Кеден департаменті қызметкерлерінің мәліметі бойынша, бүгінгі таңда Жамбыл облысының сыртқы тауар айналымы 997 млн. 680 мың АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде экспорт 768 млн. 980 мың АҚШ долларын, ал импорт 228 млн. 700 мың АҚШ долларын құраған.
Дей тұрғанмен, облыста экономикалық контрабанда өзекті мәселеге айналып отыр. Бүгінге дейін облыс бойынша 49 экономикалық контрабанда қылмысы тіркеліпті. Оның ішінде кеден органдары 34 млн. теңгеге қатысты 15 қылмыстық іс, қаржы полициясы органдары 40 млн. теңгеге қатысты 23 қылмыстық іс қозғаған. Облыстық прокуратура органдары 15 тексеру жүргізіп, анықталған 28 заң бұзушылық бойынша 12 ұсыныс енгізсе, 21 тұлға әкімшілік жауапқа тартылған. Сонымен бірге, экономикалық контрабанда дерегі бойынша 250 млн. теңгеге қатысты 12 қылмыстық іс қозғалса, оның ішіндегі 2 қылмыстық істің кеден қызметкерлеріне қатысы бар. Қазіргі таңда өкілетті органдар қарауында заң бұзушылықты жою және кінәлі лауазымды тұлғаларды сыбайлас жемқорлық бойынша жауапқа тарту туралы 6 ұсыныс қаралуда.
Мына «қызықты» қараңыз. Қордай аудандық прокуратурасының тексеруі барысында «КазЭксимГруп» ЖШС-не тиесілі қоймалардан 18 ірі жүк автокөліктеріне тиелген мұздатылған тауық еттері табылған. Тауар иелері жүкті «Қордай» кеден бекеті арқылы «сәбіз» ретінде рәсімдеп, мемлекеттік шекарадан алып өткен. Алынған тауардың орташа құны 180 млн. теңгеден асқан. Бүгінде бұл іс бойынша алдын-ала тергеу амалдары жүргізілуде.
Республика аумағына контрабандалық тауарларды кедендік бекеттер басшыларымен «келісімге» келу арқылы ғана емес, сонымен бірге басқа «жолдар» арқылы да тасымалдау орын алуда. Мысалы, жақында Жамбыл ауданының аумағында 1300 кило болатын үй құстарының еттерін тиеген «кәсіпкерлер» ұсталды. Аталған тауарларды олар Гродиково ауылының маңындағы канал арқылы тасымалдауды жүзеге асырыпты. Сондай-ақ, көрші мемлекетке заңсыз жанар май тасымалдауды пластикалық құбырлар арқылы жүзеге асыратын «шеберлер» де бар екен.
Прокуратура органдары мен басқа да құқық қорғау органдары экономикалық контрабандаға тікелей қатысы бар тұлғаларды, сондай-ақ ел аумағына контрабандалық жолмен тасымалданған тауарларды сақтайтын қойма, үй, автокөлік тұрақтарын да тексеруде. Мысалы, облыстық прокуратураның жедел іздестіру шарасы бойынша қаржы полициясының қызметкерлері Жамбыл стансасының аумағында «Ника» ЖШС-не тиесілі темір жол шектеуінде маневрлік тепловоз және екі жабық вагонды анықтады. Аталған вагондарды қарау кезінде, оның ішінен 122 740 кило мұздатылған құс еттері табылды. Тексеру барысында аталмыш маневрлік тепловоз ешқандай рұқсат құжатынсыз Жамбыл стансасы аумағынан шығып, Қырғызстан елі аумағындағы Жуантөбе стансасына барып, аталған тауарларды еш кедергісіз тиеп алып келгені анықталды.
Жақында кеден заңнамасының мәселелері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың экономикалық контрабанда қылмыстары мен құқық бұзушылықтың алдын алу профилактикасы шараларын қолдануы бойынша облыстық прокуратурада алқа мәжілісі болып өтті. Онда құқық қорғау органдарына, экономикалық контрабанда «қызығына» түскен тұлғаларды анықтау, тауарларды заңсыз тасымалдау жолдарын, контрабанданың жасалуына көмектескен, ықпал жасаған лауазымды тұлғаларды анықтаудың тиімді тәсілдері мен әдістерін қарастыруға нұсқау берілді. Қаржы полициясына аймақтағы экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуі ахуалының төмендігі атап көрсетілді. Облыстағы шекаралас аудандарда орналасқан полицияның учаскелік инспекторларының жұмысын тиімді ұйымдастыру талап етілді. Республиканың мемлекеттік шекарасын қорғауды жүзеге асыратын әскери бөлімдердің командирлеріне, мемлекет шекарасын кесіп өтудің кез келген әрекетін тоқтатуды, экономикалық контрабанда мәселесі жөнінде өзге де мемлекеттік органдармен тығыз байланыста болу айтылды.
Санитарлық-эпидемиологиялық, ветеринарлық және салық қызметтеріне облыс аумағына тиісті құжаттарсыз тасымалданған тауарлар мен азық-түліктерді өткізу мәселелері бойынша тексеруді жүйелендіру жұмыстарын жүргізуге нұсқау беріліп, олардың сапасына, салықтың және өзге де төлемдердің мемлекеттік бюджетке уақтылы өндірілуіне баса назар аудару атап өтілді.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
Жамбыл облысы.