22 Қыркүйек, 2011

Айтылмаған әңгіме

476 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Бұл оқиғаның қай жылдардың ша­­­масында болғандығын дәл айта ал­маймын. Ол не соғысқа дейінгі 30- жыл­дардың аяғы, не болмаса соғыс­тан кейінгі 50-жылдардың шамасы болар. Мұнайдың парқын маңғыс­тау­лық қарапайым халықтың әлі онша түсіне қоймаған шағы-ау деймін. Ха­лық білмесе де, Маңғыстаудың бір қарағанда меңірейіп жатқандай бо­лып көрінетін маң даласындағы алапат құпияны біліп қалғандардың бірі ағылшындық бір ұлы ғалым екен. Ол біліп қалады да, білгенін ішке түйіп еліне кетеді. Жай кету емес, қайтып оралу ойында болады. Бұл шамамен ХІХ ғасырдың аяғында, әлде ХХ ғасырдың бас кезінде сияқты. Бірақ айтайын дегенім бұл емес. Сөйтіп күндердің күні болғанда, араға бәленбай жыл салып, әлгі ға­лымның сілтеуімен кен іздеуші шетелдіктер тау-тасқа шығып, қаңбағы қаңғырған даланы кезіп мұнай іздейді. Сол мұнай іздеген экспедицияның құрамында дизелист болып жұмыс істегендердің біреуі менің әкем Із­тұр­ған Тұржанұлы екен. Бірақ айтайын деп отырғаным бұл да емес. Мәселе сол экспедицияда менің әкемнің жұмыс істегендігінде емес, тіпті оның сол жылдардағы ауыл қа­зағы үшін таңсық мамандық болып саналатын «дизелист» болғанды­ғын­да да емес. Мәселе – менің әкем жұ­мыс істеген сол экспедицияның сол жылдары Маңғыстаудың қазіргі Бұ­рыншық деген жерінен мұнай көзін тапқандығында. Бірақ мәселе тіпті сол мұнай кө­зінің табылғандығында да емес. Мә­селе тіпті қызық. 1973 пе, әлде 1974 жылы ма, жаз айы болатын. Біз сол Маңғыстау ау­данындағы Шетпе кентінде тұрамыз. Бір күні кешке қарай есік алдында отыр едік, үйге қасында осы ауылда тұратын Нақу деген кісі бар, екі орыс келді. Кейін білгеніміздей, ол екі ор­ыстың біреуі орыс емес, шетелден келген ағылшын болып шықты. Әл­гі­лер қауқылдап қасындағы орысқа бір­деңелерді айтады, орыс оны ор­ыс­шалап, менің әкеме түсіндіреді. Жар­ты сағаттай уақытқа созылған әң­гі­меден соң жолаушылар көңілсіздеу күйде кетіп қалды. Біз бала-шаға ештеңе түсінгеніміз жоқ. Көңілсіздеу күйде әкеміз де қалды. Ұзақ уақыт үнсіз отырды. Ол көп сөйлемейтін, мінезі ауыр адам еді. «Не болды?» деп сұрауға да батылымыз жете бермейді. Біраз уақыт өткен соң барып әңгімені өзі бастады. Бұл әңгімені жазып отырған ме­нің де есімде оның кейбір жерлері бұлыңғыр. Өйткені дәл сол кезде оның кей тұстарына аса мән бермеппіз. Ал бүгінгі таңда бұл біздің мұ­найымыздың алтын тарихының бір беті десе болғандай екен-ау. Сонымен сол ағылшын экспе­ди­ция­сының ұзақ зерттеуінің нәтиже­сін­де Маңғыстаудағы қазіргі Бұрын­шық жерінен мұнай көзі табылған. Бірақ оны игеру мүмкін болмапты. Қан­дай себеп екенін біздің әкеміз біл­мейді, әйтеуір, ағылшындар және олармен бірге жүргендердің бәрі де кетуге мәжбүр болыпты. Кетерінде әлгі табылған мұнай көзін, кімнен екені тағы да белгісіз, әйтеуір, жасы­ру керек болған. Содан олар кететін уақыттары жақындаған кезде өзде­рі­нің жұмысшыларын, оның ішінде менің әкем де бар, Бұрыншықтың басына алып келіпті. Шамасы, өздері тапқан мұнай көзінің жер бетіне ең жақын жатқан жері дәл сол жер болса керек. Алып келіпті де аумағы жобалап алғанда 4-5 шақырымдай (бәл­кім, бұдан аз шығар, әлде, көп шы­ғар, әкем анық айта алмады) жердің бетінің жарты метрдей топырағын сыдырып алдырған көрінеді. Сыды­рып алдырыпты да сол жердің бетіне мал қоралардан күбір тасытып, бір қабат етіп оны сол күбірмен жау­ып­ты. Сосын маңайдағы елдің үй-үйін аралап жүріп, кәдімгі құрым киіз жинатыпты. Ол кезде мал бағып отырған елде не көп – ескі-құсқы киіз көп. Жинатып алып, әлгі күбірдің бетіне сол құрым киіздерді төсетіпті. Содан соң оның бетін бір қабат етіп саз топырақпен жауыпты. Бәлкім, ол жердің өзінің топырағы да саз шығар, онысын білмеймін. Содан соң оның үстіне тағы да күбір төккізіпті, оның бетін тағы да саз топырақпен жауып, үстінен ауыл-ауылдың қойын, түйесін, әйтеуір, бар малын жинап алып, әлгі жердің үстімен олай да былай бірнеше рет айдап өтіпті. Содан соң сол жердің бір шетінен тереңдеп құдық қазып су шығарып, оған науа орнатып, бірақ оның суы жер бетіне шығатындай қылмай, әлгі көмген жердің күбір аралас саз топырағына қарай сыздықтап қана ағып тұратындай етіп орналастырып, оны да көміп, үстін жердің бетімен бірдей етіп тегістеп тастапты. Сол кезде әкем: «Неге бұлай істеп жатырсыздар?» деп сұрағанда, олар: «Аспаннан самолетпен қарағанда жердің астында мұнай бар екенін білдірмеу үшін осылай етіп жатырмыз», деген көрінеді. Сонда әкем аң-таң қалып: «Дәл қасына келіп қарағанда білінбейтін нәрсе, ту-у аспаннан қа­рағанда қалай көрінеді? Мынауымыз бос бейнет қой», деп өзінің айтып қалар тура мінезіне салса керек. Сол кезде әлгі ағылшын басшылар, ішінде орыстары да бар көрінеді, жұ­мыс­шылардың ішіндегі бас көтерерлері және мұнайдың көзін білдірмеу үшін жауып жатқандарын білетін әкем Ізтұрғанды, оның ауылдасы Нақу деген кісіні және тағы да бір кісі бар – үшеуін шақырып алады. Сөйтеді де бұл жерде мұнайдың көзі бар екендігін құпия сақтауларын және оны 40 жылға дейін ешкімге айтпауларын сұрапты. «Айтпаймыз!» деген бұлар­дың уәделерін алған соң ағылшындар мен оның қасындағы 2 орыс кетіпті де, бір орыс қана қалыпты, ол ша­ма­сы Форт-Шевченконың ежелгі тұрғы­ны болса керек. Қазақшаға ағып тұр­ған, сол кезде орта жастарға келген оның айтқаны мынау көрінеді: «Бұл жерде мұнай көп. Мыналар соны біліп кетті. Бірақ, күндердің күні бол­ғанда олар қайта айналып келеді. Сол кезде тірі болсаңдар, сендерді қа­лай­да іздеп табады. Өйткені олар үше­уің­нің аты-жөндеріңді құжаттап, ру­ларыңа дейін жазып алып кетті. Егер де күндердің күні болғанда біреу келіп, сендерден осы жер туралы сұрап жатса, айтпаңдар. Бұл – қазақтың өзінің байлығы, қазақтың өзі тауып алғанша жата берсін», деген көрінеді. Сол кезде бұл үшеуі енді қайтып тістерінен шығармастай етіп, тастай уәделесіп қала берген. Сол орыстың айтқаны дәл келіп, 40 жылдай уақыт өткенде әңгіме­міз­дің басында айтылған, кешкілікте біз­дің үйге келген әлгі шетелдік пен ор­ыс бір кездегі жасырған мұнай көзінің қай жерде екендігін тауып беруді сұ­раған екен. Әрине, 1974 жы­лы Маң­ғыстауда мұнай көзінің бар екендігі белгілі болған, қара ал­тын өндіріліп жатқан кез болатын. Бірақ бұл жыл­дары тек Жетібай, Өзен жақ­тарда ғана мұнай көзі та­был­ған уа­қыт еді. Ал Бұрыншықта құ­пия әске­ри гарнизон болды, ол жер­ге ешкімді жолатпады, самолеттер ұшып келіп, жердің ас­ты­на кіріп кетеді деп мал жайып жүрген мал­шылар талай айт­қан-тын. Мені әлі күнге дейін таңғал­ды­ра­тыны – әлгі ағылшындардың өз істеріне деген асқан ұқыптылығы. Бір кездері мұнай көзін көмдірген олар үш адамның аты-жөнін аса құпия құжат етіп сақтап қойғандығы, кейінгі ағылшындардың сол құжаттағы үш қазақтың аты-жөнін жазып алып, оны Маңғыстауға келіп, есігінің ал­дында отырған жерінен тауып алуы олардың қаншалықты ұсынақтығы екендігін көрсетпей ме?! Сонымен олар «сол жерді бізге көрсет» деп келген көрінеді. Әкем әлгі екеуін ертіп келіп тұрған Нақуға: «Оның қай жер екенін сен өзің де білесің, неге айтпайсың?» деген екен. Ол «мен ұмытып қалыппын» депті. «Ендеше, мен де ұмытып қалыппын» деп жауап беріпті әкем. – Нақу ол жерді ұмытып қалып тұрған жоқ. Ол айтпай тұр, – деді со­­сын әкем. – Бұл мұнай деген – біз­дің тағдырымыз ғой, тағдырымызға қа­тыс­ты ол айтпаған әңгімені мен неге айтуым керек? Керек адам өзі іздеп тауып алсын. Біз оны ешкімге айт­пай­мыз деп уәде бергенбіз. Ол – қазақтың байлығы. Қазаққа керек бол­ған кезде, таба алмай жатса айта­р­мыз және ол жердің мұнайы – ақ мұнай, – деп еді. Сол Бұрыншық беттегі Қаламқас, Қаражанбас мұнай көздері қазір ірі өндіріс орындарына айналды. Бірақ дәл Бұрыншықта мұнай көзі ашылды ма, ашылмады ма, ол жағын мен білмеймін. Ал әкем 1993 жылы қайтыс болды. Міне, Қазақстан мұнайына 110 жыл толып отыр. Сол 110 жылдың ішінде осы байлық көзі төңірегінде не бол­мады дейсің. Қара қазақтың маңдай терімен қазылып жатқан қара май қазір күллі әлемнің назарын ау­дарып, еліміздің де беделін асқақ­татып отыр. Аллатағала айтады екен: «Мен пендеме ауыр жүк артамын, көтере алмаса, тағы артамын, оны көтерсе, көңілін ағартамын» деп. Әкелеріміз бейнетін кешкен қара мұнай, бүгінде ұрпақтарының көңілін ағартты. Қандай да бір ырзықты істі қо­лы­ңа алсаң, оны өзіңнің тағдырыңмен қоса өргенде ғана өміршең болып, мол­шылығына кенелтпей ме?! Мұ­най­дың молшылығын көріп отыр­мыз, еліміз ырысты болды. Қара жердің қойнында аршып алар күнді күтіп ғасырлар бойы үнсіз жатқан мұнайдың да бағы ашылды. Байлық та өз халқына бұйырғанда ғана өзінің байлық екендігін сезінетін шығар. Сол байлықты байлық етіп отырған біздің халық – мұ­най­дың иесі болды. Әкем Ізтұрғанның айтқаны келіп, «мұнай да біздің тағ­дырымызға» айналды. Оңайгүл ТҰРЖАН, ақын. Маңғыстау облысы.