«Халық сөзі» республикалық қоғамдық-саяси газетінің ұйымдастыруымен «БАҚ және баспасөз қызметтерінің өзара қарым-қатынасы» атты дөңгелек үстел отырысына мемлекеттік органдардың баспасөз хатшылары мен еліміздегі БАҚ-тардың жетекшілері және журналистер қатысуы тиіс екен. Қатысамын деп тілек білдіргендердің де, шақырылған қонақтардың да қарасы ауқымды көрінген. Шынында да, журналистер үшін меморгандар мен ұлттық компаниялардан халыққа қажетті ақпараттарды алуда баспасөз қызметі алтын көпір болуға тиісті. Алайда, дөңгелек үстел басына әшейінде де журналистермен байланыстан бой тартпайтын Сыртқы істер, Ішкі істер министрліктері мен Парламент Мәжілісінің баспасөз хатшылары келіп, ал өзге мемлекеттік органдардың хатшылары төбе көрсетпей қалды. Осыған қарап та, дөңгелек үстелге тақырып етіп алған мәселенің маңыздылығын көруге болатындай.
Алқақотан жиналып, ақылдасар кеңестің тізгінін ұстаған «Халық сөзі» газетінің бас редакторы Қуат Әуесбай баяндама жасау үшін алғашқы сөзді «Нұр Астана» газетінің бас редакторы Ғабит Мүсірепке берді. Көпшілік жағдайда «БАҚ туралы» Заңда анық көрсетілгенімен, баспасөз қызметінің көмегіне сүйеніп ақпарат алудағы қиыншылықтарды сөз еткен ол тағы бір жәйтке қынжылысын ашық білдірді. Мәселен, деген Ғабит Мүсіреп, біздің басылымның «Қазатомөнеркәсібімен» әжептеуір жолға қойылған қарым-қатынасы бар болатын. Бірақ осы байланысымыздың үзілуіне олардың қазақ тілді басылымдарға деген көзқарасы себеп болды. Олар Францияның атом өндірісін бейбіт мақсатқа пайдалану жүйесін көрсетпекке журналистер іріктегенде тек орыс тілді басылымдардың журналистерін кіргізген. Ал біздің «Неге бұлай?» – деген сауалымызға: «Қазақ журналистерін Созаққа апарғанбыз», – деп қарап тұр. Әлем чемпионатына журналистер тізгенде осы жағдай Бокс федерациясы тарапынан да кетті. Қашанғы қазақ басылымдары екінші сорттағылардың күйін кешуі тиіс деген.
Парламент Мәжілісінің баспасөз хатшысы Сайын Есмағи: «Мен екі жақтың да қызметін бірдей білемін деп айта аламын. Өз басым біздің еліміздегі баспасөз қызметінің ең үздік үлгісі деп Сейітқазы Матаевтың Президенттің баспасөз хатшысы болған кезеңін айтар едім. Ол біздің жаңа ғана қалам тартып жүрген кезіміз болатын, сонда ол кісі не істейді дейсіздер ғой? Ол үшін журналистердің ақпарат алуы мен оны жазып өз басылымына жөнелтуі бірінші кезекте тұратын. Қажет дерек пен мәліметті таптырып, жолсапарларға шыққанда біз материалдарымызды жіберіп болмай тамақ ішуге де бармайтын. Елбасының жеке күзет қызметіндегі офицерлермен де журналистер үшін қызылкеңірдек болғанын көзіміз көрді. Мен өз жұмысымда осы жолды ұстанып, жалғастырғым келеді, десе, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы Ғалым Тұмабаев сөзінің әлқиссасын мемлекеттік тілде бастап, әрі қарайғы негізгі ойын ресми тілде жалғады. Бұл Парламент Мәжілісінің депутаты Жарасбай Сүлейменовтің тарапынан бір түйреліп өтті. Елбасы: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесін», дегенін бәріміз білеміз. Жаңа ғана менің алдымда сөйлеген інімнің қазақшасы қандай тамаша, бірақ ол осы ортаның өзінде ресми тілде ойын жеткізіп жатыр. Өзімізді өзіміз қадірлемесек, кімнен құрмет күтуге тиіспіз?» – деген депутат.
Дөңгелек үстел отырысында Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұрділдә Ораз, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті журналистка және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ өз ойларымен бөлісті.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.