Бұл идея мақаладағы «Ұлттық бірегейлікті сақтау» деген тарауда кеңінен айтылған. Онда автор «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді» деп түйіндеген. Оның екі қыры бар. Біріншісінде, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту, екіншісінде, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту деп нақты атап көрсеткен.
Шын мәнінде, қоғам жаңғыруы үшін – оны белсенділікпен атқаратын адамның санасы жаңғыруы керек. Қоғамдық сана жаңғырмай, адамның болмыс-бітімі өзгермейді, рухани тұрғыда түлей алмайды. Оның бастау-бұлағында халқымызға тән ұлттық салт-дәстүрлер тұрғаны анық. Елбасы да рухани түлеудің тамырын тап басып, бағыт-бағдарын айқындап, даму жолдарын нақтылап берді. Мысалы, ол өз еңбегінде «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деп тұжырымдады.
Қазақстанның әрбір азаматының санасында жаңа серпіліс болу үшін, ол өзі еңбек ететін салада рухани жаңғыруды бастан өткеруі тиіс. Мәселен, сот жүйесінің рухани өрлеуінің алтын арқауы, өміршең өзегі – билердің әділ төрелігінде, шешендік өнерінде жатыр.
Бала жастан адал тұрып, ақ сөйлеуді ар-ұяттың өлшемі деп білген бала билер сақа билердің өнегесін алып, әділ биліктің әліппесін ерте жастан-ақ терең меңгерген.
Бүкіл бір елдің дауын бір ауыз сөзбен әділ шеше білген, туғанына тартпай, турашыл дана шешім шығарған сұңғыла билер ел ішінде аз болмаған. Сонау Майқы би заманынан халыққа кең тараған әділ билердің өнегелі билік шешімдері ғасырлар бойы прецеденттік үлгіге айналып, XX ғасырдың басына дейін сақталып келді. Ондай үлгілерді академик, білікті заңгеріміз Салық Зиманов құрастырған «Қазақтың ата заңдары» деген он томдық еңбегінен барынша оқып, білуге болады.
Замана көшімен ілесіп бізге жеткен әділ қазы, адал билер жүргізген сот шешімдері әлі күнге дейін өз маңыздылығын жойған жоқ. Олар ұстанған имандылық, адалдық, әділдік, турашылдық принципін бүгінгі судьялар да мықтап ұстанғаны абзал дер едім. Олай дейтініміз, ол кезеңнің биінің бойында барлық өнердің жиынтығы, қазіргі кезде жеке-дара қалыптасқан билік етудегі барлық саланың негізі жатқанын байыптауға болады.
Бұл жөнінде белгілі қоғам қайраткері Нәзір Төреқұловтың «Ертедегі бір бидің өзі осы күнгі соттың да, прокурордың да, милицияның да, қаншама мекеме, ұйым басшыларының да қызметін атқарып келген», деген сөзінде терең мән жатыр. Бұл ойға толықтай қосыламыз.
Ал қазіргі кезде қызмет атқарып жүрген судьялардың барлығы да жоғарыдағы талап деңгейінен шығып жатыр деп айтуға әлі ерте. Бүгінде шығарылып жатқан шешімдердің түгелге жуығы осындай талапқа сай келмейтінін де мойындауымыз керек. Бірінші инстанцияда қабылданған сот шешімдерін келесі сот сатыларында түзетуге мәжбүрміз. Жоғары стандарттарға сай болу үшін жас мамандарды алдын ала дайындауға тиіспіз. Шынтуайтында, оқуын бітіріп келіп, сот жүйесіне қызметке жаңа кіріскен жас мамандардың бірде тәжірибесі, бірде біліктілігі жетіспей, әділ шешім шығаруда кейде кемшін түсіп жатады. Оларға билер сотының қыр-сырын бастапқы білім ордасынан бастап сіңіру керек. Сондықтан да шешендік өнер мен әділ билеріміздің бай тәжірибелері туралы жастарға неғұрлым терең ұғындырған жөн. Әсіресе, болашақта заңгер боламын, құқық қорғау органдарында еңбек етемін деп, алдына үлкен мақсат қойған жас буынға мектеп қабырғасында билердің өнегелі жолын оқытып, шешендік өнерге баулып, құқықтану жоғары оқу орындарында арнайы курстар оқытылуы қажет.
Біз жүрдек уақыт күн тәртібіне қойып отырған осы өзекті тақырыпты шешудің нақты жолдарын қарастыруға кірісіп те кеттік. Атап айтқанда, Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі академиясының магистранттарына арнап, «Қазақ халқының дәстүрлі құқығы және билер соты» арнайы оқу-әдістемелік құралы әзірленуде. Академияның оқу бағдарламасына «Қазақ билерінің шешендік өнері» арнайы курсын енгізу жоспарланды. Міне, осындай іргелі бастамалар жоғарыда айтылғандай, сот жүйесінде билер сотының озық дәстүрлерін берік ұстанған білікті судьялардың қоғам талабына сай жұмыс істеуінің мызғымас іргетасын қалайды деп үміттенемін.
