– Ол заманды да көрдік, бұл заманның тірі куәсі болып отырмыз. Сонау 80-ші жылдары Алматыдағы «Көк базардың» түбіндегі (Жібек жолы, 50) көп қабатты, көп терезелі әсем ғимаратта Қазақстанның барлық аумағына тарайтын барлық газет-журнал тоқтаусыз шығып жатты. Бәріміз бір үйдің баласындай әр газет-журналдың соңында күн-түн демей тер төктік. Адал, сенімді еңбек еттік. Әлі күнге дейін есімде... Түс мезгілінде біз жоғарғы қабаттан төмен түсеміз, үшінші қабатта сіздің «Егеменнің», ол кезде – атының өзінен ат үркетін «Социалистік Қазақстанның», сайдың тасындай жігіттері – Бекболат Әдетов, Мамадияр Жақыпов, Совет Шиманбаев, Ақселеу Сейдімбеков, Қойшығара Салғарин... сол үшінші қабаттағы кең зәулім спорт залына кіріп, қолымызға үстел теннисінің қалағын алып, бір сәт бой жазушы едік. Спорт залда редактор, тілші деген болмайды, тек қана – әріптестік, сыйластық, бауырмалдық, кәсіби туыстық лебі есетін. Ол бір ұмытылмас шақтар екен, шіркін!..
– Бүгінгі ізбасарларыңыздан, жаңа буынның бойынан сондай қасиеттер байқайсыз ба? Газет шығару үрдісі де өзгерді ғой дегендей...
– Кәсіби ынтымақтастық пен журналистік бауырластық бар. Бірақ, баяғы біздегідей емес, әр басылым, әр газет әр жаққа қоныс аударып, шашылып кетті емес пе. Менің Ахметжан Шәрдинов деген бизнесмен досым бар. Өндірісте қызмет істейтін сол кісі жұмысқа таңғы 7.30-да барады, кешкі 5-терде үйіне қайтып кетеді. Мен редактор ретінде сағат 9-дан өте жұмысқа жиналып жатсам, телефон шалып: «Тура мерекеге бар жатқандайсыздар», – деп күлетін. Газет шығару сондайлық қиындығына қарамастан күнде мереке еді ғой, шынында. Газеттің кешігуі – қасірет! Қандай жағдай болмасын, Алматының газет дүңгіршектерінде таңғы сағат 8.00-де күнделікті жаңа нөмір, тандырдан енді шыққан таба нандай бояу иісі бұрқырап жатар еді...
Екінші сұрағыңызға жауабым – бүгінгі жастарға: «Жұмысқа таңертең уақтылы келіп, үйге ертеңгі 5 не 6-да қайтар едік», – десем: «Сіздерге сол үшін қанша төлейтін еді?» деп бәрі таң қалады. Сағат түнгі 12.00-ге дейін жұмыста болсақ, таңертең қызметке 9-да келеміз. Газеттің шығуы кешігіп, таңғы 6-ға дейін жүрсек, ертеңгісін жұмысқа бір сағат қана кешігіп келуге құқылы болатынбыз деп ақталамын. Әр азаматтың өзіне деген жауапкершілігі басым еді деймін.
Қазіргі жаңа технология газетті шығаруды жылдамдатты. Әрі жаңаша әр, өң берді. Ғажап! Журналистер қатары да «сен тұр, мен атайын» деген шеберлермен толықты. Тәуелсіз басылымдардың мақаласын оқи отырып, «ақшаның күшімен жазылғанын, тапсырыспен жазылғанын» біле қоятыным да бар. Жекеменшік газеттер көбейді. Әркімнің еркі өзінде. Ұнайтыны – жаңа буынға еркіндік берілген. Ештеңеге алаңдамайды.
– Жалынды жастардың көпті көрген кеңестік редактордың тәжірибесін іздеп, зәру болатын кездері бар ма?
– Біз кезінде партиялық цензураның бақылауында қызмет еттік. Оның не екені түсіне де кірмейтін жас әріптестеріме әр журналистің өзінің ішкі ой цензурасы болуы керек дегенді қайталап айтудан еш жалыққан емеспін. Қазақша айтқанда, «Ертең ұят болып қалмасын, сақ болған ләзім...» деймін.
– Сіздің өмірбаяныңызда 18 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясында қызмет етті деген сөздер жазылған. Ондағы қызмет кәсіби журналиске не берді?
