Сауытбек АБДРАХМАНОВ – Нью-Йорктен.
Парижден жолданып, газетте жарияланған мақаламызды осылай аяқтағанбыз, сәрсенбілік нөмірге Америкадан біз жазған мақала шықпайтынын аңғартқанбыз. Кешегі нөмірде Президенттің баспасөз қызметі дайындаған шағын ақпарат берумен шектелгеніміз сондықтан (Онда «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 66-сессиясына қатысу үшін жұмыс сапарымен Нью-Йорк қаласына келді. Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясының жалпы жарыссөзіне, ядролық қауіпсіздік жөніндегі жоғары деңгейдегі отырысқа қатысады, сондай-ақ жұмыс сапары аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізеді», деп қана жазылған – ред.). Иә, айналасы екі-үш күннің ішінде Оралда, Атырауда болып, өңірлердегі істің жайымен танысқан, Астраханда Ресей Президенті Дмитрий Медведевпен мемлекетаралық мәселелерді талқылаған Елбасымыз аттың басын Парижге бұрған еді. Жаһандық саясаттағы салмағы дәйім сезіліп тұратын Франция басшысымен келіссөз жүргізіп, бірнеше компаниялар басшыларымен кездескеннен кейін де Нұрсұлтан Назарбаев «әлем астанасы» деп әспеттелетін сол әсем қалада аялдамай, көк мұхиттың ар жағына аттанып кете барды. Атлант аспанындағы алты мың шақырымды сегіз сағатта артқа тастаған Президент ұшағы Нью-Йорк әуежайына қонғаннан кейін небәрі үш сағат өткенде Елбасымыздың екі жақты кездесулері басталып жүре берді. Қазақстан Президентінің Кипр Республикасының Президенті Димитрис Христофиаспен кездесуінде екіжақты қарым-қатынастардың жай-күйі мен даму перспективасы, сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясы аясында талқылауға енгізілген мәселелер сөз болды. – Біздің елдеріміз арасында ешқандай проблема жоқ. Біз өз елдеріміз сыртқы істер министрлерінің сапар алмасуын шештік. Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевты Кипрге келіп қайтуға шақырдым, – деді Д.Христофиас қазақстандық журналистерге арналған брифинг кезінде. Ал Мемлекет басшысының «Эксон Мобил» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Рекс Тиллерсонмен кездесуінде инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ қазақстандық жобаларды іске асыруға америкалық компаниялардың қатысуын кеңейту мәселелері талқыланды. Кездесулер аяқталған кезде мұндағы сағат тілінің өзі кешкі жетіге жетіп жығылған болатын. Астанада бұл кезде таңғы сағат бес. Сонда Президент үшін алдыңғы күннің ұзақтығы... отыз үш сағатқа созылғанын көреміз. Жаһандану заманының жанталасы осындай. Ел деп, жер деп аттан түспей, тебінгіні терге шалдырып, құс ұйқылы болып жүрген Азаматымыздың жұмыс ырғағы осындай. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына жұмыс бабындағы сапарының екінші күні кеше таңертең Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 66-сессиясындағы жалпы жарыссөздің ашылуына қатысудан басталды. БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы 13 қыркүйекте ашылғанымен, бұған дейін мұнда күн тәртібіндегі талай мәселелер талқыланып тасталғанымен, негізгі жалпы жарыссөз ресми түрде кеше мәреден аттанды. БҰҰ-ның Бас хатшысы қызметіне қайта сайланған Пан Ги Мун Ұйымның бейбітшілікті сақтауға бөлетін қаржысы 8 миллиард долларды құрайтынын, егер әлемдегі қақтығыстардың алдын алудың сәті түссе, осынша ақшаның біраз бөлігін басқа мақсаттарға жұмсауға мүмкіндік туатынын айтты. Біріккен Ұлттар Ұйымының бұл бағытта игі істер тындыра алатынына мысал ретінде ол Гвинеядағы, Кениядағы, Қырғызстандағы ахуалдарды реттеудің сәті түскенін атады. Айыр қалпақты ағайындардың тұтанып кете жаздаған азамат соғысын Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы тоқтатқаны, дәл осы Вашингтонда жаһандық антиядролық саммит жүріп жатқан күндері Нұрсұлтан Назарбаевтың төраға елдің басшысы ретінде сол түйінді тарқатуда қатты қайрат көрсеткені белгілі. Пан Ги Мун Палестина мәселесіне байланысты «Палестиналықтар мемлекет құруға құқылы, израильдіктер тыныш өмірге құқылы» деген тұрғыда сөйледі. Бас дипломат одан басқа не айтсын. БҰҰ Бас Ассамблеясы 66-сессиясының төрағасы Нәсір Әбд әл-Әзиз ән-Нәсір он үш жылдың ішінде Катардың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі қызметін атқарған. Ол өз сөзінде адамзаттың жаңа мыңжылдық басында жаңа қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын, оларды еңсеру үшін халықаралық қоғамдастықтың белсенділігі, жауапкершілігі қай кездегіден де маңызды екенін баса айтты. Бразилия Президенті Д.Руссерффтің сөзі қызығушылықпен тыңдалды. Жаңа сайланған басшының ойын еркін жеткізетіні, көсіліп сөйлейтіні көрініп тұрды. АҚШ Президенті Барак Обаманы осы жолы бұрынғыдай баспасөз өкілдеріне бөлінген залдағы экраннан емес, балконнан тыңдай алдық. Балкон БҰҰ мінберіне көтерілген шешендерді «тірідей» көруге мүмкіндік бергенімен, ілеспе аудармаға онша жарытпайды екен. Орысша аударманың сапасы нашар, сөйлемдері іркес-тіркес, оның үстіне дауысы сондай нашар естіледі. Барак Обама бүкіл әлемдегі ахуалды талдап өтуді мақсат тұтқандай әсер қалдырды. Ирак та, Ауғанстан да, Оңтүстік Судан да, Ливия да, Йемен де, Бахрейн де, Сирия да қозғалды. «Біз үнсіз қалғандардың бәрінің дауысы боламыз» – (синхронды аудармада «Мы будем голосом для всех, кто является безмолвным» деп айтылды). Обаманың бұл сөзі көп жайды аңғартып тұр. АҚШ Президентінің Палестинаға байланысты не айтатыны осы күндердегі басты «интрига» болып тұрған еді. Осыдан бір жыл бұрын Палестина мемлекетін құру идеясын қолдайтынын мәлімдеген Обама жақында ғана егер Махмұд Аббас Бас Ассамблеяға Палестинаны тану туралы мәселе қойса, өз елінің вето құқын пайдалануы мүмкін екенін ескерткен. Қауіпсіздік Кеңесінің бес мүшесінің кез келгені кез келген мәселе бойынша вето қойса, қандай шешім де қабылданбай қала беретіні белгілі. Бұл жолы Барак Обаманың Палестина туралы айтқаны біршама жаймашуақ шықты. АҚШ Президенті ол өңірдегі бейбітшілікке тек компромисс арқылы ғана қол жететінін айтты. Сонымен бірге, түптің түбінде Палестина мемлекетін құруға қол жететініне сенетінін де аңғартты. Катар Әмірі шейх Хамад бин Халифа әл-Танидің, Мексика Президенті Ф.Кальдеронның сөздерінен кейін алғашқы мәжілістегі бесінші сөз Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді. Мұнда сөз беру тәртібі өзгермейді. Бұрынғы келгендерімізде де көргенбіз. Алдындағы шешен мінберге шыққаннан бес минуттан кейін келесі сөйлеуші залдағы орнынан көтеріледі де күту бөлмесіне өтеді. БҰҰ Хаттама қызметінің адамы төралқадан орын алып, сондағы арнайы рәсім орынтағына отыруын сұрайды. Кеше де солай болды. Нұрсұлтан Назарбаев сөз басында Тәуелсіздік алғанына 20 жыл толған Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысын ұдайы берік ұстанумен келе жатқанын қадап айтып өтті. Елбасымыз еліміздің әлемдік қоғамдастық үшін аса маңызды екі ірі істі бастап бергенін орынды еске салды. Оның біріншісі – Қазақстанның Семей ядролық полигонын жауып, ядролық қарусыз әлемге адамзат тарихында алғаш қадам басқандығы. «Бұл менің елімнің жаһандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан ұлы үлесі», деді Назарбаев дүние жүзінің ең мәртебелі мінберінен. Артық-кемі жоқ, дәл солай. Өткен жылы осында, Вашингтондағы ядролық қарусыздану жөніндегі жаһандық саммиттен жазған мақаламызда: «Бүкіл әлем тарихы – соғыс тарихы, қарулану шежіресі. Мыңдаған жылдар бойы адамдар адамдарды қырып-жоюдың жаңа жолдарын ойлап табу үшін жанталасты, мемлекеттер жойқын қару-жарақты көбейткен үстіне көбейтуге ұмтылды. Мыңдаған жылдар бойы халиф, хан, патша, король, император, генсек атаулының бәрі өз елінің бес қаруы бойында болуын, жатжұрттықтарды жаппай қырып-жоюға дайын тұруын көздеді. Тек бір ел ғана жаңа қаруға ұмтылу былай тұрсын, қолына келіп түсіп тұрған аса алапат қарудан өз еркімен бас тартты. Тек бір ер ғана айрықша айбын болатын қатерлі қарудың өңешіне өз қолымен құм құйды. Ол елдің аты – Қазақстан. Ол ердің аты – Нұрсұлтан», дегеніміз сондықтан еді. Қазақстан тындырған осындай аса ірі істің екіншісі – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыруға қол жеткізгендігі. Назарбаевтың сонау 1992 жылы жасаған ұсынысы бойынша 2002 жылы алғаш рет шақырылған АӨСШК жұмысына бүгінде 29 ел қатысып келеді, ең бастысы – сол 29 елде Жер планетасындағы барша адамзаттың тең жартысы өмір сүріп жатыр. Елбасымыз осы фактіге де екпін түсіре айтып өтті. «Өткен жылы Қазақстан ТМД елдерінің ішінен бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті», деді мұнан әрі Нұрсұлтан Назарбаев. Ресми мінберден кішік сөйлеген дұрыс та шығар, дегенмен, Қазақстанның осы биікке тек ТМД елдерінің арасынан ғана емес, бүкіл Азия елдерінен, бүкіл түркі дүниесінен, бүкіл мұсылман әлемінен бірінші болып қол жеткізгенін де үстеп айтып жібергенде артықтық етпес пе еді, ол жағдайдан БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің (193-ші мемлекет – биыл тәуелсіздігін жариялаған Оңтүстік Судан) бәрі бірдей хабардар бола бермеуі де мүмкін ғой деп мына жақта біз отырдық. Қайдан білейік. Үлкен саясаттың өзінің сөз саптауы бар. Мына әлемде дін мұсылман жұртына көзқарастың құбылыңқырап тұрғанын да мұндайда ескермесе болмайтын шығар, бәлкім. Негізінде, біз ендігі жерде ТМД елдерінің арасынан алдыңғы қатарға шыққанымызды місе тұтпауымыз керектігі күмәнсіз. Қазақстанның ендігі жердегі өлшемдері басқаша болуға тиіс екенін Президенттің өзі де айтып келеді. «КСРО тарағалы бері біз реформалардың қарқыны мен экономикалық дамудың серпінділігі жөнінен алдыңғы позицияларға шыға алдық. Жиырма жылдың ішінде жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 14 есе өсіп, 700 доллардан 10 мың долларға жетті», деді Қазақстан Президенті кеше БҰҰ мінберінен. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалығының халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту, ислам әлемі мен Батыстың арасындағы үнқатысуды алға жылжыту, исламофобияға қарсы тұру, жаппай қырып-жою қаруын таратпау режімін күшейту бағыттарына жұмылдырылып жатқанын айтып өтті. Қазақстан төраға ел ретінде Сомалидегі гуманитарлық дағдарысқа орай азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізу, елді экономикалық тұрғыдан демеу үшін 350 миллион доллар қаржы жинауға жұмылдырғаны да орынды еске салынды. Елбасымыз кеше Астана Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін алдағы кезде Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында өткізу жөнінде ұсыныс жасағанын хабарлады. «Мұның өзі планетадағы сенімді нығайту жөніндегі жаһандық үнқатысуға қосқан біздің үлесіміз», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан басшысының сөзі адамзаттың алдында тұрған қауіп-қатерлерді анық айтып, оларды еңсерудің жолдары жөнінде нақты ұсыныстарын ортаға салуымен де назар аудартты. Этносаралық, дінаралық төзгісіздік ұшқындары тіпті толеранттылық дәстүрлері берік деген елдердің өзінде де жалт-жұлт етіп, жасын төгіп қойып жатыр. Назарбаевтың жаппай ақпараттанған мына дүниеде электрондық экстремизмнен сенімді қорғаныс қажеттігін қозғағаны БҰҰ аясындағы тың тезистердің бірі болды. Басқаларды айтпағанда, бүгінде БАҚ электронды пошталарының өзі хакерлер шабуылына ұшырап қалатынын мына біз жақсы білеміз. Хакерлердің банктерге шабуыл жасап, миллиондаған долларларды суырып шығарып жатқанын интернеттен өзіңіз де оқып жүрсіз. Қазақстан Президенті кеше әлемдік қоғамдастық қарауына Ядролық қарусыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын дайындауға кірісуді ұсынды. Назарбаевтың мына ойы жаһандық тұрғыда қызығушылық туғызады, пікірталасқа тамыздық болады деп шамалаймыз. Елбасымыз былай деді: «Бүгінгі таңда ядролық қаруға ие державалар тарапынан ядролық қарусыз мемлекеттерге нақты заңды кепілдіктер жоқ. Бұл маңызды өлшем тұрғысынан қарағанда, Таратпау туралы шарт жұмыс істемейді. Қазіргі кезеңде ядролық қару жанталаса қаруланудың тежеуші факторына емес, қайта қозғаушы күшіне айналып отыр». Ал қазір ол қаруға қолы жетпеген, бірақ қолын жеткізуге жанталасып жүрген елдердің бәрін бірдей басқаларға шабуыл жасауды ойластыруда деудің жөні жоқ, олар басқалардың өзіне ондай қаруды қолданбауына сенбегендіктен де солай етуге мәжбүр болып отыр. Ядролық қарудан өз еркімен бас тарту арқылы Қазақстанның ядролық қаруға ие бес мемлекеттің (АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция) тарапынан қауіпсіздік кепілін сонау 1994 жылы, ЕҚЫҰ-ның Будапешт Саммитінде, қазақша айтқанда, ерте жарықта алып алғанының қадірін осыдан өзіңіз-ақ шамалай беріңіз. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде барша адамзатты мына бір ащы шындыққа тіке қарауға шақырды. «Сондай-ақ әлемдік қоғамдастықтың де-факто ядролық мемлекеттерге ұжымдық жолдауын қабылдап, оларға өздерінің шамшыл ниеттерінен бас тартуға, жалпыға ортақ шарттарға қосылуға шақыруды ұсынамын», деді Елбасымыз. Шынында да, ядролық сынағын ашықтан ашық жасамағанымен, Үндістан, Пәкстан, Солтүстік Корея сияқты бірқатар елдердің іс жүзінде, яғни де-факто ядролық мемлекеттер екенін ескермеудің тіпті де жөні жоқ. Қазақстан басшысы одан арғы сөзін төмендегіше жалғады. Онда да халықаралық қоғамдастықтағы түйткілді жәйттерге қатысты бірқатар ой-пайымдар көлденең тартылды. Мәселен, экономикалық үдерістердің жаһанданудағы өсіп келе жатқан деңгейі БҰҰ қызметінің экономикалық құрамдасындағы парадигмалардың ауысуы қажеттігін талап етіп отырғанын атап көрсетті. Әлемдік құрылымдардың, деді осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлы, валюталық және сауда-экономикалық реттеу саласындағы жұмысының басты мазмұны әлемдік дағдарыстарды болжап, себептерін аластау болуы тиіс. Бүгінде ағымдағы жаһандық дағдарысқа әлемдік қаржы жүйесіндегі ақау алып келгенімен бәрі де келіседі. Бірақ оның кемшін тұстарын жоюға бағытталған ешқандай шара әлі күнге қабылданбай отыр. Аталған мәселедегі баяулық дағдарыстың жаңа қуатты қысымына соқтырып, өңірлік және әлемдік тұрақсыздыққа ұрындырады. Барлық құрылымдар мен қатысушылардың нақты құқықтары мен жауапкершілік нормалары көрсетілген, тиімді әлемдік резервтік валютасы бар, алыпсатарлық капиталға қатаң бақылау орнатылған жаһандық экономикалық басқарудың тиімді тетіктерін құру маңызды. Осы тұрғыдан келгенде, Жаһандық реттеу туралы пакт жасау идеясы көкейкесті болып табылады. Келесі маңызды мәселе – жаһандық аштық пен өсе түсіп отырған су тапшылығының алдын алу. Ақпараттық кеңістік – бұл адамзат болашағы үшін жер байлығы, әуе және су әлемі, ғарыш сияқты маңызды сала. Бірақ бүгін ақпараттық үдерістерді реттеп отыратын бірде-бір халықаралық конвенция, бірде-бір көпжақты келісім жоқ. Банктерге, компанияларға, мемлекеттік мекемелерге, әскери және тіпті ядролық нысандарға көптеген хакерлік шабуылдардың іс жүзінде жазасыз қалатындығы осымен түсіндірілмей ме? Жаһандық-ақпараттық кеңістіктің халықаралық құқықтық базасын қалыптастыруды маңызды санаймын. Бұған 2002 жылы қабылданған БҰҰ Бас Ассамблеясының киберқауіпсіздіктің жаһандық мәдениетінің 9 элементі туралы қарары негіз болады, деді аталған проблемаға байланысты Қазақстан басшысы. Жаңа әлемдік тәртіптің «пісіп-жетілуі» жанжалдардың өсуімен қоса жүреді. Бүгінде әлемде қаруланудың жиынтық шығыны «қырғи-қабақ соғыс» жылдарындағыдан екі есе жылдам – жылына 6 пайызға өсіп отыр. Олар бүгінде 1,5 триллион долларға жетті. Осы ретте менің осыдан 19 жыл бұрын алғаш жылжытқан БҰҰ-ның бітімгершілік күш-жігері қорын құру туралы ұсынысым бұрынғыдан да көкейкестірек бола түседі. Бұл жерде әңгіме БҰҰ-ға мүше әр мемлекеттің әскери бюджетінің 1 пайызын аударуы туралы болып отыр. Әлемдік қоғамдастықты осы идеяға оралып, қажетті шара қабылдауға шақырамын. 66 жыл бұрын БҰҰ «оның барлық мүшелерінің егемендік теңдік қағидатына» негізделген ұйым ретінде құрылды. Алайда, бүгінде ұлттық егемендік пен аумақтық тұтастық қағидаты көп жағдайда эрозияға ұшырайтынын көрмеу мүмкін емес. Нұрсұлтан Назарбаев мұның ұлттар арасындағы сенімге селкеу түсіруі мүмкін екендігін атап көрсетті. Бүгінде, деп жалғады ойын Қазақстан басшысы, жаңа өмір шындығын есепке ала отырып, ішкі жанжалдарды реттеуге әлемдік қоғамдастықтың қатысуы заңды болып табылатын шектерді нақты айқындап, мемлекеттердің ұлттық егемендігіне қатысты халықаралық құқықтың нормаларын жетілдіру қажет. Егер БҰҰ қауіпсіздіктің өңірлік құрылымдарымен тығызырақ іс-қимыл танытатын болса, онда Жердегі бейбітшілік тек беки түседі. Еуразия өңіріне қатысты айтатын болсам, бұлар – АӨСШК, ШЫҰ, ҰҚШҰ. Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы мен қызметінде қазіргі әлемнің құрылымын тепе-тең көрсету маңызды. Осымен бір мезгілде, вето тетігі қабылданатын шешімдер дұрыстығы мен тиімділігінің кепілі болып қалады. Қазақстан өзінің кандидатурасын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-18 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне ілгерілетті. Біз әлемдік қоғамдастықтың қолдауынан үміттіміз. Құрылымдық реформалар шеңберінде БҰҰ-ның табиғи және техногендік апаттардың алдын алу мен олардың салдарларын еңсеру мәселелеріндегі рөлін жоғарылатуды қарастыру қажет, деді сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев. Тарих адамзаттың әрбір жаңа дәуірінің алдына кең ауқымды міндеттер қояды. Бүгінгі ең маңызды мәселе – ХХІ ғасырдағы жаһандық трансформация қиындықтарынан лайықты өту. Барлық ұлттар арасындағы сенім мен бірлік – бұл жаңа әділетті әлемдік тәртіптің негізі. Назарбаев осы күндері бүкіл әлемнің аузында жүрген Палестина проблемасын да айналып өткен жоқ. Бұл жайындағы Елбасымыз сөзі жөнінде де, осындағы пікірталасты да ертеңгі мақалада арнайы жазған жөн сияқты көрінеді. «Барлық ұлттардың арасындағы сенім мен бірлік – әлемнің әділдікпен жаңадан құрылуының негізі», деді сөзінің түйінінде Нұрсұлтан Назарбаев. Иә, сенім мен бірлік барша адамзатқа ауадай қажет. Қазақстан Президенті кешегі сөзімен әлемдегі беделді саясаткерлердің ортасынан ойып тұрып орын алғанын тағы да танытып берді. Елбасы мерейі – ел мерейі. Нұрсұлтан Назарбаев Австрия Республикасының Президенті Ханс Фишермен кездесті. Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері мен БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясының күн тәртібін талқылады. Президент Түрік Республикасының Премьер-министрі Реджеп Эрдоғанмен кездесті. Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастар мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңестің Президенті Герман Ван Ромпеймен кездесу өткізді. Кездесуде екіжақты өзара іс-қимыл мәселелері мен БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясының күн тәртібі талқыланды. Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті ядролық қауіпсіздік жөніндегі жоғары деңгейлі мәжілісте сөз сөйлейді деп күтіліп отыр. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.«AMANAT»-та «Ұлы дала» әдеби байқауы қорытындыланды
Руханият • Кеше
Деректер журналистикасы бойынша оқу курсының таныстырылымы өтті
Аймақтар • Кеше
«Egemen» де, домбыра да сыйлады
Руханият • Кеше
Қасым-Жомарт Тоқаев «Жетісу» волейбол клубының жай-күйімен танысты
Президент • Кеше