21 Қыркүйек, 2011

Халық – сыншы, бірақ әрқашан әділ, – дейді Алматы қаласындағы Бостандық ауданының әкімі Зәуреш АМАНЖОЛОВА

465 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
Елімізде 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясында мемлекеттік басқару органдарының арасындағы әйелдер өкілеттігін 30 пайызға жеткізу міндеті қойылғаны белгілі. 2010 жылы бұл көрсеткіш тек 10 пайызды ғана құраған. Елбасы Н.Назарбаев биылғы жылы өткен Қазақстан әйелдерінің тұңғыш съезінде нәзік жандылардың орталық органдарда да, жергілікті жерлерде де басшылық лауазымдарға өте нашар ұсынылатынын алға тартып: «Бүгінде елімізде бірде-бір әйел облыс әкімі жоқ, 3 аудан әкімі мен 5 облыс әкімінің орынбасарлары ғана әйелдер», дей келе, Үкіметке Президент Әкімшілігімен, Ұлттық комиссиямен, «Нұр Отан» партиясы басшылығымен бірлесіп, әйелдерді шешім қабылдау деңгейіне дейін тарту жөнінен 2016 жылға дейінгі кезеңге арналған нақты іс-қимылдар жоспарын жасауды тапсырған болатын. Міне, сол үш аудан әкімінің бірі – Алматы сияқты ірі мегаполистегі өндіріс, сауда орындары, әлеуметтік нысандары көп орналасқан іргелі Бостандық ауданының тізгінін ұстап отырған Зәуреш АМАНЖОЛОВА. Ол – егемендік алғаннан кейін Алматы қаласында аудан әкімдігіне тағайындалған тұңғыш әйел. Кешегі дәрігер, бүгінде білікті ұйымдастырушы, жігерлі де іскер басшымен сыр-сұхбатымыз әкімдік жұмыстың қыр-сыры, ауданның қол жеткізген жетістіктері мен кемшін тұстары жайлы өрбімек. – Зәуреш Жұманәліқызы, қалалық денсаулық сақтау департаментін бас­қар­ған жылдары жұмысқа білек сы­бана кірісіп, салаға қан жүгірген тұста, күңгейдегі бас шаһардың ең ірі ау­данына әкім болып тағайындалдыңыз. Сол кезде жұртшылық арасында: «Дә­рігер қалай әкім болмақ?» деген сияқты аз-кем әң­гіме өрбіп барып басылған-ды... – Сауалыңның астарын түсіндім. Уақыт зымыран деген, әкім болғаныма да екі жыл­дан асып барады. Шынымды айтсам, қала әкімі Ахметжан Есімов шақы­рып, маған үлкен сенім артып, қаламыз­дағы бетке ұстар ауданның тізгінін ұстат­қанда таңға­лып, қатты сасқаным сонша­лық, қала әкі­міне: «Менен қандай әкім шығар, дәрігер емеспін бе?» деппін. Сонда ол кісі: «Бүгінде Елба­сының әйел адамдарды басшы қыз­метке көтеру керек деген саясаты бар. Неге әкім болмасқа? Сенің қолыңнан іс келеді. Қазақ тілің де, орыс тілің де жоғары дең­гейде. Оның үс­тіне адамның басты байлығы – денсау­лығы үшін күресіп, ден­сау­лық сақ­тау саласын басқардың. Халық­тың мұң-мұқта­жын, жағдайын жақсы біле­сің. Одан кейін дәрігерге тән ерекше бір қасиетің болар, адамдардың көңіл-күйін түсінуге тырыса­тының. Біле-білген әкімге, ең ал­дымен, осындай қасиеттер керек. Одан кейінгі сенетінім – еңбекқорлығың», деді. Осы­­лайша, ойламаған жерден осы қыз­метке келдім. Ұжымға әкеліп таныстырарда көп жылдар осы ауданды басқарған, үлкен азамат Аманкелді Каримуллин ағамыздың адамгершілігіне риза болдым. Көпті көр­ген, өмірдің үлкен мектебінен өткен тәжірибелі адам ғой, сыртқа шығып әкімді күтіп тұрғанбыз. Еңсем түсіңкіреп кетсе керек: «Қарындасым, саған не болған? Өне бойы жарқырап жүретін қызымыз едің ғой. Көтер еңсеңді», дегені. Онысы рас. «Қалай болар екен, жұмысты алып кете алар ма екенмін», деп біраз қобал­жығаным анық-тын. Өйткені, отыз жыл бір салада ғана жұмыс жасадым. Ал аудан басқару оңай шаруа емес. Маған сол мезетте Әбекеңнің сөзі үлкен демеу болды. Ертеңінде кабинетке келіп, есікті жауып алып: «Әкімнің жұмысы қандай? Неден бастасам екен? Қалай болар екен?» деп біраз уақыт ойландым. Әрине, пенде болған соң адам баласы өмірінің бір белесінде бір сәт айналасына көз салып, қол жеткізген жетістіктерін саралап, ой өрі­сінде шо­мылары рас. Осы ретте айтарым, тәуел­сіздік бізге көп мүмкіндік берді. Егемен­діктің арқасында еңсеміз түзеліп, керегеміз кеңейіп, тереземіз өзге елмен теңесті. Менің әкім болып тағайында­луымның өзі тәуелсіздіктің арқасында екені рас. Егемен елдің 20 жылдық тари­хында нәзік жанды әйелдерге көрсетілген құрмет, берілген мүмкіндік кемеңгер Елбасының кемел саясатының жемісі деп білемін. Біраз ойдан соң алдымен ауданды аралап, көзіммен көрейін дедім. Рас, бұрын емдеу мекемелерін білгенмен, қаланың инфра­құрылымына көңіл бөлмеппін. Оның үстіне уақыт та бола бермейтін. Кө­лікте келе жатып көбіне оқитынмын, болмаса жазғаныңды, сөйлейтін сөзіңді пы­сықтап отырғаның. Енді әкім болғанда көлікте келе жатып: «Мынау неге былай тұр? Анау не?» деп басың «360 градусқа» бұрылады. Үлкен аудан. Көшелердің 30 пайызы шаһардың шырайын келтіріп отырған магистральді көшелер. Көптеген ірі шағын аудандар орналасқан. «Орбита», «Алмагүл», «Қазақфильм» шағын ауданда­рын, көше, аула, ойын алаңдарын, жолай балабақша, мектепке кіре кетіп, танысып, қандай проблемалары барын байқадым. Алматы әсем, үлкен қала болғандықтан, бірінші кезектегі мәселе – тазалық. Оны бәріміз бірге күш салып атқару міндетіміз. Бағамдап қарасам, әкімдік қызметке 20 жыл басшылық өтілмен келіппін. Әрине, ол аз уақыт емес. Перзентхананы, үлкен перинаталды орталықты, ірі мегаполистегі денсаулық сақтау саласын басқару өз алдына, мамандығымның өзі бір мезетте бір емес, екі адамның өміріне жауапты болды. Бұл – үлкен сын. Оған қоса оның шаруашылық жағы, экономикалық, қаржы, заңдылық жағын бірге алып жүресің. Сондағы көрген-білгенім, тәжірибем әкім­дік қызметті алып кетуге көп септігін тигізді. Оның үстіне, қала әкімдігінің коман­дасына, әріптестеріме ризашылығым­ды білдіргім келеді. Олардың қамқорлық­тарын өне бойы сезініп отырдым. Міне, осындай қолдау, қамқорлық үлкен күш-қуат, жігер берді. – Қашанда ел басқару, көш бастау оңай шаруа болмаған. Осы қызметке отырарда алдымен не ойладыңыз? – Халық – құдайдың бір аты деген. Халық сыншы, көреген, әрі қашанда әділ, сенің еңбегіңді жемейді, дұрыс бағасын береді. Ал сол халыққа қызмет жасау үлкен мәртебе болса, екіншіден, басшы­лық қызметтің адамға ең бірінші міндеттілігі – үлкен жауапкершілігі мен халықтың артқан сенімін ақтау. Одан соң саған сенім артқан азаматтарды ұятқа қалдырмау. Ал оны қалай ақтайсың? Ол үшін жаныңды салып ертелі-кеш еңбек етуге, адал қызмет жасауға тиіссің. – Адамнан адамның жаратылуы қан­шалықты табиғи құбылыс дегенмен, қа­зекем оның қауіптілігін, қиындығын «Екіқабат әйелдің бір аяғы жерде болса, бір аяғы көрде», деп екі ауыз сөзбен айтып қойған. Міне, сондай қиын жағ­дайда қолы­нан қандауыры түспеген дә­рігер ретінде сан мәрте ана мен баланың өмірін сақтап қа­луда жедел шешім қабыл­дауға тура келген шығар. Демек, сіздің осы кәсіби қасиетіңіз әкім­дік қызмет­те шешім қа­был­дауда, уа­қытында ша­ра қолдануда септігін тигізетін болар? – Оныңыз рас, отыз жыл­дан астам акушер-гинеколог болып қызмет атқардым. Адамнан адам шыққан оңай емес. Сәбидің дүние есігін қашан шыр етіп ашатынын ешқашан дәл айта алмай­сың. Ол дәрігерден сұра­майды. Бұйырған уақытында, мезгілінде келеді. Сонда күн, түн демей адамның өмірі қыл үстінде тұрғанда дұрыс шешім қабылдау – тек білікті маманның ісі. Міне, осы шешімді қабылдауда дәрігердің кәсі­билігімен, білігімен қатар, жүрек қажет. Атақты ғалым Әбу Әли Ибн Сина: «Дәрі­герде қыран құстың қырағылы, арыстанның жүрегі мен қыздың нәзік қолы болуы керек», деген емес пе. Сол айтқандай, біреудің ғана емес, екі адамның өміріне жауап бересің. Кейде ауыр жағдайда операцияны бастаған кезде: «Қалай болар екен, нәтижесі қандай болады?» деп қобал­жып, ішкі жандүниеңнің дірілін сезгенмен, барлық жиған біліміңді, тәжірибеңді салып, елді дүрліктірмей салқынқанды әрі батыл шешімге келіп, іске кірісуің қажет. Өйткені, саған үміт артып, тағдыры мен өмірін тапсырған қаншама адам тұр. Оның үстіне операция үстелінің жанында жалғыз өзің ғана емессің. Ол жауапкершілікті сенімен бірге команда мүшелері де бөліседі. Бірақ, сен көшбасшы болып тұрған соң, олар саған қарайды. Ал енді бәрі артта қалып, «уһ», деп оң нәтижеге қол жеткізгенде, өзімізге өзіміз қуанып қол соғамыз. Себебі, дәрігер­лік істе бәрі соңғы нәтижемен өлшенеді. Әкімдік қызметте де сондай, шешімді дер кезінде қабылдауға тура келеді. – Жұмыс істегісі келген адамға екі жыл да аз уақыт емес, атқарған шаруалар да баршылық болар. Бүгінгі аудан­ның жағдайы, ахуалы қалай? – Ауданымыз қала бойынша жер көлемі жағынан бірінші, халқының саны жағынан екінші орында. 289 мың тұрғынымыз бар. Ауданда негізінен байырғы алматылықтар тұрады. Әкім қашанда халқының арасынан көрініп, ортасында жүруі тиіс қой. Осын­дайда халықпен кездескенде ақсақалда­рымыз, аудан тұрғындары шешілмей жатқан мәселелерді өздері атап көрсетіп береді. Әрине, ауданның ең негізгі көрсеткіші – экономикалық дамуы. Құдайға шүкір, қазір­гі таңда ауданымыздың әлеуметтік-тұрмыс­тық жағдайы жаман емес, жоғары деуге де болады. 19 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы 57,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, негізгі инвести­циялық капитал 139,4 млрд. теңгені құрады. Былтыр салық басқармасына 35 431 орта және шағын бизнес нысаны тіркелсе, оның 23 050-і жұмыс жасауда. Сондықтан да, ауданымыз салық пен төлемдер түсіруден қала бойынша екінші орында. Бұл – қала бойынша салықтың 20 пайызы біздің үлесімізде деген сөз. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Үкіметтің «Жол картасы» бағдарламасы аясында ауданда біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Соның арқасында қаншама тұрғын­дарымыз жұмыспен қамтылды. Көптеген азаматтар оқуға жіберіліп, қайта даярлау курсынан өтуде. Қазіргі кезде, өзіңіз білесіз, қаламызда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Көптеген көздің жауын алатын зәулім ғимараттар бой көтеріп жатыр. Сонымен қатар, жұмыссыз жүрген азаматтар да аз емес. Бір өкініштісі, құрылысшы­ларға деген сұраныстың көптігін біле тұра жұмыссыз азаматтарды, жастарды сылақшы, сантехник, краншы, слесарь мамандық­тарын меңгеруге жіберсек, оқуға, жұмыс істеуге деген ниеттің жоқтығы байқалады. Жоғарыда айтып кеткен «Жол картасы» бағдарламасы аясында денсаулық сақтау, жалпы білім беру мекемелері, балабақшалар күрделі жөндеуден өткізіліп, көлік жолдары да біршама ретке келтірілді. Биыл Президентіміз «Болашақтың іргесін бірге қалай­мыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында тиісті министрліктер мен аймақ басшы­ла­рына тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лығын жаңғырту туралы бірқатар міндеттер жүктеген болатын. Осы бағыттағы жұмыс біздің ауданымызда да қолға алынып отыр. Айта кететіні, бұл бағ­дарлама көптеген адамды жұмыспен қамтуда. Содан болар, аталған бағыттағы жұмыстар қала әкімінің тікелей бақылауында. Елбасының халқына деген қамқорлығы­ның арқасында «Балапан» бағдарламасы да жүзеге асырылуда. Қазір 2400 бала кезекте тұрғанмен, олардың саны жылдан жылға азаюда. Жылына қалада он-он екі балабақша ашылуда. 15 бала­бақша мектеп жанында жұмыс істейді. Сондай-ақ аудан аумағында ең бетке ұстар 25 мемлекеттік медициналық мекеме жұмыс жасайды. Олар – ауданның абыройы. Жалпы, білім саласын үлкен алып кеме десек, онда үлкен болашақ­тың істері ат­қарылуда. Ауданда 35 жалпы білім беру (28 бюджеттік, 7 жеке), 34 мектепке дейінгі мекеме (27 бюджеттік, 7 жеке) бар. Ау­данның тағы бір ерекшелігі, бізде жастар көп шоғыр­ланған. Аудан аума­ғында 16 жоо бол­са, оларда 80 мыңға жуық студент оқиды. Оның ішіндегі Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетін «үл­кен қаламыздағы кішігірім қала» деп атай­мыз. Қ.Сәт­баев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті де ірі оқу орында­рының бірі. Ауданда қала жұрт­шы­лығы мен қонақ­тары емін-еркін демалып, әсем табиғатын тамашалай­тын әдемі мәдени орындар бар­шылық. Солардың бірі – Алатаудың бөкте­рінде 73 гектар жерді алып жатқан тұңғыш Президенттің саябағы. Ол қаланың көркіне көрік қосып, алматылық­тардың ең бір әдемі демалыс орнына айнал­ған. Әрине, былтыр­ғы жылы өткен Азиа­да жайында қалай айтпай өтеміз. Осынау халық­аралық деңгейдегі спорттық доданы әлем мойындаған Қазақ­стан жоғары дәрежеде ұйымдастыра білді. Ол да болса тәуелсіздіктің үлкен жетістігі. Қаладағы жеті Олимпиада нысанының екеуі – Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы мен халық­аралық стандартқа сай салынған бес мың орындық трамплин бізде орын тепкен. Сырт көз – сыншы дейді ғой халқымыз, оған Олим­пиадаға қатысушы шет ел спортшы­лары жоғары бағасын берді де. Әрі осынау маңызды оқиғаның салтанатты жабылуы­ның біздің қаламызда, соның ішінде Бостан­дық ауданында өтуі үлкен мәртебе мен асқан жауапкершілік. Мысалы, мен келгенде трамплиннің 20 пайыз жұмысы ғана атқарылған-ды. Қала әкімі апта сайын жиын өткізіп, өзі қадағалап отырды. Халық арасында: «Үлгере ала ма, алмай ма?» деген сөз де жүрді. Спорт сарайын да елге көрсетуге ұялмайтындай жоғары деңгейде бітірдік. Міне, мұның бәрі өмір мектебі, содан көп нәрсе үйрендік. Одан кейін 1958 жылдан бері күрделі жөн­деу көрмеген Орталық стадион да әлемдік стандартқа сай етіп жасақталды. Ондағы жүгіру жолағы әлемде үш мемлекетте ғана болса, соның бірі – Қазақстан. Міне, қала­мыз­да осындай тарихи нысандарды салуда оның басы-қасында болғаным мен үшін үлкен тәжірибе әрі мәртебе. Мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша да қоғамда ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу жүйелі түрде жолға қойылған. Қарқынды, жан-жақты дамудың басты кепілі – ол ұлтаралық татулық пен қоғамның бір мүддеге бірігуі, топтасуы. Міне, осыны сақтап, достығымызды әрі қарай да нығайту үшін біздің тарапымыздан идеологиялық бағыттағы көптеген шаралар іске асырылуда. – Ауданда бар шаруа оңтайынан келіп жатпаған болар, қандай қиындықтармен бетпе-бет келуге тура келеді? – Әрине, қиындықтар бар. Мәселен, ау­дан­дағы өнеркәсіп өндірушілердің көпшілігі құрылыс материалдарын шығарады. Олар­дың жұмыстары жаз айында жүргенмен, қыста белсенділігі төмендейді. Солардың жұмыстарын бірқалыпты жүргізуге әрекет жасасақ деймін. Екінші проблемамыз – жабайы сауда. Әкімшілік, құқық қорғау орындары, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметі, партиялық бақылауымыз бар, бір жағын қадағаласақ, екінші жағынан шығып жатады. Алайда, осы шаруаны үнемі қадағалап отыруға тура келеді. Алматы – көрікті, әдемі қала. Бүгінде шаһарда базар жеткілікті, жол-көлік мәсе­лесі шешілген. Дегенмен, біздің халық есік алдына шығып сауда-саттық жасасақ, болмаса есік алдынан сатып ала қойсақ дейді. Қазір қала әкімі базарларды жоғары дең­гейге көтеруді, өз қаражаттарына бір үлгіде, жақсы дизайнда болуын қамтама­сыз етуді қолға алып отыр. Кейбірі қызыл сызықта тұр. Сондай-ақ, бірінші қажет­тілік­тегі тауарлардың бағасын бақылап, қадағалау мақсатында әр апта сайын аудандағы ірі сауда орындарында мониторинг жүргізіледі. Бірақ әлі де болса себепсіз бағаны өсіру фактілері орын алып жатады. Мұның алдын алу үшін Алматы облысының Іле ауданымен және Жамбыл облысымен бірлесе отырып, тұрақты түрде арнайы ауылшаруашылық жәрмең­келерін өткізіп тұрамыз. – Әкімнің үстелінен стетоскопты көру қызық екен. Бұл бір жағынан өзіңіз қалаған мамандыққа деген құр­мет шығар деп ойлаймын. Медицинаны сағынып жүрсіз бе? – Менен көбіне: «Сіз медицинаны ұмытып қалған жоқсыз ба?» деп сұрайды. Мен айтар едім, білген нәрсе ұмытыл­майды екен. Егер әріптестерім кеңесімді қажет етіп шақырып жатса, көмегімді аямаймын. Бір түсінгенім, адам бір-бірін іздеп, бір-бірін керек етіп, шын ниетімен араласып-құраласып тұрса, барлық ауырт­па­лық жеңілдейді. Жұмыс бәрімізге жетеді. Ал адамдарды алдай да, ешкімнің аузына қақпақ бола да алмайсың. Егер дәрігер білімді маман болса, онда ол қан­дай жағдайдан да шешім іздеп табады. Бір түйгенім, алдыңа келген адамның проб­лемасын өзіңдікіңдей сезінсең, ол адам да соны түйсініп, үлкен құрмет білдіреді. Дәрігер – ұлы мамандық. Отыз жылдан бері 13 мың баланың кіндік шешесі бо­лыппын. Бұл дегеніңіз, бір кішкентай қа­ла­шық емес пе? Қандай ғанибет! Қонаққа барсаң да, көшеде көрсе де: «Зәуреш Жұманәліқызы, мынау сіздің балаңыз», дегенде бар ниетіңмен балақайдың маң­дайынан иіскеп, бір рахаттанасың. Әрине, олардың барлығын есіңде сақтай алмай­сың. Бірақ, сен сол отбасының көкейінде, жүрегіндесің. Міне, бұл – дәрігер мамандығының құдіреті. Бұл – жеке басыңдағы тірлікті қалдырып, адамның денсаулығы үшін төгілген тердің өтемі. – Зәуреш Жұманәліқызы, қалалық денсаулық сақтау саласын басқарып жүргенде бастаған шаруамды бітіріп кете алмадым-ау деген «әттеген-айла­рыңыз» болды ма? – Бір қуанатыным, Президентіміздің «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасы қалалық денсаулық сақтау департаментінде істеген кезімде қолға алынды. Бұған дейін қала басшыларына: «Алматыда соңғы 18 жылдан бері бірде-бір аурухана, емхана салынған жоқ...», деп жазатынбыз. Сол бағдарламаны жүзеге асыруда сала басшы­сы ретінде қандай профильді аурухана салу керектігін анықтау үлесіме тиіп, бес аурухана, бір үлкен емхана салуға шешім қабылдап, жұмысты бастадық. Солар­дың алдыңғыларының төрт қабаты, артының нөлдік циклы біткенде қызметтен кеттім. Жүрек-қан тамырлары ауруының адам өміріне деген қаупін ерекше сезіне оты­рып, жедел жәрдем ауруханасының бір ғимаратында қалалық кардиология орта­лы­ғын ашқанбыз. Сонда: «Бұл ауруха­наның 100 жылдық тарихы бар», деп дүрліккенде, ең бірінші жедел жәрдем ауру­ханасының орнына салынатын ауру­ха­наның жобасы көрсетілді. Ол былтыр пайдалануға берілді. Алтынсарин көшесі бойында ХХІ ға­сырға тән заманауи, керемет №2 балалар ауруханасы ашылды. 260 орындық қала­лық тубдиспансер, күніне бір уақытта 500 адамға қызмет көрсететін №17 емхана мен 150 орындық перинаталдық орталық са­лынып, іске қосылды. Құрылысшыларға рахмет, жақын арада сол алты нысанның соңғысы – №4 клиникалық аурухана пайдалануға берілмек. Міне, осындай біткен үлкен шаруаға аз да болса үлес қосқаныма мақтанамын. Дәрігер ретінде айтарым, бүгінде медицинада жұмыс жасауға барлық мүмкіндіктер бар. Тек кәсіби біліміңді жетілдіріп отыру қажет. Өйткені, қанша мықты аппарат, қымбат құрал-жабдық болғанмен, білікті кәсіби мамансыз алға жылжу жоқ. – Мәселенки, бұл қызметтен кетуге тура келді делік, дәрігерліктен қол үзіп қалдыңыз, қай жұмысты таңдайсыз? – Әрине, дәрігерлікті. Маған қашанда басшылық қызметте күш беретін үлкен кәсібилік білігім. Өйткені, ертең жұмыс­сыз қаламын деп қорықпаймын. Кәсіби дәрігер қашанда қажет. Ал жақсы білген нәрсең ешқашан ұмытылмайды. Оның үстіне, мен дәрігер ретінде өз мүмкін­дігімді көрсете алған адаммын. Реті келгенде айта кетейін, өмірді, адамдарды жақсы көремін. Кетіп бара жатқан кішкене баланың басынан сипап өткім келеді. Сол саған үлкен қуат береді... Ендігі бір жаңалығым, әрі үлкен олжам – осы жұмыста жүріп, бұрын бастаған доктор­лық диссертациямды аяқтап, қорғадым. – Құтты болсын! Докторлық еңбегі­ңіздің жаңалығы неде? – Бұл еңбек жүктілік пен босанудың нәтижесін жақсартуға бағытталған қазіргі заманға сай медициналық-ұйымдасты­ру­шылық технологияларды ғылыми негіздеу, әзірлеу және енгізу. Сонымен қатар, олардың медициналық-үнемдік тиімділігін анықтауды көздеді. Бір сөзбен айтқанда, ананы босандырудың қауіпсіздігі. Бұрын­дары қалай еді, ананың қағанағынан суы кетті ме, бір-екі сағатта жеделдетіп босан­дырып алатынбыз. Қазір қағанақ суының мерзімінен ерте кетуі кезінде толғақ өздігінен басталмаса, екі күннен екі айға дейін жүктілікті созуға болады. Мысалы, су кеткенде шарана 900 грамм болса, бұл әдістен соң 2900 грамға жеткізіп босан­дыруға мүмкіндік бар. Бұл – керемет жетістік емес пе. – Әңгімеңізге рахмет. Сізді әлі де биіктерден көре берейік. Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ. Суретті түсірген Сергей ПЕРМИНОВ.