Тегінде, қазақтың шешендік өнерін барынша меңгеріп, билер сотының бай дәстүріне сай, ар мен адамгершілік өлшемінен аттамау – қоғам мүшелерінің бәріне де тән болғаны абзал. Екі тарап та әділ биліктің шешімін мойындауы керек. Осыған қоғам барынша дайын болғаны жөн. Бұл біздің дәстүрімізде бұрыннан бар үрдіс. Ата-баба қанымен бойымызға сіңген құндылықтардың бірінен саналады. Өйткені, бұрынғылар билер сөзін тыңдап, айтқанын екі етпеген. Бүгін де екі жақ психологиялық жағынан дайын болып, әділ сот шешімін мүлтіксіз орындауы тиіс. Осылайша сотқа жүгінген адамдардың құқықтық мәдениеті артқан сайын, сот жүйесіне деген сенімі де нығаяды, заңды сыйлауға машықтанады.
Осы үрдіс Елбасы айтқандай, әділ сот жүйесіне деген ел-жұрттың құрметін арттыра түспесе, кемітпейді. Сондықтан, біртұтас ұлтты қалыптастыру аясында тарих тереңіне көз жіберіп, өзіміздің ұлттық салт-дәстүрімізде мызғымастай сақталған билер сотының әділ төрелігінен таусылмас тағылым алғанымыз дұрыс болар еді. Яғни, бүгінде төл тарихымызға, сан ғасыр жалғасын тапқан ұлттық әдет-ғұрпымызға барынша ден қою арқылы жас буынды, біртұтас өнегелі ұлт өкілдерін тәрбиелеу қажеттігі күн тәртібінен түспеуі керек. Президент айтып отырған қазақстандық бірегейлік, болашақтың біртұтас ұлтын қалыптастыру қағидасы сонда ғана түпкілікті шешімін табады деп білеміз.
Тәуелсіздігімізді баянды ету жолында біртұтас ұлтты қалыптастыру аса маңызды. Бұл орайда, Елбасының осы еңбегіндегі «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деген ойлы пікірінің орасан зор тәлімдік-тағылымдық мәні баршамызға үлгі болса деймін.
Бұл жерде Мемлекет басшысы «ұлттық код» мәселесін бекерге бірінші орынға қойып отырған жоқ. Біз ендігі кезекте «ұлттық кодты» – ұлттық идеологиямыздың түпқазығы деп танып-білуге тиіспіз. Ал еліміздегі ұлттық идеологияның басты қағидаттарына – ұлттық мүддеміздің бірден-бір қайнар көзі саналатын тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, мәңгілік баянды ету кіреді.
Мемлекетіміздің тәуелсіздігін айқындап тұратын басты атрибуттары жерінің тұтастығы мен шекарасының бекемдігі, тілі мен ділінің өркендеуі халқымыздың біртұтастығын көрсетеді. Ата-бабамыздың ел басына қиын-қыстау күн туғанда ұлтарақтай жерін өзгенің уысына ұстатпаған ерлік ісін ұрпақтар жадына сіңдіре білуіміз асыл парызымыз болып табылады. Олар аса қиын кездің өзінде де ел бірлігін сақтап, жау келгенде жұдырықтай жұмыла білді. Туған елімізді, қасиетті жерімізді қызғыштай қорғаған жасампаз істерін біз ешқашан ұмытпай, жаңғырта беруге тиіспіз. Әлемде тоғызыншы орынды иемденген кең-байтақ жерімізді «аттың тұяғымен, найзаның ұшымен» қырағы қорғаған олардың даңқты жолын бүгінгі және келер ұрпақтың санасына терең сіңдіре білуіміз қажет.
«Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тілде» деген аталы сөз бар. Айтайын дегенім, ұлтымыздың қадір-қасиетін айқындап тұрған белгі – ол өзіміздің күнделікті қолданыста жүрген ана тіліміз. Мыңдаған жылдан бері ұлттық салт-санамызды жалғастырып келе жатқан үзілмес өзегі – осы туған тілімізде жатыр. Осы орайда, болашақ ұрпақтарымыз атадан балаға мирас болған рухы күшті тіл өнерін заман талабына сай өркендете білуі тиіс. Тіл өнерінің дамуымен қатар, халқымыздың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі рухани жаңғыруды одан әрі арттырып, «ұлттық кодымызға» бірден-бір негіз қалайды деп ойлаймын.
Барша қазақстандықтардың біртұтас ұлт болып ұйысуы үшін, ең алдымен, ұлттық сананы жаңғыртумен қатар, жоғарыдағы рухани құндылықтарды өскелең ұрпақтың жадында жаңғыртуға мейлінше күш-жігер жұмсап, тиімді әдістермен жеткізе білуге міндеттіміз.
Біз туған жеріміздің, өскен ауылымыздың, өркен жайған өңіріміздің тарих бетіне түскен шежірелі өмір-деректерімен қай жағынан да мақтана аламыз. Елбасының «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» дегеніндей, бай тарихымызды жастарға үлгі тұтқанымыз жөн.
«Туған жерге туыңды тік!» идеясымен әрқайсымыз өсіп-өнуімізге тұғыр болған, білім-ғылымға баулыған алтын ұя мектебіміз бен ауылымызға қолдан келгенше қолғабыс тигізіп, рухани көмек көрсетуде көпке үлгі болатын өрелі істерді өміршең ету – азаматтық борышымыз. Сонда ғана жастарымыздың өн-бойында өздері түлеп ұшқан туған жерге деген перзенттік сезім жаңғырып, ел тарихын өзгеше әспеттейтін, ерекше құрмет тұтатын, елдік биік мүдде тұрғысынан қарайтын отаншыл сезім оянары хақ.
Бұл тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әрине, туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ, одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды» деген сөзі әрқайсымызды әрдайым отаншыл болуға шақырады.
Рухани жаңғырудың басты шарты саналатын «ұлттық кодты» түптеп келгенде, ұлттық сананың, жаңаша түлеудің және өркендеген мәдениеттің жиынтығы деуімізге толық негіз бар. Бұл ойымыз Елбасының: «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» деген терең мағыналы, зерделі сөздерімен ұштасады деп білеміз.
Ендеше, Мәңгілік Ел болуды мақсат тұтып, әлемнің ең дамыған отыз мемлекетінің қатарына қосылу бағытында талмай еңбектеніп жатқан елімізде ұлттық сананың жаңғыруы заңды деп айтуға болады. Бір сөзбен айтқанда, осының бәрі тәуелсіз еліміздің бұдан әрі қарқынды дамуына, Елбасының сындарлы саясатының өміршең болуына жасалып жатқан ұлағатты істер екені шүбәсіз.
Елбасының аталған мақаласында атап өткен өміршең бастамаларының жүзеге асуына, әрбір қазақстандықтың көкейінен берік орын алуына әрқайсымыз белсене атсалысуға тиіспіз. Мұндай игілікті істен еліміздің сот жүйесі де шет қалған жоқ.
Осыдан біраз уақыт бұрын судьялар қауымдастығы арасында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы мақаласын талқылауда «Рухани жаңғыру – Мәңгілік Ел болудың кепілі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, өзекті пікірлер айтылды.
Бұл басқосуда Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында қазақстандықтардың ХХІ ғасырдағы ұлттық санасын дамытудың нақты жолдарын ұсынғаны және рухани жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтау қажеттігін атап көрсеткені жан-жақты баяндалды. Қазіргі жаһандану дәуірінде жат идеологиялардың ықпалына өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды насихаттау арқылы төтеп беруге, қазақ халқының бай тарихи мұрасын сақтай отырып, қазақстандықтардың ұлттық сана-сезімін барынша дамытуға белсене атсалысуға айрықша маңыз берілді.
Дөңгелек үстел қорытындысында «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияға» арнайы қабылданған қарардың мәтіні жолданды.
Жоғарғы сот ұйымдастырып, өткізген бұл алқалы жиын жергілікті соттарға бастама болып, әр облыс, аудандық соттар Судьялар одағымен және зиялы қауым өкілдерімен (ЖОО-ның профессор-оқытушылар құрамы, өлкетанушылар, зерттеушілер, ақын-жазушылар, тарихшылар, т.б.) бірлесіп, осы жылдың соңына дейін рухани жаңғырту тақырыбы бойынша дөңгелек үстелдер мен кездесулер ұйымдастырады. Тарихи тұлғалардың есімдерін жаңғырту мақсатында «Билер салған ізбенен...» атты түрлі іс-шаралар (конференциялар мен семинарлар, ұлы тұлғаларды еске алу кештері, көшелер мен оқу орындарына олардың есімдерін беру бастамасын көтеру және т.б.) өткізеді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген өзге де маңызды мәселелер мен көкейкесті тақырыптар жергілікті соттарда кеңінен түсіндірілді және аймақтық БАҚ-тарда мазмұнды мақалалар жариялау қолға алынды.
Осы ретте тағы бір маңызды дерекке тоқталсам, XVII ғасырдың аяғында, Тәуке хан тұсында билердің қатысуымен қазақ мемлекетінің ата заңы – Жеті жарғы бекітілді. Орыс зерттеушісі Левшин Тәуке ханды атақты Солонға және Ликургке теңеп, дәстүрлі заңы мен билер соты билік құрған дәуірді «алтын ғасыр» деп жоғары бағалаған. Ал шығыстанушы-ғалым Словохотовтың: «В суде биев ценнности демократии и народной власти сохранили свою естественность» деген шынайы пікірінің маңызы зор.
Әлемдік деңгейде айтылған осы өміршең пікірлерді ескере отырып, Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияға қазақтың билер сотын ұлттық құндылықтар ретінде тануды және оны кеңінен насихаттауды ұсынамын.
Қорыта айтқанда, Елбасы жариялаған рухани жаңғыру бағдарламасы арқылы еліміз таяу болашақта бірлігі жарасқан біртұтас ұлт ретінде ең дамыған мемлекеттердің қатарына қосылады деп кәміл сенеміз.
Қайрат МӘМИ,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының Төрағасы