Қазақстан • 31 Мамыр, 2017

Ұлт болашағының бағдарламасы

351 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстанда» жарияланған Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы біз үшін көптен күткен үлкен жаңалық, біз мұны әр қазақтың, қазақстандықтың даму болашағы кодының құпиясын ашып көрсеткен бағдарлама деп атар едік.

Ұлт болашағының бағдарламасы

Елбасының сөзіндегі «ұлттық сана», «бәсекелік қабілет», «ұлттық бірегейлік», «ұлттық код», «ұлттық прагматизм», «білім», «эволюциялық жолмен даму», «жаңа ұлттық әліпби», «жаңа гуманитарлық оқулық», «туған жеріңді таны», «Қазақстанның рухани құндылықтары», «мәдени-географиялық белдеу», «Қазақстанның жаңа есімдері» сияқты негізгі ұғымдардың дені ұлттың жарқын болашағы үшін қажет концептілердің жүйесі сияқты. Егер мақаланы «ұлт болашағы» атты бір концептосфера деп алып қараса, бұл ұғымдар соны жасап тұрған маңызды элемент-концептілерді құрайды. Олар бір жүйеде болғандықтан, қай-қайсысы да өз алдына маңызы бөлек, бірімен-бірі тығыз байланысты, біріне-бірі тәуелді ұлы ұғымдар.

Осы негізгі ұғымның бар­лы­ғы да тілге келіп тіреледі. Мә­селен, ұлттық бірегейлік <лат. iden­ti­kus> психологиялық процесс болғанымен, ұлтты ұйытушы  сая­си-мәдени, әлеуметтік маңызы зор фактор. Осы бірегейлікті жасаушы мәдени, генетикалық және тілдік – үш негізгі құрауышының ең күштісі де, әмбебабы да тілдік бірегейлік. Тілдік бірегейлігі күшті этномәдени ұжымда ұлттық бірегейлік те мықты болады. Осы тұрғыдан қазақ тілін ұлттық және мелекеттік тіл ретіндегі ұлттық бірегейлік қалыптастырушы фактор тұрғысынан Тіл білімі институты ұжымы 2007-2009 жылдары кешенді зерттеулер жүргізді.

Бұл зерттеулерде алынған бас­­тап­қы нәтижелерді жалғас­ты­рып, жаһанияттағы озық елдер қа­тарына Қазақстан қоғамы қан­дай құндылықтарға арқа сүйе­генде қосыла алады, адамның компью­терленуі, рухани құндылық­тар­дың құнсыздануы, әсіреком­форт­қу­ғыштық сияқты теріс жаһандық құбылыстардың зиянды әсерінен біздің қоғам өз саламаттылығын, өз бет-бейнесін қалай сақтап қала алады деген сұрақтарға жауап беретін жаңа тілтанымдық зерттеулер жасауға бастама бар. Кез келген ақпарат кодқа салыну арқылы сақтала алады. Кез келген ақпарат кодта сақталады. Тіл – кодтардың коды. Тілде ұлттың мәдени, саяси, тарихи, ахлақтық, рухани, эстетикалық, т.б. дамуының сан-алуан ақпараты сақталып тұр. Сол кодтарды ашу – қазіргі заманғы тіл ғылымында алға шыққан лингвомәдениеттану, линг­вокогнитология сияқты сала­лары­ның қалыптасуына әкелді. Бұл са­ладағы зерттеулер қазақ тіл білі­мінде де қарқын алып келеді. Тіл білімі институтында профес­сор Н.Уәли, Ж.Манкеева, Қ.Рыс­бер­­геннің еңбектері осы бағыт­тағы жүйелі ізденістердің бастауы. Ел­ба­сымыздың алғысөзімен инсти­тут жарыққа шығарған он бес­ том­дық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі», үл­кен бір томдық «Қазақ сөздігі» лин­гво­мә­дениеттанымдық лексико­графиялық еңбек, яғни мұнда сөзде сақталған осы алуан-алуан кодтардың астарындағы сан қырлы ақпараты ашылып көрсетілді.

Ендігі мақсат – осыны білім беру саласына енгізу, насихаттап, халықтың өзіне қайта қайтару. Ұлттық санада көмескі тартқан ұлы ұғымдарын жаңғырту.

