Сенат Төрағасының орынбасары Сергей Громов, тұрмыстық қалдықтарды тиімді өңдеу - Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамасының негізгі бағыттардың бірі екенін атап өтті. Тұжырымдамаға сәйкес, қалдықтарды өңдеу 2030 жылы 40 пайызға, 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу көзделіп отырғанын айтты. Бұл ретте 2016 жылы еліміздегі тұрмыстық қалдықтарды өңдеу үлесі бар-жоғы 2,6 пайызды құраған.
Аймақтарда қалдықтарды сұрыптау және өңдеумен айналысатын 100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейтіні айтылды. «Дегенмен, қалдықтардың жекелеген түрлері әр аймақта өңделе бермейді, - деді С.Громов. – Өзекті мәселелерді шешуде кешенді шаралар болмай отыр. Бұл міндеттерді шешу үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, тасымалдау, өңдеу, жою және сақтау жөніндегі қажетті нормативтік құқықтық құжаттар жасалды».
Сенат Төрағасының орынбасары қоршаған ортаны қорғау ісінде экологиялық білімнің рөліне егжей-тегжейлі тоқталды. «Тұрғындарды оқыту және хабардар болуын арттыру үшін қалдықтарды өңдеу мен жою, экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі мәселелерді оқу бағдарламасына қосу жөніндегі жұмыстарды жалғастыра беру керек», деді ол.
«KazWaste» қалдықтарды басқару жөніндегі қауымдастығы» басқармасының төрағасы Шынболат Байкұлов біздің елімізде қалдықтарды басқарудың бірлескен жүйесі жоқтығы туралы пікір білдірді. Оның мәліметтерінше, тұрмыстық қалдықтардың 97 пайызы бақылаудан тыс күресіндер мен санитарлық стандарттар талаптарына жауап бермейтін жерлерге тасылады.
Отырыста инвестициялар және даму министрінің орынбасары Ғани Сәдібеков, Астана әкімінің орынбасары Қосман Айтмухаметов, Алматы облысын дамыту жөніндегі «Алатау» АҚ төрағасының кеңесшісі Николай Логутов, «Оператор РОП» ЖШС атқарушы директоры Сергей Юрча сөз сөйледі. Пікірсайысқа сенаторлар Жеңіс Нұрғалиев пен Серік Жақсыбеков те қатысты.
«Өңір» депутаттық тобының жетекшісі Михаил Бортник шараны қорытындылай келіп, «Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру, оның ішінде тұрмыстық қатты қалдықтарды жою және өңдеу саласындағы мәселелер қызу пікірталас тудырғанын атап өтті. Парламентшілер айтылған ұсыныстарды үкімет пен жергілікті атқару органдарына жіберетін болады.