22 Қыркүйек, 2011

Кемел шақ

739 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Мені әрдайым тағлымды әке мен ізетті бала арасындағы рухани байланыс һәм сабақтастық қатты толғандырады. Олай болуы­ның өзіндік себептері де бар. Асқар әке бар ғұмырында жан-тәнімен халқының руханияты мен өнеріне, мәдениеті мен ұлттық мүддесіне қызмет етіп өтсе, өнегелі ұл әке аманатына қиянат жасамай, Отанына қалтқысыз адал қызмет етіп келеді. Асқар әке деп тебіреніп отырғаным – жүректі ғалым Мұхтар Ғалиұлы болса, аманатқа адал ұл дегенім – сезімтал қайраткер Ерлан Мұхтарұлы. Ақиқатында, Ақтөбе өңірінің қазақы рухпен тыныс алуына қызмет еткен Мұхаңа қарыздармыз. Ал Кереку-Баян жерінің қазақы ажар алуына үлес қосып жүрген Ерлан Мұхтарұлына да айтар алғысымыз зор. Ерлан бауырымның Кереку еліндегі мемлекетшіл, отаншыл қызмет­те­рі көз алдымда. С. Торайғыров ат­ын­дағы Павлодар мемлекеттік университетіне барысымен білек сыбана тау қопарды. Тау қопарғаны несі дерсіз?! Оны мына ойымнан аңғара ала­сыз: ХХ ғасырдың соңы. Павлодар өңірі. Ағысында буырқанған толқыны жоқ қарт Ертістің ағысындай бір сарынмен өтіп жатқан жаймашуақ тіршілік. Жаңа ғасырға, яғни ХХІ ғасырға қол созым уақыт. Бұл – бәрі де асыға күткен уақыт, бәрі де үміт күткен уақыт. Жаңа ғасыр өңірге жаңа тыныспен бірге, жаңа тұлғасын да ала келді. Иә, ж­а­ңарында от жанған жанындағы әр адам­ның бойына болашаққа деген сенімді ұя­лата алатын осы тұлға келісімен бұл өңір жаңа серпіліс, қазақы рух өрлеу дәуірін бастады. Иә, С.Торайғыров атын­дағы Павлодар мемлекеттік университетіне ректор болып келген экономика ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Мұхтарұ­лы­ның бастама­сы­мен небір көмескілене бастаған рухани ұлт­тық құндылықтар мен әдеби-мәдени мұ­ра­ларымыз, жәдігерлері­міз тіріле бастады. Содан болар, осы күндері, оны ал­дыңғы ардагерлер толқыны да, отты буын – орта толқын да, тегеурінді, тізгін қағыстырған онан кейінгі толқын да үлкен сапарға бет алған үкілі үміткер толқын да шын қадірлеп, шынайы құрмет көрсетеді. Атаның ұлынан халықтың ұлына айналған Ерлан Мұхтарұлы Павлодарға келген сәттен-ақ талай дүлдүлдердің есімі халықпен қайта қауышты, табысты. Ойымызды тарқата түссек, Кереку-Баян топырағының дарынды дарабоз тума­ларына арналған ескерткіштер қарасы көбейді. Бұ­қар жырау, Мұса Шорманов, Мәшһүр-Жү­сіп Көпеев, Жүсіпбек Аймау­ытов, Сұлтан­мах­мұт Торайғыров, Әбікей Сәтбаев, Қа­ныш Сәтбаев, Ермұхан Бекмаханов, Әлкей Марғұлан, Әбікен Бектұров, Шафық Шө­­кин ескерткіштері (бюстер) соның айғағы. Сонымен қатар, Ескелді жерінде қазақ әдебиетінің ірі өкілі, ақын, шежіреші, та­рих­шы, ағартушы, публицист Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының кесенесі бой көте­руі­не ұйытқы болды. Ал бүгінде Ақкөл-Жайылға жеріндегі Хазіреті Исабек ишан мен Жандарбек қожаның кешендік кесе­не­лерінің бой көтеруіне атсалысып, бас болып жүр. Екіншіден, данышпан даналарға ар­­­нал­­ған ғылыми еңбектер, монографиялар мен көп томдық әдебиеттер, ең бастысы, эн­ци­клопедиялар жарық көре бастады. Мәселен, «Қазақ этнографиясы кітапха­на­сы» серия­сы­мен 50 том, «Рухнама» се­рия­сы бойынша ғұламаларға арналған 50 том, «Атамекен» сериясымен 15 том, «Қазақ тіл білімінің ан­тологиясы» сериясымен 45 том, М-Ж. Кө­пейұлы шығармалар жина­ғы­ның 15 то­мы (жоспар бойынша 20 том), Мәшһүр-Жү­сіп пен Сұлтанмахмұттың тұл­­ғалық энци­кло­педиялары және т.б. мол қазы­на­лы, зор тағылымды әдебиеттерді айтуға болады. Үшіншіден, ұлт келбетінің айнасы са­налатын ономастика саласындағы сүбелі еңбектерінің нәтижесінде қалада ел қай­раткерлері есімімен аталатын көшелер саны артты. Бұны көпшілік қауым да мойындайды. Соның ішінде Қ.Сәтбаев, Ш.Шөкин, Ә.Бектұров, Ә.Марғұлан атын­да­ғы көшелерді атауға болады. Төртіншіден, Ерлан Мұхтарұлының елдік идеологияға сіңірген еңбегі де бір төбе. Олай дейтініміз, университет қабыр­ға­сын­да көне замандардың көкейкесті қо­ңыр әуенін әкелген қара домбыра шымы­р­лап, шым-шымдап қадым замандар қа­ғы­сын тартқан қобыз бен сан дауысты сыр­найдың, дүр­кі­реген дауылпаздың, сы­быз­­ғы мен ат тұя­ғы­ның дүбірін еске сала­тын шартылдақ секілді халық тарихын терең­нен тербейтін аспаптардың басын біріктіріп «Естай» ат­ын­дағы ұлт-аспаптар оркес­трінің ашы­луы­на септігін тигізгені өз ал­дына бір әңгіме десек, Ф.М. Дос­тоев­ский атындағы Омбы мемлекеттік университетінде ашылған «Қа­­зақ тілі мен мә­де­ниеті» орталығы шет елдегі отандастарға деген қамқорлықтан туған шара деп ұғынамын. Ал Ерлан Мұхтарұлының қазақ музы­касын әлемге әйгілі еткен Дос-Мұқасан ансамблінің құрметіне «Дос-Мұқасан скульп­туралық композициясын» орнатуын оның өнерге, мәдениетке деген ілтипаты ретінде қабылдаймын. Бесіншіден, танымал ғалым Ерлан Арынның білім-ғылым саласындағы заман талап етіп отырған істері моно­гра­фия­лық кітаптарға арқау болатындай. Дегенмен де, ел мақтаған ердің білім, ғылым саласындағы тындырған істері мен ға­лы­м­дық қасиетін айтпай кету орынсыз болар. Қандай қызметте, қандай лауазымда жұмыс атқармасын, Е.Арын басты назар­ды әрдайым ғылым мен білім беру ин­те­гра­циясы мәселелеріне арнайды. Қоғам­дық құрылымның өзекті мәселелері бой­ынша негізді теориялық дайындық, мәде­ни мүдделердің кең ауқымдылығы, отба­сын­да негізі қаланған педагогикалық дәс­түрлерге адалдық, бұл қасиеттердің бар­лығы оның мемлекеттік деңгейдегі әре­кет­терінің тиімділігіне, нәтижелі болуына ықпал етті, яғни 1997 жылдан бастап ол Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау вице-министрі қыз­метін атқарудан бастау алады. Атал­мыш министрлік қайта құрылғаннан кейін, 1999 жылдар мен 2001 жылдар ара­лы­ғында Е.Арын – Қазақстан Респуб­ли­касы Білім және ғылым бірінші вице-министрі болып қызмет атқарды. Республиканың ғылыми және білім беру потенциалын тиімді және сауатты пайдалануда, мемлекет тарапынан мұғалім­дер мен ғалымдарды моральдық және ма­те­риалдық қолдауда, оқу орындарын да­мы­туға және ғылыми зерттеулерге бө­лінетін қаражат көлемін ұлғайтуда, инно­вациялық жобаларды қолдауда Ерлан Арын зор белсенділік танытты. Иә, министрліктің басшылық қызмет­те­рінде, жоғары мектептің және ғылым­ның жетекші топ-менеджерлері қатарында жұ­­­мыс атқару кезеңі сала дамуының бол­жа­мын нақты шынайы әрекетпен ұштас­тыра алатын Ерлан Мұхтарұлының мемлекеттік ауқымдағы қайраткер ретінде өсуіне елеулі септігін тигізді. Сол кезеңде оның тікелей қатысуымен Қазақстанның әлем­­­­дік білім бе­ру кеңістігіне ену бағ­дар­ла­ма­сы дай­­ын­да­лып, өмірге енгізіле бастады. Бар­лық дең­гейлер мен бағыт­тар­ды қам­ти­тын мемлекеттік білім беру стан­дарты, Пре­зиденттік стра­тегияларға сай бала­лар­дың да­рындылығын дамытудың басқару жүйесін құру, білім беру мен ғы­лымның инте­гра­циясы, орта және жоғары білім беруді жа­қын­дату, өс­келең ұрпақтың бой­ын­да қазақ­стан­дық патриотизмді дарыту – бұл мәсе­ле­лердің шешімін табу айқын қалып­тасқан жә­не мақсатты ба­ғыт­талған страт­е­гия­­ларды талап етті. Ерлан Мұхтарұлы Қазақстан Респуб­ли­касының «Білім беру ту­ралы», «Ғылым туралы» заңда­рын дайындауға бел­сене қатысты, мектептерде компьютерлендіру үдерісіне, жаңа өс­ке­лең ұрпақтың оқулық­­тарын дай­ындау ісіне өзіндік зор үлес қосты. Жұмыс топ­та­рының мүшесі және жетекшісі ретінде ол Қазақстан Рес­пуб­ли­касының білім беру, ғы­лым және денсау­лық сақтауға қатысты жаңа заң­да­рын, сол сияқты ұлттық эко­но­микалық жә­не әлеу­меттік бағдар­ла­малар жобала­рын, атап айт­қанда, «Қазақ­стан оқу­лық­та­ры­ның жа­ңа жеткіншектері», «Қа­зақстан Республи­ка­сында орта білім беруді ақ­па­рат­тан­дыру», және т.б. халық шаруа­шы­лы­ғы са­лаларын дамыту бағдар­ла­маларын дайын­дау­ға айрықша үлес қосты. Ерлан Мұхтарұлы Арынның үздік топ-менеджерлік қабілет-қарымын Керекудегі С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін өрге сүйреп, ұлттық аккредиттеу орталығының жоғары оқу ор­ындарын ранжирлеу қорытындысы бой­ын­ша Қазақстанның бес ең үздік көп са­лалы жоғары оқу орындарының бірі ретінде мой­ындалуы және еуропалық стан­дартқа сай білім берудің жоғары сапасына қол жеткізуге жұмсаған күш-қайратынан көруге болады. Яғни, Ерлан Арынның халқына, Ота­­нына жасаған игі қызметінен тұл­­ғалық қасиеті қалыптасқанын көреміз. Бір көр­генде мінезі қа­тал көрінгенмен, жүздескен сәттен кейін жүрегінде ізгіліктің, білім­ді­­лік­тің, тапқырлықтың, адамгершіліктің бей­несі жаңғырады. Бүгінде өзінің нағыз кемел шағына келген қайраткердің Ота­ны­мыздың қо­ғам­дық-саяси, әлеуметтік-мәдени өмірінде әлі талай іс атқаратынына сенемін. Өйт­­кені, «қазақтың әр өлкесі – менің туған жерім», – деп жүрген азаматтың халқына берері көп. Сол бойындағы қуатын халқының игілігіне жұмсауға жазсын. Ғарифолла ЕСІМ, философия ғылымдарының докторы, академик. Павлодар.