20 Қыркүйек, 2011

Іс жанданып, сенім нығаюда

376 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Гүл­ша­ра Әбдіхалықова жұмыс сапарымен Шортанды, Бұлан­ды және Зеренді аудандарында болып, Елбасы Н.На­зар­баев­тың «Бола­шақ­тың іргесін бірге қалаймыз!» атты биылғы Жолдауынан ту­ындайтын міндеттерді орындауға бағыт­тал­ған «Жұмыспен қам­ту-2020» бағдарламасының орындалу барысымен та­нысты. Шортанды ауданындағы ха­лық­ты жұмыспен қамту орта­лы­ғы үстіміздегі жылдың 1 шілдесінде ашылғанына қарамастан, едәуір нәтижелерге қол жеткізгені атап өтілді. Бағдарлама шең­бе­рінде 32 адам кәсіби даярлықтан, 7 кісі қайта даярлықтан өтіп жатса, 4 кісіге жолдама берілген, ал, 5 адам Астанадағы «Тұран Профи» халықаралық кәсіптік акаде­миясында бизнес негіздері кур­сын ойдағыдай бітірді. Олардың барлығы дерлік жаңа кәсіптің нәпақасын теруде. Бұланды ауданындағы Данилов ауылының тұрғыны Бекей Хат­шыбай үш бөлмелі үйді жалға алып, ұлттық киім үлгілері ше­бер­ханасы мен етікхана ашыпты. Туған елге 1993 жылы оралған Бе­кең Моңғолияда танымал қол­өнер шебері атаныпты. Арнайы бизнес курсынан өткен ол әйелі, екі қарындасы және бауыры Қуа­ныш Ниязбекпен бірге ұлттық нақыштағы киімдерді келістіріп тігетіні облысты былай қойып, Астана тұтынушыларына да жақ­сы мәлім. Бағдарламаның екінші бағытына көшкен Бекей Хатшы­бай өз ісін кеңіту ниетінде. Жергілікті дең­гей­де барлық мәселе ше­шілгенімен, белгіленген 3 мил­лион теңге несие оңай­лық­пен қол­ға түсетін түрі жоқ. Ең төмен­гі 100 есептік көрсеткіштегі жар­ғы­лық жар­наны жинағанымен, ауылдық жағ­дайда банктің көңі­лінен шығатындай кепілдік мүлік табылмай тұр. 190 шақырымдағы Новобрат ауылынан әдейі келген шаштараз Надежда Валькер де осы мәселені көтерді. Мәселенің орындылығын атап көрсеткен ми­нистр бұл бағытта тиісті жұ­мыс­тар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бағдарламаның «Еңбек ре­сурс­тары­ның ауқымын арттыру» деп аталатын үшінші бағыты бой­ынша облыстағы 53 отбасы Ақкөл, Атбасар, Бурабай және Зеренді аудандарында төмен ба­ға­мен жалға берілетін пәтер­лер­мен қамта­ма­сыз етіледі. Зерендіге келген министр Г.Әбді­ха­лық­ова осы мақсатта салынған жаңа 10 пәтерлі тұрмысқа қолайлы үйді аралап көрді. Аудан әкімі Ербол Сағ­диев бұл кісілердің бар­лығы жұмысқа орналас­ты­рыл­ғанын және іс жалғасын тау­ып жатқанын айтты. Мәселен, ин­дустриялық-инновациялық бағыттағы Зеренді астық қабыл­дау кәсіпорны мен «Парыз» кон­курсында «Үздік әлеу­меттік кә­сіпорын» атағын жеңіп алған «Рейн» серіктестігі соңғы екі жылда 87 адамды тұрақты жұ­мысқа орна­ластырды. – Жаңа бағдарлама еліміздегі өз кәсібінен игілік күткен 50 мың­ға жуық адамды тұрақты жұ­мыспен қамтуды көздейді, –  деді министр БАҚ өкілдерімен әң­гімеде. – Ақмола облысына рес­пуб­ликалық бюджеттен 1 миллиард 71 миллион теңге бөлініп отыр. Мемлекеттік органдар та­ра­пынан атқарылатын міндет орасан. Бір ғана мысал айтайын. Өңірдегі 150 адамға шағын несие беріледі. Мақсат – қыруар қар­жыны тиімді жұмсап, халықтың сенімін арттыру. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.