Ел экономикасы қарышты дамыған тұста халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары да жаңа сатыға көтеріліп келеді. Мәселен, қуат көзі тұрмыстың қай саласына да берік еніп, күнкөріс жеңілдеді. Осы қажеттіліктерді одан әрі жеңілдету, қанағаттандыру мақсатында Алматы – Талдықорған сайрағындағы алып бөген бұғауланып, Қапшағай ГЭС-ін тұрғызу 1963 жылы қолға алыныпты. Содан бері де ондаған жылдар артта қалды. Осы алып құрылыстың жұмысына белсене араласқан еңбек ардагері, шаһардың құрметті азаматы, Қазақстанның және ТМД елдерінің еңбек сіңірген энергетигі Василий Казначеев сол кезді ерекше мақтанышпен еске алады.
Іле өзеніндегі шатқалға құрыш білекті құрылысшылардың алғашқы легі келген сәт әлі есімде. Жұмыс жүргізілген жеті жылда 236 мың текше метр жартастық жыныстар мен 2,35 млн. текше метр топырақ алынып, 229 мың текше метр бетон мен темір-бетон, 11,5 мың арматура салынды. Топырақтан жасалған төсеніштің көлемі 2,8 млн. текше метрге жетіп, құз-жартас ұңғыланып, бөгет пен жол салынды.
ГЭС жобасын С. Жук атындағы Бүкілодақтық «Гидропроект» ҒЗИ-дің Қазақ филиалы жасады. ГЭС-тің бас мердігері ретінде «ИртышГЭССтрой» тресі қатысқан еді. 1969 жылдың мамыр айында Қапшағай су қоймасын сумен толтыру басталды. 1970 жылы 1 қазанда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің нұсқауымен Қапшағай ГЭС-ін пайдалану кәсіпорны құрылды. 2007 жылғы 14 ақпаннан бастап Қапшағай ГЭС-і «Алматы электр стансалары» акционерлік қоғамы құрамына енді. Стансаның бас кеңсесі Алматы қаласында орналасып, жұмыс осылайша қарқын алды, дейді ардагер.
Қапшағай ГЭС-інің бас инженері Серік Қалиевтің айтуынша, стансаның жұмысы нәтижесінде шамамен 300-400 тонна көмір үнемделеді екен. ГЭС-тің жобалық қуаты 434 МВт. Алайда, 1994 жылдан бері нақты тағайындалған 364 МВт. қуат өндірумен жұмыс істеп келеді.
Қапшағай ГЭС-інің электр энергиясын өндіру технологиясы шаһардағы су қоймасынан су ағынын қолдану негізінде жүзеге асатынын көрдік. Су арналар арқылы су қабылдағышқа, сосын турбиналар арқылы бағыттаушы аппараттың қалқаншаларындағы шиыршықты камераға түседі. Бағыттаушы аппарат ашылған кезде су гидротурбиналар арқылы өтеді. Міне, осылайша сорғы құбыры арқылы төменгі бұру арналарына су ерекше екпінмен түсіріледі.
Станса экологиялық тұрғыда барлық талаптарға сай қызмет етуде. Соңғы жылдары заманауи жаңа техникалармен қамту мәселесі қолға алынған. ГЭС-тің осы және басқа да жұмыстарын әңгімелеген бас инженер осындағы жұмысшылардың жағдайына да тоқталды.
– Бүгінде ұжымда 174 адам жұмыс істейді. Барлығы да Қапшағай қаласының тұрғындары. Олардың біразы стансаның негізі құрылғаннан бері еңбек еткен ардагерлер. Дәл бүгін ұжым Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын қарсы алу үшін еңбектерін еселей түскен. Өйткені, станса жұмысының сапасы мыңдаған отбасындағы тіршіліктің шырайын кіргізетіні анық. Шаһардың сәулелі шуағы да біздің еңбегіміздің жемісі, – дейді бас инженер.
Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы тиісті деңгейде қорғалған. Жалақыларының орташа мөлшері қала бойынша жоғары санатқа жатады. ГЭС-ке қарасты жұмысшылардың балаларына арналған «Эдельвейс» арнайы лагері бүлдіршіндердің алаңсыз демалуына әрдайым көңіл бөледі. Сонымен бірге, мамандар біліктілігін арттыру мәселесі де жолға қойылған. Жастарды осы кәсіпке тәрбиелеу жайы да ұтымды шешілгені қуантады.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.