Кенді Алтайда дала өрттерінің кезеңі басталды. Тәулігіне орта есеппен өрт сөндірушілер құрғақ шөпті сөндіруге 40 рет шығады. Мамандардың айтуынша, егер адамдар өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаса, бұл көрсеткішті жартылай азайтуға болатын еді. Есепке жүгінетін болсақ, дала өрттерінің шығуының 90 пайызы адамдардың отты абайсыз қолдануы мен немқұрайды қарауынан болады.
Жылдың басынан ШҚО-да 22 мың гектар ауданды қамтыған 42 дала өрті тіркелген. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш әлі де өседі. Өрт қаупі кезеңі құрғақ, жылы ауа райына байланысты ұзаққа созылуы мүмкін. Құрғақ қурайлар, шөптер, бұталар нөсер жауын мен аяздар басталғанға дейін жанатыны белгілі. «Дала және орман өрттерін сөндіру оңай іс емес, – дейді облыстағы дала және орман өрттері жұмыстарын үйлестіру жөніндегі бас маман Андрей Иванов. – Өртті сөндіру бірнеше күнге, тіпті бірнеше аптаға созылуы мүмкін. Ол өрттің шыққан жері мен ауа райы жағдайына байланысты. Егер өрт таулы-құзды жерлерде болса, онда ол жерге мамандандырылған көліктер бара алмайды. Ондай кезде өрт қолмен өшіріледі, соған байланысты уақыт та, күш те көп жұмсалады. Ал егер өртті басқару, өз күштерімен ауыздықтау мүмкін болмаса, онда әуе күштері көмегіне жүгінуге тура келеді. Біздің басты мақсатымыз – өрттің жақын маңдағы ауылға таралуына жол бермеу және табиғаттың әсемдігін сақтап қалу. Сондықтан осындай сәттерде түсіністікпен бірігіп, жұмыла әрекет жасау қажет».
Ең бастысы, орман өртінен сақтану шарт.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Шығыс Қазақстан облысы.