Алматыда ТМД елдері Экономикалық кеңесінің кезекті 51-ші отырысы болып өтті. Кеңейтілген кездесудің жұмысына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев қатысып, сөз сөйледі. Жиында негізінен алғанда, ТМД елдерінің экономикалық ынтымақтастығын дамытып, оны одан әрі жетілдіру мәселелеріне қатысты іс-шаралар жан-жақты талқыланды.
Ауқымды жүздесудегі ең басты әңгіме ТМД-ға қатысушы-мемлекеттердің 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған инновациялық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық бағдарламасының жобасы төңірегінде өрбіді. Сонымен қатар, ТМД-ға қатысушы-мемлекеттердегі валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы саясаттың негізгі ережелері, қағидалары туралы келісімнің жобасы, сондай-ақ еркін сауда аймағы келісім-шартына қатысты жәйттер де назардан тыс қалған жоқ.
ТМД елдері экономикалық кеңесінің 51-отырысының күн тәртібінде бірқатар салмақты мәселелер қойылып, қарастырылды. Мәселен, жиынға қатысушылар басқосуда ТМД Экономикалық дамуы стратегиясының (2009-2011 жылдар) алғашқы кезеңін жүзеге асыру бойынша атқарылған іс-шаралар жоспарының орындалу барысын сараптаумен айналысуды да ұйғарып отыр. Сонымен бірге Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері көлік дәліздерін үйлестіру комитеті тәртібінің жобасын талап деңгейінде талқылау да ойда бар. Кеңейтілген отырыс барысында ТМД-ның нормативтік-құқықтық құжаттарына бірқатар өзгерістер де енгізілмек.
Ресей Федерациясы, Украина, Беларусь, Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Армения, Молдова мемлекеттері делегациялары қатысқан Экономикалық кеңестің 51-отырысында сөз алған ТМД Атқару комитетінің төрағасы – атқарушы хатшы Сергей Лебедев өз сөзінде ТМД мемлекеттерінің экономикалық өзара тығыз байланысы мен ынтымақтастығын одан әрі арттыру төңірегіндегі жәйттерге тоқталды.
– Шын мәнісінде де, бүгінгі таңдағы көпшілік назарын аударып отырған ең басты мәселелердің бірі – ТМД елдерінің экономикалық өзара іс-әрекетін үйлестіруді тереңдету екендігі айтпаса да түсінікті. Ал, мұндай ауқымды іс-шара әрбір мемлекеттің, ең алдымен, шаруашылық және ғылыми-техникалық қуатын барынша тиімді пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізбек. Сонымен қоса, әлемдік қаржы дағдарысынан туындап отырған қауіп-қатерлерге қарсы бірлескен күш-жігердің берері мол екендігі сөзсіз. Достастыққа енетін мемлекеттердің басшылары ТМД аясындағы экономикалық өзара қарым-қатынас мәселелеріне тұрақты көңіл бөлуде. Мұнымен қоса Мемлекет басшылары ТМД экономикалық дамуының 2020 жылға дейінгі стратегиясы негізіндегі экономикалық ынтымақтастықты нығайтып, тереңдету және одан әрі жетілдіруге де елеулі үлес қосуда. Достастық мемлекеттері басшылары биылғы жылдың қыркүйек айында ТМД-ның құрылғанына 20 жыл толуына орай мәлімдеме қабылдады, – деді Сергей Лебедев.
ТМД Экономикалық кеңесінің 51-отырысында «экономикалық кеңестің қашанда көпжақты өзекті мәселелерінің нақты шешімін табуда және тиімді кеңестер алмасып, тәжірибе алмасу мақсатындағы көмегі мол екендігі» атап көрсетілді. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің бұл тұжырымын кеңеске қатысушылар да толықтай қолдайды.
– Көпшілікке белгілі, Қазақстанның экономикасы уақыт өткен сайын қарқын алып, әлеуметтік ахуал да жақсара түсуде. Атап айтарлығы, Қазақстанда жиырма жылда ІЖӨ 700 доллардан-10000 долларға дейін өсті. Ал, ІЖӨ-нің көлемі 2015 жылға қарай 15000 долларға жетпек. ТМД елдерімен экономикалық интеграция біздің еліміздің Еуропаның дамыған елдерінің қатарына көтерілуіне көмектеспек.
Жиынның күн тәртібіне қойылған барлық мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылданды, сондай-ақ қосымша іс-шаралар да назардан тыс қалған жоқ, деді Өмірзақ Шөкеев. Бүтіндей алғанда ТМД Экономикалық кеңесінің кезекті 51-ші отырысы жұмысының қорытындысы табысты аяқталды деп түйін жасауға болады. Кезекті басқосу Мәскеу қаласында биылғы жылдың желтоқсан айында өткізілмек.
Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.