– Жасыратын несі бар, кезінде ерінбеген жан Ассамблеяны сын тезіне алды емес пе? «Қазақстандағы барлық ұлттың мүддесін қорғайды, қазаққа не береді?» деп ұйымның түптеп келгенде қазақтың мүддесі үшін құрылғанын білгісі, көргісі келмейтіндер де шықты арамыздан. Өзіңіз ойлап қараңызшы, өзбек пен ұйғыр, тәжік пен татар қазақша сөйлейді. Одан неміс пен корейлер де шет қалып жатқан жоқ. Тіпті, олар қазақша сөйлегенде жүрегің жылып, жаныңа шуақ шашылып қалады. Ал енді елімізде өзге де ұлттар бар емес пе? Президентіміз Ассамблеядағы әр ұлт өкіліне өз тіліңде сөйле деп еркіндік берді. Ортақ құжат бәрібір қазақ тіліне аударылады емес пе? Еліміз ежелгі Қазақстан емес пе? Ассамблеяда тілді ауырсынған әлгі айтқан басқа ұлт өкілдеріне қазақша үйретіп, қатарға қосу Ассамблеяның күн тәртібінде тұрғанын екінің бірі білер ме екен?!
1998 жылы Мәскеуде құрылған Ресей халқы ассамблеясының жетекшісі Рамазан Абдулатиповпен, Дағыстанның қазіргі президенті, сан рет сұхбаттастым. Сол кісі: «Сіздерге ақ көңіл қызғанышпен қараймын. Саяси мәні зор ұйымды ел Президентінің өзі басқарып отыр. Сондықтан да ол мәртебелі, құзырлы ұйым саналады», – деді. «Біз Ресейде Қазақстан халқы ассамблеясына ұқсатып шаңырақ құрғанымызбен, аяқ алысымыз мардымсыз», – дегенін талай естідім.
– Юлдаш Әбдіқадірұлы, сіз орыс тілінде білім алдыңыз, қазақша сөйлейсіз, ұйғырша жазасыз. Бала-шаға өсірдіңіз, немерелер ержетті... Өз ұрпағыңыз сіздің атақты «Ядикар ата» жинағыңыздың қай тілдегі нұсқасын оқиды?
– Өте қиын сұрақ, мені ұялтайын деп отырсыз... Мен Алматыда туып-өстім. Балаларым қолына әліппе ұстайтын кезде қалада ұйғыр түгілі қазақ мектебінің өзіне зар едік. Олар орысша білім алды. «Ядикар ата» туралы толғауымды ұйғырша оқи алмайды. Келінім қазақ, ол да – орыс тілді. Соған қарамастан, қуаныштысы – қазір немерелерім қазақша, ұйғырша сөйлейді. Атасының кітабын солар түбі ұйғыр тілінде оқитын күн де туар деген ойдамын.
– Көрші Қытайда да ұйғыр тілінде газет-журналдар мен кітаптар басылып, радио-телевизия дауысы кең толқынмен тарайды. Кеңес Одағы тұсында, одан Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдарда екі елдің ұйғыр тілінде шығатын басылымдары арасында жалпы байланыс көші жүрді ме, сол туралы не айтар едіңіз?
–Шыңжаңның «Егемен Қазақстан» секілді бас газеті «Синьцзянь» – қытайша, ұйғырша, қазақша, моңғолша шығады. Тәуелсіздіктің елең-алаңында белгілі қаламгер Камал Смайылов ағамызбен бірге барып тәжірибе алмасып қайтқанбыз. Аумақтың Жанәбіл деген идеология хатшысымен әңгімеде Камал Сейітжанұлы: «Біздің мұндағы қазақтардың жайы қалай?» деп сұрап қалды. Сонда ол кісі күлімдеп: «Қалай сіздің қазақтар, қазақ бір емес пе. Біз де өз атамекенімізде тұрып жатқанымыз жоқ па?» деп күлдіргені есімде қалыпты. Дегенмен, жасырмаймын, өнер саласында – театр киімдері, музыкалық аспап, технологиялық жабдықтар жағынан байланыс өте күшті болғанымен, екі жақтың тәжірибе жүзінде тілші алмасайық дегеніміз жүзеге аспай қалды. Бірақ, олар газет материалдарын алмастырып салуға әркез дайын екенін білдірген. Әзір де солай.
– Арманыңыз?
– Атам заманнан бауырлас екі халықтың – қазақ пен ұйғырдың арасына әзәзіл кірмесе, бір-біріне деген сеніміне сызат түспесе екен деп армандаймын. Біздің жақындығымызды көре алмайтындар көп. Қазақтар айтқандай «жау жоқ деме – жар астында» дегендей, ондай жат пиғылдың жолы әркез кесілсе екен деп тілеймін. Болашағымыз қандай нұрлы!? Қазақстанымыз әлемді таңғалдырып өркендеп-өсіп келеді, дами берсін! Айналаға қараңызшы, біз бақытты елде өмір сүріп жатырмыз, соған тәубе айтамын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Талғат Сүйінбай,
«Егемен Қазақстан»
Алматы
Суретті түсірген
Нұрманбет Қизатұлы