Аралдың табанынан су кеткенмен, халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ. Теңізі тартылған аймаққа барған сайын қараша халықтың қайсарлығын көріп, тәнті боламыз. Көп сапардың бірінде құм арасындағы ақсақалмен сөйлесіп қалдық. Әңгімеден әңгіме шығып, сөзіміздің соңы «басқа жаққа қоныс аудару ойда болмады ма?» дегенге сайды. Сонда қарт санынан ет кескендей шоршып түсті. «Бұл жерде менің ата-бабамның сүйегі жатыр», – деді ол.
Әдетте ұлан-ғайыр жеріміз бар деп жатамыз ғой. Жоғарыдағы әңгімеден кейін сол кең байтақтың бір ұшы мүжілмей бізге қалай аман жеткенін ұғынғандай болдық. Қазақтың қара баласы туған топырағын жерұйыққа айырбастамаған. Ата-бабасының сүйегі жатқан жерді көзінің ағы мен қарасындай қорғаған. Талай зобалаң заман туса да, үдере көшуді әдетке айналдырмаған. Әр тасын, әр кұмының төбесін қадір тұтқан. Қасиет санаған. Әйтпесе, Аралда осы күні адам қалмас еді. Ерні кезерген, Арса-арсасы шыққан, суы кетіп, нуы қалмаған, балығы аузын бақадай ашқан аймақта күнелтудің қиямет екені біз айтпай-ақ белгілі. Егін салуға оңтайлы жер жоқ. Айналаңның бәрі шағыл құм. Егін салмақ түгілі, есігіңнің алдындағы құмды тазартып үлгерудің өзі мұң. Бірақ қазақ орнынан қозғалмай, жылы ұя іздемей, тағдырдың салғанына көніп, өмір сүріп жатыр. Олар Аралды қимайды. Туған жерін тастап кете алмайды.
Елбасының сындарлы саясатының арқасында Кіші Аралға су барды. Көкарал су тоспасы салынды. Табаны құрғаған теңізге су жеткізу инемен құдық қазғандай шаруа екені бесенеден белгілі. Дегенмен Аралын қимай отырған халықтың жағдайын жан-жүрегімен сезінген Мемлекет басшысы арнайы бағдарлама түздіріп, суды жеткізді. Бүгінгі күні Кіші Аралыңыз шалқып жатыр. Жұрттың бәрі теңіздің үстінде жүр. Нәпақасын теріп жеп, күнкөрісін айырып жатыр. Балық аулаудың көлемі де ұлғайған. Осыдан біршама бұрын жылына 400 тонна балық ауланады екен. Енді бұл көрсеткіш 6 мың тоннаға жетті. Қаратерең деген ауыл бар. Өткен жолы барғанымызда Бөгеннің жігіттері сол Қаратереңдегі бір балықшының еңбегін ауыздарынан суы құрып айтып отырды. Әлгі балықшы күніне 60 мың теңгенің балығын аулайды екен. Осыдан-ақ Аралға тіршіліктің қайта оралғанын байқауға болады. Бүгінде аралдықтардың болашаққа деген сенімі ұлғайды. Келер күнге үмітпен қарайды. Мұның барлығы Президенттің бағдарлы саясатының арқасы екені шығар күндей ақиқат. Елбасының тікелей тапсырмасымен «САРАТС» жобасы жасалды. Сол бағдарламаның бірінші кезеңі аяқталып, Кіші Аралдың деңгейі 42-белгіге жетті. Енді бағдарламаның екінші кезеңі қолға алынбақ.
Аталған бағдарламаның бірінші сатысы бойынша Көкарал су тоспасы салынды. Көкаралдың теңізге су жеткізуде үлкен рөл атқарып тұрғаны анық. Дегенмен, осы су тоспасын салғанда бір қателік кеткен. Тоспаға балықтардың өтуін тежейтін құрылғы қойылмаған. Соның салдарынан Кіші Аралдағы бар балық тайдай тулап, Ұлы теңізге кетіп жатыр. Ал олар үлкен теңізде өмір сүре алмайды. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, тұщы суда өскен балық теңіздің тұзды суына барған соң, қуырылып қалады. Екіншіден, үлкен теңіздің табанында ғана су жатыр. Сондықтан саяз жерге жеткенде бауырымен жер тырнап, батпақтап жатады. Осындай мінәйі себептері көп оның. Сонымен бірге, балықтар үлкен теңізден қайта Кіші Аралға қашады. Ал оған арнайы қашыртқы салынбаған. Ағысқа қарай өрлеген балық тұмсығы темір бетонға келіп соғылып, кері қайтады. Сөйтіп, үлкен теңізде миллиондаған шабақ қырылып жатыр. Ал соның бәрін Кіші Аралда ұстасақ, елдің игілігіне айналар еді.
Ресми дерек бойынша, ұлы теңізде жылына 500 миллионға жуық шабақ қырылады екен. Бұл аспаннан алынған дерек емес. Расымен де солай. Егер Көкарал су тоспасына барып, көзіңізбен көрсеңіз, санаулы уақыттың ішінде үлкен теңізге үйір-үйір балықтың қашып жатқанын көрер едіңіз. Ал тоспадан сәл әріректе ұзындығы 15 шақырым, ені 70-80 метр, тереңдігі 2,5 метр болатын арна бар. Соны барып көріңіз. Мамандар сол жердің өзінде 700-800 миллион шабақтың жайылып жүргенін айтады. Мұның қанша байлық екенін, елдің әлеуметтік, экономикалық жағдайын арттыруға, шаруасын түзеуіне қаншалықты көмек екенін түсіндіріп жатудың өзі басы артық шаруа.
Далаға кетіп жатқан балықты қызылордалықтар құтқарып қалуға тырысуда. Биылдың өзіне 150 миллион шабақты Кіші Аралға өткізді. Ол үшін қыруар адам жиналып, біршама техника жұмылдырылды. Еңбек нәтижелі. Дей тұрғанмен, қаншама уақытты сарп етеді осыған.
Жоғарыда айттық, «САРАТС» бағдарламасының екінші кезеңі қолға алынып жатыр деп. Біз маман емеспіз. Бірақ осы саланы зерттеп жүрген мамандармен сөйлестік. Онан бөлек, аралдықтардың да пікірін тыңдадық. Енді соны жеткізейік. Ауылдағы қарапайым қарттың өзі Көкарал бекетін жабу керектігін айтады. Неге? Өйткені, ұлы теңізді біз бәрібір толтыра алмаймыз. Одан да қолда бар Кіші Аралды аман ұстап тұрғанымыз дұрыс. Көкарал су тоспасы жабылса, әлгінде айтқан 700-800 миллион шабақ та далаға кетпейді. Кіші Аралда қалады. Су тоспасын жауып, теңіздің дамбасын көтеру керек. Сол кезде теңіздің деңгейі 47- белгіге жетеді екен. Егер судың деңгейі біз айтқан мөлшерге жетсе, онда теңіз Арал қаласына дейін барады. Солайша, бір деңгейлі теңіз жасауға мүмкіндік болады.
Қазір екі деңгейлі теңіз жасау мәселесі де бар. Шындығы керек, бұл табиғатқа қарсы шығу. Өйткені, Кіші Аралға келіп жатқан судың бағыты бұрылады. Арнайы канал қазылып, ол Аралға дейін жеткізіледі. Ең бастысы, ол канал Қамыстыбас көлінің үстінен өтпек. Жергілікті жұрт Қамбаш атап кеткен көл таза туризмді дамытатын аймақ. Суы мөп-мөлдір. Көк майсасы жайқалып тұр. Басына қонақүйлер мен жағажайлар салынса құлпырып-ақ кеткелі тұр. Бастысы, инфрақұрылымын жасау. Қалғаны табиғаттың берген сыйы. Демалушылар үшін таптырмайтын орын. Енді дейміз, қолда бар дүниені неге бұзуымыз керек? Қайта оны өзіміздің ыңғайымызға пайдаланбаймыз ба?! Тау-тау құмның арасында сондай жердің барын былайға жұрт білмейді. Егер білсе, солай қарай ағылар еді. Себебі – қызық. Теңізі тартылған, құмы көшкен Аралда жанға жайлы жердің барын естіген адамның бәрі соны бір көруге ынтық болады. Сөйтіп, туристер қаптайды. Оның үстіне «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі де сол Қамбаштың жанынан өтеді. Әрі-бері өткен, жолсоқты болған адамдар Қамбашқа ат- басын бұрып, өздері демалып, қоржынымызға ақша салып кетер еді. Бұл мәселеде ойланбаса болмайды. Жеті рет өлшеп, бір рет кеспесек, ертең бармақ шайнап қалуымыз кәдік. Аралды азалап жүргенде, Қамбашты жоқтап қалмаудың қамын осы бастан ойластырған дұрыс.
Мамандар екі деңгейлі теңіз жасау жобасы мен Көкарал су тоспасын жауып, бір деңгейлі теңіз жасауды шотқа салып, шығынын есептепті. Екеуіне кететін қаржы бірдей екен. Бір деңгейлі теңіз жасау артық ақшаны талап етпейді. Есесіне, экология бұзылмайды, балық далаға кетпейді, Арал қаласына да су жетеді. Ал басқалай қылсақ, Қамбаштан айрыламыз. Осыдан соң қай жобаның дұрыс екенін өзіңіз топшылай беріңіз...* * *
СҰЛУЛЫҚТЫҚ СИМВОЛЫ
Қазақ тарихындағы астаналардың басым бөлігі Сырдың бойында болуында да мән бар. Өйткені, Сыр – сенімді серік, қамалы берік мекен. Сырттан алдырмаған, іштен шалдырмаған. Қысқасы, қай заманда болмасын, дария-ана баласына пана болған. Сол дарияның бойын жайлап жатқан Қызылорда қаласының 200 жылға жуық тарихы бар. Көненің көзіндей болған шаһар талай қаһарлы күнді бастан өткергені де айдай ақиқат. Бұл қала – Ұлы Жібек жолы көктей өткен қарым-қатынастың кіндігі, транзиттік сауда бекеті ғана емес, ұлттық мемлекеттілігіміздің бесігі болған саяси орталық. Яғни, ел тарихының әрбір белестері мен уақыт парақтары Қызылорда қаласын барша қазақтың рухани ордасы ретінде орнықтырды деп білеміз.
Баласы анасын аяласа керек-ті. Оның атын мәңгілікке қалдыру үшін болашаққа мирас боларлықтай бір естелік те қалдыру перзенттік парызы еді. Бір тайпаны ғана емес, бар қазаққа ана болған Сырдарияға арнап ескерткіш орнату керек қой деген ойдың ұшығын ұстағанымызға да көп болған. Сол күнге де жеткен сияқтымыз.
Әлемдік өркениетке қараңыз: Париж Эйфель мұнарасымен мақтанады. Мәскеу Қызыл алаңына апарады. Нью-Йорк «Бостандық» атты ескірткішін көрсетеді. Лондон Биг-бэніне қарап сағатын түзейді. Өзіміздің Алматы Тәуелсіздік монументіне мінәжат етеді. Көктөбеге шығарып, төбеңді көкке жеткізеді. Астанадағы «Бәйтерекке» шығуды бүгінде әрбір азамат өзіне парыз санайды. «Қазақ елі» монументінен қанаттанады. Алашқа астана болған Ақмешітте де осындай бір ескерткіштің керегі байқалатын. Солайша, екі ой бір арнада түйісті. Нәтижесінде сылаң қаққан, қыздың бұрымындай боп сырғып аққан дарияның бойынан «Сыр-Ана» кешені салынатын болды.
Сыр мен Ана егіз ұғым біз үшін. Сондықтан кешен осы екі сөзді айшықтап тұруға тиіс-тін. «Сыр-Ана» кешенінің конкурсы жарияланғанда талай мықты бәсекеге түсті. Бірі кимешек киіп, құтысын судан суырған ананы бейнеледі. Екіншісі омырауында бала ұстаған әйелдің сұлбасын жасады. Тағы бірі құшағын айқара ашып тұрған келіншекті суреттеді. Қысқасы, кешеннің нұсқасы көп болды. Бірақ оның бәрі Сыр-Анаға емес, кәдімгі әйелге қойылған ескерткіштерге көбірек ұқсап кетіп жатты. Содан бір күні астаналық «Самғау» компаниясы өз нұсқаларын ұсынды.
Ескерткіштің биіктігі 40 метрді құрайды. Алыстан қарағанда, сұлу келіншектің мүсіні көз алдыңызда көлбеңдей береді. Етегі желбіреген, ет жүрегі елжіреген жап-жас әйел сияқты. Жақындап барсаңыз, әлгі келіншектің мүсінін Сырдың толқыны құрап тұрғандай әсер береді. Басында сәукелесі бар. Сәукеленің шашағы күрішке ұқсатып жасалған. Ескерткіштің 34-метр биіктігінде алаңқай бар. «Бәйтеректің» төбесінен Астана алақандағыдай болып көрінбей ме? Міне, «Сыр-Ананың» биігіне шыққанда да Ақмешіттің ой-шұқырының бәрін көруге болады. Жаныңызда жайқалып Тұңғыш Президент атындағы саябақ жатады. Сырдың сызылып аққан ағысын төбеден тұрып тамашалайсыз. Айтпақшы, ескерткіштің төбесіне баспалдақ арқылы шығады. Оған лифт қоймауға бірнеше себептер бар. Біріншіден, егер лифт қойылса, онда ескерткіштің пішіні бұзылып кетеді. Екіншіден, мына іргеде жатқан көршілерімізде «Қытай қорғаны» бар ғой. Қорғанның ең ұшар биігіне шығу әрбір қытайлық үшін парыз саналады екен. Сол секілді қызылордалықтар да 34 метр биікке жаяу шығып, туған жерінің төсін сонау құс биігінен тамашалауды парыз санаса, артық па? Бұл да елді патриоттыққа шақыратын бір бастама емес пе?! Айтып, айтпай не керек, «Сыр-Ана» Ақмешіттің айшықты орны болмақ. Ендігіде Қызылорда дегенде көз алдыңызға осы «Сыр-Ана» ескерткіші қатар келетін болмақ.
«Сыр-Ана» скверінің құрылысына және жобалау жұмыстарына жергілікті бюджеттен 290,0 миллион теңге қаражат бөлінді. Мердігер мекеме – «Энергия» АҚ. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталды. Ескерткіш қаланың сол жағалауындағы Сұлтан Бейбарыс (бұрынғы Мостовая) көшесінің бойынан, жаңа көпірдің қасындағы жағалауға түседі. Жалпы, болашақта Қызылорда қаласы сол жағалауға қарай дамиды. Сол жақтан әкімдік ғимараты, «Шығармашылық үйі», қазақ-түрік лицейі, «ҚазМұнайГаз» компаниясының офисі салынатынын айта кеткен абзал. Сонымен қатар, «Астана» шағын ауданына қарасты тұрғын үйлердің де құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Ел Тәуелсіздігінің мерейлі мерекесі қарсаңында облыс әкімінің қолдауымен тарихы сан ғасырлардан бастау алатын Сырдария өзенінің табиғатын көрсететін ерекше нысан бой көтеретін болды. Бұл шындығында қуанарлық жағдай екені рас.
Осы орайда қала әкімі Мархабат Жайымбетов былай дейді:
– Талай тарихи ескерткіштерде Сырдария өзенінің аты айтылып келді. Сыр өзенінің жалпы ұзындығы 2200 шақырымды құраса, оның 1300 шақырымы біздің облысымыздың үстінен ағып өтеді. Біздің туған қаламыздың құрылуына себеп болған ұлы өзеннің маңызын қазіргі заман талабына сай ескеретін уақыт келді деп есептеймін. Бұл өткенге құрмет, ата-баба рухына тағзым, болашаққа үлгі, жастарға өнеге. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында облысымыздың барша халқын асырап отырған Сыр өзенінің құрметіне «Сыр-Ана» стелласын салуды қолға алып отырмыз.
Ескерткіш – еріккенің ермегі емес. Ол – елдіктің белгісі. Біз сол арқылы іргелі ел екенімізді танытамыз. Ал «Сыр-Ана» елдігіміздің көрінісі болатын бірден бір кешен болмақ. Ендеше, құтты болсын, ағайын.
Ержан БАЙТІЛЕС.