23 Қыркүйек, 2011

Үкімет «Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы

256 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясының  халықтық  тұғырнамасы

Оны Үкімет  қалай жүзеге асырды?

2007 жылдың шілде айында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының ел эконо­микасын одан әрі дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселелерін қамтыған Халықтық тұғырнама қабылдағаны белгілі. Осынау маңызды құжат қабылданған кезде Қазақстан экономикасы жоғары қарқынмен алға басып тұрған болатын. Арада бір жылдан сәл астам ғана уақыт өткенде еліміз әлемдік қаржы дағдарысының салқынын сезіне бастады. Соған қара­мастан Қазақстан Үкіметі дағдарысқа қарсы қабылданған іс-шараларды тиянақты жүзеге асыра отырып, партия тұғырнамасын жүзеге асыруда елеулі табыстарға қол жеткізе білді. Егер осы аталған кезең аралығында атқарылған жұмыстардың бастыларына, дәлірек айтқанда, айрықша басымдыққа ие салалардағы жетістіктерге тоқталар болсақ, онда төмендегі көрсеткіштерді ерекше атап көрсетуге болады. 2007-2010 жылдары ішкі жалпы өнімнің тұрақты өсуі қам­тамасыз етілді. Қаржы-экономикалық дағдарыстың ең бір ауыр кезіңінің өзінде 2009 жылы 1,2 пайыздық өсімді қамтамасыз ете отырып, ІЖӨ-ні «психологиялық плюсте» ұстап тұрудың сәті түсті. 2010 жылы Қазақ­станның ішкі жалпы өнімі 148 миллиард АҚШ долларынан асты, бұл орталықазиялық төрт мемлекеттің жиынтық ІЖӨ-сінен екі есе көп. Табыстары төменгі күнкөріс деңгейінен төмен тұр­ғындар үлесі екі есе: 2007 жылғы 12,7 пайыздан 2010 жылы 6,5 пайызға қысқарды. Бюджет саласы қыз­меткерлерінің орташа еңбекақылары 2007 жылға қара­ғанда 2011 жылы екі еседен астамға өсіп, 67 мың теңгені құрады. Жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай кеміді. Ол 2007 жылғы 7,3 пайыздан, үстіміздегі жылдың екінші тоқса­нында 5,4 пайызға дейін қысқарды. Осы кезеңде 1миллион 170 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұр­ғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде ғана 19,7 миллион шаршы метр тұрғын үй пайда­лануға берілді. Осы кезеңде 535 мың қазақ­стандық тұрғын үй жағ­дайларын жақсартты. 2007 жылмен салыстырғанда елде зейнетақы мөл­ше­рі 2,6 есе өсіп, 27665 теңге болды. Базалық зейнет­­ақы төлемдерінің көлемі төменгі күнкөріс дең­гейінің 50 пайызына дейін артты.  Арнаулы мемлекеттік жәр­дема­қылар көлемі 2007 жылмен салыстырғанда 1,4 есе ұлғайды. 2008 жылдың қаңтарынан бастап жаңа туған балаға төленетін бір жолғы жәрдемақы мөлшері 2 есе өсті. Жаңа туған сәбидің бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне берілетін жәрдемақы 2,6 еседен астамға артты. 2011 жылы төрт және одан да көп бала туғандарға берілетін жәрдемақы 2007 жылмен салыстырғанда 4,6 еседен астамға өсті. Білім беруді қаржыландыру шығындары іс жү­зінде 2 есеге ұлғайды. Егер 2007 жылы ол 480,7 миллиард теңге болса, 2011 жылы 898 миллиард теңгеден асты. «Нұр Отан» партиясының Халық­тық тұғырнамасын орын­дау кезеңінде мектепке дейінгі ұйымдар қата­ры 4000 нысанға көбейді. 137 балабақша салынса, 2011 жылдың соңына дейін тағы 65-і іске қосылады. 2007 жылдан бері 343 мектеп және 49  тех­ника­лық және кәсіптік білім беретін оқу орын­дары салынды. Үстіміздегі жылдың соңына дейін тағы да 25 мектеп пен 3 КТУ пайдалануға берілмек. Педагог қызметкерлердің лауазымдық жалақы­лары 2009 және 2010 жылдары 25 пайызға, ал 2011 жылы тағы да 30 пайызға өсірілді.  2008 жыл­дан бастап педагог қызметкерлерге базалық лауазымды жалақының 100 пайызы мөлшерінде өтемақы төлемдері есептелетін болды. 2011 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мұғалім­дердің біліктілік категориясына төленетін қосым­ша ақы мөлшері ұлғайтылды, өндірістік оқыту шеберлеріне қосымша ақы енгізілді. ЮНЕСКО есебіне сәйкес 2008 жылы Қазақстан Білім беруді дамыту индексі бойынша 129 елдің ішінде төртін­ші орын алды. Денсаулық сақтау саласын мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру көлемі 2 еседен астамға өсіп, 2007 жылғы 311 миллиард теңгеден 2011 жылы 640 миллиард теңгеге жетті. Қазіргі заманғы жабдық­тар сатып алу үшін медицина мекемелеріне 100 миллиард теңгедей қаржы бөлінді. Осы кезеңде 145 денсаулық сақтау нысанының құры­лысы аяқталды. Кепілді тегін медициналық көмек көлемі айтарлықтай ұлғайды. 2011 жылдың бірінші жартысында ана өлімі 2007 жылға қарағанда 63 пайызға төмендеді (100000 тірі туған нәрестелердің 46,8-інен 17,2-ге дейін). Нәрес­телер өлімі 26 пайызға кеміді. (2008 жылғы 1000 тірі туған нәрестеге 20,8-ден 2011 жылы 15,4-ке дейін). Қабылданған кешенді шаралар күтілетін өмір сүру ұзақтығын 2007 жылғы 66,4 жастан 2010 жылы 68,4 жасқа дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Осылайша халықтың өмір сүру ұзақтығы екі жылға ұзарды. Ғылыми зерттеулерді қаржыландыру 2011 жылы 2007 жылға қарағанда 1,8 есеге ұлғайды. 5 ғылыми лаборатория және 15 инженерлік бағдардағы лаборатория құрылды. Белсенді жұмыс істейтін шағын кәсіпкерлік субъектілері саны 2007 жылмен салыстырғанда 4,1 пайызға өсті. Шағын бизнес субъектілері шығарған өнімдер 2007 жылға қарағанда 12,2 пайызға артты. Ел ІЖӨ-сіндегі шағын және орта кәсіпкерлік үлесі 2010 жылы 30 пайыздан асты. Президент тапсырмасына сәйкес 2007 жылдың қара­шасында Үкімет Қазақстанның тұрақты әлеу­мет­тік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жө­ніндегі бірінші кезекті жоспарын әзірледі. Жос­парды жүзеге асыру үшін 2007 жылдың қарашасынан 2008 жылдың желтоқсанына дейін мемлекеттік бюджеттен 400 миллиард теңге бөлінді. Екінші деңгейлі банктер арқылы тұрғын үй нысандарындағы құрылыстарды аяқтау үшін үлестік құрылысқа қатысушыларды қолдау мақсатында 190 миллиард теңге бөлінді. Шағын және орта бизнес жобаларының іскерлік белсенділігін қолдау үшін 142 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 75 миллиард теңге жұмсалды. Қаржы секторын тұрақтандыру бағытында ауқым­ды шаралар жүзеге асырылды. Халықтың банктегі салымдарының сақ­талуын қамтамасыз ету үшін жеке тұлғалардың депозиттерін кепілді қалпына келтіру сомасы 700 мың теңгеден 5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Ауыл шаруашылығын дамытуға бюджет қаржы­ларына қосымша Ұлттық қордан 120 миллиард теңге бағытталды. 2009-2010 жылдары өңір­лік еңбекпен қамтуды және кадрларды қайта даярлауды жүзеге асыру үшін 342,7 миллиард теңге бөлінді. Осы жылдар ішінде 640 мыңнан астам адам еңбекпен қамтудың «Жол картасына» қатысты, оның ішінде 100 мың адам «Жастар тәжірибесімен» қамтылды. Айта кету керек, жоғарыда келтірілген деректерде негізінен Үкіметтің әлеуметтік міндеттемелерді орын­­дау барысында атқарған жұмыстары ғана қам­тылып отыр. Дегенмен, осы келтірілген толық емес мысалдарға қарап-ақ Қазақстан Үкіметінің әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс әкелген қи­ын­дық­тарға қарамастан партияның Халықтық тұғырна­масында айтылған міндеттемелерді толықтай орын­дағанын көруге болады. «Егемен-ақпарат».