Орынбор атын естіген қазақ баласы бір елеңдеп қалады... Алғашқы астанамыз болғаны үшін ғана емес, әрине. Орынбор соңғы бірер жүзжылдық бойы қазақ мәдениеті мен өнері тоғысқан, бір кездері білімқұмар жастар жиналып, игі жақсылар табысқан, ардагер буынның рухы сіңген, арыстардың басқан ізі мен алақан табы қалған жер.
«Әйт, шу, қара нар,
Орынборға ала бар!» – деген екі ауыз сөздің заманнан заманға өтіп ұмытылмай келе жатқаны тегін болмаса керек. Ол кезеңде Орынборға бару, Орынборда болу, Орынборда оқу өркениетке қарай өтетін білім баспалдағы сияқты еді. Бүгінгі буын біліңкіремесе де, аға ұрпақ Орынбордың қазақ жүрегінде қалған бұл қасиетін жақсы сезінеді. Қазақтың арғы-бергі тарихының белгісіз беттерін ашуға ниеттенген адамның Орынбор мұрағаттарына, қала құжатханаларының қойнауына бір сүңгімей өтпейтіні сирек. Көне шаһардың кез келген көшесі, ғасырдан ғасырға жеткен, сыры кетсе де, сыны кетпеген байырғы үйлері қазақ өмірінің қилы кезеңдерінің куәсі. Орынбор – қазақтың өткен ғасырлардағы милләттік (ұлттық) мақсаттағы өрелі ойлары тоғысқан орталық.
Тарихи санадағы бұл жаңғырық, әлбетте, Орынбордың 1920-1925 жылдары Қазақстанның бас қаласы – астанасы болғандығынан басталады. Міне, мынау Жайық өзенінің жағасында тұрған еңселі үйде 1920-1925 жылдары Қырғыз (Қазақ) АССР-інің Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесі жұмыс істеді. Бүгінде Совет көшесі екінші үй деген мекен-жайда тұрған осы ғимарат қабырғасындағы кеңестік заманда қойылған ескерткіш тақта соның айғағы.
Ал Совет көшесіндегі жетінші үй – Орынбордың баяғы шекаралық комиссия орналасқан, қырғыз (қазақ) мектебі жұмыс істеген ғимарат. Қазір ол – №3 жалпы білім беретін мектептің мекені. Сондай-ақ осы көше бойындағы 17-үй ХІХ ғасырда Қоғамдық жиналыстың ғимараты болған, кейінірек «Мұғалімдер үйі» деп аталған. Қазір Ростроповичтер атындағы Орынбор өнер институтының оқу корпусы орналасқан осы үйде 1920 жылы Қырғыз (Қазақ) АССР-інің бірінші құрылтай сиезі өтті. Бұл жайында да ғимарат қапталындағы ескерткіш тақта еске салып тұр.
Орынбордың бір көшесі белгілі саяси қайраткер Әліби Жангелдиннің атында. Бұдан басқа шаһардың төрт тарабына тарай орналасқан Қазақ, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Түркістан, Қарғалы, Дамбар көшелері бар.
Үлкен бір көше 1982 жылдан бері көрнекті ағартушы, ғалым, ұстаз, жазушы Ыбырай Алтынсариннің есіміне ие. Ыбырай 1857 жылы Орынбор шекаралық комиссиясы жанындағы қазақ балаларына арналған мектепті бітірген. Ағартушы Алтынсариннің өзі өмір сүрген ғасырдағы зайырлы білім жолын көздеп, халықтың сауатын ашу, жастарды оқу-ілім жолына үндеу, жер-жерде қазақтың ұл-қыздарына арнап мектептер ашу, оқу ошақтарын басқарып, дәріс үйретіп, қазақ баласы үшін орыс қарпі негізінде қазақша мәтінді оқулықтар шығару, танымдық-тәрбиелік маңызы зор көркем шығармалар жазып, орыс қаламгерлерінің туындыларын тәржімелеу сынды теңдессіз еңбегі тарихта қалды. Орынбордағы Алтынсарин көшесі – Қазақстан мен Ресей сынды екі іргелі мемлекеттің өзара тарихи қарым-қатынастарының бір бастауы Ыбырайдай бабаның «таза бұлақтай» ағартушылық сапарында жатқанын жақсы біліп, терең сезінгендіктен туған шешім, соған орай көрсетілген құрмет.
Алайда кеңестік кезеңде ХХ ғасырдағы қазақ этносының Орынбормен байланысты айшықталатын қызықты һәм қилы тарихының айнымас біршама оқиға-құбылыстары, егер Әлихан Бөкейхановтың сөзімен жазар болсақ, «бүктемеде қалды».
