27 Қыркүйек, 2011

Қазақстан Республикасы Заңнамасындағы демократиялық сайлау ұстанымдары

1983 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Демократиялық сайлау ұс­танымдары 1995 жылғы 30 та­мызда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституция­сы­ның және еліміздің сайлау заң­намасының негізгі нор­ма­ла­рын­да қалыптастырылған. Бұл ұс­танымдар белсенді сайлау құ­қығы саласында да, бәсең сайлау құқығы саласында да қол­данылады. Белсенді сайлау құ­қығы дегеніміз – бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлау құқығына ие болуы. Бәсең сайлау құқығы – бұл Қазақстан Республикасы азамат­тарының қандай да болсын бір сайланбалы органға сайлану құқығы. Жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы, жасырын дауыс беру қағидаты конститу­циялық мәртебедегі ұстанымдар болып табылады және көбінесе белсенді сайлау құқығы сала­сында қолданылады. Жалпыға бірдей сайлау құ­қы­ғының қағидат ретіндегі маз­мұны 1995 жылғы 28 қыр­күйекте қабылданған «Қазақ­стан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң­ның 4-бабында: «Жалпыға бiр­дей белсендi сайлау құқығы Рес­публиканың 18 жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеумет­тiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсi­лiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көз­қарасына, нанымына, тұрғы­лықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге қатысу» деп көрсетілген. Елімізде биылғы жылы өткі­зілген президенттік сайлау бұл қағидаттың жүзеге асырылуы­ның дәлелді мысалы бола алады. Сайлаушылар тізімдеріне сайлау күні (2011 жылғы 3 сәуірге) жасы 18-ге толған және одан асқан республика азамат­тарының барлығы дерлік енгізілді. Еліміздің ересек халқы қатарында 9 миллион 200 мың 298 азамат бар екені анықталды, дауыс беруге олардың 8 миллион 279 мың 227-сі, яғни 89,98 пайызы қатысты. Бұрынғы президенттік сайлауларда да, сондай-ақ еліміздің парламенттік және жергілікті сайлаула­рында да бұл көрсеткіштер осы шамада болған. Тең сайлау құқығының анық­­тамасы сайлау туралы Конституциялық заңның 5-ба­бында берілген: «Сайлаушылар республика Президентi, партия­лық тізімдер бойынша сайла­натын Парламент Мәжiлiсiнiң депутаттары және мәслихат­та­рының депутаттары сайлауына тең негiздерде қатысады әрi олардың әрқайсысының бiр сайлау бюллетенiне тиiсiнше бiр дауысы болады». Бұдан әрі бұл бапта «Сайлаушылар республи­каның өзге де жергiлiктi өзiн өзi басқару органдарының мүшеле­рiн сайлауға тең негiздерде қатысады әрi олардың әрқай­сысының тең дауыс саны бола­ды» делінген. Егер бұл ұста­нымды бір сайлаушы азаматты құқықтары жағынан барлық бас­қа сайлаушы азаматтарға те­ңестіру ретінде қарастыратын болсақ, онда ол тек белсенді сайлау құқығы аясында ғана әрекет ететінін мойындауға тиіспіз. Бұл ұстанымды кеңірек, бір-бірімен тең жағдайда сайла­нуды қалайтын азаматтарды құқық жағынан теңестіру тұр­ғы­сынан пайымдайтын болсақ, онда бұл қағидат бәсең сайлау құқығы саласында әрекет ететінін көреміз. Сайлау туралы Конститу­ция­лық заңның 6-бабы қағидат ретінде «төте сайлау құқығы» туралы айтады: республика Президентiн, Парламентi Мәжiлiсiнiң және өзге де мәслихаттарының депу­тат­тарын, жергiлiктi өзiн өзi бас­қару органдарының мүшелерiн азаматтар тiкелей сайлайды». Бұл ұстанымды Қазақстан азаматтары 5 президенттік, 7 парламенттік, 7 жергілікті сайлауда жүзеге асыр­ды. Бірқатар демократиялық ел­дер­дің өзінде, мысалы, президентті азаматтар тікелей сайла­майды, жанама сайлау құқығы негізінде сайлайды. АҚШ-та азаматтар ең алдымен таңдаушы­ларды сайлайды да, содан соң таңдаушылар президентті сайлай­ды. Венгрияда азаматтар парламент мүшелерін сайлайды, олар, өз кезегінде, ел президентін сай­лайды. Албания, Израиль, Латвия, Мальта, Молдова, Чехия, Эстония, Оңтүстік Африка Рес­публикасы сияқты мемлекеттерде де президентті парламент сай­лайды. Жасырын дауыс беру қағидатының қысқаша тұжырым­дамасы сайлау туралы Конститу­циялық заңның 8-бабында келтірілген: «Республика Президентiн, Парламентiнiң және мәслихат­тары­ның депутаттарын, өзге де жергiлiктi өзiн өзi басқару орган­дарының мүшелерiн сайлауда жасырын дауыс берiледi әрi сайлаушылардың еркiн бiлдiруiне қандай да болсын бақылау жасау мүмкiндiгiне жол берiлмейдi». Біздің елімізде, ТМД елдерінде жасырын дауыс беруді материал­дық қамтамасыз етудің құралы болып кәдімгі дауыс беру кабина­лары табылады. Сайлау кезінде әр сайлау учаскесінде бірнеше кабинадан қойылады, ал Еуропаның бірқатар елдерінде осы күнге дейін мұндай қондырғылар жоқ. Біздің республикамыздың сайлау заңнамасында белсенді және бәсең сайлау құқығы салала­рын­да іс жүзінде қолданылатын басқа да ұстанымдар бар. Еркін сайлау қағидаты «Қазақстан Республика­сындағы сайлау туралы» Консти­туциялық заңның бірқатар бап­тарында белгіленген. Олардың ішінде заңның 2-бабын атауға болады, ол «Сайлау бостандығы» деп аталады және онда: «Респуб­ликадағы сайлау республика азаматының сайлау және сайлану құқығын еркiн жүзеге асыруына негiзделедi» делінген. Шынайы сайлау қағидаты демо­кратиялық сайлау өлшемде­рінің ТМД Конвенциясының 9-бабының мазмұнынан, 2002 жылғы 7 қазанда бекітілген Тә­уелсіз Мемлекеттер Достасты­ғына мүше елдердегі сайлау құ­қықтары мен бостандықта­рынан (Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 9 маусымда бекітіп, 2007 жылғы 4 шілдеде күшіне енген) келіп шығады. Бұл ұстанымды сайлау науқаны үдерісінде шы­найы саяси плюрализмнің, идео­логиялық саналуандық пен көп­партиялықтың болуы деп түсіну керек. Ол заңды қызметі мем­лекеттің құқықтық қорғауымен қамтамасыз етілген саяси партия­лардың еркін қызметі түрінде көрініс табады. Оның үстіне, сайлаушылардың – кандидаттар, кандидаттар тізімі, саяси партиялар (коалициялар) мен жалпы сайлау үдерісі туралы ақпаратқа, ал кандидаттар мен саяси партия­лардың (коалициялардың) – бұ­қаралық ақпарат құралдарына еркін қол жеткізу мүмкіндігі болған жағдайда ғана шынайы сайлау туралы айтуға болады. Шынайы сайлау қағидатының мазмұны Адами өлшемдер жөнін­дегі конференцияның 1990 жыл­ғы 29 маусымдағы Копенгаген Кеңесі құжатының 6, 7.8-бапта­рында айтылған. Оларға Қазақстанның сайлау туралы Конституциялық заңының «Сайлау алдындағы үгіт» деп аталатын 5-тарауының 27-32-бап-тарының, «Кандидаттар қызме­тiнiң сайлау науқаны бары­сын­дағы кепiлдiктерi» туралы 47, «Сайлау науқаны барысындағы шешiмдер мен iс-әрекеттерге ша­ғым беру және олардың күшiн жою» деп аталатын 49 және «Қа­зақстан Республикасының сай­лау заңдарын бұзғаны үшін жауап­тылық» туралы 50-бапта­рының мазмұны сәйкес келеді. Әділ сайлау қағидаты әрбір кандидатқа немесе әрбір саяси партияға сайлау науқанына қаты­су үшін, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізу үшін тең мүмкіндіктер беру дегенді білдіреді. Сондай-ақ ол сайлауды, кандидаттардың, саяси партиялар­дың сайлау науқанын әділ және жария қаржылан­ды­рудың арқасында іске асырылады. Әділ сайлау ұстанымы дауыс беру мен дауыс­тарды санау кезінде адал болу, дауыс беру нәтиже­лерін, сайлаудың барлық қоры­тын­дыларын ресми жариялай отырып, толық және жедел ақпараттандыру арқылы қам­тама­сыз етіледі. Әділ сайлау өлшем­дері демократиялық сайлау өл­шем­дерінің ТМД Конвен­ция­сының 10-бабында және Адами өлшем­дер жөніндегі Копенгаген құжа­тының 7.6, 7.7-баптарында баян­далған. Қазақстан Республи­ка­сының сайлау туралы Консти­туциялық заңының 28 «Сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығы», 36 «Сайлау науқанын өткiзуге бөлiнген қаражаттың жұмсалуын бақылау», 20-1 «Қазақстан Рес­публикасы саяси партияларының, өзге де қоғамдық бірлестік­терінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары», 20-2 «Шет мемлекеттер мен ха­лықаралық ұйымдардың байқау­шылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері», 49 «Сайлау науқаны барысын­дағы шешiмдер мен iс-әре­кеттерге шағым беру және олар­дың күшiн жою» баптары осы халықаралық құжаттардың маз­мұ­нына сәйкес келеді. Еркін, шы­найы әрі әділ сайлау ұста­нымы Қазақстанда белсенді сайлау құқығы саласында да, бәсең сайлау құқығы саласында да бірдей деңгейде қолданылады. Азаматтардың сайлауда дауыс беруге ерікті қатысуы қағидаты туралы айтпай кетуге болмайды. Ол «Сайлау туралы» заңның 3-бабының 3-тармағында бекітілген: «Республика азаматтарының сайлауға қатысуы ерiктi болып табылады. Азаматты сайлауға қа­тысуға немесе қатыспауға мәж­бүрлеуге, сондай-ақ оның еркiн бiлдiруiн шектеуге ешкiмнiң де құқығы жоқ». Дегенмен, бүгінгі күннің өзінде азаматтарды сай­лауға қатысуға мәжбүрлеу қағида­тын қолдайтын бірқатар демо­кратиялық елдер бар. Мұндай мәжбүрлеу Нидерланды, Австрия, Грекия, Швейцария сияқты ел­дердің электоралдық тәжірибе­сінде кешегі күнге дейін болған, мысалы, сайлаушылардың дауыс беру үшін сайлау учаскесіне міндетті түрде келу қағидаты. Қазіргі уақытта Австралияда дәлелді себептерсіз сайлауға келмегені үшін қомақты айыппұл түріндегі жаза қолдану жүйесі қолданылады. Сайлаудың жариялылығы мен транспаренттігі (айқындығы) қа­ғи­даты сайлау жарияланған күн­нен бастап, сайлауда жеңіп шық­қан кандидаттарды немесе кандидатты бекіту туралы шешім қабылданғанға дейін, барлық сайлау рәсімдерінің, бүкіл сайлау үдерісінің тұрақты, жүйелі қада­ға­лауда болуы арқылы қамта­масыз етіледі. Айта кетерлігі, сайлау үдерісін тек мүдделі сайлау науқанына қатысушылар ғана емес, отандық саяси партиялар­дың байқаушылары, кандидат­тардың сенім білдірілген адам­дары мен халықаралық байқау­шылар, сондай-ақ республикалық және халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қадағалайды. Осы жерде соңғы кездері елімізде бірқатар сайлау