Бұл еліміздің білім беруді дамыту индексі бағытындағы қол жеткен көрсеткіші
Кеше Сағынбек Тұрсыновтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы болып өтті. Бұл отырыс Білім және ғылым министрлігінің азаматтардың білім алуға конституциялық құқықтарының сақталуы және білім беру ұйымдары ұсынатын білім беру қызметінің жоғары сапасын қамтамасыз ету саласында атқарып жатқан жұмыстарын талқылауға арналды. Аталған тақырып бойынша Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Болатбек Әбдірәсілов баяндама жасады.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында өтіп жатқан бұл талқылауда білім беру саласының мемлекет дамуының маңызды стратегиялық ресурсы болып танылған және тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап білім беруді дамыту, адам капиталын жетілдіру мәселелері Президент Н.Назарбаев бастама көтерген мемлекеттік саясаттың тұрақты басымдығы болып табылатыны атап көрсетілді.
Білім беру қызметтеріне тең қолжетімдікті, педагог кәсібінің беделін арттыруды, білім беру процесінің барлық қатысушыларына үздік білім беру ресурстары мен технологияларға тең қолжетімділікті, сапалы мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту мен балаларды толық қамтуды, балаларды мектепке дайындау үшін мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту жөніндегі түрлі бағдарламаларға олардың тең қолжетімдігін қамтамасыз етуге бағытталған қаржыландыру жүйесін жетілдіру мақсатында республика Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы №1118 Жарлығымен 2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. ЮНЕСКО-ның мәліметі бойынша, бүгінгі күні Қазақстан білім беруді дамыту индексі бойынша дүние жүзіндегі 129 елдің арасында алғашқы төрттікке енеді, тұтас оқытумен қамту бойынша ТМД елдері арасында бірінші орында. ЕҚЫҰ және БҰҰ мүшесі ретінде Қазақстан үшін білім беру ұйымдарының азаматтардың сапалы білім алуға құқықтарын жүзеге асыруға бағытталған білім беру саласындағы дүниежүзілік стандарттары тартымды, олар біздің заңнаманың ерекшеліктерін есепке алып, біртіндеп сараланады. Отырыста білім беру мен ғылымның құқықтық базасын жетілдіру, педагог кәсібінің имиджін жоғарылату қажеттілігі, оның ішінде олардың еңбегін ынталандыру, білім беру сапасын арттыру мақсатында интегралды инклюзивті білім беруді, ақпараттық-технологияларды дамыту, оқып жатқан жастардың үздік дүниежүзілік білім беру ресурстарына қолжетімдігін қамту мақсатында электронды оқыту жүйесін енгізу, шағын комплекті деп аталатын мектептер жұмыс істейтін шалғайдағы елді мекендерде сапалы білім алуға қолжетімділік проблемаларын шешу, білім беруді жүйелі жаңғырту мәселелері, білім алу құқығы саласы бойынша ақпарат алуды арттыру мәселелері талқыланып, анықталды.
Күн тәртібінің екінші мәселесі бойынша Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев сөз сөйледі. Ол отырысқа қатысушыларды еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған адам құқықтары саласындағы бірқатар маңызды шаралар қарастырылған комиссияның 2011 жылғы төртінші тоқсанға арналған жұмыс жоспарымен таныстырды.
Комиссияның азаматтардың білім алуға құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы және құқық қолдану практикасын одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыныстардан тұратын ұсыным қорытындысы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Парламентіне жолданатын болады.
Шарафаддин ӘМІР.