Ашылмай келген осындай «бүктеменің» бірі – «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған» (Мұхтар Әуезов) «Қазақ» газетінің – 1913-1918 жылдары Орынборда шығып тұрған қазақтың бірінші жалпыұлттық мерзімдік басылымының қызыл төңкерістің дауылды толқынына түсіп, жетпіс жыл бойы жабық та жұмбақ жатқан тағдыр-тарихы еді. Ахмет Байтұрсыновтың «Елу-алпыс балаға ғана арнап берген сабақтан алты миллион қазақты алаламай, істеп отырған ісімді артығырақ көремін», дейтіні осы кезең. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады», дей отырып, дәуірдің дабылкеші болған арыстар «Қазақ» газетін шығару арқылы бұған дейін «киргиз» деген жалпы атаумен төменшіктеп жүрген ұлтымыздың шын атын қайтаруға жол салғанын да ұмытпағанымыз жөн.
Орынборда 1917 жылы І және ІІ жалпықазақ сиездері өткені де – ұлт тарихының қастерлі дерегі. 2-8 сәуірдегі басқосу Торғай облысы қазағының сиезі тұрғысында өтсе, 21-26 шілдедегі сиез шын мәнінде жалпықазақтық тұңғыш сиез болды. Бұл сиездерде қаралған мәселелерді бір ауыз сөзбен алғаш рет дербес мемлекет болудың саяси-құқықтық негіздері жасалып, қазақ халқының тұңғыш саяси партиясы болуын мақұлдады деп түйіндеуге болады.
Өкінішке қарай, Қазақ елі 1991 жылғы 16 желтоқсанда шын мәніндегі мемлекеттік тәуелсіздігіне қол жеткізгенше, халық өміріне қатысты осындай орасан маңызы бар дәуірлік деректер тарихи-саяси, ғылыми-әдеби айналымға қосылған жоқ. Тұтас ұрпақтар Алаш қозғалысы қатарында қаздай тізілген таңғажайып тұлғалардың болғанын, халықтың өзекті оқиғаларды бастан кешіргенін білмей өсті.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, өткен жылдың соңына таман Қазақстан Үкіметі Орынбор қаласындағы қазақ сиездері өткен ғимаратқа және «Қазақ» газетінің басқармасы орналасқан үйге ескерткіш тақта орнатып, өте маңызды іс-шара өткізді. Осы салтанатты рәсімде Орынбор облысының бірінші вице-губернаторы, Орынбор облысы үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Валерий Рогожкиннің «мемориалдық символдардың орнатылуы біздің өткен заманның оқиғаларын, қазақтың кемеңгер қайраткерлерін және көптеген түркі халықтарының тағдыры шешілген төңкеріс уақытын тарихи жадымызды ұстауымызға мүмкіндік береді» дегені есімізде. Ал Орынбор облысының мәдениет және сыртқы байланыстар министрі Виктор Шориков екі елдегі аға буынның тату көршілік, бір біріне деген өзара құрмет рухында тәрбиеленгенін айта келіп, осы дәстүрді жас ұрпақтың бойына сіңіруге, Ресей мен Қазақстанды байланыстыратын достық тарауларын жетілдіре түсу жолында ескерткіш тақталар елеулі ықпал ететіндігіне тоқталып еді.
Ортақ тарих, ортақ тағдыр қазақты ешуақытта Орынбор өлкесінен алыстата алмайды. Оның үстіне Ресейді мекендейтін қандас ағайынның ең көп шоғырланған жерінің бірі – Орынбор. Соңғы мәліметтер бойынша Ор бойын жайлаған отандастар саны 125 мыңнан асады. Құдай көпсінбесін, Орынбор қазағы Ресейде Астрахан облысынан кейін екінші орында тұр. Осы халықтың 27 мыңнан астамы қалаларда тұрады, ал 98 мыңы екі елдің шекарасын бойлай ауылдық жерлерді мекендейді. Әрқайсысында он мыңдай қазақ тұратын Орынбор, Орск қалаларын қоса алғанда, қандас бауырлар облыстың он бір ауданында орналасқан. Адамов, Соль-Илецк (Тұзтөбе) аудандарындағы ағайындар ауқымы 10 мыңнан асса, ал Дамбар, Орынбор, Ақбұлақ аудандарындағы қазақ саны да осы мөлшерге таяу.
Жалпы саны жағынан қазақтар Орынбор облысында орыстар мен татарлардан кейінгі үшінші орында, бұл – облыс тұрғындарының 5,8 пайызына тең. 2002 жылғы санақта қазақ этносының саны 1989 жылғы деңгейден 12,6 пайызға өскені байқалды, ал қоғамдық ұйымдар әлі пысықталып болмаған 2010 жылғы соңғы санақ мәліметтері де белгілі бір өсім беретініне бейіл.