Елбасы мақаласында осы жылдан қалмай латын қарпі негізіндегі жаңа әліпбиге көшуге дайындықты бастау керек деген міндетті алға тартқаны тілтанушы қауымды ғана емес, барша озық ойлы азаматтарымызды, әсіресе жастарымызды қатты қуантты. Жастар біздің елде ғана емес, жаһаниятта латын қарпімен мәтін тергенді құп көретініне бәріміз куәміз. Мұның себебі неде деген сұрақққа жауап іздеген институт жастарының ізденісі мынадай фактіні анықтады: «латын графикасы» деген концептіні құраушы ұғымдардың ішінде «ағылшын жазуының әліпбиі», «кең таралған әліпби» және т.б. тілтанымдық мазмұндағы ұғымдармен қатар «сапа», «жаңа технологиялар», «инновациялар» деген ұғымдар да бар екен. Мұның дәлеліне әлемдік брендтердің ұлттық тілде аталып, латын қарпімен жазылатыны (Samsung, Toyota) сияқты фактілерді келтіруге болады.

Жаңа әліпбидің негізіне латын қарпінің алынуына басты себеп кирилл жазуының қолайсыздығы немесе жүйесіздігі емес. Шын мәнінде, кирилл жазуы латыннан әлдеқайда жаңа, жетілген графикалық жүйе. Мәселе қазақ қоғамында сол әліпби қалыптастырған қасаң стереотипте болып тұр. Бұл стереотип бо­йынша орыс тілінен енген сөздер қазақ айтылымына сындырыла алмайды. Осының салдарынан тілімізде шет тілінің сөздері орыс орфографиясы бойынша талай жыл жазылып келеді, жазыла бермек те, себебі сырттан келген жаңалық атауларының түгелі орыс тілі арқылы енетіні шындық. Олай болса, кирилл жазуымен отыра берсек, уақыт өте келе, қазақ тілінің жазу-сызу ережелері орыс ережесімен әбден араласады, сөздік қорымыздың жартысынан астамы орыс сөзіне айнып кетпеуіне кепіл болмай қалады. Тілдің ерекшелігін сақтап қалатын күшті иммундық механизмнің бірі – шет тілінен енген сөздердің фонетикалық бейімделуі, дыбыс­талуы жағынан игерілуі, мәселен, бұған дейін тілімізге араб тілінен енген сөздер: мектеп, мұғалім, кітап, орыс тілінен енген сөздер: бөкебай, болыскей, әмірхан, бөрене, атбекет, т.б. қазақи тұрпат алып кеткен. Алайда, кеңестік кездегі «кірме сөздерді кирилл жазуымен орыс емлесі негізінде жазу керек» деген стереотипті бұзу қиынға соқты. Оны айналып өтудің жолы – ешбір стереотип таңылмаған, ұлттық санада оң ұғымдарға байлаулы жаңа әліпбиге көшу. Сөйтіп, шеттілдік сөздерді мейлінше ұлттық айтылу нормасына сәйкес сындырып жазу керек. Міне, бұл біздің, тілтанушылардың көздегені.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары 2013-2015 жылы «Латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліпбиге көшудің ғылыми негіздері» атты кешенді зерттеу жүргізіп, 2016 жылы ұжымдық монография жариялады. Осы зерттеудің нәтижесінде тиімді әліпби жобалары әзірленді. Алғаш рет үш типтегі әліпби жобаларының қолданысына талдау жасау үшін тілтанымдық тәжірибе өткізілді. Бір қызығы, ешбір түркітілді мемлекет жаңа жазуға көшкенде әліпбиді таңдау ісінде тәжірибеге сүйенбеген екен. Әліпби түрлі комиссияларда талқылаудан өткізіліп, таңдалып алынған. Біздің ойымызша, әліпбидің тиімді-тиімсіздігін сол әліпбиді қолданушылар анықтай алады. Сөйтіп, біздің қанатқақты тәжірибеге күнделікті кәсіби өмірі жазу процесімен тығыз байланысты 250 сарапшы қатысып, біріншісі компьютерге ыңғайлы, екіншісі тілдің дыбыстық жүйесін көрсететін жазуға ыңғайлы, үшіншісі осы екеуінен аралас құралған – үш тип әліпбиді сынаққа алды. Үш түрлі әліпбимен терілген бір мәтінді оқып, уақытын тіркеді, т.б. көптеген операцияны орындап, әрбір әліпби туралы өз ойларымен бөлісті. Тәжірибе материалдарын зерделей келе, тілтанушылар тілдік жүйеге икемді, яғни тіл білімі саласының мамандары жасаған әліпби сарапшылар қолданысына ыңғайлы болғанын анықтады.

Қорыта келе, Елбасының сындарлы бағдарламасын жүзеге асыруға келгенде гуманитарлық ғылым саласы, соның ішінде тіл ғылымы мамандары құралақан емес екендігін алға тартамыз.

Анар ФАЗЫЛЖАНОВА,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты