Жаңаөзен қаласына кіреберіс тас жол бойында орналасқан «ҚазМұнайГаз» газ толтыру стансасының аумағында олар тағы сойқан салды. Автокөлікті тексеруге келген ОІІД жол полициясы дербес батальоны инспекторларының жекеменшігіндегі автокөлігін иеленген олар қылмыстық сапарларын одан әрі жалғастырды. Жаңаөзен – Түрікменбашы жол бойында кездескен Түрікменстан Республикасының азаматына өз қолдарындағы қаруларымен дене жарақатын салып, оның да автокөлігін тартып алады.
Ақтаудан басталып, Жаңаөзенде жалғасып, Түрікменстанға қарай жылжыған қылмыстық істі ауыздықтау үшін Маңғыстау облысы аумағында арнайы «Тосқауыл» жедел-іздестіру шарасы енгізіліп, тәртіп сақшылары аяқтан тік тұрады. Қылмыскерлерді құрықтауға Жаңаөзен ҚІІБ-ның жеке құрамы жұмылдырылып, қылмыскерлердің соңына түседі. Осы аралықта Қарақия ауданындағы Ақсу-Темірбаба елді мекенінің аумағында автокөлікті қалдырып, бой тасалаған қандықолдар жаяу-жалпылап жапан даламен Түрікменстан Республикасының шекарасына қарай қашады.
Соңдарына сойқан салып, алдарына қауіп төндірген қылмыскерлерді өкшелете қуған полиция қызметкерлері арасында полиция капитаны Дүйсенбай Бисекенов те бар еді. 1972 жылы 12 маусымда Түрікменстан Республикасы Ташауыз облысында туған қазақ жігіті қызметке жауапты, ширақ, ақкөңіл болатын. Тәуелсіздік алған соң қазақ топырағына оралған ол 1991 жылы Жаңаөзен мұнай және газ техникумын бітіргенмен, өз нәпақасын мұнай саласынан емес, тәртіп сақшылары қатарынан іздейді. 1994 жылдан бастап Ішкі істер органына қызметке қабылданып, 1995 жылдан бастап Жаңаөзен қалалық ішкі істер бөлімі учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарады.
14 жыл салада тәжірибе жинап ысылған полицей Д.Бисекенов өз әріптестері К.Лепесбаев және С.Есбосыновпен бірге тығылып жатқан қылмыскерлердің үстінен түсіп, екінші топқа рациямен хабарлап үлгереді. Айдалада күші басым қылмыскерлер арнайы дайындаған қару-құралдарымен полиция қызметкерлеріне кенеттен қарсылық көрсетіп, шабуылдай жөнеледі. Жаңаөзен ҚІІБ-нің учаскелік полиция инс-
пекторы полиция капитаны Д.Бисекенов және криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі полиция капитаны К.Лепесбаев қылмыскерлердің шекара асып қашып кетуіне жол бермей, тосқауыл жасап, қоян-қолтық күрес кезінде, ауыр дене жарақаттарын алады. Дәл осы кезде көмекке келген полиция қызметкерлері, қылмыскерлерді қолға түсіреді. Қылмыскерлерді ұстау кезінде алған ауыр дене жарақатынан, Жаңаөзен ҚІІБ-нің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Дүйсенбай Бисекенов оқиға болған жерде қайтыс болады. Ел тыныштығын қамтамасыз ету, бейбіт күнде ел арасына бүлік салған арам ойлы қылмыскерлерді ұстау кезіндегі ерлігі үшін Д.Бисекенов қаза болғаннан кейін 3 дәрежелі «Айбын» мемлекеттік орденімен марапатталды.
«Маңғыстау облысының Ішкі істер департаменті бойынша қазіргі таңда қызмет бабында қаза болған 24 полиция қызметкері бар. Оларды мәңгілік есте қалдыру мақсатында департаменттің мұражайына әріптестеріміздің ерліктерін насихаттайтын тарихи кітаптар мен құнды ақпараттар жиналған. Департамент қызмет бабында өмірден өткен полицейлердің туған-туыстары мен отбасыларына тұрақты құрмет көрсетіп келеді», дейді Маңғыстау облыстық ІІД кадр басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мұхтар Садақбаев.
Ел тыныштығы жолында ерлікпен жан қиған ерлердің есімі ел есінде сақталады десек, солардың бірі Дүйсенбай Бисекенов екені анық.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы