23 Қыркүйек, 2011

Қазақстанға 20: Даму келешегінен кемелділікке

416 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
(Үмітті ақиқатқа айналдыра отырып) Қазақстан тәуелсіздік алған сонау 1991 жылдың шырғалаңды желтоқса­нын­да енді 20 жылдан кейін ел бү­гін­гідей орасан жетістіктерге қол жеткізетіндігіне сенім білдіретіндер қатары тым сирек еді. «Сарапшылар» Қазақ­стан егемендік алған ел ретінде әлсі­рейді және Кеңестер одағынан мұраға қалған экономикалық, әлеуметтік, саяси және экологиялық проблемалар ауырт­палығының салдарынан құлап қалады деп болжам жасады. Осы айтылғандарды санап шығудың өзі-ақ кез келген адамды шарасыздық тығырығына тірейтін еді. 1991 жылы Қазақстан аумағында әлемдегі ең ірі антропогендік экологиялық апат: Семей ядролық полигоны және Арал теңізінің қасіреті орын алған болатын. Кеңестік ядролық сынақтар сал­да­ры­­нан 1,5 миллион қазақстандық зардап шекті. Олардың көпшілігі радиация салдарынан сырқатқа шалдығып, көз жұмды. 40 жылға созылған ядролық сынақ кезеңінде 500-ге жуық ядролық жарылыс жасалынды. Осының кесірінен орасан зор аймақ ластанды және жүздеген жылдарға дейін адамдардың өмір сүру үшін қажетсіз құла дүзге айналды. 1960 жылдан бастап Арал теңізі, әлемдегі көлемі жағынан ең ірі төртінші көл суалып қалу қаупінің шегінде тұр. Бұл Орталық Азиядағы екі ұлы өзен – Әмудария мен Сырда­рия­ның суын реттеу жөніндегі КСРО-ның сауатсыз саясатының салдары еді. Мақта алаңдарын суару жөніндегі бұл терең ойластырылмай жасалған шара ақырында қоршаған ортаға орасан зор зиян шектіріп, теңіз арқылы күн көріп отырған жүздеген мың адамдардың өміріне қасірет әкелді. Қазақтың ұлан-ғайыр ұлы даласын патшалар мен Сталин жүздеген мың «сенімсіздерді» жер аударатын немесе А.Сол­женицыннің «ГУЛАГ архипила­гын­да» мәңгілікке суреттелген «еңбек лагерлеріндегі» жұмысқа жіберетін немесе ел ішіндегі «тентектерді» түзеуге жіберетін ай­маққа айналдырды. Бұл ретте адамдарды мал таситын вагон­дарға тиеп алып, ұлан-ғайыр даладағы елсіз аймақтарға апару жиі қолданатын шараға айналды. Немістер, поляктар, корейлер, чешендер және басқа көптеген этностар еріксіз өздерінің тарихи отандарынан қол үзіп, алыс аймақта ешбір үмітсіз жағдайда қалғандай еді. Кейінірек 1950 жылдары тың және тыңайған жерлерді игеру желеуімен Қазақстанның орта­лық және солтүстік бөліктеріне жүзде­ген мың орыстар, беларусьтар және украиндар қоныстандырылды. Міне, осындай шаралардың сал­дары­нан 1991 жылы Қазақстан 130-дан астам этнос үшін екінші отанына ай­налды. Ал өз атамекеніндегі қазақтар сан жағынан азшылыққа ұрынды. Көп­­шіліктің есебінше, осы айтыл­ған­дар­дың бәрі елдің құлдырауға ұшырауына жеткілікті жағдай еді. Бұған қосымша Қазақстанға КСРО-дан мұраға қуаты жағынан әлемдегі төртінші ядролық арсенал қалды. Қа­зақстандағы ядролық арсенал қуаты бри­тандық, француздық және қытай­лық ядролық арсеналдардың көлемін қосып есептегеннен де қуатты еді. Ақиқатын айтсақ, ел шын мәнінде бірқатар шетелдік үкіметтер тарапынан Қазақстан «егер әлемдегі алғашқы ядролық қаруы бар мұсылман мемлекеті болатын болса, ақшалай көмек және саяси қолдау көрсетіледі деп емексіткен жан-жақты қызықтырушы әрекеттерге тап болды. Теңіз жағалауынан қашық­тық­тағы, бар болғаны 16 миллион ғана халқы бар Қазақстан бір жағында Ресей, бір жағында Қытай сияқты әлемдік державалар қоныстанған тұрақсыз ай­мақта қалған еді. Ал мемлекеттің шека­расы халықаралық құқықтар бойынша әлі бекітілмеген болатын. Сол бір ке­зең­де Қазақстан және оның демо­кра­тиялық тұрғыда сайланған Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев бетпе-бет келген жағдай нақ осындай еді. Осылай бола тұрса да Н.Назарбаев өзінің стратегиялық болжампаздығы­ның, көшбасшылық талантының арқа­сын­да жағдайды жедел түзеп, қалып­тасқан ахуалды біртіндеп қолайлы мүмкіндік­терге алмастырды. Сыртқы саясаттағы шеберлікпен қол жеткізген жетістіктер елдің ішкі саяси жағ­дайын­дағы міндеттерді ойдағыдай шешуге ықпал етті. Н.Назарбаевтың Президент ретінде алғаш қабылдаған шешімдерінің бірі қуаты жағынан әлемдегі төртінші ядро­лық арсеналдан үзілді-кесілді бас тар­тып, қасіретімен аты шыққан Семей полигонын жабуы еді. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы бұл шешімнің жаһандық дәрежедегі орасан зор маңызын атап көрсете келіп, Семей полигонын жабу туралы шешімге қол қойылған күн – 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақ­тар­ға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады. Мұндай тарихи шешім Қазақстан­ның әлемдегі барлық мемлекеттермен өзара тиімді байланыс жасай алатын бейбітшіліксүйгіш, ашық та зайырлы мемлекет мәртебесін бекітті. Кейіннен бұл жағдай мемлекетке рекордтық тікелей шетел инвестициясы құйылуының нәтижесінде елдің экономикалық да­муы­ның орасан зор жетістіктерге жетуіне ықпал жасады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев көпвекторлы сыртқы саясат деп атала­тын көрегендік саясатын қолдана оты­рып, Батыстағы да, Шығыстағы да ха­лық­аралық әріптестерімен берік және өзара тиімді қарым-қатынас жасауға бар­лық күш-жігерін салды. Қазақстан Ресеймен, Қытаймен және басқа мемлекеттермен мемлекеттік шекара мәсе­ле­сін реттеп қана қойған жоқ, сонымен бірге, 1993 жылдан бері 150 миллиард АҚШ долларынан астам тікелей шетел инвестициясын тартуға қол жеткізді. Бұл бүкіл Орталық Азия аймағының экономикасына салынған инвестиция­ның 80 пайызын құрайды. Сәуегей «са­рапшылар» болжаған көптеген күйреу кезеңдерін айналып өткен Қазақстан экономикасы әлемдегі ең жедел дамып келе жатқан экономикаға айналды. 2007-2009 жылдары бұл ел әлемдік қаржылық дағдарыстың салдарларын ойдағыдай жеңе білді және рецессияға ұшыраған жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы 20 жылында Қазақстанда адам басына шаққандағы ІЖӨ мөлшері 1994 жылғы 700 доллардан 2010 жылы 9 000-нан астам дол­лар­ға өсті. Бұл алдын-ала  болжалынған мерзімнен 5 жыл бұрын және әлемдегі кез келген мемлекеттегі көрсеткіштер­ден де жылдам жүзеге асты. Әрине, бұған бір жағынан елдегі мұнай, газ, табиғи уранның орасан зор қоры да ықпал етті. Алайда, мұндай жетістіктерге жету үшін, ең алдымен, батыл эко­номикалық реформалардың және сая­си тұрақтылықтың барынша мүм­кіндік бергендігі ақиқат. 1997 жылғы желтоқсанда ел аста­на­сын Алматы қаласынан Астанаға көші­ру жас мемлекет үшін шын мәніндегі бетбұрыс кезең болды. Бар болғаны 280 мың ғана халқы бар, жете дамы­маған провинциалық Ақмола қаласы­на ел астанасын көшірген кезде Қа­зақстан әлі де үлкен экономикалық қиын­дықтар құрсауында тұрған бола­тын. Өткен 14 жыл мерзім ішінде ел астанасы ұлттың жедел дамып келе жатқан қуатты орталығына, қазірдің өзін­де 750 мың халқы бар сәулетті де салтанатты қалаға айналды. ХХІ ға­сырда салынған әлемдегі санаулы мегаполистердің бірі бола тұрып, Астана сонымен бірге бүгінгі замандағы ең жас астаналардың бірінен саналады. Астана ұлттық жетістіктер символына айналды. Бұл қала шын мәнінде қазақстандықтар үшін бұрын армандау да мүмкін емес көрінетін жетістіктерге жетудің сенімділік тұғырына айналды. Қоғамда қалыптасқан этникалық және діни әр тараптылық жағдайында егер Қазақстан бейбітшілік, түсіністік және татулық ахуалын сақтай алмаған болса, реформаларды жүргізу, мемлекеттегі тұрақтылық пен дамуды қа­лыптастыру мүмкін емес еді. Қазақстан қақтығыстар мен жаулыққа қарсы тұ­ра­тын ынтымақтастық пен достық рухын сақтай білді. Елдегі қалыптасқан этнос­аралық және конфессияаралық татулық моделін қазірдің өзінде шетелдердің сарапшылары жан-жақты зерттеу үстін­де. Қазақстан сонымен бірге өзара түсіністік идеясын халықаралық сахнада да дамытып келеді. Қазақстан Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шара­лары жөніндегі кеңес және Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің  съезі сияқты беделді де нәтижелі ұйымдарды құра отырып, халықаралық дәрежеде зор табыстарға жетуде. Қазақстан берік те тұрақты президенттік-парламенттік демократиялық жүйе құрды және оның шеңберінде БАҚ және үкіметтік емес ұйымдар қоғамдық күн тәртібін қалыптастыруда елеулі рөл ойнайды. 2011 жылы Н.Назарбаев өзінің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізу жөніндегі дауыс беру құқығы бар аза­маттардың жартысынан астамы қуат­та­ған ұсынысты қолдамай тастады. Оның орнына Президент өзінің демо­кра­тия­лық қағидаттарға адалдығын дәлелдей отырып, мерзімінен бұрын сайлау өт­кізу жөнінде бастама көтерді және осы сайлауда зор басымдықпен жеңіске жетті. Ұлттық шеңбердегі даму жетістіктері халықаралық сахнада да өзінің тиісті жалғасын тапты. 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға ойдағыдай және тиімді төр­ағалық етті. Желтоқсанда ел астанасы 11 жыл үзілістен кейін алғаш рет ЕҚЫҰ Саммитін қабылдады. Саммит қорытындысында мерейтойлық Астана декларациясы қабылданды және Еуропадан, Америкадан және Еуразиядан келген 56 қатысушы-мемлекеттер өзде­рі­нің Ұйым шеңберіндегі ынтымақ­тас­тығын нығайтуға мүдделі екендіктерін дәлелдеді. 2011 жылы Қазақстан өзінің Шанхай ынтымақтастық ұйымы төрағалы­ғы­ның шеңберінде оның алты мүшесі арасындағы көпқырлы ынтымақ­тас­тық­ты жаңа сапалы деңгейге шығару мақсатындағы жұмысын жүргізді. 2011 жылдың маусым айында Қазақстан жақында ғана атын өзгерткен Ислам ынтымақтастығы ұйымындағы (ИЫҰ) бір жылдық төрағалық міндетіне кірісті. Әлемнің 57 мемлекеті кіретін осы ұйымда бейбітшілік, ынтымақтастық және даму қағидаттарын жемісті жүзеге асыра бастады. Тамыз айында Қазақ­стан ИЫҰ-ның басқа да мемлекеттерімен бірлесе отырып, аштықтан зардап шеккен Сомалиге көмек қолын созды және 350 миллион доллар мөлшерінде қаржы жинауға мұрындық болды. Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарса­ңын­да тұрған Қазақстан елдің ішіндегі қол жеткізілген жетістіктерді, сондай-ақ халықаралық аренадағы қол жеткізген жетістіктерді лайықты мақтан тұта­ды. Сонымен бірге, ел қазіргі күнде бел­гіленген болашақтағы ұлы мақ­сат­тар­ды іс жүзіне асыру үшін әлі де орасан зор жұмыс атқару керек екендігін барынша сезінеді. Бұл асулардың алынатындығын сіздерге дәлелдейтін де қазақстандықтардың өздері болады.

The Wall Street Journal басылымы

(АҚШ).