23 Қыркүйек, 2011

Қазақ елі

471 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
Бүгін мен болашақ туралы ой Роллан СЕЙСЕНБАЕВ. (жалғасы) Даяшылар сусын әкелді. Мен апельсин шырынын алдым. Бала да тамақтан бас тартып, салқын су ішіп отыр. – Сенің есімің кім? – деп сұрадым. – Ван, – деп жауап қатты бала. – Менің есімім Роллан. – А... Ромен Роллан! – деп қуанды бала. Әдебиеттен хабары бар жеткіншек болып шықты. Екеуміз емен-жарқын сөйлесіп кеттік. Екеу­міздің де ағылшыншамыз шалалау болса да, бір-бірімізді еркін түсініп отырмыз. – Ақтөбеге неге келдің? – деп сұрадым. – Әкемді көруге келдім. Оны көрмегелі екі жыл болған. – Сағынған екенсің ғой?! – Сағындым. – Әкең үлкен бастық болар шамасы?... «Джиптер» толып кетті ғой. – Иә – деп күлді бала. – VIP persona my father. Сіз қазақпысыз? – Қазақпын. – Онда қазақша сөйлесейік, – деді бала. Мен апельсин шырынына қақалып қала жаздадым. – Сен қазақшаны қайдан үйрендің? – дедім сасқалақтап. – Бенжинде. – Қазақша жақсы сөйлейді екенсің. – Акцент бар. Әлі жақсы емес. Жазда Ақтө­беге қайта келемін. Сонда ауылға барып, қазақ балаларынан қазақша еркін сөйлеуді үйренемін. – Орысша білемісің? – Аздап қана. Орысшаны келесі жылы Санкт-Петербургте, сонан соң Владивостокта үйренемін. Әрине, демалыс кезінде. Мен гимназияда оқимын. – Сен қанша жастасың? – Он үштемін. Өмір жолы басталды, мырза. Баланың үлкендерше сөз саптауы, өзін еркін, байсалды ұстауы мені таң қалдырды. Бүгінгі ұрпақ бізден өзге ғой деген ой келді. Менің он екі жастағы немерем Назар да кез келген адаммен тіл табысады. Әңгіме ырқын еркін аңғарады. Жердегі құмырсқадан, аспандағы жұлдызға дейінгіні әңгіме аясына иілдіріп, мүдірмей сөйлей береді. – Менің немерем 12 жаста. – Ол қазақша біле ме? – Оны неге сұрадың? – Қазақстанда қазақтар қазақша сөйлемейді. Бұл жаман. Дұрыс емес. – Назар қазақша, орысша, ағылшынша сөйлейді. Сен Алматыда қанша күн боласың? – Бес күн. Сонан соң Бенжинге жүреміз. Гимназияда оқу бар. Назар Алматыда ма? – Алматыда. – Мен онымен таныссам қарсы емессіз бе?... – Жоқ. Несіне қарсы боламын?! Жастар бір-бірін білуі, тануы, достасуы дұрыс. – Мен де солай ойлаймын. – Мынау менің визиткам, телефон соқ. Әуелі анаңнан рұқсат сұра. – Ол белгілі ғой. Әрине, рұқсат сұраймын. – Қазақстан саған ұнады ма? – Өте ұнады. Алматы сұлу қала. Менің Алма­тыда тұрғым келеді. Сіз Қытайда бол­дыңыз ба? – Жоқ. Тайваньда ғана болдым. – Маған қонаққа келіңіз. Мен сізді Назар­мен Бенжинге шақырамын. – Ван, менің бір арманым бар. Ол Шаулинге барып монахтар туралы кино түсіру. – Менің әкемнің ағасы Шаулин монахы. У-шудың айтулы шебері. – Сен де у-шумен айналысамысың? – Жоқ. Каратэмен. Өз жасымда, Қытайдың чемпионымын. Сіздерді Шаулинге өзім апара­мын. Келістік пе? – Келістік, Ван. Сен де Алматыда менің үйімде қонақ бол. – Қуана-қуана келісемін. Назар бола ма? – Әрине. Оны да шақырамыз. – Өте жақсы. Шешемнің жұмыс кестесі өте тығыз. Кездесуді телефонмен анықтаймыз. – Шешеңді бірге шақыр. Қытайлар қазақша үйрене бастаған екен ғой. – Әрине. Әкемнің қол астындағы қытайлар­дың бәрі қазақша сөйлейді. Орысша сөз қосуға болмайды. Русьтағы қытайлар ғана орысша сөйлейді. – Өкінішке қарай мен қытайша білмеймін. – Оқасы жоқ. Назар үйренсін. Енді бір жиыр­ма-отыз жылда Қазақстан мен Русьта қытайлар тұратын болады. – Ван, түркілер Қытайды екі ғасыр билеп ұстап тұрғанын білемісің? – дедім на­мыстанып. – Бұл туралы мектепте оқытпайды. Шың­ғыс­ханның немересі Хубулай хан Цинь динас­тиясын бағындырғаны рас. Мен ол туралы оқығанмын. Хубулай хан адал, әділ хан болған. Қытайларды құл қылмады. Сыйлады. Хан адам баласы болғандықтан, хандар да адасады, алжасады, дұрыс, өміршең шешім қабылдай алмай қапыда кетеді. – Тарих тағлымы ғой. – Әрине. Қараның қателігі түк емес, ханның қателігі күнә. Ондай хандарды құдай атқан. Сіз Конфуцийді оқыдыңыз ба? – Әрине, – дедім Ванның ұнататын сөзін қайталап. – Әлемдегі ең терең философ сол кісі. – Қазақшаға аударылды ма? – Аударылған. – Конфуций хандар мен императорларды сөзбен сойып салып отырған. – Сен бұл туралы да оқыдың ба? – деп сұрадым. – Жоқ, бұл туралы менің атам айтқан. Ол бүгінгі Қытайдың атақты философы. Анамның әкесі. – Сен текті жердің ұланы екенсің ғой?! – Әкемнің аталары да императордың туыстары болып келеді. Солай ... Бізге қарай ақырын жылжып Ванның анасы келді. Маған басын изеп, жымия амандасты. Қытайша тіл қатты. – Менің балам сіздің басыңызды қатырған жоқ па? Бұл сөзшең бала, – деді Ван анасының сөзін қазақшалап. Әйел тағы тіл қатты. – Менің балам қазақша оңдап сөйлей ала ма екен? – деп аударды Ван. – Өте жақсы сөйлейді екен. Өте ақылды бала деп айт,  – дедім Ванға. – Сіздің мақтау сөзіңізге анам бәрібір сенбейді. Анамның тыңшылары көп қой, – деп Ван күлді. Өкінішке қарай, сіздерде халық деген ұғым жоғалды. Капитализмде адам адамға жау. Америка сіздерге жаман сабақ беруде. Амери­каны тыңдайтын болсаңыздар, дәстүрден айы­рыла­сыздар. Сана сергелдеңге түседі. – Қазақтың санасы, сергелдеңге Америка­сыз-ақ түскен. – Ол жаман, – деді Ван. – Қазақ халқы шиыр­шық атып жиналуы қажет. Бізге санасы бұзыл­ған Қазақ­стан халқы емес, ойлы, парасат­ты, тәрбиелі, тек­ті ел керек. – Жаман ел ешкімге де керек емес, – дедім мен. – Ал, Қытай, қоғам үшін, 2 миллиард хал­қы үшін, адам үшін өмір сүреді. Сіздерде байлық байлардың қо­лында ға­на. Ал бізде ел бай­лығын халық өзі қада­ғалайды. Менің әкем Қазақстанда жыл са­йын жол салуға мил­лион­даған доллар жұм­­­сала­ды дейді. Сұм­­­дық қой. Ағам Нью-Йоркте тұ­рады. Олар жолды бірақ рет тө­сейді. Ға­сыр­ларға жетеді. Гитлер де жол­ды солай салған. Стра­те­гия­­лық жол. – Сен өзі көп біле­сің ғой. – Мен интернетті құшақтап жатып ұйық­таймын. Білсем, біле берсем деймін. Тойым­сызбын, – деп күлді Ван. Ван маған әбден ұна­ды. Біздің қазақ жас­тары да Ванға ұқсап, көп оқуға, тоқуға ты­рыс­са деп ойладым. Павлодардың Лебяжі ауданына бір минис­трдің орынбасары келеді. Жап-жас жігіт. Оксфорд бітірген. Бір қолы жоқ бухгалтер шал оған бірнеше сұрақ қояды. Орынбасар оның бір сұра­ғына да жауап бере алмаған көрінеді. Ұшақ Алматының әуе­­жайына қонды. Ван менің қолымды қысып тұрып: – Мен сізге телефон соғамын, – деді. Алматының әуежа­йы­нан ана мен баланы тағы да он-он бес қап-қара «Джиптер» қарсы алды. Алматының қара асфальтын езгілеп қап-қара «Джиптер» зымы­рап берді. Екі күннен соң Ван маған телефон соқты. – Сізбен кездесудің реті келмеді. Бізге жедел Бенжинге жол жүру керек. Шаулинге шақырту жіберем. Назарға сәлем айтыңыз, – деді қытай баласы Ван. Көз ұзатпай: «Роллан мырза! Қытай тілінде шыққан Сіздің новеллаңызды тауып алып оқыдым. Өте ұнады. Отыз жылдан соң сіздің кітаптарыңыз қытай тілінде көп шығатын болады. Шаулин монахтары сіздерді асыға тосуда. Жол қаражаты бізден. Құрметпен Ван», – деген жеделхат қолыма тиді. Шаулин мо­нахтары да екі рет шақыруды растап қағаз жіберді. Мен қытай баласы Ванның шақыруын қабыл алмадым. Назар өкпелеген жоқ. Ол нағыз қазақ ұланы болып өсіп келе жатқан жігіт қой, бәрін түсінді. Үнсіз ұғысқанға не жетсін шіркін?!.   Принстон университеті немесе: «Сэр, мен енді қазақша сөйлеймін!»   Гүлжанмен Нью-Йорктің қақ ортасындағы қаз-қатар тізілген көп кафелердің бірінде кездестік. – Аға, мен мұндамын, – деп дауыстады ұзын бойлы, сымбатты қыз екі қолын бірдей жоғары созып. Мен де қолымды көтеріп, басымды изеп, күлімсіреген күйі көп столдардың ортасын жарып өтіп, Гүлжанға қарай жүрдім. Екі кісілік шағын стол. Ағалап құшақтаған Гүлжан қарын­дасым. Қазақтың бауырмалдығы қазақ жерінде емес, елден тысқары, өзге жұрт ортасында барынша ашылады білем. Бәлкім, бұл өзгеше қазақы қасиет болуы мүмкін. – Аға, сізбен Лондонда тұңғыш кездескенімізге тура он жыл өтіпті. – Уақыт деген алып кеме, адамды о жағадан бұ жағаға зуылдатып алып жүре береді-ау. Ал Принстонда кездескенімізге қанша жыл өтті?! – Екі жыл. Сіздің шашыңызға да ақ кіріпті, аға. – Уақыт кімге аяушылық жасар дейсің, қарындасым. Гүлжанның әдемі, мейірбан жүзі күлімдеп, аласы мол қап-қара көзі кісіге тура қарайды. Сынау жоқ. Мейірім мен сыйласым бар. – Лондонда сіз ашқан Абай үйіне жастар көп барушы еді, аға? Лондонға келген-кеткен адамдар да Абай үйіне тағзым етуді өздеріне парыз санайтын. «Болашақпен» онда енді ғана барған біздер, Абай үйінің маңызын, сіздердің кім екендеріңізді ұқпайтынбыз да. Абай үйінің қасиеті неде екенін біз, сіздер Лондонды тастап кеткенде ғана түсіндік. Ол кезде Лондонда елшілік жоқ болатын. «Бола­шақпен» келген бай­лардың еркетотай, ақшасы көп балалары ғана мол еді, – деді Гүлжан. – Сізге бір келгенде, алматылық қылқалам иесі: «Сіз үшін суретші кім?» деп сұрады ғой. Сонда сіз:  «Суретші ең әуелі сызық, сонан соң тағдыр», деп едіңіз. – Сол сөз есіңде қалған ба? – Жоқ. Қайдан қалсын. Ол кезде мен жаспын ғой. Ол суретші жігіттің аты Алмас болатын. Был­тыр мен онымен Венецияда кездейсоқ ұшы­ра­сып қал­дым. Сонда сізді, Лон­дондағы Абай үйін еске алдық. «Суретші – сызық», деген Роллан ағам­ның сөзін мен енді ғана түсіндім. Сол ағамыз қайда жүр екен?» – деп күрсінді ол. Мен де сіз бен Клара апамды көп ойлайтынмын. Ал кеше, сіздің Америкаға келгеніңізді амери­кандық аудармашылардан естідім. Телефоны­ңызды да солар берді. – Дұрыс болған. Ал, сөй­ле Гүлжан, құлағым сенде. – Сізге айтар әңгіме, ауыр аға. Бұл менің өмірім ғой. Бұл менің сізбен сырласқаным да, ақылдас­қаным да болсын, аға. Менің сырым, сіздің жа­ды­ңызда ғана қалсын. – Болсын Гүлжан. – «Болашақпен» Лондон университетіне келгенде біз бала екенбіз ғой. Қазақстан Президенті жастарды Батыста оқытсам деп армандап, бізден қаржы аямады. Қанша жастарды оқытты. Орталарында жақсы­сы да, жаманы да болды. Тәрбие көрмеген жастар да аз емес еді. Қыздар ағыл­шынның сұмпайы шалдарына тұрмысқа шығып, бала тапты. Ұлдар ағылшынның «кемпірлеріне» үйленді. Біз ағылшын тілін үйрендік, әлемнің ондаған елдерінен келген адамдармен аралас­тық. Басымыздан жақсы да өтті, жаман да өтті. Жүріс жеңіл, ми орта, ақылда тұрақ жоқ еді. Қазақстан Президенті жыл сайын «Бо­лашақ» бағдарламасын ұлғайта берді. Петр бірінші секілді жастарды шетте оқытуға барын салды. Жастарға үміт артты. Бірақ Президенттің жанын салған ісіне біраз қазақ жастары жанын сала алмады. Ең әуелі, Президенттің ойын ұқпады. Арманын бағаламады. Мақсатын айыр­мады. Өйткені, қазақ идеологиясын ұқтырар кісі болмады. Әлде идеологияның өзі болмады ма? Текетірес, дүдәмал кезең еді. Үшінші әлем болған соң, сол әлемге тән барлық құбылыс­тардан өтпей болмайды екен. Ол үшінші әлем заңдылығы. Пенде болған соң ағат кететін кезің де болады. Су сапырғандай дабырлап, мүлде бөтен қиырға шабатын шақтарың да жиі ұшырасады. Иә, Лондонда бакалавр бітіріп, Алматыға кел­дім. Әрине, бірден Ақтауға қара мұнайды жағалап, жұмысқа тұрдық. Табыс айына мың дол­лар. Кейін көбейді. Американдықтарға жұ­мыс істейсің. Кешке солармен кездесесің. Қазақстан­дасың ба, Америкадасың ба, белгісіз. Ұлттың болашағы үшін оқытты, ал ұлтың жоқ. Лондонда ағылшындар, Ақтауда американ­дық­тар. Қазақ­тың теледидарын, газетін көрмейсің. Қазақтың тілін естімейсің. Содан қайда жүрсем де бәрібір емес пе деп екі жылдан соң, Принстон университетінің ма­гис­тратурасына түстім. Сонда сізбен тағы бір жолыққан едік. Сіз мені Принстондағы достары­ңызбен таныстырған бо­ла­тынсыз. Мен олармен жақсы қарым-қаты­наста болдым. Достары­ңыз­дың бәрінің діні берік, екі сөйлемейтін, уәде­ні қаза қылмайтын адал адамдар екен. Өзбектер, тәжіктер, түр­кі­мендер әдеп қақпа­ла­рын қатты ұстайтынын білесіз. Ал қазақтар жа­ңа­шыл боламыз деп жан­дарын жыртып жатады. Қазақтың бойына біткен бұл дарақы мінезді, біз, жастар түсіне алмай қатты алаң­даймыз. Қанға сіңген ұлттық мінез екенін ұқсаң да, күніне өзгеріп жатқан мына қа­тал заманға үйлеспей­тінін сезіп қынжыласыз. – Сабақты жақсы оқы­дым. Маған керегі білім ғана екенін мен Ақтауда американдықтармен жұ­мыс істеген тұста анық ұққам. Сонан да Принстон университетінің ма­гис­тратурасына түсуге ба­рымды салып дайын­далдым ғой. Магис­тра­ту­раға түскендегі менің қуа­нышымды көрсеңіз! Мен шын бақытты едім. Алматыдағы шешеммен сөйлескенде де біресе жылап, біресе күліп, есім кеткен. Ол кезде Принстонда ешкімді білмеймін. Қуанышыңмен бөлі­сетін кісі жоқ. Шетте тұрудың ең қиыны, ылғи жалғыздықты сезінесің. – Санасы бар адам ғана қиналады, – деп Гүлжанның сөзін бөлдім. Бойжеткен маған көзін кө­теріп жүзіме анықтап қарап алды да: – Роллан аға, кім болса да қиналатын болар. Батысқа үдере көшкен біздер, жастармыз ғой. Әрине, бізде тәрбие кемшін соғып жатты. Ол белгілі, – деп сәл бөгеліп алды да. – Сол күні мен Принстон қаласын еркін араладым. Шаршап келіп, оңаша саябақтың орындығына отырдым. Қанша шаршасам да, көңіл гүл атып, жайнап тұрған. Принстон уни­верситетінің магис­тра­тура­сына түсу ұзақ жыл­ғы арманым еді. Мен кәдімгі ортақолды отба­сынан шыққан қызбын. Мені қолдайтын бай ағаларым немесе лауа­зым­ды туыс-туғаным жоқ. Жалғыздың жары құдай дейтін анам. Чарльзбен сол саябақ­та таныстым. Ол да ма­гистратураға түсіпті. Ка­лифорниялық әдемі жігіт. Мамандығы физик. Шешесі еврей, әкесі ирлан­дық. Миллионердің от­басынан шыққан азамат. Біз кеш бойы бірге серуендедік. Кафеден тамақ іштік. Чарльз Ирак со­ғысына қатысқан жалғыз байдың баласы екен. Әңгіме арасында ол ма­ған беймәлім жайт­тарды, әлем саясатындағы қаны шыққан шындықты айт­қанда, мен оны сыйлай түстім. Маған Чарльздің қай мәселе, қай сұрақ бо­йынша өз ойы, өз тілегі, өз көзқарасы бары қатты ұнады. Ирактың бомба­сының астында бір жыл шыңдалғаны да беп-бел­гілі болып тұр. Ойын көлгірсімей, қорықпай ба­тыл айтуы оның ерекше жан екенін де аңғартқан. Мен сізге Чарльзді несіне таныс­тырамын, оны өзіңіз де көрдіңіз ғой. – Чарльз маған да ұнаған. Сендерді тоқсан екі жастағы өзбек ақсақалдың үйіне палауға апарып едім ғой. – Иә, Роллан аға. Ол кісінің Нью-Йорктің ортасында үлкен мата дүкені болатын. Чарльз шешесіне сол ақсақалдан өзбекі пұл сатып алған. Кейін өзбек, ауған кілемдеріне тапсы­рыс берді. Оларды да сатып алды, білем. – Талай жыл өтті... ақсақал тірі ме екен? Сен сол дүкенге телефон соқшы. Тірі болса, барып сәлем берейік, Гүлжан. – Жақсы, Роллан аға. Ертең бір хабарын беремін. – Мен сенің әңгімеңді бөліп кеттім-ау, кешір, Гүлжан. – Оқа емес, аға. Магистратураның бірінші жылын бітірген соң, мен елге баруға жиналдым. Көңіл­де қобалжу көп еді. Көңілде тиянақ жоқ еді. Нью-Йорктен Алматыға ұшарда, біздің ұшақ үш сағатқа кідірді. Әуежайдың кафесінде шай ішіп отыр­ғанымда, менің қасыма орта жастағы адам келіп отырды. – Кешіріңіз, сіз қазақпысыз? – деп сұрады. – Иә, қазақпын. – Қазақ болсаңыз, Алматыда менің Рүстем Жанқожа деген философ досым бар. Естуіңіз бар ма? – Жоқ. Мен университетті Ленинградта бітіргенмін. Ал сіз қайдансыз? – Кешіріңіз, өзімді таныстыруды ұмытып барады екем ғой. Менің есімім Петр Дуткевич. Полякпын. Варшава университетін бітірдім. Аспирантураны МГУ-да тәмамдадым. Көп жыл болды, Канадада тұрамын. Университетте сабақ беремін. – Менің атым Гүлжан. Принстон универ­ситетінің магистрантымын. Алматыда тұра­мын. Сіз орысша жақсы сөйлейді екенсіз. – Москвада жақсы сөйлеуші едім, Канадаға барғалы қарая бастадым. Поляк тілін де оң­дыртпай барамын. Бәрі ағылшынша. Әйелің ағылшын, ортаң ағылшын, тіл ағылшын, кейде түсіме ылғи Варшава енеді. Түні бойы поляк тілінде сөйлеп шығамын. Әйелім, түні бойы түсініксіз тілде күбірлейтінді шығардың дейді. Мені сөйлетіп жатқан қайран туған тілім, поляк тілі ғой деймін. Онан басқа не айтасың, Гүлжан қарындасым. Тіл деген кие ғой. Тіл демекші, менің тағы бір қимас қазақ досым бар. Бәлкім, білерсің. Жазушы. – Кім? – Роллан Сейсенбаев. Ол ұзақ жыл Москвада тұрды. Жақсы дос болдық. Қазы-қартаны, бауырсақты, құрт пен ірімшікті, жылқының сүтін қалай атаушы еді? – Қымыз. – О, қымызды Ролланның үйінен тата­тынмын. Кандидаттық диссертациямды да сол үйде жудық. – Роллан ағаны жақсы білемін. Ол кісімен Лондонда, осы қыс Принстонда кездестік. – Көрсең, сәлем айт, Гүлжан. Оны көрме­гелі жиырма жыл өтсе керек. Петр Дуткевич маған сіздер туралы, қазақ халқы мен оның тарихы туралы ұзақ әңгіме айтып берді. Қазақ халқының ұлы халық болғанын Петр Дуткевичтен естіп, таң қалдым, Роллан аға. Тегін лекция. Туған халқымның тарихы VІІ ғасырдан ХХІ ғасырға дейін көз алдыма тірі суреттей елестеді. Сонда Петр Дуткевич сіз шығаратын «Aмaнaт» журналы­ның бір санын берді. «Осында Мұрат Аджидің «Кипчаки» деген кітап-эссесі бар. Соны оқы. Сонда қазақ халқының, жалпы түркі халқының сырға толы өмірі жазылған. Рүстем екеуміз кезінде Ленинградқа, атақты Лев Гумилевке барғанбыз. Ол ұлы адам еді. Ал біз жас едік. Оның кітаптарын оқып па едің?» – деді. – Жоқ, – деп қысыла жауап бердім. – Біз жас кезімізде ол кісінің кітаптарын Самиздаттан оқығанбыз. Қазір барлық жерде еркін сатылады. – Петр аға, рахмет, сіз менің көкірегіме нұр құйып жібердіңіз ғой. – Жүрегіңе нұрлы сәуле, ойлы ақыл жеткізе алсам, қазақ халқының алдындағы бір боры­шымды орындадым деп білемін. Рүстем Жан­қожаға мен өмір бойы қарыздармын. Қа­зақ деген ұлы халықтың ұлдарымен – екі ағаңмен дос болғанымды мақтаныш тұта­мын. Гүлжан қарындасым, сен жассың, өз еліңнен алыс, өзге жұрттасың, Америка сияқты алпауыт елдесің. Сен өмір сүрген орта – көп ұлтты әлем додасының ортасы. Сол додада қазақтар мық­ты болуы керек. Өз тарихын, әдебиетін, тілін жақсы білулері қажет. Тарих, әдебиет, тіл – қай халық­тың бол­са да үштағаны. Алтай қазақ­тары осылай атайды. Осы үштағанды жақсы­лап меңгер. Шамаң жетсе, еліңде қызмет жаса. Елің үшін. Отаның үшін. Елден бауырыңды жа­зып алсаң, кейін өкінесің. Мен максималист адам болған соң