– Қазақ бастан кешірген екі ашаршылық халықтың жағдайына қалай әсер етті?
– Екі ашаршылықтың айырмашылығы бар. Оның айырмашылығы негізгі себептерінде жатыр. Алғашқы ашаршылықта азамат соғысының, ақ-қызыл болып халықты екіге бөлудің салдарынан халық қиын жағдайға ұшырады. Сөйтіп, ауыр ахуал қалыптасты. 1931-1932 жылдардағы ашаршылық халықтың қолындағы малды тартып алу, былайша айтқанда, ет салығын көбейту, орталықтағы қалаларға, өндіріс орындарына ет жіберу салдарынан басталды. Оңтүстік Қазақстан өнеркәсіп орындарын қамтамасыз етсе, Батыс Қазақстан Кавказ аймағындағы қалаларды, Орталық Қазақстан ет өнімдерін Ленинград сияқты орталық қалаларға жіберуге мәжбүр болды.
1921 жылғы ашаршылық халыққа мүлде түсініксіз болды. Әуелі орталықтан келген атамандардың әскерлері, одан кейін іле-шала қызылдар келіп қазақ ауылын ойрандады. Осылай ақ-қызыл болу қазақтың мал шаруашылығын қатты күйзеліске ұшыратты. Бірінші ашаршылық 1917 жылы болған Қазан төңкерісінің салдары еді. Шын мәнінде бұл революцияны халық түсінген жоқ. Ахмет Байтұрсыовтың жазғаны бар: «Қазақ халқы 1917 жылғы ақпан төңкерісін түсіністікпен қабылдады. Өйткені, Ақпан төңкерісінде патша тақтан құлады. Халық шаттана қуанды, қолдады. Ал 1917 жылы қазан айында болған төңкерісті халық мүлде түсінген жоқ» . Қазан төңкерісі тек қазаққа емес, бүкіл Кеңестер одағына қасірет әкелгенін бәріміз білеміз. Патша тақтан құлағаннан кейін қазақ бостандық алады, дәстүрін, салтын, мәдениетін өркендетеді деп күткен үміт ақталмады. Халыққа түсініксіз болғаны – большевиктердің «Кедейлерді қолдаймыз» деген ұраны. Түсінікті болу үшін «кедейді байдың деңгейіне жеткізейік» деп ұран жазылу керек еді. Ол Ақпан төңкерісінің ұраны болған. Ал керісінше байды құртып, кедейді көтерейік деген ұран шығып, ауқатты ауылдарға шабуылдаудың әсерінен қазақтың оқыған жастары, зиялы отбасылары қуғынға ұшарады. Өйткені, байдың баласы бай ұрпағы ретінде қуылды. Қазақтан көзі ашық, оқыған азаматтары көбіне ауқатты отбасынан шыққан. Өйткені оқытуға, Петербор сияқты қалаларға жіберуге қаражат керек.
1931-1932 жылғы ашаршылыққа келсек, 1928 жылы ірі байларды, көрнекті тұлғаларды, рухани көсемдерді, молдаларды, ишандарды, ескіше хат танитын адамдарды, байларды кәмпескелеу науқаны қатты тұқыртып жіберді. Жер аударылды, қуғындалды. 1928 жылғы кәмпескенің жалғасы болып есептелетін көптеген саяси науқандардың зорлық-зомбылығын көрді. Бүкіл елде болған жаппай ұжымдастыру науқаны (1929 жылы), жартылай көшпелі шаруаларды зорлап отырықшыландыру науқаны (1930), осы науқанмен қатар 1930 жылдың қаңтар-ақпан айларында байларды тап ретінде жою деген науқан шықты. Осы науқандармен қоса ет дайындау, ауылшаруашылық өнімдерін даярлау, астық науқаны деген науқандар қаптады. 1929 жылы басталған халық наразылығы 1931 жылға дейін жалғасты. Үш жылдың ішінде 372 көтеріліс тіркелген. Бұл көтерілістерді жаншып басу кесірінен қанша ел бастаған тұлғалар қырылды. Жалпы айтқанда, осы жылдары халық өзінің рухани көсемдерінен айырылды. Оның үстіне Ахмет Байтұрсынов жасаған, бұрынғы қидан, шағатай жазуларының жалғасы болған төте жазудан айырып, латын қарпіне көшірді. Халық өзі күйзелістің үстінде жүргенде мұндай білім саласындағы реформалар да халықтың рухани жағдайына өз әсерін тигізді.
– Үш жылда тіркелген халық наразылығының бәрі ашаршылыққа қарсы көтерілістер ме еді?
– Жоқ, бұл көтерілістер ашаршылықтың алдын алу үшін болған көтерілістер-тұғын. 1928 жылы қазақтың ірі байларын кәмпескелеу науқанынан кейін қазақ барынан айырыла бастады, тұрмысы жүдеді, осы жағдайда халық амалсыздан, басқа жолы қалмағандықтан көтерілді. Негізінен бұлар ашаршылық үшін емес, жүргізіп отырған саясатқа, зорлық-зомбылықтарға қарсы атқа қонған, халықтың бұлқынған рухының қарсылығы болатын. Ал мұның аяғы ашаршылыққа әкелетінін халық түсіне бастады. Көтерілістерден кейін қазақ даласында жаппай ашаршылық басталды.
– Халық сол ашаршылықты алдын ала сезгенмен, оған қарсы қайран жасай алмады. Үкіметке де сөзін өткізе алған жоқ. Ал ашаршылыққа тап келген кезде халық тарапынан оған қарсы қандай қадамдар болды?
– Бұл кезде қазақтың бас көтерер тұлғалар түрмеде болатын. Алаш қозғалысының көсемдерін айыптау 1925 жылы мамыр айындағы Сталиннің «Ақ жол» газетіне қатысты жазған хатынан кейін үдеп кетті. 1928 жылдан бастап Алаш қайраткерлері, оқыған азаматтар тұтқындала бастады. Ашаршылықтың қарсаңында қазақты рухани басқаратын көсемдер тек ауыл-ауылда қалған болатын. Құдай жолын ұстанған молдалар ашық түсініп, халықты көтеріліске бастап шықты. Ашаршылыққа наразы болып хат жазу кейін басталды. Алғашқы хаттың бірін Қазақстанның үкімет басшылары жазды, 1932 жылы тамыз айында Ораз Исаевтың жазған хаты бар. Рысқұловтың хаты, 1933 жылдың басында Мирзоян келгеннен кейін жазылған «Бесеудің хаты» бар. Жалпы, қазақ зиялылары кеңестік жүйеге қызмет ете бастағанда халықтың жағдайын түсініп, амалсыз, ашаршылық үдеп бара жатқаннан кейін хат жаза бастады. Алғашында Қазақстанның басшылары мал шаруашылығының жағдайы туралы хат жазды. Мал шаруашылығын сақтап қалсақ, халықты ашаршылықтан құтқарамыз деп ойлады. Мәскеу 1932 жылы қыркүйекте «Қазақстанның ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы туралы» деген қаулы да қабылдады. Бұл Қазақстанның өтініші бойынша жасалған қаулы болатын. Қазақ зиялылары бұл кезеңде ашықтан-ашық наразылық білдірген жоқ, түсіндіру жұмыстарымен айналысты. Сталиннің көзін ашаршылық болып жатқанына жеткізіп, халықты мүлде жойып жіберу қаупін, Голощекиннің саясатының солақайлығын түсіндіреміз деп әуреленді. Ашаршылық кезінде Ахмет Байтұрсынов бастап алаштықтар түрмеде, ал Әлихан Бөкейхан Мәскеуде коммуналдық кішкентай пәтерде үйқамақта отырған еді. Осындай жағдайда оларға сот процесін дайындады. Ашаршылық жылдары оларға екі рет сот процесі болғаны белгілі. Оларды адам аяғы баспайтын аймақтарға жер аудару арқылы қазақ зиялыларын халықтан алыстатты. Осындай жағдайда ұлттың қамын ойлайтын, ұлттық саясатты ұстанған, ұлттық мемлекет құруды армандаған алаштықтар елден алыстады. Ашаршылық кезінде олар халыққа көмектесе алмады. Бұл мүмкін емес еді.
– Ашаршылықты қолдан жасаған саясатта халықтың санын азайтудан басқа қандай саяси астар болды?
– Голощекин енді бір жарым жыл отырғанда қазақ түгел қырылып бітер еді. Енді неліктен Мәскеу бұған жол берді деген сауал туады? Сталин, Голощекин қазақ даласын, тұрмысын мүлде білмейтін. Қазақты надан, рулық-тайпалық негізде өмір сүреді деп түсінді. Сондықтан қазақтарға көңіл бөлмей, мемлекеттің батыс жағында дами бастаған зауыт, фабрикаларды индустрияландыру мақсатында оларды етпен қамтамасыз ететін халық деп ойлады. Малды түгел етпен қамтамасыз ету үшін жіберсе, қазақтың жағдайы не болады дегенді ешкім ойлаған да жоқ. Қазаққа деген көзқарас осындай болды. Сондықтан бұл қазаққа деген көзқарастың терістігінен, қазақ тұрмысын білмегендіктен туған жағдай. Қазақты жақсы білетін Нұрмақов, Рысқұлов, Қожанов сияқты тұлғаларды Қазақстанды басқару үшін жіберген жоқ. Себебі, олардың да әрқайсысы Алашордамен байланысы бар, пантюркистер деп бағаланды.
– Саяси қуғын-сүргін, ашаршылық күнін белгілеп, жылда еске аламыз. Осы үрдіс бізге не береді?
– 31 мамыр күні алғаш ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп белгіленген болатын. Кейін бұл күнді тек ашаршылық емес, саяси-қуғын сүргін күні деп қоса атап жіберді. Осының себебінен ашаршылық құрбандары тасада қалған сияқты. Саяси қуғын-сүргін науқаны көп және әртүрлі болғандықтан, екеуі екі бөлек күн болса деп ойлаймын. Ашаршылық құрбандары − кеңес өкіметінің экономикалық саясатының құрбандары. Ал саяси-қуғын сүргін деген өте күрделі мәселе. Мұндай еске алу даталарының болғаны жақсы. Ұрпақ, ел ұмытпайды.
– Алматыдағы ашаршылыққа қойылған ескерткіштің мәні, мағынасы қандай болмақ?
– Неше жылдан бері ескерткіш қойылады деген жазуы бар тастың орнына биыл ғана ескерткіш орнатылды. Оны жүзеге асырған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке алғысымды айтамын. Халықтың жүрегіне бітпес жара салған осындай оқиғаларды ұмытпау – ұрпақтың рухын қайрайды. Мұндай ескерткіштің бәрі ұрпақ тәрбиесі үшін маңызды деп ойлаймын. Мәні де, мағынасы да сол.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті салған
Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»