19 Қаңтар, 2010

ҚАЗАҚСТАН ТӨРАҒАЛЫҒЫ МАҢЫЗДЫ ШАРАЛАРМЕН БАСТАЛДЫ

1233 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Мұндай пікір ЕҚЫҰ-ның Қысқы мәжілісіне қатысушылар тарапынан жиі естілуде Сәрсенбі күні Сенат Төрағасы Қасымжомарт Тоқаев бастаған Қазақстан Парламентінің делегациясы ЕҚЫҰ-ның Қысқы мәжілісіне қатысу үшін Вена қаласына келді. Жақсыбай САМРАТ – Венадан. Делегация құрамында Сенат­тың Халықаралық қатынастар, қор­ға­ныс және қауіпсіздік коми­те­тінің төрағасы, ЕҚЫҰ Парла­менттік Ассамблеясының Саяси мәселелер және қауіпсіздік жөнін­дегі жалпы комитетінің мүшесі Қуаныш Сұл­танов, Мәжілістің Ха­лық­аралық істер, қорғаныс және қауіп­сіздік комитетінің төрағасы, ЕҚЫҰ атал­мыш комитетінің мү­шесі Әмзебек Жолшыбеков және басқа парла­ментарийлер бар. Адамзат тарихындағы Штраус, Моцарт, Бетховен, Шуберт сияқты ұлы композиторларды туған Вена қаласы қай күндегісіндегідей өткір самалмен желпініп, музыкалық күй танытып тұр екен. Бұл самал бір жағынан Қазақстандағы ерте көк­темде қарды алып кететін “алтын күрек” желін еске салып, қала кө­шелерін жасаңғыратып тұр. Қазақстан делегациясы осы күннің кешінде, ешқандай ресми шара болмағандықтан, Венаның опера театрында “Жарқанат” балетін тамашалады. Ресми шаралар кеше таңертең басталды. Алдымен ЕҚЫҰ ПА Тұрақты комитетінің мәжілісі бол­ды. Оған журналистер толығымен қа­тыс­тырылып, олар отырыстың қан­ша­лықты қызғы­лық­ты дәрежеде өт­ке­нін өз көздерімен көруге мүм­кіндік алды. Мәжілісті ЕҚЫҰ ПА төрағасы Жоао Соареш ашып, жүргізіп отырды. Ол өзінің сөзінде ЕҚЫҰ-ның жаңа төрағасының алғашқы қадамдарына қысқаша ба­ғалар беріп өтті. Іс басындағы төраға Қанат Саудабаевтың ұзаққа созыл­ған кикілжіңдерді реттеуге ықпал ету үшін жасап жүрген талап­тарына да жоғары баға берді. Бұл Қазақ­стан­ның өзіне жүктелген міндеттерді те­рең­нен түсініп, оны тиімді орын­дауға кірісе бастағаны­ның көрінісі, деді ол. Қазақстан­ның төрағалыққа өтуін қолдаған көптеген елдердің лидерлері, іште­рінде Франция Пре­зиденті Н.Сар­кози, Ресей Прези­денті Д.Медведев және т.б. бар, Қазақстанның осы тарапта тиімді төраға болатынды­ғын айтқан еді, енді біз соның же­місін көре бас­та­дық. Осы тарапта Ж.Соареш өзінің атынан Грузия мен Ресей арасын­дағы кикілжіңді реттеу үшін бізге аса күрделі саяси ше­шім қабылдауға тура келетін шы­ғар. Сондықтан бізге саяси батылдылық пен шешімділік керек, деді ол. Одан әрі төраға сөз кезегін баян­дама жасау үшін ЕҚЫҰ ПА қазы­на­шысы Роберте Бателлиге берілді. Өзінің баяндамасы қаты­сушыларға бұрын таратыл­ған­дықтан, ол барын­ша қысқаша сөйлеп, ЕҚЫҰ ПА үшін қаржылық жыл 30 қыркүйекте аяқталатынын айта келіп, есепті кезеңде белгіленген шығыс сомасы­ның 4 пайызы игерілмей қалғанын жеткізді. Бұл үнем іссапарлардың азаюы есебінен болды, деді ол. Келесі сөз, күн тәртібіне сәйкес, ЕҚЫҰ ПА Бас хатшысы Спенсер Оливерге берілді. Оның баяндамасы да қысқа болды, ол Ұйымның есепті кезеңдегі жұмысына оң баға бере келіп, өзінің келесі мерзімге кан­дидатура ұсыну мәселесі әлі шешілмегенін жеткізді. Күн тәртібіндегі келесі үлкен мәселе ЕҚЫҰ ПА-ның ДИАҚБ жұ­мысына қорытынды жасауына ар­нал­ды. Соның ішінде ДИАҚБ-ның Украинадағы сайлауға қатысуы ту­ра­лы сөз болды. Осы мәселе қоз­ғ­алғанда жаңа ғана тыныш өтіп жат­қан отырыс жанданып қоя берді, сөй­леуге сұранғандар саны да өте көп болып, төраға уақыттың шегіне сәй­кес оларды шектеу қажеттігін ескертті. ДИАҚБ-ның жалпы шешімі бұл сайлауға оң баға беріп, оның демо­кратиялық жолмен өткенін жария етті. Бірақ осыдан кейін бірінші болып сөз алған Украина өкілі жан-жаққа тиісе сөйлеп, өз елінің мем­лекет басшысын ауыстыруға басқа шығыстық көршілер сияқты қорық­пайтынын айтты. Одан әрі жаңа президент В.Януковичтің көзқарас­та­ры мен ұстанатын позициясын сынады. Ол – кеңестік әдіспен бас­қаратын орысшыл бағыттағы көш­басшы. Батыстық, демократиялық әдістер оған жат, дей келіп, Украина халқы оны қолдамағанын, жиырма бес өңірдің тек тоғызы ғана оған дауыс бергенін, сайлауда заң бұзу­шы­лыққа молынан жол берілгендігі себепті қарсы жақ сотқа жүгінуге мәжбүр болып отырғанын жеткізді. Бірақ оның сөзін ПА-ның басқа мүшелері негізінен қолдаған жоқ, соның ішінде пікірталаста сөз алған Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қандай да болса украин халқының таңдауымен санасу қажеттігін, сай­лау­дың демократиялық жолмен өт­кен­дігін барлық байқаушылар да мойындағанын, сондықтан Украи­на­ның жаңа президенті В.Янукович жеңіске жеткені үшін құттықтауға лайықты екенін айтты. Осы мәселе бойынша Албания­да­ғы сайлаудың жәй-күйі де әңгіме арқауына айналды. ДИАҚБ-ның қо­рытындысы бойынша ондағы сайлау да заң бұзушылықсыз өтті делінгені­мен, оппозиция онымен келіспей, бойкот жариялап жатқаны дұрыс әрекет еместігі аталды. Бірақ бұл да демократияның көрінісі, олардың құқын ешкім да аяққа баса алмайды, деді Ж.Соареш. Отырыста бұлардан да басқа кей­бір елдердегі демократиялық құн­дылықтардың, адамдардың құқы бұзылғандығы аталып өтті, соның ішінде Белоруссиядағы аз ұлттар­дың, атап айтқанда, поляк диас­по­ра­сының мүддесіне қол сұғылғанды­ғы көлденең тартылды. Бірақ Бе­ларусь өкілі В.Иванов бұл мәселенің дұрыс қойылмай тұрғанын, мәселе поляк диаспорасының өз арасын­дағы кикілжіңде екенін, екі топқа бөлінген олар араларындағы жалғыз ғимаратты бөлісе алмай, адам құқы бұзылды деп байбалам салғанын жеткізді. Осы мәселеге арналған пікірсайыстар тым ұзаққа созылды. Келесі кезекте Алматы қала­сын­­да үстіміздегі жылдың 14-16 ма­мы­рын­да болатын “ЕҚЫҰ-ның еур­азия­лық өлшемдері” атты парла­мент­тік форумына дайындық туралы сөз ЕҚЫҰ ПА вице-пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілді. Ол өзінің сөзін біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ның төрағалығына кіріскен тарихи сәтінде айтып тұр­ғанын тілге тиек ете келіп, алдымен қазақстандық төрағалықтың уақы­тында болатын мерейтойларға және оларды лайықты атап өту мәселе­лері­не тоқ­талды. Біз төрағалықты ЕҚЫҰ-ның сенімді әріптесі, та­рихи межемен алғанда өте аз уақыттың ішінде демократиялық институттарды құру мен нарықтық экономиканы дамыту жолында үлкен жетістіктерге жеткен еур­азия­лық беделді мемлекет ретінде алып отырмыз. Біздің төрағалыққа қол жеткізуімізге ПА-ның әрқа­шан­да қолдаушы болғаны үшін сіздерге ризашылығымды білдіргім келеді және оның болашақтағы қолдауы арқасында біз төрағалықты табысты жүргіземіз деген сенім білдіремін, деді ол. Сенат Төрағасы Қазақстан­ның төрағалықты қалай қабыл­дай­ты­нына тоқталғанда оны үлкен жауапкершілік ретінде мойын­дай­тынын жеткізді. Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы Жолдауында да дәл осылай деп жариялады, деді ол. Сөзін Президент Н.На­зарбаев мәлімдеген қазақстандық төраға­лық­тың ұрандарына шолумен жал­ғас­тырған Қ.Тоқаев олардың ма­ңы­зы туралы айтып берді. Ал төр­ағалықты іске асыру бағытындағы біздің қадамдарымыз Іс басындағы төраға Қанат Саудабаевтың сөзінде айтылатын болады, деді ол. Менің елім осынау әлемдік Ұйымға төр­ағалық етуді қатысушы елдердің арасындағы өзара экономикалық ын­тымақтастықты да­мы­ту, гумани­тар­лық байланыстарды терең­дету және демокра­тия­лық құндылық­тар­ды нығайту мүмкіндігі деп біледі. Сондықтан да Қазақстан төрағалы­ғы­ның басымдықтары ара­сында терроризмге қар­сы бірлескен күрес, Ауғанстан эко­номикасын қалпына келтіру және т.б. сияқты нақты тақырыптар бар. Бұларды шеш­песек, біздің жоға­рыда айтылған мақсаттарға жетуіміз қиын. Сон­дай-ақ, біз Қазақстанның төрағалы­ғы Шығыс пен Батыс арасындағы өзара сенімді арттыра түсуге ықпал етер деген сенімдеміз. Одан әрі Қ.Тоқаев ЕҚЫҰ-ның соңғы уақыттардағы жемісті істерін, соның ішінде “Корфу процесінің” маңызын атап өтті. Осы қатарда Қазақстанның конфессияаралық және этносаралық татулықтарды сақтаудағы тәжірибесінің тиімді­лі­гін атай келіп, оның ЕҚЫҰ тара­пы­нан үлкен бағаға ие болғанды­ғының белгісі ретінде Астана қаласында жазда төзімділік және қысым көрсетушілікке жол бермеу мәселелеріне арналған кон­ференция өткізуге шешім қа­был­данғанын қанағатпен атады. Қазақстанның бастамасымен 2010 жылдың Мәдениеттер жақын­дас­тығы жылы болғанын және Аста­нада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезі болып өткенін де атап айтты. Осыдан әрі Қ.Тоқаев өзінің сөзінде аса маңызды мәселелердің біріне тоқталды. Ол ПА мүшелерін Қазақстанның биыл ЕҚЫҰ Мем­лекет басшыларының кезекті саммитін өткізу туралы бастамасын қолдауға шақыру еді. Біздің бұл бас­тамамызды қазірдің өзінде көп­теген елдердің басшылары қолдап отыр, дей келіп, оны өткізудің белгілі себептерін санамалап берді. Сонымен бірге, тағы да бір дабыл қақтырар жағдай бар, деді ол. Осы он жыл бойы өздерінің кездесу­лерінде сыртқы істер министрлері бірлескен саяси декларация қа­былдай алмауда. Ал Қазақстан оны жоғары деңгейдегі саммит қана шеше алады деп санайды. Мұның өзі Ұйымның негізгі, бұдан 35 жыл бұрын қабылданған Хельсинкидегі қағидатына сәйкес болар еді. Соны­мен бірге, саммит ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер лидерлеріне Ұйымның болашақтағы ең негізгі бастамаларын айқындауға мүмкін­дік берер еді. Сөзінің соңында Қ.Тоқаев Ал­ма­­ты қаласында үстіміздегі жылдың 14-16 мамырында болатын “ЕҚЫҰ- ның еуразиялық өлшем­де­рі” атты трансазиялық парламент­тік фо­румы­на дайындық туралы баян­дады. Бұл – қазақстандық төраға­лық шеңберінде Қазақстан Пар­ламентінің бастамасымен өткізіл­гелі отырған шара. Оған ЕҚЫҰ мүшелерінен тыс Ұйымның Жер­орта теңізіндегі және Азиядағы әріптестері де қатысатын болады. Сондай-ақ, форумға Қытай, Үн­діс­тан және Пәкстан парламен­тарийлері де шақырту алды. Оның күн тәртібін үш сессияға бөлуді ұйғарып отырмыз. Біріншісі – ай­мақтық қауіпсіздіктің өзекті мә­селелеріне, соның ішінде Ауғанстан проблемасына арналады. Екіншісі – экономикалық даму, сауда, қор­шаған ортаны қорғау және еңбек миграциясы мәселелерін қамтиды. Ал үшінші сессияда қалыптасқан дәстүрге сәйкес адами құндылық­тар мәселелері талқыланатын болады. Оның қорытындысында ЕҚЫҰ елдерінің басшыларына 2010 жылы саммит өткізу туралы қарар қабылдау қажеттігін ұсына­мын, деді ол сөзінің қорытын­дысында. Сенат Төрағасының сөзі үлкен ыждаһатпен тыңдалып, оған ұзақ қол соғылды. Осыдан кейін қаты­сушылар ПА үш комитетінің бір­лескен отырысы болатын Хофбург сарайының екінші қабатына түсті. Мұндағы төралқада ЕҚЫҰ-ға мүше барлық 56 елдің мемлекеттік тулары тұр. Ең ортасында, бәрінен де көрнекті болып Іс басындағы төраға – Қазақстанның туы орна­ласқан. Жұрттың бәрінің аузында неше түрлі мақаммен айтылған “Казагистан”, “Казахистан”, “Казах­­стан” деген сөздер. Барлық әлемнің аузында жүргенімізді сезінудің өзі де бір бақыт екен... Бірлескен отырысты да ЕҚЫҰ ПА төрағасы Жоао Соареш сөз сөй­леп ашты. Ол қазақстандық төрағалықтың алғашқы қадамдары­на үлкен баға беріп, оның жоғары деңгейдегі тыңғылықты жұмыстар­мен басталғанын атап өтті. Одан кейін сөз қарсы алушы ел Австрия Парламенті Ұлттық кеңесінің төр­айымы Барбара Праммерге берілді. Ол қонақтарға өзінің “үй иесі” ре­тін­дегі сәлемін жолдап, жұмыс­тарына табыс тіледі. Осыдан кейін сөз ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасы, Қазақстан Республика­сының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевқа берілді. Сөзін өзіне көрсетіліп жат­қан құрметке рахмет айтудан бас­таған Іс басындағы төраға биылғы төрағалықтың алдына қойылған міндеттері мен атқарылып жатқан жұмыстары туралы толық мағлұмат берді. Біз ЕҚЫҰ ПА-мен ынтымақ­таса жұмыс істеуімізді өзіміздің жұмысымыздың тиімділікке қол жеткізер бір жолы деп санаймыз. Сондықтан сіздердің жасайтын ұсыныстарыңыз бен идеяларыңызға үлкен құрметпен қараймыз, деді Қ.Саудабаев. Келесі кезекте ол төрағалық тарапынан Алматы қаласында үстіміздегі жылдың 14-16 мамырында болатын “ЕҚЫҰ- ның еуразиялық өлшемдері” атты трансазиялық парламенттік фо­рум­ның жұмысына да үлкен маңыз берілетіндігін атап өтті. Атқарылып жатқан міндеттер қатарында Украинада болған пре­зиденттік сайлаудың байқаушы­лығына Ұйымның белсене қатыс­қандығы және бұл істе ДИАҚБ-мен тығыз ынтымақтастық болғаны айтылды. Президент Н.Назарбаев мәлімдеген ұрандардың арасындағы “Дәстүр” мәселесіне тоқтала келіп, оның “Корфу процесін” жалғас­тыруда көрініс табатынын атап өтті. Біз осындай үнқатысуларды жақтай отырып, Ванкуверден Владивосток­қа дейінгі бөлінбейтін қауіпсіздіктің сақталуын жақтаймыз және бұл істе Ресейдің Еуропалық қауіпсіздік туралы келісім-шарт әзірлеу қажеттігі жөніндегі бастамасын да қолдаймыз, деді ол. Одан әрі Қа­зақстанның үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығына арнал­ған тұжырымдама және көптеген мәселелер бойынша нақты келіс­сөздер жүргізу қажеттігі жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлегенін жария етті. Соның ішінде ЕҚЫҰ-ның кикілжіңдердің алдын алу және реттеуіне арналып жоспар­лан­ған үшінші кездесуі 23 ақпанда Вена қаласында болады, деді. Өзінің Кавказ елдеріндегі ұзаққа созылған кикілжіңдерді реттеуге ықпал етуге бағытталған сапар­лары­ның қорытындысы туралы баяндап берді. Енді осы кезде­сулерде жинаған деректеріміздің негізінде кикілжіңдерді бейбіт жолмен реттеуге ықпал ететін “Жол картасын” жасау ниетіміз бар. Оның шеңберінде біз бейбіт келісімге шақыратын кез келген бастаманы қолдауға дайынбыз. Ал Днестр жағалауы кикілжің­дерінде біз Женева қаласында бас­талған сөзсайыстың жалғасқа­нын қалаймыз және оны қара­пайым адамдардың ауыз су мен газды алу сияқты қатардағы мә­селесін ше­шуге қызмет етуге бұруға тырыса­мыз. Осы қатарда парла­менттік әлеуетті де кеңінен қолдануға шақырамын. Біз өзіміздің Еуропада кәдімгі қару-жарақты бақылауға еуропалық режімнің сақталуын қалайтынды­ғымызды және сенім мен қауіп­сіздікті нығайту шараларын қол­дай­тындығымызды атап өткіміз келеді. Осыған орай 2010 жылы Еуропадағы кәдімгі қару-жараққа шектеу қою туралы келісім-шарт­тың іске асуында прогресс болар деген үмітіміз бар, деді Іс басындағы төраға. Одан әрі Қ.Саудабаев ЕҚЫҰ-ның жуырда Еуроодақпен арада болған келіссөздері және онда қол жеткізілген мәселелер туралы баяндап берді. Бұл келіссөздер Еуропадағы ғана емес еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздікті сақтауға ықпал етер деген үміттеміз, деді ол. Құрама Штаттарында АҚШ және БҰҰ басшылығымен кездесулер кезінде саммит туралы идеяның талқыланып, олардың тарапынан оң пікір білдірілгені айтылды. Лондонда болған Ауғанстан проб­лемасына қатысты конференцияда сөйлеген сөзімізде оны қазіргі таңдағы әлемдік басым мәселелер­дің бірі ретінде қарастыру қажетті­лігі атап көрсетілді. Бұл ұсыны­сымыз да түсіністік тапты және болашақ саммитте де бұл мәселе басым орында болады деп білеміз. Біз ауғанстандық мәселелерді ше­шуде оның гуманитарлық қыр­ларын күшейтуді қалаймыз. Осылай дей келіп, шешен Қазақ­станның осы тараптағы нақтылы істері туралы айтты. Бұл елдің проблемаларын шешу терроризмге, діни экстремизмге қарсы күрес пен есірткі саудасын реттеуге тікелей байланысты. Бұл ретте Астана қаласында қазан айында болатын Терроризмнің алдын алуға ар­налған конференция мен Венада болатын есірткі саудасына қарсы күресті үдету мәселелеріне арналған конференциялардың маңызы зор болмақ. ЕҚЫҰ-ның екінші себеті ту­ралы айтқанда ол “Азия – Еуропа жолдарындағы логистиканың рөлі туралы” және Вена қаласында 1 ақпанда болған осы тақырыпқа арналған экономика- экологиялық форумның маңызы жөнінде әң­гімеледі. Сонымен бірге, Афина­дағы Сыртқы істер министрлері саммиті­нің шешімінде қаралған энергети­калық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету және еңбек мигра­циясы мәселеле­ріне де айрықша көңіл бөлінетін болады. Ал эко­логиялық апаттар туралы айтқанда Арал проблема­сының өзектілігі тілге тиек етілді. Адамгершілік өлшемдер мәсе­лесін қарастыратын себетке тоқ­талғанда төраға ЕҚЫҰ ДИАҚБ-мен және Ұлттық азшылықтар мен БАҚ жөніндегі Жоғарғы комиссар­мен тығыз ынтымақтастық орна­тып, олардың іс-әрекеттерін қолдайтынын білдірді. Осы қатарда Астанада болатын төзімділік пен қысым көрсетушілікке қарсы конференцияның да маңыздылығы атап көрсетілді. Сөзінің соңында Іс басындағы төраға Қазақстандағы жағдайларға тоқталып, ЕҚЫҰ-ның төрағалы­ғына сайлану Қазақстандағы саяси либерализациялануға қуатты катализатор болатынын атап өтті. Іс басындағы төрағаның сөзі үлкен қызығушылықпен тыңдалды. Осыдан кейін ЕҚЫҰ ПА-ның Саяси мәселелер және қауіпсіздік жөніндегі комитеті мен Эконо­микалық мәселелер, ғылым, техно­логия және Қоршаған орта мәсе­лелері жөніндегі екі комитеті өз оты­рыстарын өткізді. Отырыстар аяқтал­ған соң Қазақстан Парла­менті Се­натының Төрағасы Қ.То­қаев Ав­стрия Ұлттық кеңесінің төрайымы Б.Праммермен кездесіп, келіссөз жүргізді. Онда екіжақты қатынас­тар­дың өзекті мәселелері талқыланды. Қазақстан Парламенті делега­циясының Австриядағы сапары одан әрі жалғасуда.