Бұған дейін жергілікті атқарушы органның құзырында болған халыққа қызмет көрсету орталықтары осы жылдың наурыз айында Үкімет қаулысымен Байланыс және ақпарат министрлігінің бақылауына берілген болатын. Осы мақсатта министрлік жанынан ХҚКО жұмысын үйлестіру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау жөнінде комитет құрылды. Комитетке жүктелген негізгі міндеттер ақпараттандыру саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруда мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың қызметін бақылау, заңды және жеке тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсетулерді ұсынуда, оның ішінде электронды нұсқада, халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру болып табылады.
Министрлік халыққа қызмет көрсету орталықтарында «бір терезе» қағидасы бойынша ұсынылатын қызмет түрлерін жетілдіру, әлеуметтік маңыздағы және халық арасында үлкен сұранысқа ие қызмет түрлерін автоматтандыру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл істі жүзеге асыруға Алматы қаласы Түрксіб ауданының халыққа қызмет көрсету орталығы барынша атсалысуда.
Байланыс және ақпарат министрлігі халыққа қызмет көрсету орталығында кезекке тұруға call-орталығы немесе интернет арқылы брондау жүйесін енгізуде. Яғни 1414 телефонына қоңырау шалу арқылы тұрғындар call-орталығының операторларынан «Электронды үкімет» жұмысымен қатар, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы туралы да ақпараттық кеңес ала алады. Бұған қоса мемлекеттік өтемақыларды «Электронды үкіметтің» төлем шлюзі немесе банк карточкасы арқылы төлеуге мүмкіндік туады. Оңтайландыру жұмысын жүзеге асыруда бағалау жүйесі бойынша жоғары санатты мамандарды жұмысқа тарту, қызметкерлерді оқыту, бизнес жүйелерін іске асыру және автоматтандыру жолымен халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметінде көрініс тапқан сыбайлас жемқорлық деңгейін азайту мәселелері де басты назарда болады.
«Электронды үкімет» бағдарламасын қалыптастыру және дамыту шеңберінде жүзеге асырылып отырған электронды-сандық қолтаңбамен үйде интернет жүйесі арқылы кез келген жылжымайтын мүлікке қатысты анықтама алуға болады. Бұл іс Үкіметтің www.egov.kz сайты арқылы жүзеге асырылады. Электронды анықтамаларды алу үшін Ұлттық куәландыру орталығы талаптарын сақтай отыра тіркеліп, электронды-сандық қолтаңба алу қажет. www.egov.kz Үкімет сайтында, «Электронды қызметтер» бөлімінде тіркелгеннен немесе тіркеу расталғаннан кейін аты-жөні, жеке куәліктің деректері, заңды тұлғаның атауы, ЖСН, қызмет түрі, жылжымайтын мүлік нысанының түрі туралы мәліметтер тізімін көрсете отырып, сауал жіберу керек. Сауал түскеннен кейін, 5-10 минуттың ішінде тіркеуші орган өтініш берушінің сауалы негізінде «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік дерекқорынан электронды түрде мәлімет ұсынады. Егер де өтініш білдіруші «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік дерекқорынан мәліметті алу үшін ХҚКО-ға немесе тіркеуші органға жүгінетін болса, дайын электронды құжат қағаз жүзінде басылып беріледі. Электронды ақпараттық қызмет түрлері нысанындағы деректер қызмет түрі көрсетілген сәтке жарамды болып табылады Ол үшін халыққа қызмет көрсету орталығынан немесе Ұлттық куәландыру орталығының www.pki.gov.kz сайты арқылы ЭСҚ алуға өтінім жасауға және электронды пошта арқылы ЭСҚ кілттерін алуға болады.
Бүгінгі күні «Электронды үкіметтің» порталы арқылы шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын және қалыпты жарғы негізінде өз ісін жүргізіп отырған заңды тұлғаны тіркеуге болады. Аталған қызмет автоматтандырылған. «Электронды үкімет» заңды тұлғаларды тіркеуде оңтайлы жағдай жасауда. Бұл өз ісін жаңадан бастағалы тұрған кәсіпкерлерге оперативті түрде өз кәсібін тіркеуге мүмкіндік береді.
Заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеуге тұрғаны туралы куәлікті 1 күннің ішінде алуға болады. «Электронды үкімет» порталы арқылы өтінім беруге бірер минутыңызды жұмсайсыз. Өтінімді толтыру кезінде жылжымайтын мүлікті таңдайсыз, толтырылған мекен-жай кейін тіркелген компанияның заңды мекен-жайы болып есептеледі. Жылжымайтын мүлік автоматты түрде МДҚ-дағы Жылжымайтын мүлік тіркелімінен тексеріледі. Егер жылжымайтын мүлік компания басшысының немесе құрылтайшысының жеке меншігі болып есептелсе, бірінші кезекте, жылжымайтын мүлік туралы сұраным жолдау керек. Бұдан кейін, өтінімде заңды тұлғаның барлық реквизиттері (атауы, кәсіп түрі, штаты, жарғылық капиталы) көрсетіледі. Тіркеу куәлігін тіркеуші органнан аласыз. Қазіргі уақытта бұл қызмет түрі электронды нұсқада барлық тұлғалар үшін көрсетіледі.
Байланыс және ақпарат министрлігі жылдың соңына дейін сұранысқа ие мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін талдап, оңтайландырудың іс-шараларын әзірлеуде. Кезекте жер учаскесіне жеке меншік құқық беру актісі, сотталмағандығы жөніндегі анықтама, әскери есепке алу және шығару, балабақшаға балаларды тіркеу, жылжымайтын мүлікке техпаспорт беру және т.б. қызмет түрлері бар.
Жақын арада орталық жұмысын автоматтандыру арқылы азаматтарға құжат беру ісі барынша жеңілдетіледі. Осылайша, ағымдағы жылдың аяғына дейін тұрғындарды тіркеу, жеке куәліктер мен төлқұжаттарды беру қызметтері оңтайландырылып, орталық ғимараттарындағы ұзын-сонар кезектерді азайту үшін телефон немесе интернет желісі арқылы кезекті брондау қызметі енгізілетін болады. Сондай-ақ мемлекеттік төлемдерді «Электронды үкімет» немесе банктің төлем карточкасы арқылы жасау көзделген.
Оразхан ӨКСІКБАЕВ, Алматы қаласы Түрксіб аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының директоры.