2004 жылы Орынбор губернаторы «Ұлттық деревня» құру туралы қарар қабылдады. Бұл Орынбор өңірін мекендейтін көптеген ұлттардың мәдениеті мен халықтық дәстүрлерін көрсетуге мүмкіндік тудырды. Ашық аспан астындағы тарихи-этнографиялық мұражай үлгісімен салынған бұл деревня әртүрлі этностардың мәдениетін насихаттап, таныстыру арқылы өңірдегі толеранттылық деңгейін көтеру мақсатын көздейді. Қазір деревняда көпшілік санды он этностың: орыстың, татардың, қазақтың, украинның, башқұрттың, мордваның, армянның, немістің, чуваштың, белорустың «шаңырағы» (подворье) көтерілді. Әр «шаңырақтың» тарихи-этнографиялық мұражайы, кітапханасы, ұлттық асханасы бар. Әрқайсысы сол ұлттың сәулет ерекшеліктерін ескеріп, дәстүрлі ою-әшекейлермен салынған.
Қазақ «шаңырағы» халқымыздың кешегі және бүгінгі тұрмысын ұштастырады. Шығыстық мәнерде бой түзеген биік ғимаратқа жапсарлас бірнеше киіз үй «тігілген». Осындай үйдің бірі – қазақ мәдениеті мен тұрмысының мұражайы. Мұражайға ұлттық киім үлгілері, ескі қару-жарақтар, музыкалық аспаптар, күнделікті тұрмыстық бұйымдар қойылған. Оның ондаған экспонаттары жеке адамдардың мұражайға берген тартуы, бірқатары – Ақтөбенің облыстық өлкетану мұражайының сыйы.
Екінші киіз үй – жазғы кафе міндетін атқарады. Қазақ «шаңырағының» көп кісілік мейрамханасының дизайны, әсем әшекейлері, кілем-төсеніштері, жиһазы мен ыдыс-аяқтары, тағам түрлері түгелдей ұлттық дәстүрге сай. Қазақша асылған ет, қуырдақ, қазы-шұжық, жал-жая, бауырсақ, т.б. тағамдарға қоса қысы-жазы қымызы үзілмейді. Аула ішінде алтыбақан құрулы тұр.
Орынбордың қазақ ұлты өміріндегі орнын айқындай түсу мақсатында соңғы уақытта пысықталып жатқан жұмыстың бірі – Достық саябағын құру турасында. Бұл Орынбор қаласы мен Астана қаласы әкімдіктерінің бірлескен жобасы болмақшы. Болашақ саябақта қазақтың белгілі саяси және қоғам қайраткерлерінің мүсінін орнату көзделуде. Аталған ұсыныс Қазақстан елшісі Зауытбек Тұрысбековтің Орынбор қаласының басшысы Юрий Мищеряковпен әңгімелесуінде алғаш рет ортаға түсіп еді. Елшінің пікірінше, Достық саябағы екі елдің тарихи байланысының, ұрпақтар сабақтастығының, Қазақстанның алғашқы және қазіргі астаналары арасындағы бірліктің символы болуға тиіс. Бұл мәдени-гуманитарлық жобаны Орынбор қаласының басшылығы да оң қабылдап, болашақ саябақтың дүниеге келуін Астанада Орынбор көшесінің болуымен байланыстырады (Орынбор қаласының мэрі Юрий Мещеряков – түбі қазақстандық, Қарағанды өңірінің тумасы, «Орынбор өңіріндегі қазақстандықтар қауымдастығының» құрметті президенті).
Жалпы, тәуелсіз еліміздің соңғы жиырма жылдағы қазақ этносының тауарих-тарихын жариялы жаңғыртуға қатысты әрбір қадамы анығында бұрын-соңды болмаған жаңа игілікті іс болып келеді. Орынбор сынды орталық шаһардың 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейінгі және одан кейінгі қазақтық кеңістіктікке орайласатын орнын осы заманға сай пайымдау да аталмыш ауқымды іс-қимылдың мазмұнын байытатын бағыт болатыны сөзсіз. Өткен жылы Орынбордағы ескерткіш тақталардың ашылу рәсіміне қатысып, Алаш арыстары жөнінде жүрекжарды лебізін білдірген Парламент Мәжілісінің депутаты, академик Кенжеғали Сағадиевтің кейіннен Үкіметке депутаттық сауал жолдап, алғашқы астанамыздағы қазақ тарихымен қатысты ескі ғимараттардың бірін ел меншігіне сатып алып, оны отандық тарихымыздың маңызды кезеңдерін бейнелейтін мұражайға айналдыру туралы ұсынысының бүгінгіні емес, ертеңгіні көздеп отырғанын, мұның «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін», деген Ахмет Байтұрсыновтың сұңғыла сөздерімен үндес келетінін көзіқарақты ағайын сезінуге тиіс.
Сол атақты Ахаңның ХХ ғасырдың бас кезіндегі жазбаларының бірінде «тарихтың жолы, оның негізгі мағынасы – жақсыдан жақсыны іздеу» дегені бар еді. Демек, тарландарымыз таңдаған тарих жолымен ұлттық мақсатқа бет алған, халықтың кешегі кезеңін ардақтай білетін бүгінгі ұрпақтың Орынбордай көне қаланың ой-санадағы орнына осылай, жақсыдан жақсыны іздей қарағаны жарасымды болатыны абзал.
Серікқали БАЙМЕНШЕ.
Ресей Федерациясы, Орынбор облысы.