеркәсіппен айналысқан­нан гөрі шикізат өндіруді тиімді санауына салықтың артуы себеп болып отыр. Мәліметтерге сүйенсек, Қытайдың әлем­дік аяқ киім шығару саласындағы үлесі 60 пайызға дейін жеткен. Дүние жүзінде шы­ғарылатын 10 миллиард жұп аяқ киімнің 6 миллиардын Қытай өндіреді екен. Ал қазақ­стандықтар тұтынатын киімдердің 45-48 пайызы, аяқ киімдердің 75 пайызы Қытай тауарлары. Аяқ киімдердің 10 пайызын – Ресей, 14 пайызын – Түркия, Италия, Германия, Нидерланды және басқа елдер импорт­тайды екен.   Денсаулық Гүлнар СИДАШЕВА, терапевт-дәрігер: – Сапасыз аяқ киім денсаулыққа зиян. Себебі, анатомиялық параметрі сәйкес келмейді. Мысалы, кейбір аяқ киімнің таба­нында шұңқыр балады. Ол шұңқыр қатты ұлтарақпен жабылуы тиіс. Ал сапасыз аяқ киімдердегі ұлтарақ өте жұмсақ. Сондықтан баланың өкшесі төмен қарай түсіп кетеді. Мұның кесірінен майтабан, буын аурулары пайда болады. Жалпақтабан болғанда аяққа көп күш түседі. Науқас тез шаршайды. Жасанды теріден тігілген аяқ киім ве­нерологиялық аурулар жұқтырумен қатар, сыз өткізіп, аяққа суық тигізеді. Білуімше, аяқ киім әдемі көрінуі үшін тігушілер терінің астына паралон салады екен. Бұл материал ауа өткізбейтін болғандықтан, аяқ терлейді. Аяқ киімдердің табаны резеңкеден жасала­ты­ны белгілі. Салқын ауа, тер, ре­зең­кенің сал­дарынан адам ауруға шалдығады. Сапа­сыз аяқ киімнің кесірінен адамның жұмысқа қабілеті, өмір сүру белсенділігі төмендейді. Сарапшылар қытай тауарларының кө­бін­­де формальдегид қоспасы бар екенін ан­ықтаған. Ал ол қатерлі ісік ауруын ас­қын­­ды­рады. Аяқ киімде зиянды заттардың бар екенін өткір иіс куәландырады. Неғұрлым иіс жағымсыз болған сайын, химиялық қос­па соғұрлым көп болады. Үйге киетін жеңіл сүйретпелер де ағзаға зиян. Аяқ киімнің бұл түрі жалпақ­табан­дықпен қатар, қатерлі ісік, қан тамырлары мен тері ауруларына шалдықтырады. Жақсы аяқ киім, ең алдымен, табиғи былғарыдан жасалынуы керек. Сонымен қатар, ол аймақтың ауа райы ерекшеліктеріне сай болуы тиіс. Аяқ киім алуға кешкісін немесе түс ауа бармаған жөн. Себебі, бұл мезгілде адамның аяғы ісініп тұрады. Сон­дықтан, байқамай үлкен мөлшерлі аяқ киім алуыңыз мүмкін. Зиянды улы химиялық заттар адам ағ­за­сына тез сіңеді және оны кері қайтару мүм­кін емес. Сондықтан, арзан аяқ киім аламыз деп, ең қымбат байлық – денсаулығымызға зиян келтіріп алмағанымыз жөн.   Тұтынушы Бағила ҚУАТОВА, «Адал» тұтыну­­шы­лар құқығын қорғау қоғамының төрайымы: – Аяқ киім сапасыздығына байланысты шағымданушылар көп. Жақында бір тұты­ну­шы арызданды. Ақтөбе қаласындағы «Ас­­тана» сауда орталығынан 10 мың теңге­ге са­тып алған аяқ киімі ертеңіне-ақ киюге келмей қалыпты. Терісі көтеріліп, жалбы­рап қалған. Тұтынушының ақшасы қайта­ры­лып берілді. Расын айтқанда, осындай жағдайлар бол­ғанда кімге жақтасарымды білмей дал бо­ламын. Саудагерлер киімді фабрикалардан алмайды. Алматының базарынан таси­ды. Күнкөріс үшін сауданы кәсіп еткен олар сапасыз тауарды тұтынушылар қайтарып әкеліп бергенде зар илеп қалады. Әрине, тұтынушыға да оңай емес. Тұтынушы сапасыз тауарды сатушыға қай­тарып беруге құқы бар. Кейбір сауда ор­талықтарындағы бутиктерден: «Сатылған тауар қайтадан алынбайды және ақша қайта­рыл­майды!» деген ескертуді көреміз. Бұл – дұрыс емес. Заң бойынша, дәрі-дәр­мек, арақ-шарап, іш киім, алтын бұйымдар ғана кейін қай­тарылмайды. Алтын бұйым­дарды сынамасы жалған болғанда ғана қай­та тапсыруға бо­лады. Ал қалған тауарлар­дың барлығын 15 күннің ішінде кейін қай­таруға болады. Тұтынушылар тауар сатып алғанда м­ұ­қият болғаны жөн. Оларға айтар кеңесім: тауарды алғанда міндетті түрде түбіртек алу керек. Егер тауарды базарлардан сатып алса, онда базар әкімшілігінен сатып алу актісін алған дұрыс. Сатып алу актісі базарларда болуы тиіс. Мысалы, Ақтөбе қаласын­да­ғы базарлардың әкімшіліктерінде 100 теңге­ден сатылады. Сатып алу актісін сатушыға толтырып беруін талап ету керек. Мұндай жағдайда шағымданушының мәселесін шешу оңайырақ болады. Әйтпесе, дәлелдеу қиын. Сатушы мойындамауы мүмкін. Қазақстанға Қытайдың сапасыз, арзан тауарлары Кеңес Одағы ыдырап, отандық өндіріс аяғынан тұралап қалған кезде келе бастады. Сол зиянды аяқ киімдерді киіп ержеткен жастарымыздың көбі қазір әскер жасында. Өкініштісі, әскери борышын өтей­тін жастарымыздың көпшілігі майтабан ау­руына шалдығып, әскерге жарамсыз болып жатыр. Олардың саны жыл санап артып келеді. Бұл ұлттық қауіпсіздігімізге аса қауіпті.   «Аяғыма кигенім былғары етік...» Айгүл СОЛОВЬЕВА, Мәжіліс депутаты: – Студент кезімде бір аяқ киімді 5 жыл бойы киген едім. Қазір дәл ондай жоғары сапа жоқ. Қанша қымбат аяқ киім алсаң да, 1-2 жылдан артық кие алмайсың. Сапасы жақ­сы дегенмен, моделі өзгереді, жаңа сән шығады. Мүмкіндігі жеткен әрбір қыз-ке­лін­шек, әрине, соңғы үлгіде киінуге тырысады. Италияда жасалған деп алғанмен, сол аяқ киімдердің кейбірінің әшекейі бүлінеді, бірінің тігісі сөгіледі. Бұл, мүмкін, Еуропа елдеріне, сондағы климатқа лайықталып шығарылғандықтан болар. Тағы бір себебі, олардағыдай теп-тегіс көше жолдары біздің елде жоқ. Қалалардағы негізгі көшелер болмаса, лайсаң, ой-шұңқыры көптеу біздің көшелеріміз сапасы мықты аяқ киімнің өзін қоймайды ғой. Аяқ киімнің «ғұмырына» дене салмағы да әсер етеді. – Сіз көбіне аяқ киімдерді қайдан аласыз? – Көбіне Астанадағы үлкен сауда орталықтарындағы Италияда жасалған киімдер сатылатын бутиктерден, Италияның киімдерін сататын дүкендерден аламын. Шетелге шыққанда да ала келемін. Жүруге ыңғайлысымен бірге әдемілігіне қызығып, қатарынан бірнеше жұп аяқ киім сатып алатын да әдетім бар. Өкінішке орай, солардың тең жартысын бір рет те киген жоқпын. Қызығып алғандарымды әрі кетсе, 5-6 рет киемін. – Сонда қанша аяқ киіміңіз бар? – Көбіне кимейтін аяқ киімдерімді тара­тып жіберемін. Қысқы, жазғы киімдерді қосқанда, дәл қазір 40 шақтысы бар. – Бағасын білуге бола ма? – Туфлилердің бағасы — 30-70 мың теңге. Ал қысқы аяқ киімдерімді 70-130 мың теңгеге сатып алдым. – Етікшіге барасыз ба? – Әрине, барамын. Әдетте жүруге өте ыңғайлы аяқ киімдерімді жиі алмастырып киемін. Көбіне олардың тақасы «желініп» қалады... Кім-кім үшін де қажет дүние саналатын аяқ киімге қатысты «сыр­лар», міне, осындай. Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ. Ақтөбе.