айтып жатырмын. Мен сияқты қартайғанда, бір американдық шал­дың қасында жатып, қазақ тілінде күбір­лесең, қия­мет қой. Өмірде Отаннан қымбат ешнәрсе жоқ екен. Мен елу тоғызға келген шағымда соны ұқтым. Англия әдебиетінің іргесін қалаған Конрад, ол да поляк. Шығар­маларын ағылшын тілінде жазған. Мен де қазір философиялық кітаптарымды ағыл­шынша жазамын. Полякша жазсам, өзімді бақыттырақ сезінер едім. Осы кезде Монреальға самолетке отырғызу басталды да әңгіме үзілген. Нью-Йорктен Алматыға жеткенше ара-ара­сында қалғығаным болмаса, ұйықтай ал­мадым. Ойды ой қозғап, жүректе маза бол­мады. «Aмaнaт» журналын да толық оқып шықтым. Айтатын ойы терең, алған бағыты түзу, нағыз ұлттық журнал екен. «Қып­шақтар» намысым­ды қозғады. Рухым­ды өсір­ді. Алматыға барған соң, Роллан ағам­ды табайын, Петр Дуткевичке рахмет айтып, хат жолдайын деп бекідім. Бірақ, Алматыдан сізді таба алмадым. «Aмaнaт» журналы мен 200 томдық кітаптар сериясының оншақтысын дүкеннен сатып алдым. Сонан соң екі ай шешемнің қасында отырып, сол кітап­тар­дағы ойларға еркін ендім. Мен Гүлжанның сөзін бөлмей, толғана сыр шерткен қарындасыма қызықтай қарап қалыппын. – Магистратураның екінші жылын бітірерде Чарльз мені Калифорнияға, туған қаласына ша­қырды. Маған тұрмысқа шық деп тілек білдірді. Шынымды айтсам, бұл туралы мен көп ойландым. Шешем мен үлкен әпкем өзің білге салды. Тағы бір әпкем: «Бұл арада не қылмақ­сың? Қазақты қимайтындай, ол саған не берді? Қазақтың оңған жігітін көрсетші маған? Ішіп алса, алтыннан сарай салатын біздің үйдегі жездең кімге үлгі? Ағылшын құшағын ашып тұрса, сол құшаққа ен, тәуелсіз, бай ағылшын далада жатыр ма?» – деп аузынан түкірігі шашырап өзеуреді. Ал менің басым айналды. Сол кезде Нью-Йоркте бакалаврда оқитын Жәмилә деген жас қыз мені іздеп, Принстонға келді. Екеуміз жатақханада шай ішіп, мәз-мейрам болып отырғанбыз. Жәмиләнің шешесі Талдықорғаннан әдейі арнап өрік, мейіз, талқан, жент жіберген екен. Сол кезде бөлмеге есік қағып, Чарльз кірді. Мен оны Жәмиләмен таныстырдым. Өрік, мейіз, жентті жігіттің алдына қойдық. Жәмилә анасының жентті қалай жасайтынын түсіндірді. Күтпеген жерден Чарльз: «Сендер неге ағылшынша сөйлемей­сіңдер?» деп тап берсін. Жәмилә не айтарын білмей сасқалақтап қалды. – Біз қазақша сөйлеп отырмыз ғой, – деді қызарақтап. – Гүлжан, саған міндетті түрде ағылшынша сөйлеу керек, – деді Чарльз. Неге екенін білмедім, қаным басыма шапты. Аяқ-қолым дірілдеді. Көкіректі намыс ұрғылады. Қалғып жатқан рух тіксінді білем. – Сэр, қай тілде сөйлеуді өзім шешемін. Мен енді қазақша сөйлейтін боламын, – дедім қатуланып. Чарльз бөлмеден үнсіз шығып кетті. – Бәрін мен бүлдіріп алдым ғой, – деп қынжылды Жәмилә. – Жоқ, сен ешнәрсе бүлдірген жоқсың. Сені Принстонға аруақтар айдап әкелген болар. Тез жинал, мен сенімен Нью-Йоркке кетемін. Жәмиләға әкесі Нью-Йорктен жеке пәтер жалдап әперген. Жәмиләнің қасында екі күн болдым. (жалғасы бар).