– Азамат мырза, команда қай жылы отау тікті?
– Ол жайлы тереңнен айтар болсақ, Тимирязев ауданында егіншілікпен айналысатын шаруа қожалығының басшысы Қайырбек Хамзинді алдымен ауызға аларымыз заңды. Өйткені, қайырымды ісі мол, сауапты шаралардан еш тартынбайтын айтулы азамат жергілікті волейболшы қыздарға үнемі қолдау көрсетіп, қаржылық демеу жасап жүрді. 2010 жылы облыстық деңгейдегі мықтылар санатына қосылу керек деген идеяға бастамашы болып, «Қуаныш және К» командасын құрды. Оның құрамына Ақсуат, Степное, Тимирязево, Дмитриевка елді мекендерінен спортқа бейімі бар 7-8 сынып оқушылары тартылды. Ол кезде мен аудандық балалар және жасөспірімдер мектебінде жаттықтырушы және гимназия мектеп-интернатта дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып істейтінмін. Арада үш жыл өткеннен кейін 1995 жылы туғандар арасында облыста жеңістің ең биік тұғырына көтерілдік. Ақтық бәсекеде азулы қарсыластарымыздың бірі – Қызылжар ауданының командасын ұтып, чемпиондық тәжді қанжығамызға өңгердік.
Бүгінде команда облыстық бюджет есебінен қаржыландырылатынына қарамастан, Қайрекең демеушіліктен қол үзген жоқ. Ол қазір «Қуаныш» деген атауға ие волейбол командасының директоры ретінде Ресейде өтетін жарыстарға жүйелі қатысуымызға, спорттық киімдермен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуімізге жан-жақты қамқорлық көрсетіп жүр. Ұлттық лигаға өтуімізге ол кісі зор еңбек сіңірді.
– Байрақты бәсекелерге қай кезден бастап қатысып келесіңдер?
– Алғаш рет жолымыз 2011 жылы түсті. Екібастұз қаласында 1994-95 жылы туғандар арасында Қазақстан кубогы үшін өткен жарыста В. Шмелев баптап апарған команда жақсы қырынан танылды. Ал менің жаттықтыруымдағы команда (1996-97 жылы туғандар) бірінші орынды еншіледі. Ресейден де шақыртулар аз емес. Олардың ішінде ең айтулысы – Орынбор облысында ұйымдастырылатын «Соль-Илецк» халықаралық турниріне үзбей қатысып келеміз. Күміс жүлдегер болдық.
2012/13 жылғы маусымда жоғары лиганың «В» тобында өнер көрсетіп, 3-ші орынды иелендік. 2014 жылы Теміртаудың «Металлургінен» бір ұпай артық еншілеп, чемпион атандық. «А» тобында 5-ші, кейін 3-ші орынға тұрақтадық. Ал, жуырда аяқталған ХХV республикалық чемпионатта бір ғана жеңіліс таптық. Осылайша, Ұлттық лигада өнер көрсету мәртебесін иелендік. Мұнда «Алтай», «Ертіс», «Жетісу» секілді өте тегеурінді командалармен күш сынасуға тура келеді.
– Өзіндік ойын өрнегімен ерекшеленіп жүрген бұрымды волейболшыларды атай кетсең?
– Волейбол командалық ойын болғандықтан, әр ойыншының өз орны бар. Десек те, Полина Костива, Нұрила Ақжанова, Маргарита Бельченко, Фарида Рамазанова, Салтанат Қошқарбаеваның есімдері команданың іргетасын қалаушылардың қатарында үлкен мақтанышпен аталады. Бұлар соңғы ел біріншілігінде де тамаша ойын мәнерімен танылды. Айнұр Есентаева, Анастасия Назарова да болашағынан мол үміт күттіреді. Олеся Варкентин, Валерия Артамошина жасөспірімдер құрамасында жақсы қырынан танылып жүр. Азия біріншіліктеріне қатысып қайтты. Полина биыл жастар құрамасы сапында Тайландта өтетін Азия чемпионатына барады.
– Спортқа мамандандырылған облыстық мектеп-интернат жанынан волейбол бөлімшесі ашылғалы команда резервтік жағынан нығая түскен секілді.
– Дұрыс айтасыз, бүгінде негізгі материалдық базамыз осында орналасқан. Қазір мұнда жас ерекшеліктеріне байланысты үш топ жаттығады. Оларды Руслан Малдыбаев, Владимир Перепечин және мен баптаймыз. Бөлімшеде өңірдің әр қиырынан келген 30-ға жуық қыз бала волейболдың қыр-сырына үйренеді. Оған 7-сыныптан бастап қабылданады. Негізгі құрамада ойнап жүрген Олеся Варкентин, Нарғыз Ортанова, Кристина Сорокина, Дилбара Аманова осы бөлімшенің түлектері.
– Төменгі сыныптардан қабылдауға болмай ма?
– Ресейде бірінші сыныптан қабылдайды. Біз мәселені тиісті орындар алдына қойып, оңтайлы шешілуіне күш салып жатырмыз.
– Әңгімеңе рахмет. Жеңісті биіктерден көріне беріңдер!
– Айтқаныңыз келсін! Күзде Қазақстан кубогы үшін тартыс басталады. Қазір соған дайындалудамыз. 2015 жылдан бері ғана кәсіби клуб санатындамыз. Тәжірибенің аздығына қарамастан, Ұлттық лигада да намысты қолдан бермеуге тырысамыз.
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы