Келер күннің келбеті – бүгінгі балалар. Олай болса, келешегімізді қаншалықты қамдап жатырмыз, балаларымызды қалай тәрбиелеудеміз? Бүлдіршіндеріміздің денсаулығы мен құқықтарын өз дәрежесінде қорғай алып отырмыз ба? Осы және өзге де сансыз сауалдар баршамызды толғантатыны анық.
1950 жылдан бері БҰҰ бастамасымен дүние жүзі бойынша аталып өтетін Халықаралық балаларды қорғау күні елімізде де кең көлемде мерекеленеді. Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында балаларды қорғау шарасын кешенді түрде қарастыру жолға қойылды. Ең алдымен, бұл – ана мен баланың саулығы. Еліміздің екі басты қаласы – Астана мен Алматыда және өңірлерде Ана мен бала орталықтары жұмыс істейді. Ширек ғасырда аталған орталықтар заманауи ғимараттармен, озық медициналық қондырғылармен жарақтандырылып, білікті мамандармен қамтылды. Нәтижесінде, бала өлімі айтарлықтай азайды. Айталық, былтыр бұл көрсеткіш 4 пайызға төмендеді.
Әрине, бала денсаулығын қорғауда түрлі мәселелер жетерлік. Мәселен, БҰҰ Балалар қорының мәліметі бойынша, Қазақстанда 150 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Олардың 27 пайызы ғана қарапайым мектепке және 3-6 жас арасындағы балалардың 23 пайызы ғана мектепке дейінгі мекемелерге барады. Осы орайда, елімізде білім ұйымдары мен азаматтық сектордың және кәсіпкерлік өкілдерінің бірлесуімен түрлі әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып келеді. Бұл ретте оңалту орталықтары мен инклюзивті білім беру технологияларын дамытуға айрықша назар аудару қажеттілігі байқалады. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарында балалар дәрігерін барлық елді мекенді қамтитын дәрежеде даярлаудың маңызы үлкен.
Мемлекет басшысы Қазақстанды үшінші жаңғыруға жетелеген биылғы Жолдауында адами капиталды арттыруға басымдық берді. Балалар – болашақтың капиталы. Бүгінгі балаға білім беруге жұмсаған күш-жігеріміз ертеңгі ер-азаматтың елге жұмсар білігі болып қайтып оралады. Елбасының тапсырмасы бойынша, бүгінде отандық білім беру жүйесінің рөлі өзгеріп келеді. Бұрынғы базалық білімнің орнына сыни ойлау қабілетін, өздігінен іздену дағдыларын дамытуға бағытталған оқыту бағдарламалары түзілуде. Бұл ретте дербес білім беру ұйымдарының озық тәжірибесін ел аумағына тарату көзделіп отыр.
Оның ішінде IT білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыру, ұлтжандылықты дамытуға, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту бағытында кешенді жұмыс жүргізілуі тиіс. «Біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз», деп жазды Елбасы жуырдағы рухани жаңғыруға арнаған мақаласында. Бұл саладағы мемлекеттік қолдау мол. Бірақ, баланың сапалы қасиеттерін дамытуға ата-ана да айрықша атсалысуы керек. Жуырда елордадағы элиталық мектептердің бірінің жетекшісімен әңгімелесу барысында, директор қазіргі ата-аналардың баланы тәрбиелеу мен баланы материалдық тұрғыдан қамтуды шатастырып алғанын айтқан еді. Осы сөзде орасан шындық бар. Біз баланың қарны тоқ, көйлегі көк болса, шаруа біттіге санаймыз. Бірақ әке-шешенің парызы бұнымен бітпейді. Енді енжарланбай, адамгершілік пен білім құндылықтарын бала бойына егу – борышымыз. Ал бұл өте ұзаққа созылатын күрделі процесс.
Бала құқықтары жөніндегі конвенцияға сәйкес, елімізде жас аналардың жеке қиындықтарын шешіп алғанша, балаларды бағып-қағатын үміт үйлері құрылды. Бұл да бала құқығын қорғаудың бір көрінісі. Жалпы, өркениетті елдердегідей жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасында тәрбиелеп алу қоғамның ізгілігін танытатын құндылық. Биылдан бастап балаларды отбасына орналастырудың баламалы жолдары көбеймек. Еліміздің бірқатар облыстарында аталған санаттағы балаларды патронаттық қамқорлыққа алып, жеке есеппшоттарына кәмелеттік жасқа толғанында оқуы мен үй сатып алуына қажетті қаржы жинайтын жақсы дәстүр қалыптасып келеді. Енді осы үрдісті жалғастырушыларға мемлекеттік қолдау арта түседі.
Еліміздегі түрлі наным-сенім жетегінде жүрген жандар балаларға ауруға қарсы екпелерді салдырмауға күш салатыны байқалмай қалған жоқ. Осы орайда жуырда Ұлттық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығында білікті медицина мамандары мемлекеттің әлемде кеңінен қолданылатын, сапалы екпелерді сатып алуға қомақты қаржы бөлетінін, барлық дәрі-дәрмек қауіптілігі, тиімділігі мен иммундық сапасы тұрғысынан қайта тексеруден және тіркелуден өтетінін жеткізіп, алаңдаушылыққа негіз жоқ екенін айтады. Яғни, баланың иммундық жүйесіне екпесіз ие боламын деу үлкен қателікке соғуы мүмкін.
Бесіктегі баланың
Күлгенін көрген бір мұрат.
Алдына түсіп ананың
Жүргенін көргенін бір мұрат, деген аңсар бар халықта. Әлбетте, ата-ананың алаңын түсінуге болады. Өйткені, ата-ана баласын арыстанның аузынан алуға бар. Осындай үлкен жүрек бар жерде қара ниеттің де қатар жүретіні тіршілік заңдылығы шығар. Соғыс өрті тұтанып тұрған жаһанда қарусыз қақтығыстар, өркениеттер таласы тудыратын балалар суициді, зорлық-зомбылық әрекеттері де алаңдатпай қоймайды. Әлемде әр оныншы бала зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Балаларды бұл қатерлерден қорғайтын күш – бейбітшілік, тұрақты даму, денсаулық, сапалы білім һәм ізгілік болса керек.
Әр шаңырақта сәбидің күлкісі шалқысын!
Думан Анаш,
«Егемен Қазақстан»