Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы және осы датаға арналған «Руханият» айының аясында бүгін Көкшетау қаласындағы Ш.Құсайынов атындағы Қазақ музыкалық драма театрында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V құрылтайы өтеді. Оған еліміздің барлық облысынан, алыс-жақын шетелдерден делегаттар, танымал қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, тіл мамандары мен баспасөз өкілдерінен құралған 200-ден астам адам қатысады деп күтілуде.
Құрылтайда Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы және тағы басқа зиялылар баяндама жасайды деп жоспарлануда. Сондай-ақ бұл басқосуда Мәскеу қалалық «Қазақ тілі» қоғамы басқармасының төрағасы Әбуислам Тұрсынбаев, республика Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері Светлана Бабкина, Алла Платонова, Диана Мелихова, Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының директоры Азат Шәуеев және тағы басқалары сөз сөйлейді. Мәні мен мазмұны зор осы алқалы жиын ашылатын күні біз академик Өмірзақ Айтбайұлының мақаласын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Тілдік, елдік мәселелерді ту еткен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайы өткелі отыр. Осы орайда құрылтай өткізетін өңірді Көкшетау қаласы деп белгілеп, тікелей қолдау білдірген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына ризашылық көңілмен ілтипат білдіруіміздің артықтығы болмас. Осынау алқалы басқосу алдында көпшілікті «Қазақ тілі» қоғамының IV-V құрылтайлары арасындағы жұмысынан қысқаша хабардар еткенді жөн көріп отырмын.
2005 жылы өткен ел Президенттігіне үміткерлердің мемлекеттік тілден біліктілігін анықтауға арналған сынақтың ұйымдастырылуы және қоғам президентінің осы комиссияның төрағасы болуы тіліміздің әрі «Қазақ тілі» қоғамының мерейін үстем еткен елеулі оқиға болды деп айтуға негіз бар.
Мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге бағытталған келесі қадамдардың бірі – Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөнінде комиссияның құрылуы. Оған Премьер-Министрдің өзі төрағалық етіп, жиі-жиі басқосулар өткізеді. Қоғам басшысы осы комиссияның мүшесі ретінде тіліміздің қордаланған мәселелерін жоғары деңгейде көтеруге мүмкіндік алды.
Қоғам қызметінің елеулі бөлігін мемлекеттік тілдің проблемалық мәселелеріне тиісті уәкілетті органдардың назарын аударту, қоғамдық пікір қалыптастыруға ұйытқы болуды жатқызуға болады. Осы орайда қоғам есепті кезең ішінде Елбасыға, Мемлекеттік хатшыға, министрліктерге, қалалық, облыстық әкімдіктерге тұрақты түрде тіл тағдырынан туындайтын түрлі ұсыныстар беріп, бастамалар көтеріп келеді. Олар білім беру жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылуына, діни ахуалға, мемлекеттік тілдің құқықтық негізін күшейтуге, ғылыми сипатын арттыруға бағытталған ұсыныстар дер едік.
Өткен құрылтайда ұйымды жандандыру мәселесі қозғалған еді. Бұл жұмыс екі бағытта өрбіді. Біріншісі, әлемдегі жаңа ағымдарды бағамдау, тілді қазіргі заманғы технологияларға ілестіру, дүниетанымдық бағытты ой елегінен өткізу болатын. Осыған орай өткен кезеңдегі атқарылған істің бастысы қазақ тілін қазіргі заманғы ақиқатқа, ақпараттық технологиялар заманына орайластырылу еді. Білікті мамандардың күш-жігерін ортақ мақсатқа шоғырландыруды көздеп, Жетпісбай Бекболатұлының мұрындық болуымен «Интернеттегі қазақ тілі», «Қазақ тілі және ақпараттық технологиялар» тақырыбына орталық қоғам бірнеше дөңгелек үстел өткізді. Оған ғаламтордағы қазақ тілінің өріс алуына бір кісідей атсалысып жүрген Асхат Еркімбай, Ізгілік Нағиев, Айна Айтжанова, Болат Бөтеев сияқты ұлттық интернет-ресурстарды өмірге әкелген білікті, бастамашыл мамандар қатысты. Сөйтіп, аталған азаматтардың, сондай-ақ ондаған тіл жанашырларының белсенді іс-қимылы арқасында бүгіндері қазақ тіліндегі интернет-ресурстар жедел дамып келеді. Порталдар саны көбейді. «Википедия» электронды энциклопедиясы қазақ тілінде түзіле бастады. Онлайн-сөздіктер шығарылып, жұрт кәдесіне асуда. Қазақ тілі «фейсбук», «твиттер» сияқты әлеуметтік желілерде кеңінен қолданылады. Интернет-журналистика қанатын кеңге жайып, әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің журналистика факультетінде осы бағытта кафедра құрылды.
Қазір қоғам жаңарды, адамдардың санасы өзгерді, құндылықтар түледі. Соған сай біздің де өз жұмысымызды өмір сұранысына орайластыра ұйымдастыруымыз қажеттігі айқын.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының іс-әрекетін қайта електен өткізіп, ендігі кезектегі бағдары қандай болмақ, алдағы мақсаты мен міндеттері неден тұрады деген мәселелерді ортаға салып, ортақ байламға, бәтуалы пікірге келу орынды болар деп есептеймін.
Жалынды сөздер мен қан қыздырар ұрандар елдің санасына әсер ету үшін қажет-ақ. Бірақ бұлар маңызды істерге келгенде жарамайды. Бұл үшін нақты есепке құрылған әрекет қажет. Ыңғайлы, ырғақты, үйлесімді жүйе қажет.
Тіл – жеке адамның шаруасы емес. Мемлекеттің де басыбайлы дүниесі емес. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Тілдің мәртебесі – ұлттың мәртебесі, елдің мерейі. Мерейімізді асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Тіл отбасынан бастау алады, отан аясында дамиды. Отбасы – өзіміз де, Отанымыз – Қазақ елі. Бұл екі ұғым домбыраның қос ішегіндей тығыз бірлікте. Отбасы мен Отанның мақсат мұраты үндессе, ісіміз береке табады, тіліміз қанат жаяды. Бастаушы болса да, қостаушы табылмаса, іс алға баса ма? Сондықтан осы екі ұстынның үйлесіміне қол жеткізу біздің асыл мұратымыз болмақ.
«Қазақ тілі» қоғамын құрғанда академик Ә.Қайдар бастаған ынталы топтың көздеген басты мақсаты – елдің санасын ояту болатын. Өйткені, кез келген амал, іс-әрекет санадан бастау алады. Адамдар санасында орныққан ұстанымдар мен құндылықтарға қарап бағдар анықтайды, таңдау жасайды. Елдің күнделікті өмірінде зат сатып алуы, білім алуы, той жасауы, отбасын құрауы, өмір салты, концертке баруы, т.б. толып жатқан әрекеттерінің барлығы сананың жемісі. Демек, сана адам қызметінің мәні мен маңызын, сипаты мен бағытын анықтайды. Адамның санасы қандай болса, оның әрекеті де сондай болады. Ал сананы кім қалыптастырады? Сананы мемлекеттік жүйе, қоғамдық қарым-қатынастар, ақпарат құралдары мен мәдени өнімдер қалыптастырады. Санада орныққан құндылықтар мен ұстанымдар адамның таңдауын және іс-әрекетін белгілейді.
Ал сананы өзгерту қиынның қиыны. Ол бір күнде өзгере салмайды. Оны күшпен не ақшамен ауыстыра алмайсыз. Адамдар мәжбүрліктен амалсыз келіскен сыңай білдіргенімен, іс жүзінде өз көзқарасында қала береді. Халық санасын түбегейлі жаңа жағдай ғана өзгертуге қабілетті. Ал мұндай жаңа ауанды жұртшылықтың жан-жүрегіне терең әсер етер, ақыл-есін баурап алар тың идеялар ғана қалыптастыра алады.
Сонымен, сананы өзгерту үшін оған қажетті ақпаратты ұтымды тәсілдермен сіңіру керек екен. Ақпарат көздеріне адамдарды қоршаған кеңістіктегі ақпараттар (жарнама, көрнекі құралдар, ақпараттық нұсқаулықтар, т.б.), көркем әдебиет, фильмдер, балабақша мен орта мектептер, бұқаралық ақпарат құралдары, ән-күй, ойындар, сән әлемі, интернет, байланыс құралдары, т.б. жатады. Міне, осылардың көмегімен адам санасы қалыптасады. Аталған құралдар арқылы берілетін ақпараттың мазмұны мен тілі шешуші рөл атқарады. Қоғамдық пікір мен халық санасының қай деңгейде екенін білгіңіз келсе, жоғарыда келтірілген саланы талдап шығу жеткілікті.
Ал қазақ тілі осында сөз болған ақпараттық-мәдени сұранысты өтеп отыр ма? Орыс тіліндегі ақпараттық өнімдерге балама боларлық қазақ тілінде де интеллектуалдық өнімдер жасалды ма, жасалса олардың сапасы жұртшылық талғамынан шыға ма? Бұл орайда тұщымды, көңіл толтырарлық жауап беру қиын. Ашығын айтқанда, қазақ тілінде ғылыми-интеллектуалдық баспа өнімдерін жеткілікті деңгейде дайындауда кемшін тұстарымыз көп. Осы мәселеге күш салған орынды болмақ.
Қазақстан қоғамында қалыптасып отырған жағдай да еліміздің ақпараттық-мәдени кеңістігінде орын алып отырған жағдайдың тікелей көрінісі. Жасыратыны жоқ, Қазақстанның ақпараттық кеңістігі Ресейдің ықпалынан әлі арылған жоқ. Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығына дейін тәулік бойы мемлекеттік тілде хабар тарататын бір телеарна аша алмай келген едік. Құдайға шүкір, «Қазақстан» телеарнасы қазір түгел қазақша сөйлей бастады. Ал жуырда ғана ашылып, балаларға арнап қазақ тілінде хабар тарататын «Балапан» телеарнасы ақылы желі арқылы көрсетіледі. Оған бүкіл қазақ баласының қолы жете ме?! Әрине, жоқ. Болашағын ойлаған ел баладан бастаушы еді. Осы орайда, біздің биліктің болашақты қалай елестететінін түсінбейсің.
Көшедегі көрнекі ақпарат пен жарымжан жарнама тілі жайлы айта-айта жақ талды. Кітап дүкендерінің тоқсан тоғыз пайызы Ресейдің өнімдерін таратады. Бұған Ресейдің газет-журналдары мен елімізде Қазақстан азаматтарының салығынан құралған бюджет қаражатына шығатын орыс тіліндегі баспа өнімдерін қосыңыз.
Осы кезге дейін Қазақстанда балаларға арнап бірде-бір ойыншық, интеллектуалдық ойындар шығарылмапты. Тек соңғы кезде белгілі әншілер Қыдырәлі мен Қарақат қазақша сөйлейтін қазақы пішіндегі қуыршақ шығарды. Осындай жағдай орын алып отырғанда, қазақ қоғамы әлі күнге неге өзгеге еліктегіш деп қалай жазғырарсың? Балаларын өзге тілдегі балабақшалар мен мектептерге береді деп қалай кінәларсың?
Ең алдымен мәселені «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдауды талап етуден бастаған жөн. Осы кезге дейін бұл заңның бірнеше нұсқасы дайындалып, Парламентке ұсынылғанымен, ол ысырылып қалумен келеді. Енді бұған жол беруге болмайды. Осы заң қабылданса, соған сәйкес көптеген заңдарға мемлекеттік тілдің тынысын ашар өзгерістер мен толықтырулар енгізілуге жол ашылатын еді.
Елбасы халыққа арнаған биылғы Жолдауында «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады» деді.
Бұл міндетті орындау үшін алдағы жылдан бастап бастауышта оқитын балалардың барлығы қазақ тілінде білім беретін мектепке баруы қажет. Олай болмаған жағдайда, мұны орындау мүмкін емес. Білім және ғылым министрлігі және оның жергілікті бөлімшелері Елбасының осы нақты тапсырмасын түсініп, тиісті шаралар қабылдар деп ойлаймыз.
Білімнің көзі – оқулықта. Ал бізде қазақ тіліндегі оқулық мәселесі шешімін таппаған. Орта мектептер оқулықпен қамтамасыз етілгенімен, жоғары оқу орындарында бұл жай ушығып тұр. Жоғары оқу орындары қауымдастығының мәліметінше, жоғары оқу орындарындағы қазақ тіліндегі оқулықтар 7 пайызды құрайды. Жаратылыстану саласын былай қойғанда, бұрыннан қазақ бөлімдері бар журналистика, филология, заң саласының студенттерінің өздері оқулыққа мұқтаж. Білім және ғылым министрлігі студенттерді тиісті оқулықпен қамтамасыз ете алмаған жоғары оқу орындарына неге лицензия береді, неге осы мәселені талап етпейді? Жиырма жылдан бері қазақ тіліндегі оқулықпен қамтамасыз етуді жүйелі түрде шешуді неге қарастырмайды? Басқасын былай қойғанда, бұл адам құқығын өрескел бұзу емес пе? Студенттердің ата-аналары балалары үшін ауыздарынан жырып, ақысын төлейді, ал оқу орны оларды тиісті оқулықпен қамтамасыз етпейді. Сондықтан бұл ретте тұтынушы, қоғамның өзі де белсенді болып, өз құқықтарын талап еткендері жөн.
Оқулық мәселесінің түйінді болатын себебі, студенттер көпшілік пәндерді, атап айтқанда қоғамдық-әлеуметтік бағыттағы пәндерді Ресей оқулықтарымен оқиды. Әрине, математика, физика, химия сияқты пәндерді өзге тілдердегі оқулықтарды пайдалана отырып оқытуға болар, бірақ өзге елдің гуманитарлық саладағы оқулықтарын пайдалану арқылы біз өзге идеологияны насихаттаймыз. Бұл, егемен елдің намысына тиетін жағдай.
Экономика және саясаттану ғылымдары саласында атақ алуды өз лауазымына қосымша дәреже санап келген мансапқор шенеуніктердің кесірлі әрекеті бүгінде ұлттық санаға орасан зор нұқсан келтіруде. Атқамінерлердің қайсысы филологиядан немесе әдебиеттанудан, тарихтан, математикадан, химиядан түн ұйқысын төрт бөліп ғылыми жұмыс жазды дейсіз? Бізде кейбір ғылым салалары бойынша білікті мамандар да жоқ, оларды жаңа жүйе бойынша даярлап шығару ұзақ уақыт алатын үрдіс. Осы бір ойластырылмай істелген тірлік салдарынан арғы тарихты былай қойғанда, 1916-1918 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісі, «Алаш» қозғалысы, жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы аштық пен саяси жазалау науқаны, 1950 жылдардағы қуғын-сүргін мәселелеріне қатысты аяқталған ғылыми жұмыстар сөреге тасталды. Қорғалмаған диссертациялық жұмыстар саны 17 мыңға жуықтайды екен. Кейбір деректерге қарағанда, қазақ тіліндегі жұмыстардың үлес салмағы 51 пайыздан, оның ішінде жаратылыстану ғылымдары бойынша 23 пайыздан асып кеткен. Мұның жартысын гуманитарлық саладағы еңбектер деуге болады. Ол еңбектердің болашағы бұлыңғыр.
Біз елдің санасын өзгертеміз дейміз. Ал бірақ өз санамыз туралы ойланбаймыз. Мұны халқымыз: «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?» демей ме?! Сондықтан сандық өзгеріс сапалық өзгеріске бастайтынын ұмытпағанымыз жөн.
Иә, қазір қоғам өзгерді, ел жаңарды. Жаңарған қоғамға жаңа сана қажет, жаңа идеялар қажет, жаңа бастамалар қажет, жаңа құрылым қажет. Уақыт – қатал сыншы әрі елекші. Уақыт сұранысын дөп басып қана қоймай, жаңа леп пен лек тудырушылар қалады да, оған ілесе алмағандар өз-өзінен сырылып қала береді. Біз осыдан сақтанайық, осыған қам қылайық.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарымен салыстырғанда еліміздің этнодемографиялық ахуалының айтарлықтай өзгергені белгілі. Осыған орай этнолингвистикалық карта жасаудың өзектілігі айқын. Бұған еліміздің Статистикалық агенттігінің деректері көмек береді. Соңғы жалпыұлттық халық санағы деректері жіті талданып, соның негізінде Қазақстанның этнолингвистикалық картасын жасау және соған сәйкес іс-шаралар жүргізуге тиіспіз.
Қоғамымыздағы ең түйткілді мәселенің бірі – дін жайы. Тілді қозғай отырып, діннен айналып өте алмаймыз. Өйткені, дін – рухани дүниеміздің өзегі. Еліміз сыртқы қаржылық ресурстарға мұқтаж болған жылдары шетелдік инвестицияға жол ашып қана қойған жоқпыз, сонымен бірге, шеттен келетін рухани дүниелерге де жүрегіміздің қақпасын ашып тастадық. Соның салдарынан аз ғана жылдың ішінде әлемде бар сектаның барлығы да Қазақстанға кіріп, емін-еркін қызметін өрістетті. Көп ұзамай-ақ оның зиянды салдарларын көріп отырмыз. Бұған да қарсы қоятын қаруымыз болу керек. Ол өзіміздің ата-бабамыздан бері тұтынып келе жатқан төл дініміз – ислам дінінің өнегелі жолы. Бұл үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысын күшейту қажет. Еліміздің барлық мешіттерінде жұма намазының уағыздары бірдей оқытылуы тиіс. Оның арнайы кестесі бекітіліп, имамдардың содан ауытқымауына қол жеткізген жөн.
Қоғамда құндылықтарды қайта бағалау үрдістері жүруде. Соған сай қазақ қоғамында бірнеше қатпарлы субмәдениеттер қалыптасты. Тіл саясатын жемісті жүргізу үшін осынау үдерістерді зерттеп, ғылыми негізде жүргізген орынды. Мәселе тек тіл мамандарына тіреліп отырған жоқ. Сондықтан алдағы кезеңде түрлі сала мамандарынан арнайы топ құрып, олардың ішінде тілшілер, әлеуметтанушылар, заңгерлер, психологтар, философтар, дизайнерлер, мәдениеттанушылар, т.б. мамандардан жұмыс тобы жасақталып, ортақ кешенді зерттеу жүргізу керек. Соның нәтижесін негізге ала отырып, тіл саясатын іске асырсақ, дұрыс болады.
Заңгер мамандардан жұмыс тобын құрып, «ҚР Тіл туралы» заңына түсіндірме дайындалуы керек. Сөйтіп, ол халық арасында жан-жақты насихатталғаны жөн.
Қазір мүмкіндіктер мол ашылған заман. Көзін тапқанға, істің ыңғайын білгенге – дүние жердің бетінде. Қаржылық қолдау көрсетпейді деп мемлекетке өкпе артуымыз орынсыз. Қоғамның барлық құрылтайының өтуіне тікелей Елбасы және мемлекет қолдау көрсетіп келеді. Қалған мәселені өзіміз реттеуіміз керек. Қоғамдық ұйымдарға арнап жыл сайын конкурстар жариялайды. Ұтымды ой, тиімді бастама болса, соны жеңіп алу, іске асыру мүмкіндігі көпшілікке берілген. Бірқатар облыстық ұйымдарымыз осы мүмкіндікті жақсы пайдалануда.
Ендігі кезекте қоғам заман талабына сай икемді, өзін-өзі қаржыландыра алатындай жағдайға жетуі тиіс.
Ұлттың тұтастығы – тілдің тұтастығы. Біз алдағы уақытта да ұлттық құндылықтарымызды түгендеу, құрметтеу жолында ауызбіршілігімізден ажырамауымыз керек. Бірігіп атқарар әр алуан шараларымыз әлі де жетерлік. Осы орайда ойымды ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының төмендегі пікірлерімен тұжырымдамақпын: «Жұмыс қолға алып істесе бітпекші, жоқ артынан қалмай іздесе табылмақшы...
Жұрт жұмысы құмырсқаның илеуіндей жұмыс сияқты. Құмырсқаша жабыла, тынбай істесек өнеді. Бірі оны, бірі мұны істеп, илеуде қарап тұрған құмырсқа болмайды. Жұрт жұмысын да солай істесе, алға басады…»
Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик.