Қазақстандық «СемАЗ» мәшине құрастыру кәсіпорны өзі жұмыс істеген күннен бастап 1500-ден астам «Беларусь» тракторын құрастырып шығарды. Бұл елімізде ауылшаруашылық техникаларын шығаруды қаржыландырудың нәтижесінде жүзеге асып отыр.
«ҚазАгроҚаржы» компаниясы 2009 жылы ауылшаруашылық техникаларын құрастыру өндірісін ұйымдастыру бағытында құны 1,03 млрд.теңге тұратын инвестициялық жобаны қаржыландырған болатын. Ал жобаның жалпы құны 1,2 млрд.теңге. Бұдан өзге лизингтік компания отандық өндірушілерге қолдау жасау аясында «СемАЗдан» Қазақстанның шаруашылықтары мен агроқұрылымдарына кейін лизингке табыстау үшін оның өнімдерін сатып алады. Сатып алынатын техника көлемі отандық ірі жер иеленушілердің мүдделері мен сұранысына байланысты болмақ.
2009 жылдың наурыз айынан бастап «ҚазАгроҚаржы» Семейдің мәшине құрастырушыларынан барлығы 873 бірлік «Беларусь» тракторын сатып алған болатын. Ал биылғы жылдың басынан бастап, «СемАЗдан» жалпы сомасы 1,6 млрд. теңгеге 462 трактор, сондай-ақ 118 млн.теңгеге 64 пішен тайлағыш сатып алды.
Елбасы Солтүстік Қазақстан облысына барған сапарында ел аумағында ауылшаруашылық техникаларын шығару мен құрастыратын кәсіпорындар құру қажеттігін айтып өткен болатын. Егер біз шетелдік техникаларды сатып ала отырып, оларды Қазақстанда құрастыруға міндеттесек, құны 30% арзанға түседі. 2000 жылдан бастап «ҚазАгроҚаржы» ел аграрлық секторына 160 млрд. теңгеден астам қаржыға 18 мың бірлікке жуық ауылшаруашылық техникаларын сатып алып, табыс етті. Шаруалардың қалауы бойынша, отандық өндіріс техникалары және жабдықтарымен қатар алыс-жақын шетелдік өндірістен де сатылып алынады. Алайда отандық лизингтік компания өтініштерді қарау кезінде отандық техникаларға басымдық береді. Оларды жеңілдікпен сатып алуға талаптар да қаржыландырылады.
Бүгінде компанияның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – Қазақстанда техника шығаруды ұйымдастыру. Осы мақсатта компания инвестициялық жобаларды іске асыру аясында жылына 6 %-бен екі жыл жеңілдікті өтеу кезеңімен қаражат қарастырып отыр.
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің деректеріне сәйкес, Қазақстанның ауылшаруашылық мәшинелерін жасау өндірісіне 120 кәсіпорын жұмылдырылған. Оның 50-інде әртүрлі топырақ өңдеу құралдары (қопсытқыштар, сыдыра жыртқыштар, соқалар, тырмалар), сонымен қатар дестелегіштер мен тұқымсепкіштер шығару өндірісі ретке келтірілген. Бұдан өзге, жемшөп дайындауға арналған техникалар, өсімдіктерді қорғауға арналған мәшинелер және ауылшаруашылық мақсаттарға арналған басқа да құрал-жабдықтар, олардың қосалқы бөлшектерін бірге шығарады. Ал 15-ке жуық кәсіпорын түпкі өнім өндіруші болып саналады. Сонымен қатар, «АгромашХолдинг» АҚ Қостанай қаласында «Есіл» астық жинау комбайндарын шығару бойынша қолданыстағы өндірістік қуатты ұлғайтпақшы.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.