Бүгін Халық өкілдері Бүкілқытай жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы У Бангоның Қазақстанға сапары басталады. Бұл Қытай Парламенті басшысының Қазақ еліне алғашқы сапары болып табылады. Осы оқиғаға орай біз Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжоу ЛИДІ әңгімеге тартқан едік.
– Құрметті елші мырза, әуелі Халық өкілдері Бүкілқытай жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы (ХӨБЖ ТК) У Бангоның Қазақстанға алдағы сапары туралы әңгімелесеңіз.
– Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің шақыруы бойынша Халық өкілдері Бүкілқытай жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы У Банго 23-27 қыркүйек аралығында Қазақстанға ресми достық сапармен келеді. Аталған сапар барысында ХӨБЖ ТК Төрағасы У Банго Алматы және Астана қалаларында болып, онда Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен, Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмимен, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановпен және Алматы қаласының басшылығымен кездесіп, келіссөздер жүргізеді деп күтілуде. Келіссөздер мен кездесулерде түрлі салаларда, атап айтқанда, парламенттік желілер бойынша, сондай-ақ екі ел басшыларының уағдаластықтарын жан-жақты жүзеге асыру мәселелері жөнінде екі жақты ынтымақтастықты дамытудың жай-жапсарлары талқыланатын болады. Сонымен бірге, екі тарапты да қызықтыратын халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша егжей-тегжейлі пікір алысулар жүретіндігі ойластырылған.
ХӨБЖ ТК Төрағасы У Банго, сонымен қатар, екі ел іскер топтары арасындағы кездесуге де қатысатын болады. Екі жақ аталған сапарға ауқымды да мұқият дайындық жұмыстарын жүргізе отырып, оған үлкен маңыз беруде. Бірлескен күш-жігердің арқасында бұл сапардың оң нәтижелер беретініне сенімім кәміл.
– Қытай тарапының бағалауынша, ХӨБЖ ТК Төрағасы У Бангоның Қазақстанға бұл сапарының маңызы қаншалықты?
– Аталған сапар ХӨБЖ ТК Төрағасы У Бангоның Қазақстанға алғашқы сапары және Қытай мен Қазақстан басшылығының үстіміздегі жылдың маусым айында екі елдің жан-жақты стратегиялық әріптестігі орнатылғаннан кейінгі алғашқы кездесуі болып отыр. Алдағы сапар 2011 жылдың екі жақты байланыстардағы жоғары деңгейлі тағы бір айтулы оқиғасы болмақ. Бұл екі елдің басшылығы Қытай-Қазақстан қарым-қатынасын дамытуға үлкен маңыз беретінін кезекті мәрте айқын көрсетеді. Аталған сапар Қытай мен Қазақстан арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі сенім тұрғысынан тереңдетіп, өзара іс-қимыл деңгейін жоғарылатуға соны серпін қосатынына сенімділігімді білдіремін.
– Сіз Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының қазіргі жағдайы мен перспективасын, оның ішінде экономикалық, гуманитарлық және басқа салалардағы ынтымақтастығын қалай бағалайсыз?
– Қытай мен Қазақстан арасында дипломатиялық байланыс орнаған 20 жылға жуық уақыттан бері екі ел басшыларының үлкен қолдауы мен қамқорлығының және ортақ күш-жігер жұмсалуының нәтижесінде екі жақты қарым-қатынастардың саламатты да тұрақты оң даму үрдістері өзгеріссіз сақталып келеді. Бүгінде Қытай-Қазақстан қарым-қатынасы өз даму тарихындағы ең озық кезеңін басынан өткеруде. Тараптар жоғары деңгейдегі байланыстарды жан-жақты қолдап, саяси өзара іс-қимылды үзіліссіз нығайту үстінде. Екі елдің сауда-экономикалық, қаржылық, энергетикалық, көліктік, ғылыми-техникалық салалардағы ықпалдастығы да әр кез арта түсіп отыр. Қытай мен Қазақстанның мұнай және газ құбырлары іске қосылған, шикізаттық емес секторда бірқатар жобалар табысты жүзеге асырылуда. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2010 жылы 20 миллиард 400 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл – алыс-беріс көлемі дипломатиялық қарым-қатынас орнаған бастапқы кезеңмен салыстырғанда 50 еседен астамға ұлғайды деген сөз. Екі мемлекет басшылары тауар айналымын 2015 жылға қарай 40 миллиард доллар деңгейіне жеткізу мақсатын қойып отыр.
Қытай мен Қазақстанның гуманитарлық байланыстары да үздіксіз даму үстінде. Өңіраралық достық қатынастар белсенділігімен ерекшеленуде. Қазақстанда қытай тіліне деген қызығушылықтың сезінерліктей деңгейде өскені де біздің халықтарымыздың өзара түсіністігі мен достығын нығайта түсетін факторға айналған. Халықтарымыздың саналарына «мәңгілік бейбітшілік пен достық» идеясы тереңдей енген. Тараптар екі жақтың мүддесіне теңдей қатысты маңызды мәселелерде бір-біріне шешімді түрде қолдау көрсетіп келеді. Қазақстан мен Қытай БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК сияқты көп қырлы құрылымдарда тығыз да үйлесімді өзара іс-қимыл танытып отыр. Мұның өңірдегі, және тұтастай алғанда, дүние жүзіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде ықпалы зор. Қытай жағы екі жақты қарым-қатынастың даму деңгейіне қанағаттанушылық білдіреді және мұны ізгі көршілік пен достықтың және ынтымақтастықтың өңірге, тұтастай алғанда, бүкіл әлемге үлгі боларлық үрдісі деп есептейді.
– Сіз Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының перспективаларын қалай қарастырасыз?
– Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының өміршеңдік бастауы олардың екі халықтың мүддесіне де толықтай жауап беретіндігінде жатыр және екі жаққа да нақты тиімділік әкелетін, тараптардың тұрақтылық пен даму талабын толық деңгейінде қамтамасыз ететін өзара тығыз байланыстармен өлшенеді. Бүгінде екі ел арасындағы қарым-қатынас екі жақты шеңберден шығып, маңызды стратегиялық мәнге ие бола бастады.
Алдағы жылдың 3 қаңтарында Қытай мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық байланыстың орнағанына 20 жыл толады. Бұл айтулы күнді екі жақ та салтанатты рәуіште атап өтетін болады. Өткен 20 жыл екі тараптың да әлеуметтік-экономикалық дамуында, мемлекеттілік құруында, сондай-ақ стратегиялық әріптестігімізді тереңдетуде орасан табыстарға жеткен жылдар болды. Қазіргі кезде Қытай мен Қазақстан жаңа тарихи сатыға аяқ басты. Өткен 20 жыл бедеріндегі жинақталған бағалы тәжірибеміз бен ынтымақтастықтағы қол жеткізген зор табыстарымыз біздерге одан әрі де серпінділікпен ілгері жылжуға жағдай туғызады. Бүгінгі таңда елдерімізде жаңа бесжылдық даму бағдарламаларын жүзеге асыру үдерістері жүріп жатыр. Бұл біздерге екі жақты қарым-қатынастарымызды дамытуда жаңа мүмкіндіктер ашады. Өзара сенімділік пен өзара іс-қимылдың және бірлесе дамудың жоғары рухын басшылыққа ала отырып, біз Қазақстан тарабымен бірге ынтымақтастығымызды ең түрлі деңгейлерде және ең түрлі бағыттарда стратегиялық әріптестік тұрғысынан одан әрі де жан-жақты дамыта беруге мүдделіміз.
– Әңгімеңізге рахмет. Тату көрші әрі стратегиялық әріптес екі ел арасындағы байланыстарды тереңдете түсуге үлес қосу жолындағы дипломатиялық қызметіңізге табыс тілейміз.
Әңгімелескен Самат МҰСА, Астана.