науқандары 180 мың отандық байқау­шылар­дың, кандидаттардың 130 мыңнан астам сенім білдірілген адамда­рының, 5 мыңнан астам халық­аралық байқаушылардың, 2 мың­нан астам республикалық және халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің елдің барлық өңірлерін қамтыған ба­қылауы жағдайында өткенін атап айту артық болмас. Жариялылық, сондай-ақ, сайлау органдарының заңмен белгіленген мерзімде өзінің баспа органында немесе ресми бұқа­ралық ақпарат құралдарында да­уыс беру қорытындылары ту­ра­лы мәліметтерді және сай­ланған адамдар туралы мәлі­меттерді жа­риялауы арқылы да қамта­масыз етіледі. Қазақстан Республика­сының Орталық сайлау комис­сиясы және төменгі тұрған сайлау комиссиялары өз қызметінде бұл қағидаттарды қатаң ұстанады. Сайлаудың альтернативтілігі (баламалылығы) қағидатына тоқ­­та­лайық. Кеңес дәуірінде бә­сең сайлау құқығына айтарлық­тай мән берілмеген еді, өйткені, сайлау бюллетеніне тек бір ғана кандидат енгізумен сол кездері билік етуші коммунистік партия айналысып келген болатын. Ал қазіргі, өзін де, өзге азамат­тарды да, белгілі бір саяси пар­тияны да ұсыну құқығын рес­публиканың қатардағы азаматы пайдалана бастаған демократия­лық Қазақстан жағдайында, сайлануға бел буған адамдар­дың құқықтары қорғалған бо­луы тиіс. Кеңес уақытында бір сай­лан­балы органға тек бір ғана кандидат үміткер болғандықтан, ол сөзсіз сайланатын еді, ал қазіргі Қазақстанда соңғы 20 жылда 1 сайланбалы органға орташа есеппен алғанда 2-ден 9 кандидатқа дейін бәсекеге түскен. 2011 жылғы 19 тамызда аяқталған Қазақстан Парламенті Сенатындағы 16 депутаттық орыннан әу баста 96 адам, яғни бір мандатқа 6 адамнан үміткер болды. Басқаша айтсақ, біздің есептеуіміз бойынша, 26 сайлау науқандарында (16 994 сайлан­балы орынға) кандидат ретінде 42 068 республика азаматы қа­тыс­қан (бұл шамамен әрбір орынға 3 адамнан). Оның сыр­тында, еліміздің сайлау заңна­масында баламасыз сайлау өт­кізуге тыйым салынған, яғни сайлау бюллетенінде кем дегенде екі кандидат болуы шарт. Көріп отырғанымыздай, тәуел­сіз Қа­зақ­станның жиырма жы­лында еліміздің азаматтары бәсең сайлау құқығы саласында жоғары белсенділік көрсетіп келеді. Кандидаттарға сайлау нау­қаны үдерісінде тең мүмкін­діктер беру қағидаты кандидат­тарды тіркеу, олардың сайлау­алды үгіт жұмысын жүргізуі кезінде әділ және тең жағдайлар ұсыну туралы нормалар болған және олар нақтылы қолда­нылған кезде ғана іске асырыла алады. «Сайлау туралы» Конс­титуциялық заңның 59, 82, 98, 112-баптарындағы тіркеу талап­та­рында қандай да бір кан­дидатқа артықшылық беруге негіз болатын шарттар жоқ. Олар үміткерлерді, кандидаттар тізімдерін тіркеу туралы нормаларды бұрмалауға, өз еркінше пайда­лануға жол бермейді. Аталған заңның 5-бабының 3-тарма­ғында былай делінген: «Канди­дат­тардың сайлауға тең құқық­тармен және шарттармен қаты­суына кепiлдiк берiледi». Бұл ереже демократиялық сайлау өлшемдерінің ТМД Конвенция­сының 9-бабының мазмұнымен үндеседі. Сайлауларды өткізудің біз жоғарыда атап өткен ұстаным­дары Қазақстанның барлық электоралдық науқандарды де­мо­кратиялық негізде өткізуіне мүмкіндік береді. Марат СӘРСЕМБАЕВ, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі.