Қазақстан • 02 Маусым, 2017

«Туы биік елдің – тұғыры биік»

1874 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тауып айтылған тап осы нақыл тақырыпқа өзі сұранғандай. Қарап отырсаңыз, атадан қалған бай мұраның қай-қайсысы да осыған лайық. Қыбын тауып, қисындап жеткізетін қазақ баласы үшін байрақ пен биіктіктің орны қашанда бөлек болғаны белгілі. Туын жықпаған. Биігін аласартпаған. Байрағын да білекті жігітке берген. Құлатпасын деп. Жауы жықса да жалауын жоғары көтеріп өлетіндер ұстаған біздің туды. Көк Тудың киесі де сонда болса керек. Байрағына биік ұшқан қыранды бедерлеуінде де үлкен астар жатқан сияқты. Иә, біздің көңіл биіктікті көксейді. Біз байрағымыздың тек биіктерден желбірегенін қалайтын жұртпыз...

«Туы биік елдің – тұғыры биік»

Жуырда иірімі терең интернетті парақтап отырып, әлемдегі ең биік тутұғырлардың рей­тингін көзім шалып қалды. Оны жария­лаушы  «Sputnik» сайты. Сан елдің ту бай­ла­ған тұғы­рын салыстырған аталмыш сайт біз­дің бай­рағымыздың биік орналасу рейтин­гін тоғызыншы деп бағалапты. Енді мына сәйкестікке сүйсін­бей көріңіз: территориясының ауқымы бойын­ша әлемде тоғызыншы орынды иеленетін Қазақстан бұл рейтингте де тура сол орнына тұрақтапты. Көңіліміз өсіп, кеудеміз көтеріліп қалды. Расында да, елордамыз Астананың қақ төрін­дегі 111 метрлік тутұғырдан желбіреген көк бай­ра­ғымыз қаланың қай қырынан да менмұн­далап көзге шалынатындай биік емес пе?!
Ал әлгілер түзген рейтингтегі көштің ба­сын 171 метрлік тұғырға ту тіккен Сауд Ара­­­­­­бия­­­­сының Жидда шаһары бастайды. Дәл со­­дан кейінгі орынды Душанбедегі 165 метр­лік Тәжік­­­станның бас байрағы иемденіпті. Үштік­ті түйіндеу Әзербайжанның Баку қаласына бұйырған сияқты. Мұндағы тудың биіктігі – 162 метр. Одан кейінгі орынға КХДР-дің Киджондон қаласы жайғасқан. Бұл елдің алып туы 160 метрлік деңгейде. Жоғары­дағы тізімді одан әрмен Түрікменстанның Ашха­бады жалғайды. Бұл елдің бас байрағы 133 метр биіктіктен желбірейді екен. Тіпті, бір-бірі­нен асырып, қос-қостан тутұғыр қойған мем­ле­кеттер де табылды. Мәселен, 2003 жылы Иорда­ния­ның астанасы Амман қаласы үшін 128,5 метрлік флагшток арнайы жасалған. Ал кейін­нен осы елдің Акаба шаһарында одан да биік ту пайда болды. Оның биіктігі  136 метр­ді құрады. Тағы бір мемлекеттің бас туы 122 метр­лік деңгейде орналасыпты. Бұл Біріккен Араб Әмірліктерінің Әбу-Даби шаһары болатын.
Міне, сайт түзген тізім осылай тізбектеліп кете барады. Тоғызыншыға тұрақты жайғасқан Қазақстаннан кейінгі орындарды Малайзия, тағы да Түрікменстанның Аваза қаласы, Қыр­ғызстан, Беларусь, Украина, Бразилия мем­лекеттері өзара бөлісті. Бір ескеретіні, негізі­нен бұл рейтинг Азия мен Шығыс Еуропа ел­­дерін ғана қамтыған сияқты. Ал АҚШ пен Еу­ро­па жұрты бұл таластан тысқары қалғандай көрінді. 

Амангелді ҚИЯС,
«Егемен Қазақстан»